ӘУЕЗІ БӨЛЕК ӘУЕЗХАН
21.08.2016
1307
0

20150710052215Шілденің 9-шы күні ақын, аудармашы, көсемсөзші, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты әрі танымдық сипатқа ие «Тамыр» журналының Бас редакторы Әуезхан Қодар дүниеден өткен еді. Со сәтте-ақ зеңгір Көкті тіле өтіп, сансыз жұлдыздың бірі көзден таса болды. Қазақ қабырғасын қайыстырып кеткен қазадан соң, артынша аяулы қаламгердің қырқы да таяп қалғанына аса таңдана қоймадық-ау, сірә! Уысыңдағы Қызылорданың ып-ыстық құмына ұқсайтын Уақыт-екеңе адамның емес, Алланың ғана күш-құдіреті жететініне сансыз дәлел табуға болар! Мейлі! Әуезхан «Азаттыққа» берген сұхбатында: «Мен Абайдың адамгершілігіне, нәзіктігіне және Абайдың ең ғажап махаббат лирикасын жасаған адам екеніне қанықтым. Абай махаббатты сұлулық деп түсінбейді. Ол махаббатты терең бір рухани жақындық деп түсінеді.

Міне, осы махаббатты руханилық­қа бұрғаны қазақтың психологиясын, жүрегін байытқаны деп түсінем. Абай­­дың махаббатқа арнаған 14-ақ өлеңі бар екен. Сонда ол «ғашықтық тілі – тілсіз тіл» деген өлеңінен, яғни махаббаттың пайда болуынан бастап, ол сезімнің мүлде жоғалуына дейін жаза­ды…», – деген еді. Хакімді өзіне ұстаз тұтып, оған соқпаған әдебиетші кемде-кем ғой, бірақ Әуезханның Абай­ға деген құштарлығы алабөтен-ді. Айсберг тектес Абайды зерттеп, ашу – оның басты мұратындай көрі­не­ді. Ол бұрынғы ҚазМУ, бүгінгі ҚазҰУ заң факультетін тәмамдаса да, Қар­мақ­шының белбаласы Сөз өне­ріне аңсары ауып, өмірін мәдениет пен өнерге арнауға бел буған. Ол үл­кен­ді-кішілі қызметтерде істесе де, 1986 жы­­лы «Туған күн» және «Ақеділ­дің ан­ты» атты қос пьеса жазып, ал 1997-98 жылдар аралығында Неміс театр академиясында философиядан дәріс берген. Бұған қоса, «Қанатты өрнек», «Абай (Ибраһим) Құнанбаев», «Еске алмау шеңбері», «Қазақ әдебие­тінің тарихына шолу», «Қанағат қа­ға­наты», «Оралу» секілді жинақ-кітап­та­рымен қоса, Е.Замяткиннің «Атил­ласын», М.Хайдеггер, Ж.Делез бен Х.Ортега-и-Гассеттердің еңбегін, Швиттерс, Абай, Мағжан, Ж.Жақып­баев  шығармаларын  орысша сөйлет­кен. Бір қызығы, шайыр 1958 жылы шыр етіп дүниеге келсе, 58 жасында кел­­местің кемесіне отырып, арғы өмір­ге аттанып кете берген. Орыс-қазақ әдеби байла­ны­сының нығаюына сеп­тігін тигізгені үшін Н.В.Гоголь атын­­дағы «Триумф» сыйлығын иелен­ген-ді. Шығармалары ағылшын, кәріс, украин тілдеріне тәр­жімаланған. Әуез­хан басқа-басқа, бірақ  аудармаға ерекше ден қойып, Алаш рухани айналымында жүрген алыптар мұрасын насихаттау, өзге жұрт­­қа таныту ойы, шыны ке­­рек, сүй­сін­діреді. Өйткені, жиған білімі де, күш-жігері бір басына жетер­лік туын­дыгердің Туған жерге деген махаббаты барлық жағдаяттан, өркөкі­ректеу Өмір дайын­даған тосын мінез­ден биік тұр­ған ғой деген ойға иланғың-ақ келеді. «Бұлақ көрсең көзін аш…» дегендей, ақын көптеген жалындаған жасқа қамқорлық жасап, қанатының астына алған-ды. Мағжанның  аз жолға көп мағына сый­дыра отыра, отты жырымен тасқа ай­налған талай жүректі жы­лыта алғаны үшін қатты сыйлайтынын бір жиын-шарада айтып қалған еді. Бұдан белгілі бір шығармаға бару, я жанрды таңдау­дың өзі – Өнердің өзегі екенін түйсін­гендей боламыз. Қа­зақ қазанында ғана бұрқ-сарқ қай­нау­ды қанағат тұтпаған ол, сыртқа, шетке шығып, баба байлы­ғын паш етуге деген ниетінен бе, әйте­уір көз ал­­­­дыңа мұзжарғыш кеме елес­тейтіні бар. «Орыс­­­шыл» әрі «батысшыл» деген айыптауларға күле қараған қаламгер де фәниден бақиға өткенде кескін-кеспірінен ана бір қырынан күлкінің, ал мына бір тұсынан мұңның таңбасын байқап қалып, «мона-лиза­лық» сиқыр­ға таң-тамаша қалдық…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір