Оралда Әдебиет музейі ашылады
15.04.2025
62
0

Өткен аптада Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Президентінің жанындағы Ұлт­тық құрылтайдың мүшесі және Қазақ­стан Жазушылар одағының Батыс Қазақ­стан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллинді қабылдады.
Жылы шырайлы жүздесу барысында биылғы Бурабай құрылтайынан ке­йін халық пен билік бірлесіп жүзеге асыратын міндет-мақсат­тар, ортағасырлық Жайық қаласының жұртын аспан асты музей кешеніне айналдырудың мән-маңызы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан және Атырау құрылтайларындағы баяндамаларында айтылған ел ішінде, халық арасында кітап оқу мәдениетін жандандыру, көркем әдебиет­ті насихат­тау бағытында атқарылатын жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Осындай іргелі жұмыстарға тікелей атсалысатын ҚЖО-ның Ақжайық атырабында тұратын мүшелеріне грант бөлу мүмкіндігі қарастырылатын болды. Облыс орталығы Орал қаласынан Әдебиет музе­йін ашу жөніндегі идеяны Нариман Төреғалиұлы қуана құптады. Ақжайық атырабының бай әдеби тарихы мен әдеби дәстүрін һәм қазақ халқының ұлт­тық құндылықтары мен Жайық жұртының ұлтаралық жарасымы мен іргелі дінаралық татулық, түсіністігін насихат­тауға негізделетін болашақ Әдебиет музейі Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігін нығайта түсуге, Қазақ елінің мемлекет­тілігін баянды етуге қалтқысыз қызмет етері күмәнсіз. Мұндай бастама «Мен қазақпын!» деген барша бауырларымыз бен «түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір» нағыз отандастарымыздың, нағыз қазақ­стандықтардың тарапынан жаппай қолдау табары кәміл.
Өңір басшысы өткен жылдың соңында жергілікті ақын-жазушыларды қабылдау кезінде Аманкелді Шахиннің шығармаларының екі томдығы мен Қазыбек Құт­тымұратұлының өлкетанушылық сипат­тағы жаңа кітабын шығару жөнінде сөз болған еді. Бұл шығармашылық жоба-жоспар да биыл жүзеге асатын болды. Бұған қоса алдағы айларда жергілікті бес ақын-жазушы «Ақжайық» шипажайында демалмақ.
Бауыржан Файзоллаұлының 1991 жыл­ғы Оралдағы қыркүйек оқиғасында қазақтың намысын асқақтатып әрі атал­мыш оқиғаның қантөгіске ұласпай бейбіт ше­шілуіне айтулы үлес қосқан ақын Айсұлу Қадырбаеваның алдағы қарашада 75 жасқа толуына орай, туған өлкесінде шығар­машылық кешін өткізу жөніндегі ұсынысы да өңір басшысы тарапынан мақұлданды.

Бақытжан ҒАБДУЛЛИН,
Батыс Қазақ­стан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір