ТӨКЕН ИБРАГИМОВ ЖӘНЕ АБАЙ МУЗЕЙІ
16.02.2025
815
0

Төкен Смайылұлы Ибрагимов – қазақ әдебиетінің, мәдениетінің және музей ісінің көрнекті тұлғасы. Ол өз өмірін ұлт­тық руханиятқа, музей ісін жандандыруға, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының мұрасын терең зерт­теуге арнады.

  Төкен Ибрагимовтің есімі Абайдың әдеби-мемориалдық музейімен тығыз байланысты. Қамал алар жасқа толған шағында білімді, қайрат­ты, өткір тілді ол осы музейге директор болып таға­йындалып, өз қызметінде музей ісін жаңғыртуға, Абайды әлемге танытуға, Абайтану ғылымын дамытуға күш салды.
Ұлт руханиятының аяулылары іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызған Абай ордасының сексен төрт жылдық тарихының отыз төрт жылының жылнамасында Төкен Смайылұлының қолтаңбасы қалды. Музейдің инфрақұрылымы мен экспозициясы оның басшылығымен елеулі өзгерістерге ұшырады. Оның өзіне тән методологиясы мен педагогикалық көзқарасы музейде жүргізілетін ғылыми жұмыстарды тереңдете отырып, Абайдың шығармашылығын түсінуде жаңа тұрғыдан көзқарас қалыптастырды.
Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай өткізілген мерейтойдың маңызы зор. Бұл елдің тәуелсіздік алғанына аз ғана уақыт өткен, қазақ­стандықтардың ұлт­тық санасын жаңғыртуға, қазақ мәдениетінің алтын діңгегі Абайды әлемге танытуға бағыт­талған шара болды. Төкен Ибрагимов осы мерейтойды ұйымдастыруда аса жауапкершілікпен жұмыс жүргізіп, Алматы мен Алаш қаласы арасындағы байланыс пен мәдени мұраны насихат­тауға көп күш жұмсады. Ол Абай музе­йінің жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, музей ісін жаңғырту мен Абайды таныту жолында көптеген іс-шаралар ұйымдастырды.
Мерейтойдың аясында Төкен Ибрагимов ұлт тарихын жаңғыртып, Абай мұрасын тек Қазақ­стан ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде танытуға ұмтылды. Мұндай ауқымды іс-шаралар үшін басшылықтың ұйымдастырушылық шеберлігі, ұсақ-түйек мәселелерді ескере отырып, стратегиялық жоспар құра білуі өте маңызды болатын. Төкен Смайылұлы өзінің басқару қабілетімен және Абай шығармашылығына деген шексіз сүйіс­пеншілігімен бұл мерейтойды жоғары деңгейде өткізуге атсалысты. Оның осы еңбегі арқылы музей ісі ілгері қадам басты, ал Абайдың мұрасы әлемге кеңінен таныла түсті.
Абай музе­йінде Төкен Ибрагимов басшылық еткен жылдары Бас ғимарат Семейдегі орталық төрт көшенің қиылысында орнын ұлғайтып, 1997 жылы Семейде «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музе­йінің, Абай білім алған Ахмет Риза мешіт-медресесінің, Жидебайдағы Абайдың, Мақаншыдағы Әсет Найман­бай­ұлының, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің, Тақыр өзенінің бо­йындағы Көкбай Жанатайұлының, Құндызды елдімекеніндегі Шәкір Әбенұлының музей-үйлері, Жидебайдағы «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясы қайта жасақталып, жаңғыртылып, тарихи-мәдени маңызы арт­ты.
Төкен Ибрагимовтің басқаруымен музей қызметкерлері шетелдердің ірі мұрағат­тарында ғылыми-зерт­теу жұмыстарын белсенді түрде жүргізді. Бұл зерт­теулер қазақ мәдениетінің тарихына қатысты жаңа мәлімет­тер мен деректерді ашуға мүмкіндік берді. Төкен Ибрагимовтің жетекшілігімен жүзеге асқан жобалар мен халықаралық байланыстар қазақ руханиятының әлемдік аренада танылуына ықпал ет­ті. Шетелдік архивтердегі материалдар негізінде (Мәскеу, Петербор, Омбы, Том, Түмен, Қазан және басқа да орындардан) Абай, Шәкәрім және басқа да қазақ ойшылдарының шығармашылығы терең зерт­теліп, ғылыми жұмыстар жарияланды. Осы зерт­теулер мен мұрағат­тық еңбектер музейдің ғылыми негізін нығайтып, оның халықаралық деңгейде танылуына жол ашты.
Сонымен қатар Абай ұрпақтарының, замандастарының естеліктері, қолжазбалары, тұрмыстық зат­тары мен қолөнер бұйымдары да музей қорына қосылып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты мәлімет­тер жинақталды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде, 1976 жылы музей қорында 3,5 мың ғана экспонат болса, 1990 жылдары олардың саны 20 мыңға жет­ті. Музей қорларының, осылайша, кеңеюі Абайдың мұраларын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам болды.
Тікелей жетекшілігімен музей қызметкері Б.Исабайұлының «Ұлылар мекені», зерт­теуші С.Тәбәріковтің «Тауқымет» кітаптары жарық көрді. 2008 жылы Парижде Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына арналған «Шәкәрім әлемі» көрмесі өт­ті. Музей ісінің дамуына қосқан үлесі үшін Төкен Смайылұлы 1996 жылы «Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атанды.
Өзі айтпақшы, оның жұмысы – таңертеңнен кешке де­йін, болмағанда, Абайдың бір сөзін оқып қалу. Сол жалғыз сөзге басын иіп қызмет жасау. Сол жалғыз сөздің ығымен жұмыс жүргізу. «Абайды оқығаннан ке­йін маймыл болмасаң, бір нәрсе ұғасың емес пе?!» – деген ол Абай сөзін жай ғана ұғып қойған жоқ, ұқтыруға да күш салды. Күнін батырып, таңын атырып, қала шетіндегі саяжайында Абайын айналдырып, өзіне керегін, сөз сөйлеп айтар дерегін іздей берді.
Қазақ болып қалыптанған соң, айналдырғаның ала кешке де­йін ала қағаз болған соң кез келген сөз иесі Абайға соқпай өтпес. Осы тұрғыдан алғанда Төкен Смайылұлының шығармашылық арқауы Абайдан басталғанын бағамдаған жөн. «Махаббатсыз дүние – бос» деп Абаймен мұңдасып, «ойы мен жүрегінде имани махаббаты жоқ адамның дүниеге дос болатынын айт­қанда, бүгін тоқтап-тосырқамасы кәміл еді. «Қазақтың өзінен сөзі ұзын» ғадетіне құмарлық емес, сенің қауашағыңды ашып, соның ішіне Абай сәулесін шашуы екенін еріксіз екшейсің.
Төкен ақсақал ұзын сөзден гөрі іске бейім болды. Абай оның бар өмірінің мәні мен мағынасын, сәнін кіргізіп сорабынан адастырмас даңғыл жолы еді. Әр сөзін әспет­теп, Абайдың «адамды тірідей өлтіретінін, жаның шықпай тұрып жүрегіңді суырып аларын» алдыңызға тосса, «Абайды оқи-оқи кәдімгідей уланып қалған пенденің» пошымын көз алдыңызға елестетеді. Бәлкім, Абайға деген құштарлық, Абайды ардақтау тек тамсанудан тұрмасын да ісімен жалғады. Жазып қалдырған Абайға қатысты ғылыми-зерт­теу еңбектері мен мақалалары «жұмбақ Абай» сырына бастайды. «Жер әңгімеші» деп кітап басып шығарып, Абайдың немесе оның туыстық айналасына қатысты тарихи-деректі нысандарды ғана таныстыру емес, қастерлі мекеннің туризм саласына да жан бітіру, Абай арқылы адамзат баласының ортақ қазынасын түгендегені сол. Абайтану шеңберін шиырлағандай болып Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Мұхтар жайындағы мағлұмат­тарды назарына іліктірді. Сол үшін де біз оны абайтану ғылымының асқан білгіріне, асқар биігіне баласақ, балалық деп қабылдай көрмеңіз.
Абайтану ғылымы оның жолын ашты: «Мен – жолды жанмын. Жол басында Ахат бата берді. Ниязбек, Қабыш қол жайып тілек ет­ті. Сәбилік тазалыққа иек сүйеген еркелікке қақылы «балағатының» өзі балдай тәт­ті Шәкір дос-құрдастай шындықтың шынайы шежіресі, ғұламам еді», – деп ішкі жан дүниесіне үңілсең, сөйлей жөнеледі.
Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Мұқа, Әлмағамбет, Мұқаметжан мен Тұрағұл, Зере мен Ұлжан, Ағашаяқ пен мұхит Мұхтар, Мекайыл мен Ізкайыл, Гүллар (Шәкәрімнің қызы. Өте зерделі болған жан. – Қ.Қ) мен Қабыш, Зият пен Ғапур, Базаралы мен Қиясбай санатындағы көптеген аяулы, ардақты есімдер мен жандар бір өзекте туған өзектес асылдарына айналды.

 

Ұлан САҒАДИЕВ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекет­тік
музей-қорығының директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір