Қазақ­стандағы орыстілді әдебиет­тің хал-ахуалы мен дамуындағы кейбір мәселелер туралы
05.05.2025
393
0

2024 жыл орыс тілінде жазатын қазақ­стандық қаламгерлер үшін жалпы алғанда сәт­ті жыл болды деуге болады. Бірқатар жазушылар мен ақындар кітаптарын шығарып, беделді әдеби журналдарда жарияланды. Қазақ­стан Жазушылар одағы жанындағы Орыс әдебиеті және әдеби байланыстар кеңесі мүшелерінің қатысуымен республика жұртшылығы мен қаламгерлердің есінде қалған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Соған қарамастан, біздің үстелімізде жарық көрмеген романдар мен поэмалар, қолжазбалар азая қойған жоқ. Олардың кейбірі қоғамдық-саяси және эстетикалық тұрғыдан маңызды болса да, әртүрлі себептерге байланысты әлі күнге де­йін жарық көрмей отыр.


Өткен жылдың ең есте қаларлық оқиғаларының бірі – ЮНЕСКО қамқорлығымен Халықаралық мәдениет­тер жақындасу орталығы мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бірлесіп ұйымдастырған конференциясы болғанын бірден атап өткім келеді. Бұл іс-шараға біздің кеңес мүшелері тікелей ат салысты. Сонымен қатар біз «Оқуға құштар ұлт­тың қайта жаңғыруы» деп аталған VI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен Халықаралық Қазақ ПЕН-клубы ұйымдастырған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына белсенді қатыстық.
Еліміздегі жалғыз орыс тілді әдеби журнал – «Простор» жайлы да атап өткен жөн. Ол әдеби үдерістің нақты іс жүзіндегі базасына айналды. Журнал редакциясы шығармашылық және баспа сапасын айтарлықтай деңгейге көтере алды. Ендігі мақсат – осы жеткен биігімізді сақтап қалып, өз ұстанымымызды күшейту әрі таралымды екі есе арт­тыру. Өткен жылы «Простор» өз даңғыл жолына түсіп, бүгінгі таңда орыстілді әдебиет­тің орталығына айналып отыр. Әсіресе бұл жас және жаңадан танылып келе жатқан авторлар үшін. Алайда қазіргі таңда Қазақ­станға жалғыз «Простор» аздық етеді. Тағы бір журнал қажет. Нақтырақ айт­қанда, қазақ әдебиетін орыс тіліне аударып, жариялайтын журнал қажет. Бұл маған Талап Қабденовтің «Өмір – өзен» ат­ты кітабын орыс тіліне аударып болғаннан ке­йін келген ой. Бұл туындыда Нарынқұм секілді қазақтың алыс ауылдары жайлы, Теректі ауылының ядролық полигонға байланысты күштеп көшірілуі туралы аса қызықты тараулар бар. Бұл тарихи деректерді қазақ­стандықтар қайдан, қалай оқиды? Мәселе осыда. Қазақ тілін білмейтін оқырмандардың қолы жете бермейтін бұдан өзге де туындылар бар. Меніңше, мұндай шығармаларда ұлт­тық сана, тарихи оқиғалар мен тұрмыс көріністері бейнеленгендіктен, олар көпұлт­ты халқымызға қолжетімді болуға тиіс деп ойлаймын. «Просторға» бәсекелес керектігі жайлы тағы да қайталағым келеді. Жай ғана жымиып, «Қаржыны қайдан табамыз?» деп айт­қалы отырғандарыңызды да болжап отырмын. Ашығын айтайық: 2024 жылдың есебіне ұсынылған жаңа кітаптарды қарап шығып, олардың жартысы авторлардың жеке қаражаты арқылы жарық көргеніне көзім жет­ті. Ендеше, неге дәл осындай негізде, яғни заңды түрде, үлкен таралыммен жарық көріп, кітапханалар қорын толықтыратын журнал шығармасқа? Өз шығармасын жариялағысы келетіндер осы іске үлес қоса алар еді ғой.
Ендігі сөз – осы журналда жарық көрген мазмұнды жарияланымдар жайлы.
№8 санда көркем әдеби миниатюра жанрында жазатын автор ретінде танымал Үміт Тәжкеннің бірқатар туындысы жарияланды. Үміт Тәжкеннің қалам тартып жүрген жанры, шын мәнінде, оңай жанр емес, ол жазушыдан мол тәжірибені, байқампаздық пен қырағылықты, ең бастысы, өмір көріністерін жинақтап, жинақтап беру шеберлігін талап етеді.
№6–7 сандарда Фархат Тамендаровтың «Қанды ит­тер» ат­ты шытырман оқиғалы романы жарық көрді. Бұл шығарма фантастикалық элемент­термен байытылғанымен, бүгінгі күн шындығы туралы жазылған. Ол жоғалған ұрпақ тағдырына деген күйзелу арқылы оқырманды терең ойға жетелейді.
№9 және 10 сандарда Бигелді Ғабдуллиннің «Марал» ат­ты повесі жарияланды. Автор бұл туындысында кез келген адамның, жынысына, жасына, кәсібіне немесе дініне қарамастан, басынан өтуі мүмкін өмірлік жағдайларды сипат­тайды. Бұл шығарма, шын мәніндегі, өзектілігімен ерекшеленеді әрі сөз бостандығын, ар-ождан еркіндігін, жеке бас еркіндігін қорғауға бағыт­талған. Осындай тақырыптарды қазіргі көркем әдебиет­те көп авторлардың қозғай бермейтіні, жасқанатыны рас.
Ал оқырмандар, соның ішінде, журналистер мен публицистер, Әміржан Қосановтың «Елбасының құпия кеңесшісі» ат­ты публицистикалық туындысын жоғары деңгейдегі көркем публицистика ретінде атап өт­ті.
Бес бірдей санда Аслан Жақсылықовтың «Оралу» ат­ты романы жарияланды. Шығармадағы басты идея – жаһандық экологиялық дағдарыс жағдайында адамзат­тың аман қалуы әрі қару-жарақ жарысына жол бермеу туралы толғаныс.
Сондай-ақ Валерий Толмачевтің тамаша жазушы, «Простор» журналының бұрынғы бас редакторы Геннадий Толмачев туралы естеліктерін атап өткім келеді. Бұл – көлемі жағынан шағын болса да, мазмұны өте терең, редактор туралы нақты деректерге, егжей-тегжейлі тың мәлімет­терге толы естелік. Дәл осы редактордың кезінде журнал 90-жылдардың қиындығына қарамастан, өркендеп, бұрын-соңды болмаған таралымға қол жеткізген болатын.
2024 жылғы «Простор» журналының үшінші нөмірінде Қазақ­станның халық жазушысы В.Михайловтың ақын Татьяна Фроловская мен жазушы Эдуард Жылқыбаев туралы очерк-естелігі жарық көрді. Бұл шығарма тек естелік қана емес, сонымен қатар әдеби портрет ретінде де құнды. Ол әдебиетке өмірін арнаған жандардың шығармашылық жолын жинақтап, үлкен махаббатпен жеткізеді.
Өткен жылдың соңын белгілі театр сыншысы Адольф Арцишевскийдің еңбегі түйіндеді. Ол режиссер Андриасян­ның өмірі мен шығармашылығына арналған «Командордың қадамдары. Өмір. Шәкірт­тер. Қойылымдар» ат­ты кітабын көпшілікке таныстырған болатын.
Ал кітаптарға келер болсақ, ашығын айт­қанда, бізде әлі әзірге есепке алу мен бақылау жүйесі толық жолға қойылмаған. Алайда Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің тапсырмасымен Одақ мүшелерінің жарық көрген кітаптары туралы ақпарат жинау жұмысы біртіндеп жүйеленіп келеді. Бұл туралы бірқатар облыстардан мәлімет алуға қол жеткіздік. Бұл деректер есепке қоса тіркеледі. Жалпы саны 165 орыс тіліндегі кітап тіркелгенін айтып өткім келеді. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – «авторлық меншік» деп аталатын, яғни ең аз таралыммен жарық көрген кітаптар.
Мемлекет­тік бағдарлама аясында бір ғана кітап жарық көрген. Бұл – «Соғыспен және тыңмен туыстасқан халықтар» деп аталатын архивтік құжат­тар, мақалалар мен түсіндірмелер жинағы. Авторы – Қазақ­станның халық жазушысы Л. Шашкова. Бұл жинақта қазақ­стандық және беларусьтік жазушылар мен ақындардың көркем және публицистикалық шығармалары арқылы Қазақ­стан мен Беларусь арасындағы байланыстар ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бүгінге де­йінгі аралықта кеңінен сипат­талады.
Оқырмандарды Қасымхан Бегмановтың поэзиясының 15 томы қуантады деп ойлаймын. Бұл жинақты Михаил Синельников кәсіби деңгейде орыс тіліне аударып, редакциясын Татьяна Баканова жүргізді.
Аудармалар қатарында Айзат Рақыштың повестері де бар (аударған Раушан Байғожаева). Осы кітапты оқығаннан ке­йін қазақ әдебиетін орыс тіліне кәсіби түрде аударатын арнайы журнал құру идеясы туындады. Бұл басылымның редакциясын кәсіби аудармашылар құрауы тиіс деп есептейміз.
Атап өтуге тұрарлық тағы бір еңбек, бұл – орыс тілді әдебиет саласындағы жетекші әдебиет­танушы С.Ананьева жүргізген жұмыс. 2024 жылы оның редакциялығымен «Қазақ әдебиеті халықаралық контексте» ат­ты ұжымдық монография жарық көрді.
Бүгінде қазақ­стандық және шетелдік әдебиет­танушылардың назарында қазақ әдебиетінің әлем елдерінде қалай қабылданатынына қатысты өзекті мәселелер тұр. Аталған монография осы күрделі сұрақтарға берілген мазмұнды әрі өзекті жауап болып табылады. Еңбек әдебиет­танушыларға, еліміздегі гуманитарлық және педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушыларына, докторант­тарға, магистрант­тар мен студент­терге, сондай-ақ кәсіби қаламгерлерге арналған.
Бұл жылы тағы бір ауқымды еңбек, 320 бет­тік «Орыс әдебиетіндегі қазақ тақырыбы» ат­ты монография да жарық көрді.
Бұл — орыс жазушыларының повестері мен романдарында қазақ халқының жеке болмысына деген қызығушылықтың қалай қалыптасқанын, оның көркем бейнеленген философиясымен бірге зерт­теген еңбек.
Жалпы алғанда, еліміздің түрлі мерзімді басылымдарында Светлана Викторовнаның қаламынан шыққан елу әдебиет­танулық ғылыми мақала жарық көрді.
Биыл облыстарға Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің қолы қойылған арнайы хат жолданды. Онда орыстілді авторлар секцияларын өңірлік өкілдіктерде құру туралы тапсырма берілген болатын. Алайда барлық облыстың өкілдері бұл тапсырманы орындады деп айта алмаймыз. Бар болғаны 12 облыста ғана төрағамыздың бастамасы жүзеге асты. Осының арқасында Орыс әдебиеті жөніндегі кеңес секция жетекшілерімен тығыз байланыс орнатылып, өңірлердегі кітап басылымдары туралы нақты ақпарат ала бастадық. Ашығын айт­қанда, жағдай Алматыдағыдан жақсы емес, яғни көбіне кітаптар авторлардың жеке қаржысына басылып жатыр. Ең көп басылым (54 кітап) Шығыс Қазақ­станда тіркелген. Алайда оның жартысынан көбі Ресейде басылып шыққан. Елдің солтүстігінде де жағдай осыған ұқсас. Біз бұл кітаптарды есепке алуымыз керек пе, жоқ па бұл да – ойлануымыз керек дүние. Өйткені мұнда қарапайым материалдық тұрғыдан алғанда да түсінікті нәрсе бар. Басылым мен сатылымнан түскен қаржы Қазақ­станда қалмаған. Одан да маңыздысы ең жақсы шығармалар өз Отанындағы оқырманға жетпей қалып жатыр. Сол себепті, біз авторларды жаңадан шыққан кітаптары жөнінде Жазушылар одағына жекелей әрі ескерту күтпей хабарлап отыру қажет­тігі туралы хабардар етудің жолдарын іздестіретін боламыз. Бұл – ҚЖО-ның облыстағы өкілдеріне бағыт­тап айтып отырған өтінішіміз.
2024 жылы кітап шығару ісіндегі күрделі жағдайға қарамастан, бұқаралық әдеби іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу бойынша біршама айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік.
Атап айт­қанда, төмендегі халықаралық ғылыми конференциялар мен әдеби кез­десулер өткізілді: «Оқуға құштар ұлт­тың қайта жаңғыруы» ат­ты халықаралық ғылыми-практикалық конференция; Юрий Герт­тің шығармашылығына арналған ғылыми жиын; М.Симашконың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Әдеби мәтін поэтикасы және көркем аударма» конференциясы; Станислав Лидің «Күріш дәніндегі жазбалар» ат­ты жинағының тұсаукесері; Сәтімжан Санбаевтың шығармашылығындағы әдеби дәстүр мен ұлт­тық өзіндік сананың көріністеріне арналған әдеби конференция; Г.Бельгердің әлемдік әдебиет үдерісіндегі орнына арналған басқосу; Қазақ­стан халқы ассамблеясының әдеби клубы ұйымдастырған С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің 130 жылдығына арналған кештер; «Пушкин және Шығыс» ат­ты халықаралық онлайн дөңгелек үстел.
Енді жарық көрмей, қолжазба күйінде қалып отырған кітаптар туралы айтқым келеді. Бұл – көптеген авторлардың маған жолдаған өтініші. Мен оны өз мысалым арқылы жеткізгім келеді.
Өткен жылы өзім бір романымды аяқтадым. Бұл шығарма қазіргі Алматы мен еліміздің өміріне тікелей қатысты өзекті тақырыпты қозғайды. Бұл – Алматының тарихы мен алматылықтардың шынайы өмірінен алынған жиынтық кейіпкерлер арқылы жазылған роман. Сондай-ақ онда Қазақ­стан мен әлемде болып жатқан саяси үдерістердің көрінісі де бар. Алайда міне, бір жылдан астам уақыт өтсе де, романның жарық көруі тек жоспар күйінде қалып отыр. Сол сияқты түрлі тақырыптарға арналған, бірақ жарық көрмей жатқан өзекті шығармалар көп екеніне сенімдімін. Өткен жылдан бері жоспарға енгізілген, бірақ басылмай қалған кітаптардың саны – 45. Не істейміз? Демек, демеуші іздеу керек пе? Бірақ басқа бағыт­тан да үмітіміздің бар екенін жоққа шығармаймын. Осындай мәселелерді шешу жолында көп жұмыс атқарған Жазушылар одағының басшылығы бұл бағыт­тағы жұмысын жалғастырады деп сенемін.
Сөз соңында екі ұсынысым бар: ҚЖО-ға мүшелікке қабылдау шарт­тарын қайта қарап, графомандар мен әдебиетке қатысы жоқ арзан дүниелер жазатындарды дер кезінде іріктеу қажет; Шығармашылық одағымызда ресми меценат­тық пен материалдық қолдау көрсету тетіктерін қарастыруымыз керек. Бұл ұсыныстарды ұйым басшылығына жұмыс тәртібі аясында алдағы уақыт­та да жеткізетін боламын.

В.В. Шупейкин,
Қазақ­стан Жазушылар одағының Орыс әдебиеті
және әдеби байланыстар жөніндегі кеңесінің төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір