АДАМГЕРШІЛІКТІҢ АХУАЛЫ ЖАЙЛЫ АЗДЫ-КЕМ…
12.08.2016
1598
0

bigХайуангер­ші­лік­тің хәлі адам­гершіліктің ахуалынан әлдеқайда тәуір болып тұрған заманда өмір сүру өкінішті-ақ. Дегенмен, өкініштің бәрі өткінші дейміз. Бұл өткінші өкініш пе екен?! Салдары мен зардабы ғасырлар тоғысында ғаламат трагедияға ұласып, «Адамзат» атты қоғамның «Мейірім» атты қойылымының мейірімсіздікпен аяқталуына себеп болмай ма екен?! Сансыз сауалдарға көміліп, жауапсыз сұрақтар ішінде жаның жаншылып, санаң сыздаған сәтте не істеп, не айтарыңды да білмей қаласың. Білмей қаласың ба, әлде түсінбей қаласың ба?! Мұны түсіндіру де мүмкін емес. «Адамзат» қоғамында болып жатқан түрлі жағдаяттар мен сүйкімсіз жаңалықтар пәк болып дүниеге келген кішкентай періштелерді де зар еңіретіп, өз қойылымдарына лезде қосып алатындары да қызық. Бұл қоғамның әлсіздігінен бе, қойылымның мықтылығынан ба деп ойлап та қаласың. Алақандай әлемде балапандай ғұмыр кешіп жатқан  жандармен түлкідей күн көріп жүргендер бір арнада тоғысқанда балапандардың бас көтере алмай қалатыны, түлкілердің тұмсығын көтеріп қасқырдай көкке қарап ұлыған кейіп танытқанын көргенде жындана жаздайтыным бар емес пе?.. Жынданамын деймін-ау, жүрек құрғырдың үнсіз жылайтынына не дейсіз?! Жынданғаннан да, жылағаннан да пайда шамалы. Қасіретті қоғамның қасиетсіз қылықтарына таң боласың да, тағы да үнсіз қаласың. Мұның бәрі қоғамнан өз-өзімді арашалаудай болып көрінсе де , мен де осы қасіретті қоғамның бір бөлшегі екенімді ұмытқам жоқ әлі. Осы бәріміз айтуға құмар болғанымызбен, іске келгенде тосылып қаламыз. Тосылып қаламыз да артынан өкініп жүреміз. Тағы да өкініш… Өкініштен тұратын өмірде тосылып, опынып біттік-ау.

Байлыққа байланып жүріп, атаққа алданып күліп тіршілікке түнере қараудан қашан жалығады екенбіз осы?! Адамгершілік дейміз, сол адамгершілігіміз надангершілікке айналып кеткендей көрінеді маған. Адамгершіліктің алаңы қысқарып, надангершіліктің теңізі тартылмай-ақ қойды. Күнделікті өмірімізде орын алып жатқан оқиғалар санасы бар қауымның ойын онға, жүрегін жұлмалап жүз бөлшекке бөліп тастағандай. Айтары көп ақылдыларға айтылатын сөз де табылып жатыр. Заман ақыр келді дейді. Адамзат үшін заманның ақыры адамгершіліктен айрылған күні келген. Ойлы жұрттың бәрі-ақ ойланып жатыр, толғанып-ақ жүр.Білгендерімен бөлісіп, көргендерімен ортақтасады. Содан бір дүния шықса игі ғой. Түсінетіндер түсініп, түсінбейтіндер үнсіз қалады тағы да. Үнсіз қалғанымен қоймай сол қателіктерді өздері де жасап жатады артынан. Жылайсыз ба? Күлесіз бе? Өкінесіз, әрине. Осы өкініштің бәрін ашып айтуға болса да, өздеріңіз ұғынар деген оймен ойымды ғана жазып жатырмын. Анда мынандай жағдай болып жатыр, мұнда анандай жағдаят орын алды деп менмұндалап тұратын мақалалардың талайын көріп, біразын оқып та жүрміз. Оны оқып, ойға тоқи алмасақ не пайда?! Болғаны бас шайқап, бармақ тістеу ғана. Ойлы  жұрттың басқа қолынан келетіні өкініп өлең жазу, надандық қой деп насихат айту, «заман-ай» деп зар қағу болмаса, түк те істей алмақ емес. Ал осыдан кейін не дейсің?!  Мақтайсың ба? Даттайсың ба қоғамыңды?!  Өз қолыңнан да түк  келмесе өзіңді-өзің де жек көре бастайды екенсің. Қандай өкінішті…

Әлемнің әр жерінде, еліміздің әр өңірінде болып жатқан түрлі жағдаяттарды естіп, көріп, біліп жағамызды ұстап жүрміз. Ары кетсе өзімізден бірнеше жас үлкенді-кішілі азаматтар мен азаматшалардың жасап жатқан шаруаларына қорқынышпен таңдай қағамыз. Бір күні кешке сабақтан келіп, жатақханада емін-еркін демалып жатсам, ұялы телефоным шыр ете қалды. Телефонға қарасам, «Асыл атам» хабарласып тұр екен. Ауылдан жақында келсем де сағынышым сейілмеген кез. Шал-кемпірдің қызы болғасын, ол кісілердің орны бөлек қой қашанда. Ұялымды көтеріп қалсам, абыржулы әжемнің дірілдеген дауысы гүр ете қалды. Сиқырлы көксандықтан кешкі жаңалықтардағы сұмдық жағдайларды естіп алған әжем өзі түсінбейтін ұялы телефонның ар жағынан мені естімей қалады екен деп дауысын көтере сөйлей бастады. «Ақ қызым-ау, аманбысың, алтыным?! Жолдан шаршамай жетіп алдың ба оқуыңа? Қиналмадың ба?» деген сұрақтарды жаудыра жөнелді. Жауап беріп жатқанымды тыңдап жатқан ешкім жоқ. Сұрақтарын әрі қарай жалғастыра берді. Көз алдыма әжемнің телефонды ауызына қойып алып сөйлесетін бейнесі келіп, күліп жатырмын өз-өзімнен. «Жаңалықтарды естідің бе? Өзіңмен қатар қыздың істеп жүргенін көрдің бе? Не болған осы жастарға? Бірі өртеніп, бірі өртеп, бірі өз төлін өлімге итеріп жүргендеріне не дейсің? Сұмдық-ай, сұмдық! Қасымда емессің, алыста жүрсің, өзіңе байқап, жан-жағыңа қарайлап жүр, ботам. Мұндай сұмдықтар болып жатқан заманнан не күтесің? Сенем ғой саған, сонда да «сақтықта қорлық жоқ» деген қазақ. Ал маңдайыңнан сүйдім. Аман бол, қарағым! А, айтпақшы, бізде бәрі жақсы, уайымдама. Мына телепон құрғырдың тілін түсінбейтінімді білесің ғой. Атаңнан әрең алып сөйлесіп тұрмын. Сабағыңа сәттілік! Алдыңнан Алла жарылқасын!» деді де, «Мә, ал телепоныңды» деп телефонды атама бере салды. Атаммен де біраз сөйлесіп, жаңалықтарды талқылап алдық. «Сол баяғы апаңның түймедейді түйедей ететіні ғой, мән берме. Жаңалықтарды көріп алып, «қызым алыста Алматыда, ол алып шаһарда не болмайды дейсің? Өзі аман бе екен, әйтеуір. Телепон соқшы да соқшы деп» мазамды алған соң хабарласып тұрғанымыз ғой. Айналайыным, аман бола ғой!» деп атам да ұялы телефонның тұтқасын қойды. Қоғамда болып жатқан қулық-сұмдықтарға онсыз да жаным ауырып, жабырқап жүргенде, ата-әжемнің абыржығанын көріп мүлде еңсем түсіп кетті. Жан-жағымда жұрттың бәрі осындай жаңалықтарды айтып күнде бірнеше рет шошытып алады мені. Осыдан екі жыл бұрын ауылда жүрген кезімде бәрі басқаша тәрізді еді. Мұнда келіп, қорқыныш әлеміне түсіп қалғандаймын. Қабырғам қайысып, жүрегім ауырып барады. Бәрін көзбен қабылдайтын адамдарға қызыға да жиіркене қараймын. Бәріне бәрібір сияқты. Өзінің ет жақыны болмаса күйіп-пісетін жұрт жоқ. Кейде жақыны болса да жүрегі дір етпейді. Сонда да жүрегімен жұртты ұғып, шынайы күйіне білетін, сүйіне білетін жандар аз болса да бар болғанына қуанып кетем. Аз да болса медет қой деймін. Суға батып бара жатқан адамның жағалаудан қармауға тал да таппай қалатын кезінде қол ұшын созатын адамдардың болғаны қалай жақсы болса, мен үшін ондай адамдардың болғаны сондай бақыт.

Заман өзгерді, жоқ адам өзгерді деп қоғамдағы өзгерістерге әркім өз пікірін айтып жатыр. Тек  менің әжем айтқандай, бір-бірімізге сенгенімізбен сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытып кетпейікші. Мұнан кейін көз алдымызда болып жатқан жағдайларға кімді кінәлап, кімге күйе жағамыз?! Болған жағдаятқа басында өкінгенмен, соңынан етіміз үйреніп кетеді. Пенде ғой дейміз. Пенделіктен арыла алмай қойдық біздер.Хайуангершіліктің хәлі адамгершіліктің ахуалынан шын мәнінде тәуір ме деген ой келеді осындайда. Неде болса налығаннан түк шықпас, бүк түссек те тік тұруды білетін халықпыз. Бүгінен жатып алып тік тұруға күшіміз жетер болса, нұр үстіне нұр болар! Құмалақтай бытыраған халқым-ау! Ұсақталмайықшы! Бастысы – тірі болайық, ірі болайық!

Роза ТӘЖІБАЕВА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір