ЖАҢААРҚА МУЗЕЙІ – ДАЛА ТАРИХЫНЫҢ БІР ПАРАҒЫ
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының мұражайы 1984 жылы құрылған. 15 жыл бойы осы музейді құруға күш салып, 1960 жылдан бастап ел ішінен жәдігерлер жинап, мәдени ошақтың отын үрлеген Д.Ізтөлеуов еді. Соның негізінде Сәкен Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану музейі бой көтерді.
Бүгінгі таңда тарихы да, руханияты да бай өлкенің мұражай қоры да ерекше жәдігерлерге тұнған. Қазақтың біртуар азаматтары Сәкен Сейфуллиннен бастап, кеше ғана ортамыздан кеткен Ақселеу Сейдімбекке дейін Арқа төсінің ғана емес, күллі қазақтың руханиятына еңбек еткен әйгілі тұлғалар мен тарыдай тасынан бастап, дархан даласына дейін халық назарына ұсынып отыр. Балабақсының қобызы мен Сәкеннің саусақтарының табы қалған қызметтік телефоны, Әбікейдің қобызы мен Ақселеудің қаламсабы осы музейдің көркін кіргізген жәдігерлер.