Қазақстан ғылымының тарихы музейі: ғылыми мұра және ұрпақ сабақтастығы
15.09.2025
257
0

Қазақстан ғылымының тарихын жүйелі түрде зерделеу және оны ұрпаққа жеткізу – ұлттық мәдениеттің маңызды бағыттарының бірі. Бұл міндетті жүзеге асыру мақсатында 2010 жылы «Ғылым ордасы» РМК-да Қазақстан ғылымының тарихы музейі құрылды. Аталған музей – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері аумағында баламасы жоқ, ғылым тарихын кешенді түрде көрсететін көпсалалы ғылыми-мәдени мекеме. Сондай-ақ музейдің академик Қ.И.Сәтбаев іргетасын қалаған ғылымның қара шаңырағы ғимаратында орналасуы біздің ғылымымыздың мызғымастығын білдіреді.


Музейдің басты миссиясы – ғылым мен технология саласындағы маңызды жетістіктерді жинақтау, сақтау, жүйелеу және оларды қоғамға насихаттау. Осы тұрғыдан алғанда, музей ғылым тарихының үздіксіздігін айқындап, өткен мен болашақ арасындағы сабақтастықтың мәдени-ғылыми институты ретінде қызмет етеді. Музей ғылыми-зерттеу, ғылыми-экспозиция және көрме жұмысы, ғылыми-қор, мәдени-білім беру және ғылыми-әдістемелік жұмыс бағыттары бойынша қызмет етіп келеді.


Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде Қазақстан ғылымының даму тарихы еліміздің музейлерінде жекелеген тұлғалар, ғылыми жаңалықтар арқылы көрсетіліп келді. Ал отандық ғылымның тұтас тарихын қамтитын Қазақстан ғылымының тарихы музейінің құрылуы ғылыми мұраны жинақтау мен насихаттаудың заманауи талабынан туындаған. Музей тарихи, ғылыми білімді кең аудиторияға жеткізіп, ғылымның үнемі даму үстінде екенін, оның өткені мен болашағы арасындағы көпір ретіндегі рөл атқарады.
Музей экспозициясы 3 тақырыптық залдан тұрады, атап айтатын болсақ:
1.Қазақстан ғылымының ежелгі дәуірінің қайнар көздері. Қазақстан ғылымының пайда болуы.
2.Кеңес дәуіріндегі Қазақстан ғылымының дамуы мен қалыптасуы.
3.Тәуелсіз Қазақстан ғылымы.


Музейге келушілер қатарында студенттер мен оқушылар, ғылымға қызығушылық танытқан жас зерттеушілер, сондай-ақ еліміздің тарихы мен ғылымына бейжай қарамайтын азаматтар бар. Олар музей экспозицияларымен танысу арқылы отандық ғылымының қалыптасуы мен даму жолын, белгілі ғалымдардың еңбектерін, еліміздің ғылыми жетістіктерін көру мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, біздің тарихымызға қызығушылық танытқан шетелдік қонақтар мен ғалымдар, халықаралық ұйымдардың өкілдері де жиі ат басын бұрады.


Музей қызметкерлері тұрақты түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, ғылыми мақалаларын отандық және халықаралық ғылыми журналдарда тұрақты түрде жариялап отырады. Сондай-ақ, елдің белгілі қайраткерлерінің, шетелдік академиктер мен ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, форумдар, семинарлар ұйымдастырады. Соның ішінде ұлы ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, сондай-ақ ұлы ойшыл, философ, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, 2023 жылы желтоқсан айында Ыстамбұл университетінің Фараби атындағы Еуразиялық қолданбалы зерттеулер орталығымен бірлескен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне арналған «Тәуелсіздік үшін күрестің эволюциясы» атты халықаралық деңгейдегі конференция ұйымдастырып, конференция материалдарының электронды жинағы жарық көрді.
Қорды толықтыру мақсатында еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми мекемелердің өкілдерімен, отандық ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымдармен және олардың отбасыларымен байланыс орнатып, жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде музей қорында Қазақстан ғылымының тарихына қатысты 11 300-дей жәдігерлер сақтаулы. Атап айтқанда, ортағасырлық өркениеттің куәсі болған Отырар мен Баласағұн қалаларынан табылған қыш құмыра, су құбыры, дастарқан үлгілері, сонымен қатар еліміздің көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне тиесілі жеке заттар, сирек қолжазбалар, тарихи фотосуреттер, ғылыми құрал-жабдықтар мен құнды басылымдары бар. Әрбір артефакт тарихи маңызға ие және ғылыми тұрғыдан құнды дерек көзі болып табылады.


Музей қорында жинақталған материалдар негізінде ғылыми-зерттеу институттарымен, мектеп, кітапхана, музей және басқа да ұйымдармен бірлесіп әртүрлі тақырыптық, мерейтойлық және ғылыми-көпшілік көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастыру арқылы отандық ғылым тарихын насихаттап келеді. Мысалы, Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейімен бірлесіп «Шоқанның мұралары» атты көшпелі көрме ұйымдастырды. Көрмеге ғалымның ғылыми еңбектері мен құжаттары, фотосуреттері, жеке заттары және т.б. заттары көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шаралар қоғамдық сананы жаңғыртуға, өскелең ұрпақтың ғылыми танымын арттыруға және ғылымға қызығушылығын дамытуға ықпал етеді. Өйткені ғылым – елдің өркендеуінің басты бағыттарының бірі.

Музей қызметкерлері өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып, келе жатқан магистр дәрежесіне ие жоғары білімді мамандар. Қызметкерлер кәсіби біліктіліктерін арттырып, кәсіби дағдыларын жетілдіріп, заманауи технологияларды пайдалану, ағымдағы музей жұмысының сапасын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді меңгеріп отырады. 2022-2023 жж. аралығында Қазақстан ғылымының тарихы музейінің меңгерушісі «Болашақ» бағдарламасының грантымен Түркия, Ыстамбұл қаласында ғылыми тағылымдамадан өтті. Музей небәрі 15 жылдың ішінде еліміздің ғылыми мұрасын дәріптеп қана қоймай, өз қызметін жетілдіріп, еліміздегі жетекші музейлермен тең дәрежеде дамып келеді. Алдағы уақытта отандық және халықаралық ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтып, Қазақстан ғылымын кеңінен насихаттау және жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлары ойымызда бар.

Дүйсембаева Н.Б.,
магистр,
«Ғылым ордасы» РМК-ның

Қазақстан ғылымының тарихы
музейінің меңгерушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір