«ЖОҒАЛҒАН БУЫН» ҺӘМ ҚАЗАҚ НЕОРОМАНЫ
Роман – қазақта кенже туған жанр дейтін қате көзқарас бар. Бұл, кеңестік эстетиканың «Қазақ мәдениеті түп-тамырсыз. Орыс әдебиетінің шекпенінен шығып, оның әлем таныған әдеби алыптарынан үйренген» деген қасаң аксиомасы. Алайда, «көненің көздері» осы уәжға әлі күнге дейін қарсы дау айтқызбай, онымен қоймай, ұлттық ресми ғылыми ортамызға біржақты пікірді мықтап сіңірумен келеді. «Шынымен, сан мыңдаған жылдық тарихы бар әлемдік әдеби-мәдени процесте кім-кімге шәкірт болған?» деген ғылыми дәйек алдымызды кескестейді.
«Ұяластардағы» сюжет қозғалысы 1986-2000 жылдар аралығын қамтиды. КСРО құлдырауы мен құлауының Қазақ мемлекетінің қаз басып, аяғынан тұруы бір әулеттің басынан өткен оқиғалармен өріле суреттеледі. Роман алаш баласының тіршілігін ашып беруді басты орынға қояды. Дәл осындай әулетті қазақтың әр ауылынан болмаса да, әр ауданынан ұшыратамыз. Бұл авторлық рухани-мәдени катарсис. Бір әулетке арналған классикалық туынды әлем әдебиетінде «Жүсіп және оның ағалары», «Ағайынды Карамазовтар» түрінде ұшырасады.
Автордың роман бөлімдеріндегі финалдық аяқтаулары түрліше болып келеді. Қазіргі қазақ романына тән бір ерекшелік – үзіктілік. Осы үзіктілік хикаяттық топтамалардан тұрады. Әрі романистеріміз бұны бір жағы – шығармашылық тұрғыдан жақсы түсініп, екінші жағы – жаңа жазу мәнері прологтық пен эпилогтықты сюжеттік-композициялық жақтан ұштастыруды ұтымды меңгергендігін «Ұяластардан» ұшыратамыз. Сондай-ақ, осы үзіктенген хикаяттың өзі жеке-жеке әңгімелік бөліктерге бір-бірінің сынын бұзбай, шырайын қашырмай бөлшектене алады.
Ол прозалық хамса жазып отыр. Біз иран әлемінде Хемсе делініп, олардың бауырына басып жүрген дүниені жатсынамыз. Оғызсойдан проза тілінде тамыр тартқан бес кітаптылықты өлең тіліне көшірген Низами Гәнжауи, яғни Ілияс ибн Жүсіп Низами болды. «Хамса» («Бес кітап») – «Құпиялар қазынасы» (1173 – 1180), «Хұсрау – Шырын» (1181), «Ләйлі – Мәжнүн» (1188), «Жеті сұлу» (1197) және «Ескендірнама» (1203) атты бес дастаны кірген топтама. Бес поэмасының негізінде өмірге келіп, парсы әдебиеті өзіне ауысып алған туындылар легі қандай болғанын қазақ медиевистикасы бек жақсы біледі. Әттең, оны түркі әлеміне жолатпай, «Низами тілі – парсы» деп қақсаудан Еуропа мен парсы әлемі тынбай келеді. «Түркі өз ана тілінде емес, парсы тілінде жазып не жын көрінді?» деген ой қылаң береді. Католиктер Фарабидің де, Низамидің де жазғандарын не арабшалап, не парсы тіліне аударып, жұртты рухани адастырудың жолына ертеден түсіп отыр.
Бешшенің – «Хамса» атануына ғылыми өре түрегелудің еш қажеті жоқ. Бешшенің өзге мәдени-рухани нәсілдік ортаға топырақ жаюын, яғни әуелі араб-парсы, кейін Еуропаға топырақ жаюын иезуит жазушылары (түркі мұраларының қолжазбасына ойына келгендерін істеп аударма арқылы өзге тілге көшірушілер) енгізді. Бірақ ол ұзақ уақыт шығармашылық жерсінбеді, тек XVII ғасырда түркінің «1000 әфсанасындағы» хамсалық әдісті итали ертегілеріне қатысты Джамбаттиста Базиле (1575-1632) өзінің «Ертегілердің ертегісі «Пентамеронды» (Lo Сunto de li Сunti. Il Pentamerone) әдеби өңдеуінде қолданды.
Біздің бұл туындыны білмейтініміз ол орыс тіліне аударылған жоқ. Бірақ Ватикан кітапханасының зынданында жатқан «1000 әфсананың» өңі айналдырылып, ханымға арнап бес күн ішінде айтылатын құл-күңдерінің 50 әңгімесінен құрылады. Сондай-ақ, әлемдік әдебиетте 85 нұсқасы бар «Тотынама» – хикаяттар жинағы, әйтеуір, түркіге жолатылмайды: санскрит тіліндегі үлгісі «Шукасаптати» («Тотының жетпіс әңгімесі») делінсе, парсылығы Зийа ад-Дин Нахшаби жасаған авторлық нұсқа деп аталады.
«Тотының жетпіс әңгімесі» Панчатантраның (Pancatantra//бешшенің) құрамына еніп кетеді. Ал «Тотынама» түркінің «Мың әфсанасының» бір тарауы. Оны Үнді елінде ешкім сөйлемейтін санскритке аударып жүрген де католик кітап көшірушілері. Банфей оны 1858 жылы неміс тіліне тәржімалады.
Осы шығарма плагиаттық тағы бір жалған туындыға түрткі болды. Француз жөйіті Антуан Галлан (фр. Antoine Galland) одан да арыға кетіп, «1000 әфсананы» «1001 түнге» айналдырды.
Осылайша, түркі хамсалық дәстүрі арабтық болып шыға келді.
Борхес «1001 түн аудармашылары» әңгімесінде осы өтірікті тас-талқан етеді. Бірақ – «1000 әфсананың» түркілік негізін шалапай еске алып, Галланды басы бүтін автор атандыра салады.
Осындай тамыры терең «Ұяластар» романы түркілік әдеби дәстүрлі хамсалық әдіспен жазылған. Бұның түркі шығармашылық процесінде үзіліп қалуына кінәлі біз емеспіз, дейдей түркілердің тарихи ұстаздығын жоқ қылуды мақсұт еткен иезуит ғалымдар кінәлі. Оны тарихшылар гуманитарлық алаш ғылымында енді-енді ауызға ала бастады. Бағзы сүрлеудің әдеби процестегі көрініс беруі «жоғалған буын» қаламгерлерінің еншісіне тиіп отыр. Тасқа басылған хаты арқылы ұлтының рухани-мәдени жұмық жанарын ашып, христиан әлемі бір кездері мүлдем бітеп тастаған прозалық бастау көзге жетелеген «Жоғалған буынның» белді өкілі Әділбек Ыбырайымұлы.
Трагедиямен басталып, трагедиямен аяқталатын романды алаш баласы бейжай оқи алмайды. Одан сала құлаш мысал келтіруден көрі осындай кесек туындыны жұрт беріле оқысын деп, ғылыми тәпсірлеу жасаумен ғана шектелдік. Әділбек романының біз тек шымылдығын ғана түрдік. Біз айтпағанды айтып, айтып жеткізе алмағанды паш ететін ғылыми талдау әлі алда.
Ағаларға нені айтқызбады, інілер нені айтқысы келмейді!? Қазақ романы мен қазақ прозасының мың жылдық даму процесінің тарихын, әрине. Біздің проза теңдесіз жетістіктерге қол жеткізген проза, бірақ оны әдебиеттанудың әлемдік процесімен байланыстыруға құлқымыз жоққа тән. Бұдан тек түркі әлемі ғана емес, қытай, үнді, жапон және араб-парсы әдебиеттануы да жапа шегуде. Рухани-мәдени отарланған елдердің әдебиеттануы отаршы католиктердің христиандық дүниетанымда жазылған жалған теорияларының шекпеніне сыймауда. Оны Батыс ескергісі келмейді.
Милорад Павич «Хазар сөздігі» романымен үш діндік (ислам, христиан және жөйіттік) ұстанымды түркіні мәдени-рухани орға жыға отырып, сербтердің осман түркілеріне кеткен есесін қайтару амалын әлемдік әдебиет айдынында қалай танытуға болатындығын алға тартты. Әдебиеттанушылар Павич туындысын постмодерндік шығарма деп атай салды. Борхес бүкіл әлемдік құндылықты ислам және басқа діндерді шетке ысырып, таза католиктік жапсарда әлемге прозамен насихаттаудың соны үлгісін енгізді.
Ал исламды алға шығарып, басқа діндерді шетке ысырған қазақ прозасындағы модерндік үрдісті, готизмді елемей отырмыз.
Тек Тәңір Текті Түркі әдебиетіне ғана тән готизм көркемдік әдісі бар. Осы ТМД әдебиеттануы еуротектілікпен «реализм-романтизм» көркемдік әдісі деп аталынып жүрген «ГОТИЗМДІ» алғашқылардың бірі болып, қазақ неороманында Әділбек қолданып отыр.
«Ұяластар» сынды романын ұлтына сыйлаған Әділбек Ыбырайымұлы өз бабасы «Ғұмармен пара-пар келетін түркі әлемінің хикаятшысы» екенін дәлелдеуімізге кім кедергі?
Ешкім де…
Ендеше, өнердің әділхаят суымен хамсаны тірілткен Әділбектің жаңашылдығы ұлттық дәргейдегі ғылыми мақтауға да, әлемдік деңгейде мәдени-рухани бағалауға да тұрады.
Романдағы сюжет дегеніміз – автордың оқырманына ұсынар шындық болмысының концепциясы. «Ұяластағы» сюжет қаламгердің өмірлік негізге сүйенген өзіндік әлемін өмірге әкеледі. Бұл Әділбектің жазу мәнері тудырған әрі нақты-тарихи, әрі оқшау құбылыстар болып табылады. Роман бойына тұтас дәуір мен жазушының өзі сыйып кеткен. Әрбір сюжет өткенді қайталағанымен, оған елеусіздік реңі жүгірген. Бұл орайда романды өзіндік сипаты және тұрпаты бөлектігімен еректейтін әлдебір жалқылық көрініс табады. Осы жалқылықтың болмауы қазақ романдарының кемшілігі деп әдеби сын орынды атап өтіп келеді.
Ішкі композиция түзудің маңызды амал-тәсілі антитеза, қарама-қарсы қоюшылық болып табылады. Және де бірінші кезекте образдар жүйесіне, дәлірек айтсақ, образдарды топтастыру деп аталатын мәтін бойына персонаждарды орналастыруға қатысты қолданылады. Ең дәстүрлі топтастыру қаһармандарды жақсылық пен жамандықтың өкілі ретінде қаққа айыратын адамгершілік принципі бойынша түзіледі. Осылайша, Періште мен Пенде антитеза «аттарының айтып» тұруы арқылы байқалады. Персонаждар іс-әрекеттері мен ойға алғандары бойынша бір-бірінен түбегейлі өзгешеленеді.
Алаштың сан магиясы «9» лейтмотивтік арқау болған «Ұяластар» «Ертөстік» ертегісімен рухани байланысады. Ұлттың бүгінгісін сөз еткен автор «сана ағымы» арқылы бізді бағзы дәуірдің қойнауына да енгізіп отырады. Ертөстік сегіз ағасын іздеу үшін небір қиындықты бастан кешсе, бауырлары үшін басын өлімге байлаған Жапар да тап сондай.
Біздің мақсат – аталған автордың романын мақтау емес, қайта алаш және қазақ романдық дәстүрі жайында өз пікірімізді «Ұяластар» романы арқылы жұрт келесіне салу.
Әдебиет – өмір оқулығы, адам рухын кемелдендіріп, жоғары деңгейдегі ләззат сыйлап, әлемді эстетикалық игеруге жол ашушы. Көркем әдебиеттегі роман жанры өзінің өте зор қоғамдық-қайыратүзімдік мәнімен өзгешеленеді. Ол – бұқара санасына әсер етудің, тек қана замана адамның ғана емес, одан кейінгі дәуірдегілердің де барша ой құрылымдары мен сезінулерінің қалыптасуына түрткі болатын аса алапат рухани-мәдени құралдардың бірі.
Мақала авторлары жаңа шығарма жайында пікірін жариялаған шақта, кейде тіпті, оны түкке алғысыз ететін өз ойларын ортаға салады. Сыншылардың ой түйіндеулерінде көбіне бір туынды жайында екі көзқарастың өзара соқтығысуы танылып отырады. Сонымен бірге, дау-дамайға түсушілердің оқырманның эстетикалық талғамын азғын-дандыруы да ықтимал екенін есте ұстағаны-мыз ләзім. Мәселенің осы жағын Л.Толстой: «Қазір сыншылар туралы ойға кетіп отырмын. Сынның шаруасы – қаламгерлердің өмірге әкелген туындыларын түсіндіру, ең бастысы – біз жазған түкке алғысыз дүниелердің ішінен – ең үздігін бөліп көрсету. Және де олар осының орнына не тындырып жүр өзі? Өздерінің өздері жандарын қинап, көбіне нашар, бірақ та жұртқа танымал жазушылардың жылт еткен ойын алтынмен зерлеудің соңына індете түседі. Осылайша, олардың қолымен заңғар жазушылар – әдеби шүкімайтқа, теңіздей терең ой – тайыз көлшікке, даңғаза ой – ақылмандыққа айналып шыға келеді. Бұл – енді сын деп аталады. Және де біршама деңгейде бұл шектеулі ортаның талап-мүддесіне жауап беріп, олар заңғар жазушының аяғынан шалынғанына бөріктерін аспанға атып, екі қолдарын ысқылай қуанады. Бұл – сын емес, жазушының бетін тырнау, жүрегіне жара салу» (см.: Лев Толстой об искусстве и литературе. – М.: СП, 1958, т.2. – С. 521), – деп атап көрсетеді.
Қазақта әдеби мектептер жоқ емес, бар. Бірақ әлем елдерінен ерек белгілі бір ғұламаның атына қосақталған «тану» деген атаумен аталады. Мысалға, Абайтану дегеніміз бар болғаны М.Әуезов негізін салған қазақ әдебиеттанудағы тарихи-әдеби мектеп. Абайтану – осы мектептің Фараби мен Қожа Ахметті көзден бүркемелейтін бір саласы ғана. Одан ілім жасаудың не керегі бар? Абайдың ілімі ғылыми есігі аңғал-саңғал әдебиеттің күңгірт қорасына сыймайды. Әлкей Марғұланның әдебиеттанудағы мәдени-тарихи мектебі, т.с.с. Бізде әдебиеттанушылық мектептер бар. Бірақ оларға табу салынып тасталғандай көрініп тұрады.
Бірақ қазір ұлттық әдебиеттануда ірі ғалымдарымыздың шәкірттері дамытып, әдебиет туралы ғылымға зор үлес қосқан герменевтиканың әдеби мектебінің үстемдігі дәурен құра бастады.
XXІ ғасырда қазақ неореализмі көркемдік әдіс ретінде модерндік әдебиет санатын игеріп, постмодерндік сезімталдықпен өзінің танымдық аясын кеңейтіп, өткен дәуірлер үшін оғаштау хикаяттау амал-тәсілдерін
//повествовательные приемы// («айсберг», «сана ағымын») қолданып, жаңа жанрлық формаларды (музыкалық роман, роман-сценарий, бестселлер, триллер, блокбастер, гонзо, комикс, китч…) өмірге әкелді.
Көркемдік әдіс қаламгерлердің белгілі бір тобының шығармашылықтарындағы: оларды ортақ проблеманы көтеру, эстетикалық аңсар, өмірлік процесс жағынан жақындастыратын тарихи байланыстылықтағы, тұрақты қайталама тұтастығын білдіру болып табылады. Қорыта айтқанда, біздің «жоғалған буынның» шартты һәм есте қаларлық көркемдік әдісінің формуласын ұсынамыз: өмір шындығы + алаштық философия + қазақи эстетика. Осы синтез қазақ романындағы бой көрсеткен готизмнің ұлттық рухани-мәдени кеңістікте барлық уақытта тіршілік етуін қамтамасыз етеді.
Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР.
Семей қаласы.