Қазақ тарихының шежірешісі
13.02.2025
110
0

Апта басында Алматы қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің 85 жылдық мерейтойына арналған «Мұхтар Мағауин – ұлы жазушы, ғұлама тарихшы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Игілікті шараны Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырды. Конференцияның ашылуында Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп: «Қазақтың ұлы жазушысы, классигі, Мұхтар Мағауин егер аман-есен жүрсе 85 жасқа толатын еді. Адам өмірі өте қысқа. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын адамдар бар. Сондай адамның бірі де бірегейі Мұхтар Мағауин еді», – деді. Жазушының қазақ әдебиеті мен тарихындағы орны, оның ұлт руханиятына сіңірген еңбегі жайлы айтты. Қазақта ешкімге ұқсамайтын бір жазушы болса, ешкімге ұқсамайтын бір адам болса, ол – Мұхтар Мағауин. Ол – қазақ әдебиетінде терең із қалдырған ұлы суреткер ғана емес, өз халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер. Әрбір жазғанын жұрт іздеп жүріп оқыды.
Сонымен бірге Мереке Әбдешұлы Мұқаңның үш ерлігін еске салды. «Оның бірінші ерлігі – қазақ әдебиеті тарихын бес ғасырға тереңдетті, екінші ерлігі – қазақ тарихының әліппесін жазды, үшіншісі – қазаққа керек бұрын-соңды болмаған шығармалар берді. Жас кезінде жарық көрген «Көк мұнар» романы туралы Мұхаң «қазақ бұл еңбегімді 50 жылдан кейін ғана танып, түсіне алады» деген еді. Ал мына 25 томдық – Мұхтар Мағауин қазаққа қалдырып кеткен сый. Біздің мақсатымыз – мұны кейінгі ұрпақтың миына сіңіре білудің жолдарын қарастыру», – деп конференцияның шымылдығын ашты.
Алғашқылардың бірі болып Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты көрнекті жазушы Тұрысбек Сәукетаев «Мағауин айнасы», филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев «Қазақ романының дамуына сіңірген еңбегі» тақырыптарында мазмұнды баяндама жасады.
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов өз сөзінде Мұхаңның ұлы жүрегі тоқтады, ендігі мәселе Мұхаңның рухын қалай әспеттейміз, жас ұрпаққа қалай жеткіземіз деген төңіректе ойлану керегін айтты. Сондықтан да Жазушылар одағының ұйымдастырып отырған конференциясы сол ойласудың, мұхтартанудың, мағауинтанудың алғашқы қадамы болса екен деді. Жазушының шығармашылығына арналған дипломдық жұмыстан бастап, докторлық жұмыстарды зерттеуді қолға алу керегін де жасырмады.
Жарыссөзге шыққан Мемлекеттік сыйлық иегері Ұлықбек Есдәулет, филология ғылымының докторы Қансейіт Әбдезұлы, жазушы Зейнеп Ахметова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері ақын Ақұштап Бақтыгереева, қоғам қайраткері Асылы Осман және Мұхтар Мағауиннің сыныптас досы Блок Шайкенов жылы лебіздерін білдірді .
Конференцияда белгілі қаламгерлер, ға­лымдар жазушының өмірі мен шығарма­шы­­лығына терең тоқталып, оның халыққа қал­дырған баға жетпес мұрасы жөнінде егжей-тегжейлі ой-пікірлерін білдіріп, ақ тілек­терін арнады. Ақындар Қорғанбек Аман­жолов пен Бақытбек Бәміш Мағауинге арнаған өлеңдерін оқыды, әнші Нұргүл Әл­қожанова сөзін Қасымхан Бегманов, әнін Байғали Есенәлі жазған «Ескі жұрт» ат­ты шығармасын, ал Шәміл Әбілтаев Кет­бұ­ға­ның күйі «Ақсақ құлан» және өзінің «Қубас» атты күйін көпшіліктің назарына ұсын­ды.
Жазушының кітабын оқи алатын, жа­­са­ған ісін көрсете алатын ұрпағы мен хал­қы барда есімі ешқашан да ұмытылмайды, дегенмен Алматы немесе Семей қаласында Мұхтар Мағауин атындағы шығармашылық орталығын ашу, ескерткіш орнату, мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті тарихы пәнін оқыту туралы ұсыныстар айтылды.
Жиналған жұрттың назарына Мұхтар Мағауиннің өмірі мен шығармашылығына әзірленген арнайы сюжеттер көрсетіліп, жазушының өз дауысы сақталған бейне материалдар ұсынылды.

Жүніс ОМАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір