ҰЛТ ТАРИХЫНЫҢ АҚИҚАТЫ АШЫЛАР СӘТ ТУДЫ
23.03.2024
403
0

Журналистика саласында жүргендіктен репрессия құрбандары мен ашаршылық жылдары жайында жарияланған материалдарды жан-жақты қарастырып жүрген жайым бар. Қазақстандағы ұжымдастырудың салдарынан болған, қолдан жасалған аштық жайында отандық авторлармен қатар батыстық ғалымдар да біраз зерт­теулер жасап келеді. Элла Майер, Эндрю Кэрнс, Марта Брилл Олкот­т, Шейла Фицпатрих, Николас Верт, Роберт Дэвис, Стивен Уиткрофт, Никола Пианчиоло, Изабель Огайон және Норман Неймарх сынды авторлар ашаршылықтың шығу салдары мен КСРО қарамағындағы елдердің онымен күресу ерекшеліктеріне тоқталып, сүбелі еңбектер жариялаған.


1997 жылы «Черная книга коммунизма: преступления, террор, репрессии» ат­ты алғашқы анықтамалық басылым жарияланды. Бұл еңбекте – Н.Верт, А.Пачковский, С.Куртуа, Ж.Л.Панне, Ж.Л.Марголен, К.Бартошек сынды халықаралық тарихшы ғалымдардың зерт­теулері жинақталған. Еуропа, Азия, тіпті Америкадағы тоталитарлы жүйенің солақай саясатын сынға алып, әшкерелеген еңбектің көлемді бөлігі Кеңес Одағы тұсындағы біраз жұмбақтың жауабын ашуға арналған.
КСРО-дағы, оның ішінде Қазақ­стандағы ашаршылық туралы тың деректерді жасырмай жариялап, шетелдік жұртшылыққа алғашқылардың бірі болып таныстырған – ағылшын жазушысы, тарихшы Роберт Конквест­тің еңбектері еді. Оның 1968 жылы шыққан «Үлкен террор: Отызыншы жылдардағы Сталиндік тазалау» деп аталатын Кеңес одағы жайындағы еңбегі Батыста танымал болған. Конквест КСРО тарихына қатысты бірнеше кітап пен еңбек жазды. Соның бірі – 1986 жылы шыққан «Жатва скорби: советская коллективизация и террор голодом» (ағылш. Robert Conquest. The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivisation and the Terror-Famine) еңбегiнде қазақ даласындағы ашаршылықтың сипаты мен ерекшеліктеріне тоқталып өткен. Қазақстандағы ашаршылықтың қолдан жасалғанын және оған негізгі себеп: бай мен кедейді теңестіру мақсатында ұжымдастыру процесіндегі солақай саясат екеніне тоқталады. Автор осы еңбегінде: «Бұл жердегі ұжымдастыру да КСРО-ның Еуропа бөлігіндегісіне ұқсас болғанмен, өзіне тән ерекшеліктері болды… Кеңес үкіметі ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше мәдени дәстүрі бар көшпенділерді небәрі аз уақыт­тың ішінде отырықшы елге айналдырғысы келді. Мұндай шешім халықтың бастапқы талпыныстарына кереғар болғандығы айтпаса да түсінікті», – дейді. Автор өз ізденістерінде елімізде болған нәубет­тің саяси астары бар екеніне, қолдан жасалған қастандық екеніне басымдық береді.
Ал неміс тарихшысы Роберт Киндлер 2014 жылы «Азат­тық» радиосының журналисіне берген сұхбатында: «…Зардаптарын «геноцид» деп атауға болғанымен, Қазақстандағы аштықты мен алдын ала жоспарланған геноцид дей алмаймын. Сталин басшылығында белгілі бір «совет­тік» ұлт­тарды (мысалы, украиндер немесе қазақтарды) жойып жіберу мақсаты болған жоқ. Бірақ олар ұжымдастыру мен кулактарды тәркілеу саясатынан миллион­даған совет адамы қырылатынын білді. Сталин мен оның айналасындағылар үшін бір адамның өмірі түкке тұрғысыз еді. Олар үшін қайтсе де жоспарды орындап, билігін нығайту мен қоғамды түбегейлі қайта құрып, өз ырқына бағындыру маңыздырақ болды», – деген қарсы пікір айтады.
Бүгінде Қазақстан тарихындағы алапат зұлмат­тың себептерін іздеп, архив материалдарын ақтарып, ашаршылыққа, репрессия жылдарына қатысты тың деректерді батыстық қалың көпшілікке таныстырып жүрген ғалымдардың бірі – америкалық тарихшы Сара Камерон. Ол тақырыпты жете түсініп, зерт­теу үшін арнайы Қазақстанда тұрып, мұрағат құжат­тарының түпнұсқасымен танысу мақсатында қазақ және орыс тілдерін меңгеріп алған. Тарихшы Қазақстанда отызыншы жылдарда болған ашаршылықты зерт­теуге 10 жыл өмірін арнапты. Соның екі жылын Ресей мен Қазақстанда өткізіп, осы екі елдегі 15 мемлекет­тік архив материалын қарап шығады. Нәтижесінде, Қазақстандағы алапат ашаршылықтың шығу себептерін, салдарын жан-жақты көрсеткен 277 бет­тік көлемді монография жазды. «Аштық жайлаған дала, зорлық-зомбылық және Кеңестік Қазақстанды құру» еңбегі қазақ тіліне аударылып, отандық оқырмандарға тарады. Онда ашаршылықтың қазақтардың көшпелі өмір салтын жою­ға себеп болғаны әрі геноцид деп танылған Украинадағы ашаршылықпен салыстырғанда қазақ халқының көп зардап шеккені көрсетілген. Америкалық ғалым Кеңес Одағы тұсында болған нәубет­тің зардабын, ғасырға жуық уақыт өтсе де, ұрпақтары көріп келе жатқанын алға тартады. «Ашаршылыққа» геноцид ұғымының заңды анықтамасын қолдануға келмесе де, бұл тарихи жауыздықтың деңгейі төмендеп, қазақтардың көрген қасіретінің ауқымы ешбір азаймайды. «Ашаршылықтың» салдары Қазақстанға әлі күнге де­йін әсер етіп келеді деп ойлаймын. Мысалы, зерт­теушілер аштықтың келесі ұрпаққа деген кері әсері болатынын ғылыми дәлелдеген еді. Аштықтың зардабын тартқан адамдардың балалары, кейде тіпті немерелері ата-әжелерінің ашығуы салдарынан қандай да бір сырқат­тарға бейім болуы мүмкін. Аштықтың құрбандарының арасында психологиялық травма жағдайлары жиі ұшырасады», – деп ғасырға жуық уақыт өтсе де, нәубет­тің зардаптары бола беретінін алға тартады.
Жетпіс жылдық құрсаудан босанып, тәуелсіз ел атанған шақта егемендігімізді алғаш мойындағандардың бірі – түрік бауырларымыз да бүгінде қазақ жеріндегі естен кетпес қасірет­ті зерт­теуге қызығушылық танытып отыр. Түркітілдес елдердің тарихын зерт­теп жүрген ғалым Мехмет Сарай: «Бір жағынан, социалистік-экономикалық жүйе, екінші жағынан, дәстүрлі қазақ қоғамы жойылуда. Жоспарлы саясат­тың өзге де кем-кетіктерін көтере алмаған халық қатыгездікке қарсы қауқарсыздықтан, дәрменсіздіктен аштыққа ұшырады… Бұл өз Отанында емін-еркін күн кешкен қазақ халқына жасалған ең үлкен әділетсіздік еді», – дейді. Жақында түрік жазушылары Дамир Ибрагим және Вахит Турк «Қазақстандағы қызыл аштық» (Kazakistan’da Kızıl Kıtlık (1929-1933) Stalin’e Mektuplar-Anılar-Röportajlar) ат­ты еңбегін түрік жұртшылығына таныстырды. Ашаршылықтың шығу себеп-салдарынан бастап зардабына де­йін жазылған кітап үш бөлімнен тұрады: Сталинге хат, Естеліктер, Сұхбат­тар. «Оқыған қазақ зиялылары Сталинге жергілікті басшылықтың зорлық-зомбылықтары жөнінде бірнеше хат жазған. Оған дәлел ретінде адамдардың өлімінің есептері мен жер асып кеткендердің санын растайтын ресми құжат­тарды қосымша тіркейді. Алайда жаппай қырылудың алдын алу үшін жасалған жанайғайдың бірде-біріне құлақ аспағандықтан, нәтижесінде, халық аштыққа ұшырады», – деген пікір келтіреді.
Тәуелсіздік алғалы әлемдік саяси аренада өзіндік орны бар елге айналдық. Осы орайда мемлекетіміздің мәдениетіне, өмір сүру салты мен тарихына қызығушылық танытып жатқан халықтар көп-ақ. Сондықтан әлі де ашылмаған тарих қойнауларына тереңдей түсіп, жалпы, жұртшылыққа еліміздің бастан кешкенін бұрмаламай, ешкімнен жасқанбай жеткізу тек тарихшылардың ғана міндеті емес. Бұл мәселе төңірегінде бұқаралық ақпарат құралдары да белсенділік танытып, тақырыпқа қатысты жаңалықтар мен түрлі айғақтарды жиі жариялап отыру керек деп есептеймін. Республикалық деңгейде қолға алынып отырған саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту жұмыстары да өз жемісін беретініне сенемін.

Рима ШАКУОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір