Қазақ тарихының мәселелері
Соңғы 20-30 жыл көлемінде отандық тарих ғылымында қалыптасып, дамып келе жатқан жаңа бағыттардың бірі – тарихи тұлғатану. Тарихи тұлғатану арқылы зерттеуші мамандар тек тұлғаның болмысын, яғни оның қалыптасуы мен қоғамдағы атқарған қызметі, тарихта алатын орны мен рөлі, қоршаған ортасына ықпалы секілді мәселелерді зерттеумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге тұлғаның өмір сүрген заманына да ерекше назар аударады. Сол арқылы замана ағымының тұлғаның қалыптасуына әсер еткен факторларын айқындауға тырысады. Соған байланысты қазіргі кезеңде зерттеушілер арасында «Тұлғаны танып-білу үшін оның заманына терең үңілу керек» деген қағидат берік орнықты деуге болады.

Мамандар белгілі тарихи тұлғаны зерттеу арқылы, бір жағынан, сол заманда, сол тарихи кезеңдерде болған маңызды оқиғалар мен тарихи үдерістерді, олардың даму бағыттарын, ішкі ағымдарын тереңірек қарастыруға мүмкіндік алады. Бір жағынан, тарихи тұлғаның замана ағымына қатысты үн қатуы, іс-әрекеттері сол кезеңдегі тарихи дамуға әсер етсе, екінші жағынан, сол әрекеттері кейінгі ұрпақтары үшін үлгі-өнеге болып қалады.
Өзі өмір сүрген заманда шыққан тегі мен ата-баба жолы бойынша текті, терең білімімен абыз, ұзақ ғұмырымен ата, тіл байлығымен әрі шешен, әрі ақын, білек күшімен батыр, көрегендігімен көріпкел, арқалығымен әулие, ақыл-ойының арқасында өз жұртының әрі биі, әрі көсемі атанған тарихи тұлға Мөңке бидің тұлғалық болмысы оның өмір сүрген заманымен тығыз байланысты, оның артында қалдырған әр сөзі мен өсиетінде сол заманның іздері жатыр. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген терең философиялық ой тұрғысынан қарасақ, үш жарым ғасыр бұрын дүниеге келіп, ғасырға жуық өмір сүрген және өз заманының аумалы-төкпелі қиын-қыстау күндері мен жылдарын басынан өткерген, елі мен жерінің тұтастығы, дербестігі үшін бар күшін салған, айтқан сөздері мен толғаулары ұрпаққа өсиет, өнеге болған ұлы дала абызының тұлғалық бейнесі қазақ халқының санасында күн сайын жарқырай түсуде.
Мөңке бидің өмір сүрген заманы ел тарихында хандық дәуір немесе Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын тарихи кезеңге сай келеді. Қазақ хандығы құрылған XV ғасырдың ортасынан соңғы хан Кенесары қайтыс болған XIX ғасырдың ортасына дейінгі төрт ғасырлық дәуірдің қай кезеңіне Мөңке би заманы сәйкес келетінін білу үшін хандық дәуірдің ішіне еніп, әр ғасырдың маңызын көрсетелік.
Мемлекеттілік тұрғысынан алып қарасақ, 400 жылдық хандық дәуірді тұтастық кезең және бытыраңқылық кезең деп екі үлкен кезеңге бөлуге болады. Тұтастық кезең деп бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік басқару жүйесін айтамыз. Бұл кезең Керей мен Жәнібек хандар заманынан басталып, Тәуке ханның қайтыс болған кезімен аяқталады, яғни XVIII ғасыр басына, нақтырақ айтсақ, 1715 жылға сәйкес келеді. Одан кейін қазақ хандықтары кезеңі немесе бытыраңқылық кезең басталып, ол ақыры XIX ғасырдың ортасында Қазақ мемлекетінің туы біржолата құлап, тарих көшінде қалуымен аяқталады. Біз қарастырып отырған Мөңке би секілді көрнекті тарихи тұлғаның өмірі хандық дәуірдің екі кезеңін алғашқы, тұтастық кезеңнің соңғы жылдары мен ақырғы, бытыраңқылық кезеңнің алғашқы онжылдықтарын қамтиды.
Қазақ хандығы дәуірінің тұтастық кезеңінің өзі, XV ғасырдың ортасынан XVIII ғасырдың басына дейінгі аралық өз ішінде шартты түрде бірнеше ондаған жылдарды қамтыған кішігірім кезеңдерге бөлінеді. Олар – құрылу кезеңі (1457–1470/71 жж.), күшею кезеңі (1470/71–1521 жж.), уақытша әлсіреу кезеңі (1521–1537/38 жж.), қайта өрлеу кезеңі (1537/38–1598 жж.), «текетірес» жылдар кезеңі (1598-1628 жж.), жоңғарлармен алғашқы шайқастар кезеңі (1628–1652 жж.), белгісіз жылдар кезеңі (1652–1680 жж.) және «Алтын ғасыр» немесе Тәуке хан билік құрған кезең (1680–1715 жж.).
Енді осы хандық дәуірдің басты белгілері мен ерекшеліктеріне тарихи үдерістердің қандай факторларын жатқызамыз десек, мынандай жағдайларды ерекше атап өтуге болады дер едім. Ұлттық сипаттағы хандықтың құрылуы мен этнос қалыптасуы, этностың өзінің басқару жүйесін – ұлттық сипаттағы мемлекетін қалыптастыра алуы, этностың өзінің өмір сүру кеңістігін айқындап, этникалық аумағын, тек өзіне ғана тән ұлттық мәдениетін қалыптастыруы мен дамытуы және тағы басқа осындай этникалық сипаты басым факторларды жатқызуға болады. Сондай-ақ осы дәуірдің тағы бір ерекшелігін этностың бір ғасырдан астам уақыт бойы өзінің этникалық аумағын қорғау үшін көрші елдермен күрес жүргізуін де атап өтуге болады.
Қазіргі кезеңдегі отандық тарихнамада Мөңке бидің туған және өлген жылы белгілі, оған қатысты ешқандай қарсы пікірлер жоқ. Осы даталарды негізге ала отырып, тарихи тұлғаның өмір сүрген жылдарын хандық дәуір кезеңдерімен байланыстыра қарастыралық. Қарап отырсақ, Мөңке би өзінің 80 жылдан астам өмірінің алғашқы 40 жылын мемлекеттіліктің тұтастық кезеңінде өмір сүріп, қалған 40 жылдық өмірін бытыраңқылық пен саяси дағдарыстар жылдары өткерген екен.
Мөңке бидің дүниеге келген кезі хандықтың тұтастық дәуіріндегі «белгісіз жылдар» кезеңінің соңғы бөлігіне тура келеді. Бұл жылдар Қазақ хандығының тарихындағы ең бір ауыр, ең бір күрделі жылдар кезі болатын. Сол кезеңді талдап көрелік.
1652 жылы Жәңгір ханның жоңғарлармен болған кезекті бір шайқаста қаза тапқаны белгілі. Оның артында, тарихтан белгілі болып отырғандай, Абақ сұлтан, Тәуке хан, Уәлибақы сұлтан атты ұлдары қалды. Жәңгір ханның ұлдарының бірі – Тәуке ханды шамамен 1635 жылдан кейін дүниеге келген деп есептесек, сол кезде ол 15–18-дегі жасөспірім болатын. Жалпы алғанда, 1652 жылы Жәңгір ханның ұлдарының жасы шамамен 20 мен 30-дың айналасында болатын. Ал Есім ханның туған бауырлары Жәнібек хан мен Сырдақ (Сартақ) сұлтаннан тарайтын, сонымен бірге Шығай хан әулетінен тараған ұрпақтар арасында хан тағына үміткерлердің өзі жетерліктей еді. Шығай ханнан Ондан сұлтан, Тәуекел хан, Есім хан, Шахмұхаммед сұлтан, Әли сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрагим, Шәкім, Көмек, Абылай және Әбусейіт атты 11 ұлдың тарағаны белгілі. Осы аталған ұлдардың әрқайсысында кем дегенде, 4-5 ұл болды дегеннің өзінде таққа үміткерлер саны 40-50-ден асар еді. Ал осылардың әрқайсысында тағы да 3-4-тен ұл болған десек, Жәңгір ханнан кейін тақты иеленуге құқысы бар билеуші әулет өкілдерінің саны 100-150-ге жетеді. Тәуке хан солардың тек біреуі ғана және жас жағынан алғанда ең кішілерінің қатарында болатын. Жәңгір ханның ағасы Жәнібек ханның ұлдары және інісі Сырдақ сұлтанның өзі немесе ұлдарының да билікті иеленуге толық құқы болды. Өкінішке қарай, сол тұстағы жағдайды көрсететін жазба деректер болмағандықтан, біз нақты кесімді тұжырымдар айта алмаймыз.
1652 жылғы Жәңгір ханның қазасынан кейін қазақ қоғамында жоғары билік үшін талас-тартыстар жүргенін Шәкәрім қажы еңбегіндегі ауызша дерек мәліметі, А.И.Левшиннің жасаған тұжырымдары дәлелдейді. Шәкәрім қажы: «Жәңгірдің орнына әз-Тәуке хан болғанда, хандыққа өкпелеп Уәлибақы Ғайып ханға кетіп еді», – деп жазады. Автор бұл дерегін қайдан алғанын көрсетпейді, бірақ ол оны өте қарапайым, жеңіл түрде баяндайды. Жалпы алғанда, тақ үшін, билік үшін таластардың, күрестердің жеңіл болмайтыны белгілі. «Өкпелеп кетті» деген мәліметтің астарына үңілсек, көп жағдайды аңғаруға болады. Күрестер мен таластардың негізі тақ үшін болатындықтан, «өкпелеп кетті» деген сөздің орнына «жеңіліс тауып, қашып кетті» деген сөздер тура келеді. Қысқаша түрде, Жәңгір ханнан кейін қазақ қоғамында тақ үшін күрестер болды да, жеке дара бір хан билікке келе алмады деп айтуға болады.
Белгілі орыс ғалымы А.И.Левшин 1832 жылы жарық көрген танымал еңбегінде Тәуке ханға қатысты сол тұстағы Қазақ хандығында қалыптасқан саяси жағдайды былай деп баяндайды: «… Ол (Тәукені айтып отыр. – Б.К.) өзара қырқыстардан кейін халықты тыныштандырды, тайпалар арасында бірнеше жылға созылған қантөгістерді тоқтатты, жұрттың бәрін ақылымен және әділдігімен өзіне бағындыра білді…» Автордың «өзара қырқыстар» мен «бірнеше жылға созылған қантөгістер» деп отырғаны біз сөз етіп отырған «белгісіз жылдар» кезеңінің басты оқиғалары болып саналады.
Шәкәрім қажы мен А.И.Левшиннің материалдарына тереңірек талдау жасау арқылы біз, Тәуке хан билікке келгенге дейін, яғни 1680 жылға дейін қазақ қоғамында тақ үшін кәдімгідей қантөгісті талас-тартыстар болғанын, соның салдарынан ру-тайпалар арасында да жанжалдар өршігенін көреміз. Тарихшы А.И.Левшин осы қанды талас-тартыстардың ұзақтығын «бірнеше жылдар» деп жазса, біздің ойымызша ол 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейін созылған. Өкінішке қарай, нақты деректердің жоқтығынан осы жылдардағы ішкі саяси күрестердің барысы туралы мардымды еш нәрсе айта алмаймыз. Тек қана күрестің болғанын, Жәңгір ханның бір ұлы Уәлибақының сол күрестер барысында жеңіліс тауып, Үргеніш жаққа қашып кеткенін білеміз. Билік үшін болатын күрестер мен талас-тартыстардың ел ішінде алмағайып күндерді, ру-тайпалар мен олардың басшыларының топ-топқа бөлініп, оның салдары әртүрлі дау-дамайлардың өршуіне әкелетіні белгілі.
Осындай күндердің бірінде 1675 жылы Мөңке би дүниеге келеді. Сөйтіп, біз оның дүние есігін ашқан уақыты 1675 жылдар шамасын қазақ қоғамындағы ішкі қайшылықтарға байланысты туындаған күрделі, ауыр жылдар деп айтамыз. «Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» дегендей, Мөңке бидің жастық шағы қазақ тарихындағы осындай бір сындарлы жылдарға сай келді деп ой түйіндейміз.
Мөңке бидің ата-бабалары Алтын Орда мемлекетінің құлдырау кезеңіндегі атақты Едіге бидің ұрпақтары болып келеді. Мөңке бидің өзі Едігенің тікелей оныншы ұрпағы болса, ал оның ата-бабалары – Тілеу батыр, Айт батыр, Бөлек елге танылған, жауға қарсы шапқан батырлар, бірнеше мың санды қол бастаған қолбасшылар болғаны белгілі. Осылайша, Мөңке би – текті әулеттің өкілі ретінде тектіліктің не екенін жақсы түсініп, өзінің рөлін жастайынан сезінген тұлға, бүкіл саналы ғұмырын текті әулеттің өкілі деген атаққа кір келтірмеуге, керісінше, әулет абыройын арттыруға арнаған деуге болады.
Мөңке би жастайынан тағдырдың ауыр салмағын көтеріп, өмірдің ащы дәмін татады. Оның өзі ел тарихымен, Қазақ хандығының сыртқы саяси қатынастарындағы жоңғар факторларымен тікелей байланысты. Осы жерде түсінікті болуы үшін сәл тереңірек айта кетелік.
Тек 1680 жылы Тәуке ханның билікке келуімен және оның ақылмен, данагөйлікпен жүргізген ішкі саясаты ғана ел ішіндегі барлық талас-тартыс пен қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады. Салыстырмалы түрде алсақ, Тәуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы талас-тартыстарға қарағанда, оның тұсында қалыптасқан бейбіт, тыныш өмір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» болып саналады.
1653 жылы Жоңғар билеушісі Батыр хонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары мен кіші ұлдары арасында тақ үшін басталған талас-тартыс бүкіл жоңғар қоғамындағы белгілі тайшылар мен нояндарды екіге бөліп жібереді. Көп ұзамай билікке кіші ұлдар тобын басқарған Сенге келіп, хонтайшы атағын иеленеді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алмайды. Осылайша, Жоңғариядағы ішкі саяси дағдарыс 17 жылға созылады. Қазақ хандығы да осы жылдары ішкі саяси дағдарыстарды басынан өткеріп жатады. Сондықтан осы жылдары екі жақ арасындағы қарым-қатынастарда соншалықты ірі, көлемді, маңызды оқиғалар бола қоймайды.
1670 жылдың соңына таман Батыр хонтайшының үлкен ұлдары Цецен тайшы мен Цзотба батыр өздерінің туған інісі Сенге хонтайшыны өлтіреді. Сенгенің орнына таққа Батыр хонтайшының кіші ұлы Галдан отырады. Оның алғашқы ұстанған саясаты туған ағасы үшін үлкен ағаларынан кек алу болды. Сондай-ақ ол Жоңғариядағы кейбір тайшылардың дербестігін жоюға, ішкі алауыздықтарды реттеуге, жалпы алғанда, биліктің бәрін бір қолға орталықтандыруға бағытталған саясат ұстанады. XVII ғасырдың 70-жылдарының соңына таман Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, орталық билікті нығайта алды. Осылайша, ішкі саяси жағдайды толық ретке келтіргеннен кейін ғана Галдан көрші елдерге көз аларта бастайды.
Ол 1670 жылдардың соңында көршілес елдерге тонаушылық әрі басқыншылық сипатта жорықтар жасай бастайды. 1678 жылы Шығыс Түркістандағы ішкі саяси дағдарысты пайдаланып, аумақты қиындықсыз бағындырады. Одан кейін жорық бағытын Орталық Азияның шекаралас бай өңірлеріне бұрады. Ол жақтағы сәтті жорықтардан кейін назарын Қазақ хандығына қарай бұрады. Қазақ хандығына қарсы жорығы XVII ғасырдың 80-жылдарынан басталады. Бұл кезде Қазақ хандығында билікке жаңадан Тәуке ханның келіп жатқан кезі еді.
Жастайынан діндар болған Галдан Тибеттегі дін басыларының қолдауына сүйеніп, Тибеттегі Далай-ламадан «Бошақту хан» – «Ізгі ниетті хан» атағын алады. Тіпті кейбір зерттеушілер Галдан хонтайшы өзіне «Шыңғыс ханды үлгі тұтып, оның жаулап алған елдерін екінші мәрте бағындыруды мақсат етті» деген ой айтады.
Галдан хонтайшының қазақтарға жорығы туралы 1722–1724 жылдары Цеван Рабданның Ордасына барып келген орыс елшісі Иван Унковский былай деп баяндайды: «Тауық жылы (1681) ол (Галдан Бошақту хан) жорыққа аттанып, Сайрамды қоршап алды. Ит жылы (1682) жорықтан қайтып оралып, ол Іле өзенінің жағасында қыстап шықты. Доңыз жылы (1683) тағы да Сайрамға аттанды. Жазда Галданның (әскербасы) Рабтан Сайрамды қиратты». Отандық тарихта Сайрам соғысы атанған бұл оқиғалар 1681–1683 жылдары өтеді.
Жоңғарлардың қазақтарға қарсы жасаған 1681–1683 жылдарғы ірі жорықтары мұсылман авторларының шығармаларында көрініс береді. «Тарих-и амнийа» еңбегінің авторы Мулла Мұса Сайрами жоңғарлардың Сайрамды алуы туралы былай деп баяндайды:
«…Біздің аталарымыздан естігеніміз бен жасы келген кәрі адамдардың айтуына қарағанда, осыдан 200 жылдай бұрын қазіргі Моғолстан жеріндегі хан орнына Іледе Құнтаджи (Хонтайшы) деген қалмақ келді, оның билігі шығыста Комул мен Баркөлге дейін, батыста Ташкент пен Сайрамға дейін, оңтүстікте Карангу-Тагқа дейін созылады. Ол кенеттен жорыққа шығып, Ташкент Сайрамын басып алып бағындырады да, билікті бір қалмаққа тапсырады. Оның қасына бірнеше қалмақты көмекші етіп қалдырады да, өзі Ілеге қайтып оралады. Сайрамдықтар қалдырылған қалмақтарды өлтіріп, бағынудан бас тартады. Сайрамнан қашып құтылған бірнеше адам Кұнтаджыға келіп, болған оқиғаның бәрін айтып береді. Құнтаджи Ілеге соқпай, Сайрамға қайтып оралып, қаланы екінші рет басып алады да, тұрғындардың бір бөлігін өлтіріп, қаланы талан-таражға түсіреді.
Қалмақ басшысы Сайрамның игі жақсы үш тобының әрқайсысынан 20 отбасыдан, барлығы 60 отбасын бала-шағасымен, қызметшілерімен Ілеге алып кетеді. Оларды Іледе бір жылдай ұстап, сосын көне Тұрпанға жібереді…» Деректен көріп отырғанымыздай, шығарма авторының арғы-тегі сайрамдық, оның ата-бабалары – деректегі 60 отбасының бірі. Дерек мәліметінде айтылғандай, жоңғарлар Сайрамды 2 рет бағындырады. Ауызша деректерде бұл жылдары Тәуке ханның арнайы тапсырмасымен Сайрам қаласын қорғауға Мөңке бидің әкесі Тілеу батыр Айтұлы, өзінің батыр ұлы Жолдыаяқпен және 15–17 мың сарбазбен Сайрамға келіп жоңғарларға қарсы ұрыс жүргізеді. Ол осы қала маңындағы ұрыстардың бірінде қаза тауып, денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында жерленеді. Әкесі мен туған ағасы қаза тапқан кезде Мөңке би 7-8 жаста.
Тәуке ханның 35 жылдық билігі тұсында Қазақ хандығында саяси тұрақтылық қалыптасып, орталықтан басқарылатын басқару жүйесі жұмыс жасап тұрды. Жоғары биліктің негізгі мақсаты мен міндеті – классикалық үлгідегі мемлекеттердің заңдары мен талаптарына сай болды. Басқаша айтқанда, жоғары билік басқару құқын иелену арқылы сол аумақтағы тұрғындардың жерін сыртқы күштерден қорғау міндетін жүзеге асырып отырды. 1697 жылы Галдан Бошоқту қайтыс болғаннан кейін, Сенгенің ұлы Цеван (Себан) Рабтан билікке келеді де, қазақ-жоңғар қарым-қатынасы бірден басқаша сипатқа ие болады. Егер Тәуке ханның билігі тұсындағы екі ел арасындағы қарым-қатынасты кезеңдерге бөлсек, онда алғашқы кезеңге 1680-1697 жылдар аралығын жатқызуға болады. Бұл кезеңде екі жақты қарым-қатынастағы белгілі оқиға – 1681-1683 жылдардағы Сайрам соғысы ғана. Ал екінші кезеңге 1698 жылдан Тәуке хан қайтыс болған жылға дейінгі аралық жатады. Осы аралықта тек жоңғарлар тарапынан қазақтарға қарсы 1698, 1711–12, 1714, 1715 жылдары ірі жорықтар жасалды.
Жоңғарлардың жекеленген өңірлерді ғана тонауға ұшыратқаны болмаса, қазақ елін толық бағындыруға, иеленуге бағытталған жорықтарына Тәуке хан билігі тойтарыс беріп отырады. Тәуке хан тұсында қазақ қоғамында жүргізілген саяси-әкімшілік және құқықтық өзгерістер нәтижесінде қазақ елі өзінің қорғаныстық қабілетін көрсете біледі. Көптеген қазақ батырлары осы кезде ел үшін, жер үшін жан аямай жоңғарлармен соғысады, тіпті кей кездерде өздері бірігіп, жоңғарлардан кек алу үшін оларға қарсы жеңісті жорықтар ұйымдастырады. Қазақ хандығының тұтастық дәуірінде хан билігі өзінің негізгі міндеті – ел мен жерді қорғауды ұйымдастыра алды деуге болады.
Ал жастайынан жетім қалған Мөңке би болса, атақты әрі танымал әулеттің өкілі ретінде, ең алдымен, дәстүрлі ұлттық тәрбие мен мұсылмандық білімді бойындағы тектілікпен ұштастыра өсіп, қалыптасады. Сондай-ақ жеке басындағы батырлық, ақын-шешендік, әділдік пен турашыл қасиеттері арқасында ел-жұртына кеңінен танымал бола бастайды. Тәуке хан қайтыс болған кезде оның жасы 40-қа келіп, өз руы мен тайпасындағы белгілі тұлғаға айналған кезі болатын.
Тәуке ханнан кейін Қазақ хандығы тарихында бытыраңқылық кезең басталып, саяси дағдарыстар күшейеді. Орталық биліктің орнына жекелеген аумақтардағы кішігірім хандықтар мен беделі күшті сұлтандардың билігі қалыптасады. Дәл осы кезеңдегі қазақ қоғамында қалыптасқан ішкі саяси жағдайды 1730 жылғы 20 шілдеде орыс тілінде жазылған бір құжаттың қысқаша мазмұны былайша көрсетеді: «…40 мың түтіннен тұратын қазақтарды Әбілқайыр хан басқарады, тағы да Барақ және Әбілмәмбет деген екі ханы бар. Олар Ұлытау мен Кіші тауды, Сыр, Сарысу және Торғай өзендерін, Қарақұм далаларында башқұрттардан бір айлық жерде көшіп-қонып жүреді. Қазақтардың тағы мынадай қалалары бар: 1. Басты қаласы – Ташкент, оның билеушісі Жолбарыс хан. 2. Түркістан, онда Сәмеке хан отыр. 3. Сайрам, онда Көшек хан билік құрады…» Қарап отырсақ, осы дерек көрсетіп отырған кезеңде қазақ қоғамында бір емес, алты ханның – Әбілқайыр, Барақ, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс және Көшек хандардың есімдері аталса, басқа көптеген құжаттарда өте беделді оншақты сұлтандардың есімдері аталады. Бұл дегеніміз – дәл осы кезеңде саяси дағдарыстың өте тереңдеп кеткенін көрсетеді.
Орталық биліктің болмауының ең басты салдары, ол – ел мен жерді қорғау міндетінің жүзеге асырылмауы, оны жүзеге асыратын ұйымның болмауы болды. Орталық билік болмаған елде, ең алдымен, оның кері әсерін халық көреді. Міне, мемлекеттің, оның орталық билігінің маңызы осы жерде көрінеді. Мұндай жағдайда тұрақты әскер ұстап отырған Жоңғар хонтайшысына қазақтарға қарсы жорықтар жасау бұрынғыдай қиындықтар туғыза қоймады. Қазақ халқы 1715–1745 жылдар аралығындағы орталық билік жүйесі болмаған немесе бытыраңқылық кезеңнің алғашқы 30 жыл ішінде бүкіл қазақ-жоңғар қарым-қатынастары тарихындағы ең ауыр да күрделі жылдарды басынан өткерді. Осы кезеңде қазақ халқы 1723–1725 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды», 1739–1742 жылдардағы «екінші Ақтабан» деп шартты түрде аталынып жүрген зор қырғыншылықтарға ұшырады. Кейбір зерттеушілер осы кезеңдегі халықтың жағдайын «бір топ тазыдан қашқан қоянға» теңесе, екінші біреулері халықты этнос ретінде жойылып кетудің алдында тұрды деп санайды. Қалай болса да осы отызжылдық ауыр кезеңде қазақ халқы бұрын-соңды көрмеген ауыр күндерді басынан өткереді. Шәкәрім қажы «Қалқаман-Мамыр» дастанында бір ғана 1723–1725 жылдардағы оқиғаны былайша жырлаған еді: «Қазақты ол ұрыста қалмақ алды, Үш есенің екеуін қырып салды».
Дегенмен қазақ халқы үшін осы бір бытыраңқылық кезең қаншама ауыр, өте қайғылы болса да халық жойылып кетпеді, өзінің өміршеңдігін сақтап қалды. Тіпті шамасы жеткенше жауларына қарсы қарсылық көрсетіп, тойтарыстар берді, қарсы соғыстар жүргізді, жекелеген хандары мен сұлтандарының маңына топтасты. Дәл осы кезеңде халықтың қақ ортасынан шыққан батырлар мен билер өз жұртының бір жағынан, қалқаны, екінші жағынан, қорғаны бола білді. Солардың қатарында, тіпті алғы шебінде біз Мөңке биді көреміз.
Мөңке бидің жасы біз сөз етіп отырған 30 жылдық ауыр кезеңде 40 пен 70-тің арасында болды. «Ақтабан шұбырынды» оқиғалары тұсында ол елуде, 1730 жылдардағы оқиғалар кезінде 60-та болды. Бұл бидің «Атса оғы жетердей, айтса сөзі өтердей» бедел мен абыройға жеткен кезі еді. Мөңке би осы жылдары Кіші жүздің сол кездегі Қаракесек тайпалық бірлестігіндегі немесе кейіннен Әлім тайпалық одағы деп аталып кеткен (Алты ата Әлім) тайпалар одағындағы Шекті тайпасының атақты билерінің бірі ретінде көзге түседі. Сол тұстағы орыс тіліндегі құжаттарда Мөңке бимен қатар Шекті тайпасының танымал тұлғалары – Баби би, Бақтыбай би (Шектінің ұранына айналған), Айдарәлі би, Есенбай би, Мәметек би, Мчинак би (деректе осылай жазылған), Сырлыбай би (Қыз Жібектің әкесі) есімдері кездеседі.
Ауызша келтірілген мәліметтерде Мөңке би мен осы аталған тұлғалар, сондай-ақ Кіші жүздің әр ру-тайпасындағы батырлар мен билердің жүз, тайпа ішіндегі, тайпааралық, ру іші мен руаралық туындаған мәселелерді шешуде әділ де турашылдығымен және басқа да жақсы қасиеттерімен танымал болғанын көреміз. Ал жазба деректер мен мәліметтерде аталған тұлғаларды бүкіл елдің тағдырына қатысты саяси мәселелерден байқаймыз. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетейік.
Олардың алғашқысы 1748 жылы Кіші жүз билеушісі Әбілқайыр ханды Барақ сұлтанның өлтіруіне қатысты мәселе. Деректерге қарасақ, бұл сол кездегі бытыраңқы бүкіл қазақ қоғамын дүр сілкіндірген ең үлкен оқиғаның бірі болып саналды. Кіші жүздің саяси элитасы екіге жарылды. Сырдың төменгі ағысы бойындағы Кіші жүз тайпаларының бір бөлігі Батыр сұлтанды хан сайлап қояды. Міне, осы тұста елдің саяси тұтастығы мен бірлігін ойластырған Билер кеңесі ақылдаса келе, бес биді – Мөңке биді, Баби биді, Сырлыбай биді, шөмекей Жалған биді және ысық Көбек мырзаны Батыр сұлтанның өзіне аттандырып, ниетінен бастартуға шақырады. Бұл оқиға 1748 жылдың қыркүйегінің соңғы күндері болса, сол жылдың қазан айындағы бір құжатта Мөңке би есімі тағы кездеседі. Бұл құжатта Мөңке би басқа да билермен бірге орыс патшайымына Нұралыны Кіші жүздің ханы етіп бекіту туралы ұсынысқа қолын қояды. Бұл құжат та – бидің ел тұтастығын, бірлігін ойластырған жұмысының көрінісі. Бұл кез бидің 70 жастан асқан кезі болатын. Осы екі құжат орыс архивтерінен өткен ғасырдың 60-жылдары алынған. Әлі де болса зерттеушілер назарынан тыс жатқан деректер, мәліметтер бар деп санаймыз.
Мөңке бидің жеке өмірі мен өмір сүрген заманына назар аудара келіп, тарихи тұлғаның заманы ол үшін өте күрделі болғанын байқаймыз. Біріншіден, ол дүниеге келген 1675 жыл ұлттық тарихымыздағы хандық дәуір деп аталатын дәуірдің жоғарыда айтып өткеніміздей, «белгісіз жылдар» кезеңіне сай келеді. Әкесі Тілеу батыр Айтұлы мен туған ағасы Жолдыаяқ батыр Кіші жүздің 15–17 мың әскерімен Сайрам түбінде жоңғарлармен бірнеше жылға созылған ұрыстарда қаза табады. Сөйтіп, жеті жасында жетім қалған болашақ би сол заманның күрделі кезеңін басынан өткереді. Екіншіден, Тәуке ханның билігі тұсында бойындағы тума талант пен табиғат берген дарынның, әділдігі мен турашылдығының арқасында ел-жұрт арасында танымал болады. Үшіншіден, Тәуке ханның өлімінен кейін Қазақ хандығы тарихында бытыраңқылық дәуір басталып, келте хандар көбейеді. Бытыраңқылық ел бірлігіне, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіреді. Мұндай жағдайды сыртқы күштер, әсіресе Жоңғария тиімді пайдаланады. Осы тұста Мөңке бидің ел бірлігін сақтау жолындағы атқарған қызметі анық көрініс табады. Әсіресе Әбілқайыр ханның өлімі мен Нұралы ханды сайлау мәселесінде Мөңке би елдік принципті ұстанып, жеңіске жетеді.
Қорыта келе айтарымыз, есімі ел аузында қалған нақыл, өсиет сөздерімен мәңгі сақталған Мөңке бидің өмір сүрген заманы қазақ халқының тарихындағы ең ауыр, ең күрделі кезеңдерге сәйкес келеді. Осындай күрделі кезеңдерде Мөңке би өзінің шешендігімен де, іс-қарекетімен де елдің бірлігі мен жер тұтастығын сақтап қалу сынды биік мақсұтқа қызмет етті. Мұндай тұлғалар қашан да елімен бірге мәңгі жасайды демекпіз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы