ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ҚАЙ ҚАЗАҚ?
Адам баласы «оқыдым-тоқыдым, білікті-білімді болдым» деп қанша жерден ісіп-кепсе де оның бүкіл өмірі құжынаған қателіктен тұрады. Әрине, кешіруге болатын да, болмайтын да қателіктер болады. Соның ең кешірімсізінің әрі ақымақтығының бірі – «бірнеше ұлттың басын қосып бір ұлт жасаймын» деген әурешілік шығар, сірә. Өйткені қай ұлтты да Құдай жаратқан. Әр ұлттың өзіне тән түр-түс, діл мен тіл, үрдіс пен дәстүр, әртүрлі мінез-құлық берген де сол Жаратушы Иеміз! Әттең, бүкіл басқа ұлттың көңілін таппақ болған жалтақтық, жағымпаздық, жарамсақтық па, әлде орысша оқу өтіп кетті ме қайдам, әйтеуір, бүгінгі кейбір қазекеңнің жүріс-тұрысына сөйлеген сөзіне қарап тұрып, тіпті қай ұлтқа жатқызуды да білмей қаласың. Шындықты айтуды шырық бұзу деп түсінбеңіз, бірақ қай ұлттың тәуелсіз мемлекет құрып, еркін ел болғаны рас болса, оның ең басты ұлттық тілі болады. Ең бастысы ұлттық дәстүрі болады. Осындайда жарықтық ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің «тілі екеудің – діні екеу» деген әулиелік сөзі еріксіз еске түседі. Еліне орыс патшасының билігі орнасымен қазақтың тіліне де, дініне де, діліне де алапат қауіп төнгенін байқаған кемеңгер шайыр:
Бісіміллә деп бастасам,
Тілге жәрдем бере гөр,
Тіл жаратқан жалалым
Жанға жәрдем бере гөр
Жан жаратқан жалалым, –
деп жалбарынған еді.
Бүтін сөзді бүлдіргі сөз дей көрмеңіз, бірақ бүгінгі көп қазақта осы ең басты екі-ақ ерекшелік бар ма? Аспандағы ауадан басқаның бәрі жекеменшікке айналып кеткен бұл заманда қазақтың мемлекеттік меншікті тілі болмай тұрғаны аян ба? Аян. Бұған дейін «қос тілің – қос қанатың» деп ұрандатып келген қазақ енді қос тілді азсынып, оған ағылшын тілін қосып, үш тұғырлы боламыз деп даурығуға шықты. Марқұм боп кеткен бір ақын ағамыз оны да аз көргендей «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» десе, оның түпкі байыбына бармай, ұрандата жөнелетін көп қазекем осы екі-ақ өлең жолын ұран қып алыпты, бүгінде. Әрине, ақынның бәрі әулие емес, ақын адам кейде ұйқас үшін, кейде сезімге шалығып айта салатын сәттер болады. Бұл үшін бүкіл қазақ ұлтын кінәлау орынсыз. Өйткені біз әу бастан бұдан 34 жыл бұрын өзімізді Ресейге тәуелділік, құлмінездік санадан тазартып, ақыл-ойын азаттандыру, отарсыздандыру саясатын бірден бастай қойған жоқпыз. Оның орнына бұрынғы «ұлы орыс халқы», «аға халық» деген сөздер «бауырлас орыс халқы», «Құдай қосқан көрші», «тату-тәтті көрші» деген сөздермен алмастырылды. Сондықтан да бүгінгі қазақтың көпшілігі әлі күнге орысқа еліктеген әуейіліктен, лахуалықтан, ащылау айтсақ, орыс ықпалында қалған көрләттік пен құлмінезден әлі де арыла алмай келеді. Соның бір-ақ мысалы мынау: Қазіргі қазақтар әлі күнге өзінің атын да, әкесі мен ата-бабасының атын да орыстың айтуына жеңіл, оңай болу үшін Есіркепті – Есергеп, Сатыпалдыны – Сатубалды, Есенғаринді – Исингарин, Жұмағұловты – Джемогулов немесе Джумагулов, Келімбет – Келимбет, Оспанды – Успан, Аспан. Жәмішті –Жамиш, Сағынтайды – Сагинтай, Әшімбайды – Ашимбай дейді. Ал Айнұр, Гүлнұр, Айжан Қымбаттар – Айнура, Гульнура, Айжана, Қымбата, Баяна дегенді сән көреді. Не деген ессіздік, не деген санасыз бейшаралық?! Бұған, әрине, Беркуттер мен Қымбаталар кінәлі емес. Өйткені Ұ,Қ, Ә,І,Ө,Ң деген дыбыстар орыс тілінде жоқ. Ал орыс тілі – Қазақстанда әрі үстем әрі сәнді тіл. Сондықтан ғасырлар бойғы отарлық құлмінез тұқым қуалап, қанына сіңген кейбір қазақтар бұл дыбыстарды айтуға да ұялады. Олай сөйлесе, өзін артта қалған адамдай сезінетіндер де бар.
Қазір қазақтың үлкен-кішісі «Ң» дыбысының орнына «Н»-ны айтып, маңдайды – «мандай», оңайды – «онай», мың теңгені – «мын тенге», өлеңді – «өлен», жаңа жылды – «жана жыл» деп сөйлеуді сән көретін болды. Жақында бір қазақ қызы теледидардан «ен жақсы ғой», – деді. Ол сол сәтте «ң» дыбысын айтпай, ен деген еркектік мүшені мақтап тұрғанына да миы түскірі жетпей тұрды. Сондайларға қарап тұрып, бізден өткен жағымпаз, даңғой, дақпыртшыл ұлт бар ма екен деп өз ұлтыңды жек көріп кете жаздайсың. Алматыдағы бір дүкеннің маңдайшасына «Үміт» деп, оның қасына «Умит», «Ашық», «Открыто», «Опен» деп жазып қойған қазақты кінәлауға болмайды. Себебі оларды жаздырған адам – елдегі кейбір жалтақ саясаттың ыңғайына бейімделгіш, «елімізде тыныштық» дегенді жаттап алған сақ, үргедек, жалтақ байғұс пенде.
Қазір қазақтар ұлым, не қызым шетелде Лондонда, Оксфордта, Вашингтонда, Гарвардта тағы басқа шет жерде оқып жатыр деп мақтанады. Шындығында, солар керемет ғұлама ғалым болып келіп, ғылымға үлкен жаңалықтар ашуда немесе зауыт, фабрикалар салуда дегенді естігеніңіз, көргеніңіз бар ма? Баяғыда орыстың белгілі жазушысы Некрасов: «Орыстың бір торайы білім аламын деп бүкіл Еуропаны аралап, елге нағыз шошқа боп оралды» деп жазған екен. Ол рас. Өйткені шетел оқу орындарында сол елдің тілі, салт-дәстүрі, діні бірінші орынға қойылады. Оларды білмесең, сақтамасаң, құрметтемесең «күнің күн болмай» қалады. Ол жақтан оқып келген қазақ баласының ұлтына деген махаббаттың ыстығы басылып, ол әлдебір самсоз, селқос, керенау ойға қалатынында көріп жүрміз. Оларды өз ұлтына деген ішкі ықыласы кәдімгідей кеміп, Батыс мәдениетіне бүйрегі бұрады да тұрады. Өйткені олардың бүкіл өмір-салты қиыншылықсыз, бейнәпсі, ал бүкіл өмірдің қызығы ақшаға ғана тіреледі деген қағидаға құрылған. Ал адам-пенде қашан да жаман ғадетті тез үйренеді, әсіресе жастар сондай тірлікке құмар келеді. Жапонияда ұлты жапон адам жапон тілін дұрыс білмей, сәл қиналыңқырап сөйлесе, ол адамды жапон деп есептемейді. Англияда ағылшын тілін білмейтін адам хайуанның бір түрі дегенге дейін барады. Ал бүгінгі қазақтарда қызым шетелдікке күйеуге тиді, сонда қалып қойды деп мақтанатын есуастар да жиі кездеседі.
Әсілі, Америка да, бүкіл Батыс Еуропа елдері де біз ойлағандай бұратала ғылым-білімнің соңына түсіп кеткен елдер емес. Олар ірі-ірі ғалымдарды, білікті мамандарды басқа жақтан, тұрпайылау айтсақ, сатып алады. Ал біз балаларымызды оқытқанымыз үшін оларға жыл сайын бірнеше миллиардтап ақша құйып жатырмыз. Мұндайда бір мемлекеттің экономикалық, діни, әлеуметтік саясаты мықты екені, екінші мемлекеттің не ұлттық, не діни ұстанымы жоқ жалтақтығы көзі ашық қазаққа ап-анық көрініп тұрады. Бүгінгі қазақ онысын демократияшылдық, төзімділік деп мақтанады. Тіпті төзімділік те демей, «толеранттымыз» деп көкиді. Бүгінде қолында билігі мен мансабы барлардың ұлттық санадан, ұлттық мінезден, адасып айналадағы діндес, тілдес ұлттарға күлкі қылып тұрғанын білмейтіндер де баршылық.
Иә, біз кейде еуразиялықпыз, еуропалық мәдениет деңгейіне көтерілдік деп қанша мақтансақ, басқаға сонша күлкі болатынымызды байқамайтын сыңайлымыз. Құнекем баласы Ибраһим бейбақ адам бойындағы бес кеселдің бірі – мақтаншақтық екенін айтып кетіп еді. Сол айтқандай, мақтаншақтыққа салыну түптің түбінде ұлтты да, мемлекетті де жақсылыққа апармайды. Қазір біз сақтануға тиісті жаман мінездің бірі – осы мақтаншақтық. Ал шындығында, «мақтаншақтық – надандықтың белгісі» деген сөз бар. Иә, сонау ХІ ғасырдағы әлем ғұламаларының бірі Махмұт Қашқари «Диуани лұғат әт түрік» атты әйгілі еңбегінде «Түріктерде өзін-өзі жақсы көру, өз-өзінен мақтану деген жоқ мінез. Түрік небір керемет ерліктер жасап, керемет жанкештілік істер істегеннің өзінде үйреншікті күнделікті ісін істегендей ғана сезінеді» деген. Сол түріктеріңіздің бірі – Алла кешірсін, манадан бері біз мінін тізбелеп отырған бүгінгі қазақтың ата-бабалары. Кейде әлемжелідегі, теледидардағы аузын ашса «Батыр бабалар», «Қазақ – әлемді билеген», басы жоқ, аяғы жоқ «Алаш, Алаш», «Томирис», «Ғұндар», «Хұн бабалар» деген лепірмелерді оқып отырып түркітектес бауырлардан ұят болды-ау, бұндай әулекілер бүйте берсе бір мақтаншақ, әулекі, лахуа ұлтқа айналып кетпесек болар еді дегенде ойға кетеміз. Теледидарды, радионы, мембаспасөзді тыңдап, оқып отырып, олардың күндіз-түні заржақ баладай бір айтқанын мың қайталап жатқанын естіп отырып, мына мақтанудың жүзден бірі ғана рас болғанның өзінде жер бетінде «Қазақ мемлекеті деген бір ұлы держава бар екен, оған қарағанда айналадағы Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан түгіл анау араб елдері, анау азуы алты қарыс Түркия, Иран, Үндістандарың Қазақстан деген нән пілдің жанындағы шәуілдеген қанден екен» деп қалуға болады. Тіпті әлдебір ансамбль, өнер тобы шетелге концерт қойып келсе, ертеңіне бүкіл газет-журналдар, «оларды тыңдаған Еуропа, Америка «олардың өнерінің ғажайыптығына таңданып, есінен танып түсті» деп күмпілге басады. Қазір біздің осы мақтаншак, осы дарақы даңғойлығымызды біліп алған шетелдіктер Қазақстанға келе салысымен өмірінде Астанадан басқа шаһар көрмеген бәдәуише Астананы, біз жүргізіп отырған саясатты мақтап, «экономикаларыңыз күшейіп келеді, бәрің тату-тәтті тұрып жатырсындар» деп жас баланы алдартқандай көпірме интервью бере жөнеледі.
Жас бала демекші, қазір біз жасымыз 34-ке келсе де әке-шешесінен қалған мол байлық, ұланғайыр жер, тағы басқа есепсіз қазынаны қалай орнымен пайдалануды әлі де жақсы білмей жүрген, өмір тәжірибесі аз 25 жасар жас жігіт сияқтымыз ба деген де ойға кетеміз. Әдетте, ондай жастарға өтірік жанашыр, өтірік тума-туысқан әуес келеді. Ұшан-теңіз байлыққа ие болып қалған ондай жігітке біреуі инвестормын деп, біреуі бірлескен кәсіпорын ашамыз деп енді бірі несие беріп, біреулері халықаралық ұйымға мүше болсаң жарылқаймыз деп, толып жақтан жымысқы, қулық жолмен жан-жақтан күн сайын, жылма-жыл келеді. Біздегі бұл жасөспірімдік мінез талай жылдан бері қиссаларда айтылатын «Кім – дос, кім – жау білмеген, бауырын көзге ілмеген», әлі де кәмелетке толмаған күйінде қалып келеді. Қазір шет мемлекеттен келген кез келген Джони, Джорж, Авраам, Исаак кез келген Ким, Пак қазақтарға мына істеп жатқандарың өте дұрыс деп ақыл айта келеді. Солардың айтқан ақылын тыңдап отырып, «ау кім көрінген баға беріп, ақыл айтатын бұл қазақ әлі ақыл-есі толыспаған бір ұлт емес еді ғой» деп өз намысыңды өзің шұқи бастайсың. Бұлайша ащылау айтуымызды кемсіту демей, ақыл-есі түзік жай қазақтың да намысына қамшы салу деп түсіну керек. Өйткені қазір біз ата-бабадан қалған бүкіл мүкәммалды ішіп-жеп, ертеңгі ұрпаққа ешнәрсе қалдырмай, көрінгеннің көңілін табу үшін таратып, той тойлап жүрген әуейі, әулекі біреу сияқтымыз. Бұның қаншаға созыларын, жер асты мен үстіндегі мол қазына таусылған күні қазақтың соңырағы ұрпағы қандай күйге түсерін көзге елестетудің өзі қорқынышты. Құдайға шүкір, қазір кейбір білікті ғалымдар, мамандар, экономистер, саясаткерлер осыны ескертіп жоғарғы жаққа дабыл қағуда.
Біздің әу бастағы жіберген екінші бір қателігіміз, тәуелсіздік алған алашқы кездерде қабылданған кейбір шешімдерге байланысты. Баяғыда Монтескье деген атақты философ қай мемлекет те қандай заңды да қабылдамай тұрып, сол елдің тарихи жергілікті ұлтының тілін, үрдіс-салтын, ұлттық ерекшелігін, тіпті климаты мен топырағын да ескере отырып қабылдауы керек деген. Ал құдайшылығын айтыңызшы, Ресейден азаттық алғаннан бері қабылданған мыңдаған заң мен ереженің ең болмаса біреуінде қазақтың ұлттық үрдістері, ата-бабасының тәрбие-тәлімі, ең алдымен, осы жердің иесі ғой деп қазақтың бір ұлттық мүддесі ескерілді ме? Сондай бір заң бар ма? Ең алдымен, осы уақытқа дейін жер иесі, ел иесі болып келген қазақтың мүддесін қорғайтын бірде -бір заңның жоқтығы да қазақ тілінің әлі де шөре-шөре күйге түсуіне сеп болып отыр. Бүгінгі қазақтың бойынан әлі де қалмай келе жатқан Құлмінездің ең басты белгісінің бірі – өз ұлтыңды бірнеше ғасыр қорлаған, зорлаған, дініңді, тілінді, ата-бабаңның салт-дәстүрін аяққа басқан, ұрпағыңа өз ұлтын жек көруді үйретіп санасыздандырған, харам сумен азғындатып, жеріңді тонаған елдің тілінде сөйлеу. Ұрпағы басқа тілде сөйлеген ұлт түптің түбінде ұлт деуге келмейтін, мақсаты – мешел, арманы – аласа, рухы – мүгедек бір тірі мақұлыққа айналып, жойылып кететінін талай тарихтан оқығанбыз. Қазір жер бетінде басты бақыты – ана тілі екенін білмей, орыс пен ағылшынға сіңіп кеткен ұлттар да бар.
Ғалым жазушы Қ.Салғараұлы ықылым заманнан қалыптасқан ұлттың дәстүрін, өзіндік өмір сүру заңдылықтарын сақтаған елдер алға ілгерілей береді дей келіп: «Мұндай елдің іргесі берік, мәртебесі биік. Олар отарлану салдарынан ұлттық дәстүрінен айырылып қалған бізге ұқсап Ата заңын өзге елдің Конституциясына негіздеп жазбайды. Заң баптарын ұлттық дәстүрлеріне негіздейді, соны басшылыққа алады» – дейді (елдік негіздері, 38-бет, Астана, 2007). Ғалым бұл жерде өзге елдің Конституциясы деп қай елді айтып отырғанын өзіңіз жорамалдай беріңіз. Бірақ ол ып-рас! Сол жалтақ, көшірме заңдардың кесірінен қазақ елінде басқа елдің ақпарат құралдары, әсіресе теледидар шектен шыққан, ойына келген ақпараттарын, көрсетілімдерін таратып, ұрпақ санасын улайтыны өтірік емес. Олардың теледидар арқылы насихаттап, көрсетіп жатқандары қазақ ұлтының мәдени де, тарихи да, дәстүрлік те, діни де ерекшеліктеріне, бүкіл тәлім-тәрбиемізге түп-түгел қайшы келеді. Қазіргі қазақтың күндіз-түні теледидардан көретіні – тыржалаңаш дерлік билеп, экранға бөксесінің жырмашын көрсетіп тұрған әйел жыныстылар, арақ ішіп бірінің үстіне бірі артылып жатқан ұрғашы мен еркек, солардың тамақ ішіп, балпылдап сөйлеп отырғаны, жан дүниемізге жат сайқымазақ қойылымдар – ресейлік, еуропалық телеарналардан көшіріп алған дүниелер. Қазіргі қазақ тележурналистеріне біріншіден, эфирлік уакыт жетіспесе, екіншіден, олар өз ой-білігімен ұлтқа пайдалы бір қойылым, көрсетілім ойлап табуға қабілетсіз деуге болады. Өйткені ізденіс жоқ. Қазақ тележурналистикасы теледидарда көрсетіп жатқан жеңіл ойын-күлкілер мен сайқымазақ көрсетілімдер – орыс телеарнасының көшірмесі деуге болады. Олардағы кейіпкерлердің орысша араластырып сөйлеуі үйреншікті көрініске айналды.
Қазір дүниежүзінің ізгі ниетті адамдары теледидардың адам санасына қалай әсер ететінін айтып та жүр. Бүгінде қай мемлекет бай әрі қуатты болса, теледидар – соның ең бір жауыздық әрекеттерін оқ шығармай жүзеге асыратын құралының бірі. Мысалы, АҚШ не Ресей сияқты алпауыт ел екінші бір елге Ирак не Шешенстанның кебін кигізгісі келсе, сол елді әрі кеткенде бір-ақ жылдың ішінде теледидар арқылы дүниежүзіне қарабет, жабайы, жексұрын қылып шығарады. Күндіз-түні ол елдегі аш-жалаңаштық, заңсыздық, президентінің өзімшілдігі, жеке билікқұмар, көсемқұмарлығы туралы өтірікке, үрейге, терроризмге толы хабарлар қардай боратылады. Мұндай әнжілік саясатты жақсы түсініп алған көршілес Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан, анау Балтық елдері бүкіл ақпарат-құралдарын тек өз қолына алып, өз тілінде ғана хабарлар жүргізуде. Ал Қазақстан телеарналары түгелге жуық орыстілді болып, кім-көрінгеннің қолында кетті. Оған бүкіл телеарналарымыздан бір-ақ тәулікте көрсетіліп жатқан сойқан дүниелерді тізіп шықсақ көз жеткізер едік.
Жалпы, қазіргі қазақты ұлттық намыс пен ұлттық мінезден айыру 90-жылдардың бас кезінде бұрынғы Елбасымыздың «Жер мен Мемлекет тек қазақтікі емес ол жұрттың бәріне ортақ» деп ұран тастауынан басталды. Ол кісі осы бір бүлдіргі сөзін бір емес, бірнеше мәрте қазақтың алдында қымсынбастан қайталады. Қазекем сонда да «Ау, сонда біздің тарихи еліміз, мемлекетіміз қайда? Бұл не басыну?» деп бір ауыз дауыс көтерген жоқ. Сол жылдары билік басындағы, парламенттегі кейбір орыстілділер мен өз пікірі, ұлттық намысы жоқ жандайшаптар, «жерді сатуға да, пәленбай жылға жалға беруге де болады» деп дікілдеп жатқанда да әшейінде әй-шай жоқ «батыр бабаларымыз», «Алаш, Алаш» деп сүрен салып тұратын айтқыштар да оларға қарсы дау айтуға да жарамады. Сол жылдары кейбір шонжарлар үшін қазақ жері гектарлап, телім-телім қып құрылыс компанияларына, шетелдіктерге сатуға, жалға бере салуға болатын пайда табудың бір көзі ғана болды. Олар бұл жер Елбасы айтқандай, әрбір келімсектің немесе осында ғұмыр кешіп жатқандардың бірінің емес, тек қазақтың жері дегенді ойлаған жоқ. Ал кейбір ақсақалдар «жерді сату – анасын сатумен бірдей» деп батыр шалдың рөлін ойнап, артынан тым-тырыс бола қалды. Міне, қазақты 70 жыл бойғы интернационалистік «коммунистік жасампаздық» орыс халқынан үйрену деген саяси көрләттікке түсіріп алған коммунист басшылар, осылайша, білгенін істеді. Ал доғал, не білігі жоқ, не ұлттық намысы жоқ басшы ешқашан өз ақылымен ешнәрсе ойлап шығара алмайды. Олар тек әлдебір өздері қорқатын мемлекеттердің, мәселен, Ресейдің, Еуроодаққа мүше мемлекеттердің дайын үлгісін надани еліктегіштікпен көшіріп алады.
Сосын оларды «біз өркениетті, ашық, төзімді (толерантты) демократиялық қоғам құрып жатырмыз» деп бөседі. Жай күнкөрістік қазекеме де керегі сол! Ұрпағының тұла бойында ешқандай ұлттық белгісі, ұлттық намысы, ұлттық дәстүрі, ұлттық тілі, ұлттық мәдениеті, ұлттық тәлім-тәрбиесі қалмаған, бірнеше тілде сөйлегеніне мәз болып жүретін, яғни ұлттық санасы жойылған, ұрпағы әлдебір беймағлұм тіршілік иесіне айналып бара жатқанын қарапайым халық байқай қоймайды. Тіпті «бұл ел тек сенікі емес, мына шұбырып жүргендердің бәрінікі десе де, «елімізде тыныштық» деген сөзді қайталап айта береді. Ұлттық санасы саф күйінде сақталған қазақ өз ұрпағының әлгі айтылған басты-басты киелі белгілерінен айырылып, әлдебір интерұлтқа айналғанын жаңа жылды бірнеше күн тойлап жүрген кескін-кейпінен, үлкен-кішісінің қолындағы шарап құйған бокалынан, не өлең емес, не қара сөз емес «құтты болсын жаңа жыл!» «жаңа жыл, жаңа жыл» деп бүкіл телеарнадан күндіз-түні шуылдаған түрінен, үстеріндегі әлем-жәлем киімінен, орысша, ағылшынша айтқан өлеңсымақтарынан, жұртты күлдірмек болып әуреленіп тұрған әжуә әзілсымақтарынан-ақ байқайды.
Бірақ осы айтылғандарға қарап, қазақ халқы енді ұлт болып аман қалуға қабілетсіз деген ұғым тумауы керек. Халық дегеніміз – Алланың 99 атының бірі және қолыңда қанша жерден билік болса да бірнеше адам бүкіл ұлтты өмірбақи алдаусыратып отыруы мүмкін емес. Өз ұлтының тілін, дәстүрін, дінін сыйламай, қолындағы биліктен айырылмауды ғана мақсат тұтқан шонжарды ұлт ұрпағы деу де өте қиын. Ал егер жеке шонжарлар ғана емес, тұтас бір ұлт сондай күйге түссе, ондай ұлттың жойылып кететінін тарихтан көріп те жүрміз. Өз елінде тұрып, өз тілінде сөйлемейтін, өз тарихынан бейхабар, өз данышпандарын білмей өзге ұлттың қаңсығын таңсық көріп, пір тұтқан ұлт, толық тәуелсіз ел болуы екіталай. Сондықтан әуелі Алла қамқор болып, сосын, біз қазақ өзімізді-өзіміз ондай қасіреттен сақтауымыз керек! Тәуелсіз елдің ең басты ұстанымы осы болса керек.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ