«Міржақып. Оян, қазақ!»
24.12.2022
14579
2

Жақында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан «Міржақып. Оян, Қазақ!» сериалы көрсетіліп, көптің көңілінен шықты. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде аталмыш туынды туралы небір оң пікірлер айтылып, талқылар жарияланды. Осы орайда біз де көрермен пікірін біліп, сериал режиссері, сценарист, негізгі рөлді сомдаған актер, актрисаға хабарластық. 

Фильмді көргенде бір жылап алдым

Марат Әбсемет, тарих ғылымының докторы, филология ғылымының кандидаты, профессор, міржақыптанушы:

Бұл фильмді көріп отырып, өзімнің өмірім көз алдымнан өтті. Ғылым Академиясында жұмыс істеп жүргенде бір кісі «Гүлнәр Дулатовамен кездестім» деді. Содан кейін бірден Гүлнәр апайдың телефонын алып, сол кісіге хабарластым.
Міржақып Дулатұлы туралы зерттеуімді айтып едім, «айналайын, зерттей бер» деді. Содан кейін апайымызбен бірге біраз жұмыс істедік. Гүлнәр Міржақыпқызының асүйінде үлкен үстел бар еді. Сол үстел басында кезінде Әлихан, Ахмет секілді Алаш зиялылары бас қосып, сұхбаттасқан екен. Біз де сонда отырып, Алаш зиялыларын ақтауға хат жаздық. Горбачевқа хат жазып, ұлт зиялыларын ақтаймыз деп шешім қабылдадық. Шолпан Ахметқызы, Гүлнәр Міржақыпқызы бар, тағы да Алаш зиялыларының ұрпақтары жиналып, хат жаздық. Ол кісілер айтты, мен жазып отырдым. Солай біз ақталмаған тұлғаларды ақтауға кірістік. Күндердің күнінде Гүлнәр апай телефон соғып: «Бүгін туған күніме қарсы ақтау қағазы келді», – деп қуанышы қойнына сыймай, сүйінші жаңалықты жеткізді. Сол күні кешке туған күніне орай үйіне бардық. Маған төрден орын берді. Апайым мен туралы үнемі айтып жүретін. «Сен өзі Міржақыптың кенже баласысың» дейтін. Міржақып туралы ең алғаш диссертация қорғаған да менмін. Ол кезде жүйе сондай болды ма, маған жұмыс істетпеді. Алып-қашпа әңгіме де көп болды. Мені біреу «ішіп кетті, алқаш екен» деді. Әйтеуір ол уақыт та өтті. Қазір, шүкір, ұлт зиялыларын еліміз таныды, ақталды. Зерттеліп жатыр. Әлі де зерттеле түсуі керек. Насихатталуы керек. Бұл фильмдегі Ізбасар деген – менің образым. Өзім қызба жігіт едім. Алаштықтар туралы сөз қозғалса болды, арқам қозып, ұшып түрегелетінмін. Фильмді түсірген жігіттер сериалды бастамас бұрын менімен сөйлесті. Жеті сағат тапжылмай тыңдады. Оларға бар жиған кітабымды, тіпті қолжазба еңбегімді де бере салдым. Көздері жанып тұрған жас жігіттерге қолдау көрсеткім келді. Қолжазба ешкімге берілмейді ғой, дегенмен «жұмыс істесін» деген ниетпен еңбегімді бердім. Менің еңбегіме сілтеме жасалмапты, дегенмен оларға тек сәттілік тілеймін. Фильмде ойдан ештеңе құрастырылмаған. Бәрі шынайы. Бар нәрсені көрсеткен. Сол үшін де керемет әсер етті. Өзім көріп отырып, бір жылап алдым. Соның басы-қасында жүрген соң ба, өмірім көз алдымнан өтті. Гүлнәр апайым тірі болғанда, осыны көріп, бір марқайып қалар еді. Рухы шат болған болар. Мен өзім дән ризамын. Алғашқы міржақыптанушы ретінде қуанышым қойныма сыймады. Гүлнәр апайым айтпақшы, «мен Міржақыптың ізбасары ғана емес, оның кенже ұлындай» болып кеттім. Кезінде әкелерімізден сол кісілер туралы әңгімелерді естіп өстік. Ержеткен соң оларды ақтау үшін жұмыс істеп, ақтап алып, содан соң зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Енді сол ұлт зиялыларын елге дәріптеп, зерттеліп жатқанына қуаныштымын.

 

Тұлғаларымызды дәріптей білуіміз керек

Алтынбек Нұхұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты:

Бұл фильмнің қазақ халқы үшін маңызы зор. Бастапқы бөлімдерін теледидардан, кейін іссапар кезінде интернеттен көрдім. Өзіме қатты ұнады. Мұрат Есжан бастаған жігіттердің еңбегі зор. Бұған дейін мен «Абай жолы» туралы, одан кейін «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмдері туралы да пікірімді жазғанмын. Бұл жігіттердің жұмысы ұнады өзіме. Сценарийін жазған Ұларбек Нұрғалымның да еңбегі көрініп тұр. Бұл жігіттердің басты артықшылығы: қазақы болмысты, қазақы менталитетті, қазақы сөйлеу мәнерін қаз-қалпында қаймағын бұзбай жеткізетінінде. Жасыратыны жоқ, қазіргі фильмдердің көбі тіл қолдану жағынан ақсап тұр. Дүбәра тілмен сөйлейді. Ал мұндай таза қазақы болмысты көретін фильмдер азайып барады. Сондықтан осы фильмдердің маңызы арта түспек. Қазір Жаңа Қазақстан деп айтып жүрміз ғой. Жаңа Қазақстандағы жаңа идеология да осы алаш зиялыларының идеологиясымен астасып жатуы керек. Біз соған келе жатырмыз. Тұлғаларымызды танытып, оларды дәріптеуде осындай фильмдер секілді мәдени құралдарды іске қосуымыз керек. Мен өзім осы фильмнің басы-қасында жүрген азаматтармен сөйлестім. Олардың қалай жазатынына куә болдым. Мұрат Есжан деген жігіт өзі АҚШ-та оқып келді, соның нәтижесін көрсетіп жатыр. Ұларбек Нұрғалым секілді жігіттер сценарийін жазып, соны, жоғарыда атап өткенімдей, таза қазақы болмыста көрсетуге үлес қосып жатыр. Үш фильм де көңілімнен шықты. Енді болашақта осы жігіттерге қаржы жағынан болсын, қай жағынан болса да қол ұшын созып, жақсы фильмдер түсіруіне жағдай жасау керек. Бұл – біздің болашағымыз. Тұлғаларымызды дәріптей білуіміз керек. Өзім де ұлт зиялылары туралы талай мақала жазып, қысқаметражды фильмдер түсіруге атсалысқан адаммын. Сондықтан осы саланың жұмысымен таныспын. Фильмдер ұнады. Көшеге, мектеп, ЖОО-ға тұлғалардың атын беру де оңай жұмыс емес. Оған біз осындай дәріптеу арқылы жетеміз. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуді қолға алып, депутаттық сауал жолдағанмын. Нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Енді біз Міржақып Дулатұлының да 150 жылдығын атап өтуіміз керек. Ол үшін осындай мәдени шаралар ұйымдастырылуы қажет. Бұл фильм Міржақып Дулатұлын дәріптеуде, тұлғамызды танытудағы мұзжарғыш кеме болды десем, артық айтқандық емес. Осы фильм арқылы ел таниды, халқы есінен шығармайды. Жалпы мұндай сериалдар мектеп, колледж, тіпті университет қабырғаларында көрсетілсе, тіпті жақсы. Шынын айту керек, бұл картиналарды тек қазақ тілді азаматтар көреді. Өзге тілді, қазақша түсінбейтіндерге көрсетпесек, олар Міржақыптың кім екенін де білмейді. Дәріптеуіміз керек. Елге осындай тұлғалар керек. Маған бұл жоба ұнады. Көңілімнен шықты. Шығармашылық ұжымға тек сәттілік тілеймін. Болашақта бұдан да көп фильмдерді ұсынады деп үміттенемін.

«Міржақып» сериалы қанша уақытта түсірілді? Кастинг кезінде қандай принциптер, өлшемдер негізге алынды? Қандай жерлерде түсірілді? Қаржы мүмкіндігі қалай болды? Суретшілер қалай жұмыс істеді? Адам жанын тебірентетін эпизодтарды (мәселен, Міржақып қайтыс болғанда атының қораны бұзып шығатыны секілді) түсіру сәттері қалай өтті? Тарихшылар, алаштанушылардың осы сериалды түсіру барысындағы рөлін айта кетсең.

Қаншама газет, кітаптар, фотолар дайындалды

Мұрат Есжан, режиссер, киносценарист:

Біз үшін кино түсірудің ең маңызды бөлігі – сценарий жазу. Деректерді іздеу, сценарий жазу барысына шамамен үш айдай уақыт кетті. Дегенмен одан кейінгі екі ай дайындық кезінде де сценарийді қырнап-жонып, ұштай береміз. Таза түсірілімге бір жарым ай арнадық. Тағы бір жарым ай монтаж. Сонымен, жобаны жүзеге асыруға бас-аяғы сегіз ай уақыт кетті.Таңдағалы жатқан актердің болмысы ойнағалы жатқан кейіпкердің болмысымен үндесу керек. Сонда көрермен сенеді. Кастинг кезіндегі ең басты ұстанымым – осы. Одан кейін қазақы үн. Тарихи кейіпкерлердің жас шамасының пропорциясы сақталуы керек. Әдетте осы өлшемдерге салғанда үміткерлер саны күрт кеміп сала береді.Биылғы олжамыз –Торғай жерінде, әйгілі Қызбелдің бауыры, Қоңыраулының жағасында түсірілім жасағанымыз болды. Бүкіл техниканы, түсірілім тобын екі мың шақырым жерге апарып жұмыс істеу оңай болған жоқ. Дегенмен ол бодауымыз ақталған секілді. Қостанайдың өзінде де түсірілім жасадық. Сериалдың негізгі бөлігі Алматы қаласының өзінде, Алматы облысындағы Шамалған стансасында, Қараой, Қырғызсай мекендерінде өтті.Үкіметтің телеарналар арқылы сериалдарға бөлетін қаржысы тым аз. Бізде басқа елдермен салыстырғанда киноның өзінде қаржы жеткіліксіз, ал енді сериалға бөлінетін көңіл киноға деген бюджеттің қасында жіп есе алмайды. Өйткені сериалға кино деп емес, телебағдарламаға қарағандай көзқарас қабылданып қалған. Оның үстіне жыл сайынғы инфляция, қымбатшылық, тапшылық сериал өндірісіне де әсер етпей қоймайды.
Суретшілер өте жанкешті жағдайда жұмыс істеді. Жобамен алғанда биылғы түсірілім 55 локацияда өткен екен. Тарихи кезеңге сәйкес келетін дайын тұрған орын жоқ, оны айтпаса да түсінікті, міне, сол жердің бәрін ретке келтіру, жабдықтау, безендіру осы суретшілердің мойнында. Одан бөлек, біз бұрынғы жобаларда да, осы жолы да детальға, ірі пландарға айрықша мән бердік. Оригиналға ұқсатып «Оян, қазақтың» мың данасын жасап шықтық. Қаншамама газет, кітаптар, фотолар дайындалды. Осының бәрі – суретшінің мойнындағы жұмыстар. Еламан Айнабеков бастаған топ ол міндетті ойдағыдай алып шықты деп ойлаймын.
Алаштанушылардан айрықша атарымыз – әрине, біздің сценарийшілеріміздің бірі, әрі кеңесші-редактор Ұшқын Сәйдірахман. Ұшқын осы жобаның басынан аяғына дейін өзі қатысты. Одан бөлек, сценарий жазу барысында бірқатар ғалыммен жүзбе-жүз кезігіп, ақыл-кеңесін алдық. Оның ішінде Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісмақова, Дихан Қамзабекұлы, Ербол Тілешов, Марат Әбсемет, Елдос Тоқтарбай секілді ғалымдар бар. Жазушы Қайсар Әлім, Гүлнәр апамыздың ұлы Ерлан аға мен қызы Жанат апай да біраз құнды мәліметпен қанықтырды. Сондай-ақ байқасаңыздар, сериал соңындағы титрда «Пайдаланылған әдебиеттер» деп 31 еңбектің тізімін бердік. Ол жай тұрған тізім емес, біз тұтас қарап, ішінен қандай бір дерек, оқиға, факт алған еңбектер. Әсіресе Гүлнәр апайдың «Шындық шырағы», Вирь Галиевтің «Книга, разбудившая народ» еңбегі, Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным — Алашы…», Дүкенбай Досжанның «Абақтысы», Мәмбет Қойгелдінің «Алаш қозғалысы» айырықша көмектесті. Тіпті Марат Әбсеметтің «Алыстан «Алаш» десе аттанамын» деп аталатын әлі басылмаған қолжазба кітабын сұрап алып, ішіндегі деректерін кәдеге асырдық. Осы ғалымдардың құрметіне сериалға бір жоқтаушы кейіпкер енгізіп, бәрінің жиынтық образы ретінде Ізбасар деп ат бердік.

Көркем кино деректерден ғана тұрмайды

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ,
сценарист:

Ең алдымен барша көрерменді «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалының шығуымен құттықтағым келеді. Өз көңіл күйлерін әлеуметтік желіде жазып, өзімізге де толассыз қоңырау шалып, ризалығын білдіріп жатқан Алаш деген азаматтарға алғысым шексіз.Шығармашылық ұжымның, әсіресе режиссердің жан-тәнімен беріліп жасаған жұмысының нәтижесінің көрінісі ғой бұл!Шынымды айтсам, осы сериалдың сценарийін жазған Мұрат, Ұшқын үшеуіміз жазу барысында сол уақытты бір сәт басымыздан өткергендей күй кештік. Әу баста тұлғаның қай қырын, қалай алып шығамыз, не арқылы көрсетеміз деген сұрақ тұрды. Міржақып – оқыған, жәй ғана оқыған емес, ұлт тағдыры алмағайып уақытта тұрған дәуірде халықты оянуға үндеген тұлға. Дегенмен оны пафосқа салып айқайлата беруге болмайды ғой. Бізде әдеттегідей қысқа уақыт болса да, ең алдымен оқу, зерттеу, содан кейін талқылау басталады. Ол талқылау өзіміз ғана емес, алаштанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабек, Ербол Тілешев, Міржақыпқа тікелей жақындығы бар қаламгер Қайсар Әлім және де басқа қаншама ағаларымызбен сағаттап сөйлестік. Өйткені ғалымдармен өзің біраз дүние оқып, біліп алмай қалай сөйлесесің? Бұл тұрғыдан алаштанушы ғалым Ұшқынның, бір нәрсенің соңына түссе, індетпей тынбайтын, тыныштық таппайтын Мұраттың орны ерекше! Сөйтіп, үшеулеп ғалымдармен пікірлесіп, кейбір кітапқа түспеген қарапайым әңгімелерге де біраз қанықтық. Шығармашылық, оның үстіне көркем кино деректерден ғана тұрмайды ғой. Осы жерде оның көркемдік шешімдерін табу, драмасын жасау деген үлкен қамалға тап боласың. Нағыз шығармашылық жұмыс сонда басталады. Әсерленуің керек, толқуың керек, тұлғаның тағдыры жаныңды ширықтырып, жүрегіңді жаншып езіп, көзіңе лықсыған жас үйіруге тиіс. Осы барыс – қиын да қызық барыс.Үшеулеп отырып таңды-таңға жалғаймыз.
Өз басым оқыған қазақтың қазақы болуы өте маңызды деп санаймын. Міржақып атамыз соған дайын үлгі ғой. Әу баста Алакөзді солай қостық. Кейін ол Міржақыптың қазақылығы ғана емес, ішкі драмасын ашуда үлкен рөл атқарды. Соңғы ұсталғанда сілекейін алып, Алакөзімен қоштасар сәтті жазғанда өзім де егіліп жыладым. Жалпы қазақ жылқы қанды халық қой, сол тұс сәтті түсіріліп, көрерменге де ерекше әсер етті. «Кер заманға тап келіп, ұлы дүбір бәйге көрмей, бауырың бір жазылмай қор болып болдың-ау…» дегенде бұл Міржақыптың да тағдыры екенін көрермен қапысыз түйсінді.
Алакөз туралы деректі белгілі қаламгер Қайсар Әлім ағамыздың еңбегінен кезіктірдім де, сол ойымнан кетпей жүрді. Сөйтіп, анау алғашқы серияда-ақ Міржақыптың жүз жылқының ішінен жүйрікті жазбай танитын көшпенділердің жалғасы екендігін әйгілей келе, ұлт болашағы, ұлт қайғысы ұйқы бермеген ұлы күрескер тұлға екендігін аша түсуге алға ілгеріледік.
Көркем шығармада, әрине, көркемдік аса маңызды рөл атқарады. Әр кейіпкердің финалы болуы керек дегендей. Гүлнәр апайдың әкесінің ақталуына жанын салатын желіде Гүлнәр апайдың еңбектері мен Міржақып ақталмай тұрып ат салысқан, сол кездегі жас ғалым Марат Әбсемет ағамыздың естеліктері ерекше көмегін тигізді. Марат ағамызбен бір дастарқан басында жеті сағаттай отырып әңгіме қозғадық. Сонда тіпті негізгі оқиғаға қатысы жоқ-ау деген кей деректер сериялда үлкен оқиғаға айналып жүре берді. Ағыбайдың қылышы – соған бір мысал. Содан кейін алаштануға жанкешті еңбек еткен барша ғалымды сол арыстардың ізін жалғаушы ретінде Ізбасар деген кейіпкер келді шығармаға. Бұны енді алаштануға атсалысқан күллі алдыңғы толқын ғалымдарға көрсеткен құрмет, айтқан алғысымыз болсын дедік.
Енді шығарма тіліне келсек. Бұл жағы өз басыма бөлек уайым десем де болады. Абай, Әуезов, Ахаң, Жақаң негізі кейіпкер болған сериалдарымызда сондай ұлы тұлғалардың аузына сөз салудың қиындығы айтпаса да түсінікті шығар. Мұрат пен Ұшқын жан-жақты деректі оқуға күш салса, мен солардың өз шығармасын оқуға ден қоямын. Өйткені олардың тілі шығармасында ғой. Соны әр жағдайға байланысты ауызекі айтылуында қолдану керек. Ол саған сіңбесе, кез келген жағдайда не деп сөз суырып бересің?
Автор шығармасын оқу оның жанына тіптен жақындата түседі. Міржақыптың «Сарыарқа сары бел дедік, сондағы біздің ел дедік, … межелі жерге келмедік…» деп таудан құлаған тасқындай сөздерінің екпінін басып, ары қарай қарапайым ауызекі сөзге айналдырудың өзі қиын. Қуатын кемітіп алардай қорқасың. Байқасаңыздар, сол кезде айтылатын «нәшірияд», «рисала», тіпті «школа» деген секілді көп терминді де сол күйінде қалдырғанды жөн көрдік. Өйткені ол сол заманды өз қалпында елестетуге орасан зор ықпалын тигізеді. Сонымен бірге әр жазған сөзі сол кейіпкерді сомдаған әртістің де аузына сыйып, сөйлегенде ұғынықты шығаруға мүмкіндігі болатын сөздерді екшейсің. Жазып отырып актер болып ойнайсың. Тіпті үшеуіміз бір-бірімізбен сол диалогтар арқылы сөйлесеміз. Міне, сонда барынша жанды сөз шығады. Мысалы, Міржақыптың әскер құрғанда, мал жинаған сахналарында Жақаң рөлін сомдаған актер Бақыт Қажыбай да ерекше ажаттанып, айбарланып кетеді ғой, оның ар жағында сөздің де ерекшелігі жатыр. Ол кезеңдер туралы Міржақып өзегін өртей отырып көп мақала жазған. Сөздің дені – өз шығармаларынан екшеп алынып отыр ғой.
Бұл сериал туралы айтар әңгіме көп. Әсіресе Міржақыппен қанаттас өмір сүрген тұлғалар тағдыры туралы көркемдік шындық пен тарихи шындықтың үйлесімін алаштанушы ғалымдар өте жақсы бағалап жатыр. Көп көрермен де енді олар туралы хабардар болып, ары қарай ізденіп, Алаш рухының терең қатпарына үңіле түсер деген үміттеміз.

БҰРЫН-СОҢДЫ МҰНДАЙ СЕЗІМДЕ БОЛЫП КӨРМЕППІН

Зарина КӘРМЕН, Ғайнижамал рөлін сомдаған актриса:
Мен де өткен жылы «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалын түсіретін кезде актерлерді іріктеу кастингіне қатыстым. Кішентай рөл. Кішкентай рөл болғанымен, ауқымды салмағы бар екенін түсіндім. Рөлге бекітілгенде режиссер Мұрат ағаның өзі: «Зарина, бұл сериалда Ғайнижамал мен Міржақыптың образы соншалықты қомақты болмағанымен, болашақта Міржақып туралы жеке туынды түсірсек деген ойымыз бар. Сондықтан сізді таңдадық. Мұндағы рөлге кішкентай рөл ретінде қарамаңыз. Бұл әлі жалғасын табады» деген еді. «Иә, иә» деп қойғанмын. Міне, бір жылдан соң Айсәулеш хабарласып, жаңа туындының түсірілгелі жатқанын айтып, түсірілім басталып та кетті.
Жалпы, өмірде болған адамдарды сомдау өте қиын. Өйткені тарихи фактілермен салыстырады, тұлғалардың көзін көргендер бар. Ерекше әсер еткені, сол тұста, әйел адам оқу, білім дегеннен алшақ кезде Ғайнижамал оқыған, тоқыған жан болды. Өзі өте зиялы отбасынан шыққан. Білімі бір төбе болса, тәрбиесі бір төбе еді. Әрі бұл кісі Алаш қайраткерінің жары ғана болған жоқ. Сонымен қатар қолөнерге де жақын болған. Асты дәмді әзірлеп, киім үлгілерін сәнді етіп үйлестіргенді ұнатқан. Қателеспесем, Роза Бағланова апамыз Ғайнижамалдың камзолын сахнаға киіп шыққан екен. Күміспен әдіптеліп, өте әдемі тігілген камзол расында сахнаға киюге лайық еді. Осы орайда сценарий авторларына да үлкен рақметімді айтқым келеді. Себебі Ғайнижамал апайдың образы, оның тектілігі, балалармен қарым-қатынасы, жарына деген адалдығы, бәрі сондай көркем ашылған.
Түсірілім кезінде көптеген қызық оқиғалар болды, әлбетте. Әріптес актерлермен, сценарий авторларымен, режиссермен, өзге де кісілермен әдемі, салмақты әңгіме өрбитін. Түрлі түсірілім алаңдарында түрлі жайттар орын алатын. Ал осы түсірілім алаңында сондай жайлы атмосфера сезілді. Өйткені аға буынның салиқалы сөздері, өз ортамыздың бір-біріне деген сыйластығы жылы әсер етті. Бәрі өте шынайы әрі адалынан жұмыс істеді.
Өкінішке қарай, бұл сериалды теледидардан көре алмадым. Туындының экраннан берілген уақыты мен біздің спектакльдің уақыты бірдей болып қалды. Қойылым біте салысымен жүгіріп жетіп, алғашқы үш сериясын көрдім. Көз жасыма ерік бердім… Екінші күні тағы да асығып келіп төртінші, бесінші, алтыншы серияларын жалғастырып көрдім. Бәрі қалды… Тіпті спектакль де «жайы­на қалды». Өйткені бір оқиға желісі бар еді, «сол немен аяқталады?» деген сұрақ тұрды көкейімде. Соны көріп, жүрегімнің қалай ауырғанын сөзбен айтып, жеткізе алмаймын. Бөлмеде өзім жалғызбын. Еңіреп жылағаным сондай… Тамаққа өксік тығылғанда жалғыз болған қиын екен. Сезіміммен, ойыммен бөлісу керек болды. Содан не керек, осы күйіммен Айсәулеге жаздым. Көп нәрсе айтқым-ақ келді. Айта алмадым… Бұған дейін түскен дүниелердің ешбірінен мұндай әсер алып көрмеппін.

ТҮРМЕНІҢ АУРАСЫ АУЫР БОЛДЫ…

Бақыт ҚажыБАЕВ, Міржақып Дулатовтың рөлін сомдаған актер:

Өткен жылы жазғы демалыста Алматыда жүргенімде, кастинг директоры Мадияр хабарласып: «Келіп, Міржақып Дулатовтың рөліне видео-байқауға түсіп көрсеңіз», – деген ұсыныс айтқан болатын. Барып, видеоға түсіп, енді қайтайын деп жатқанымда, режиссер Мұрат Есжан келіп қалды. Танысып, біраз әңгіме-дүкен құрдық. «Толық жасыңыз нешеде? Бойыңыздың ұзындығы қанша?» – деген сұрақтар қойып, қай жерде жұмыс істейтінімді де сұраған еді сонда. Жастар театрында қызмет ететінімді айттым.
Астанаға қайтып кеткенмін. Арада екі жарым апта өткеннен кейін Мадияр бауырым: «Міржақып атамыздың рөліне сізді бекітті», – деген қуанышты хабарды жеткізді. Міне, осылайша «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалына түстім. Соңғы түсірілім күні Мұрат Есжан: «Келесі жылы Міржақып Дулатов туралы жеке фильм түсірсек деген ниетіміз бар. Оған да осы актерлік құрам қатысса дейміз», – деп тағы бір жақсы жаңалығын айтып қалды. «Ахмет. Ұлт ұстазы» экранға шыққанда, тамсанып көрдік. Режиссердің, сценарий авторларының жұмысы қатты ұнады.
Көктем басталғанда бұрынғы жоспар тағы қозғалып, режиссер: «Міржақып жайлы көптеп ізденсеңіз. Ол кісінің қызы Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» деген кітабын оқысаңыз», – деп, ізденіске кірісіп кеттім. Тәуекел деп, Алаш қайраткерінің образын алып шығуға тырыстым.
Міржақып Дулатов – қазақ елінің қайталанбас ірі тұлғасы, қайсар да қаһарман Алаш қайраткерлерінің бірегейі. Ел үшін, жер үшін, тіл үшін жанын ғана емес, отбасы да тіккен. Тағдыры өте ауыр. Бұндай алып тұлғаның рөлін сомдаудың жауапкершілігі зор, жүгі ауыр болды, әрине. Сондай-ақ өнер жолында бұйырған үлкен бақыт. Іште алаң болса да, режиссердің, түсірілім тобының кәсіби шеберліктеріне сенген болуым керек, барынша дұрыс ойнап шығуға тырыстым. Көркем туынды көрермен назарына ұсынылғалы, көптеген тілектер, ақ баталар, ризалығын білдірген жандардың жылы сөздері хат болып келіп жатыр. Естіп те жүрміз. Ең бастысы, рөліміз халықтың көңілінен шықса, мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
Образды алып шығудың қызығынан қиындығы көп болды-ау. Түрлі локацияларға, табиғат құбылыстарына, түнгі түсірілімдерге қатысты күрделі жайттардың болғаны рас. Түрмедегі сахналардың аурасы да ауыр болды. Қаншама жанның нақақтан-нақақ азапталған, жаны қиналған, қаны төгілген жер ғой… Соны сезінудің өзі ауыр болды бізге.
Ең есте қалғаны – соңғы түсірілім кадрлары. Міржақып атамыздың туған жеріне бардық. Ол кісі өскен, жүрген топырақты көріп, бейітінің басында Құран оқыдық. Сол өңірдегі музеймен таныстық. Бұрын-соңды Торғай даласын көрмеген екенмін. Киелі аймаққа барғаныма, қазақтың марғасқа ұлдары дүниеге келген кең даланың табиғатын көргеніме ерекше қуандым.

Ырысбек Дәбей,
Абзал Сүлеймен,
Мөлдір Райымбекова

ПІКІРЛЕР2
Аноним 17.10.2023 | 08:58

Өте дұрыс айтасыздар!!Мен киноның барлық сериясын теледидардан көрсем де ,кинотеатр ға барып қысқа нұсқасын көруге қатты асықтым,асықұаным,қызыққаным бекер болмапты!!Мен ондай әсерлі кино көрмеппін!!Жастарға тағылымы мол керемет кино

Аноним 30.10.2023 | 19:27

Өте әсерлі фильм! Жәй ғана көріп қоятын фильмдердің қатарында емес!Кино түсіруге атсалысқан сценарист, режиссер түсіруге қатысқан әрбір адамдарға және актерлерге оның ішінде Жақаң рөлін сомдаған актер Бақыт Қажыбай ініме алғысымыз шексіз! Өте сәтті таңдалған актер! Көрермендер үшін мәңгілік Міржақып болып қалады жүректе!Өміріне баянды бақыт тілейміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір