Әулиеата аймағының әдеби ахуалы
07.03.2024
265
0

Әулиеата аймағының рухани тарихында есте қаларлық ерекше оқиғалар көп. Жамбыл жерінде талай жақсы мен жайсаң туған, тұлға болып қалыптасқан. Әйгілі Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы жазушының туған жері Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылында жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын қалың көпшілік жақсы біледі. Аталған іс-шара аясында республикалық ақындар мүшәйрасы мен еліміздің әр қиырындағы жазушы-журналистердің арасында конкурс өтті.

Халықаралық Тараз инновациялық институтына Шерхан Мұртазаның есімі беріліп, аталған оқу ордасының алдына, Жамбыл даңғылына қарама-қарсы алаңға Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіші орнатылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Шерхан Мұртазаның ескерткішіне арнайы келіп, жазушы рухына құрмет көрсетіп, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездес­кен болатын. Бұл Әулиеата халқының рухани өміріндегі ерекше есте қаларлық шара болды.
Қазақтың киелі, қастерлі өзге де өңірлері сияқты Әулиеата аймағынан да қазақ әдебиетіне үлес қосқан талай тарлан тұлғалар шықты. Ұлы Кенен Әзірбаевтің кенен кеңістігі, Ұлбике Жанкелдіқызының ұлттық рухтағы жыр-бұлағы, Бауыржан Момышұлының біртуар даналығы, Шерхан Мұртазаның шыншыл шығармалары,Әкім Таразидің қазақ әдебиетінің туын көтерген туындылары, Совет Әлімқұловтың бала жанының тазалығындай мөлдір дүние­лері, бәрі де Әулиеата дейтін әулиелі топырақтан тамыр тартып, ұлттың ұлы кеңістігінде жасындай жарқылдаған құбылыстар еді. Бері тартсақ, Несіпбек Дәутайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Жақсылық Сәтібеков, Қарауылбек Қазиев, Қуандық Шолақ, Асқаржан Сәрсек, Тынышбай Рақым, Мақұлбек Рысдәулет, Болат Бекжанов және өзге де таланттардың шоқтығы биік. Қазақ әдебиетінің көгінен жұлдыздай ағып өткен Артығали Ыбыраев, Серік Томанов, Бауыржан Үсенов, Мұрат Сыздық, Салтанат Абашова, Өрнек Құлекеев, Ғабит Көкеев есімдері де ел есінде.
Аймақтың арғы-бергі тарихында талай талант дүниеге келді, әдебиетке шама-шарқынша қызмет етті. Десе де, көптің көңілінде орныққан, оқырман жүрегіне жол тапқан біртуар тұлғалар әр кезеңде болды. Кәрім Баялиев, Күлән Шілдебаева шығармашылығы да елдің есінде шынайылығымен қалды.
Әдебиет облыстық, аудандық деңгейге бөлінбейді. Бір ғана қазақтың әдебиеті бар, әрбір қаламгер – сол ұлы әдебиеттің бір-бір өкілі. Бүгінде Жамбыл өңірінің әдеби ахуалының дамуы жаңаша сипат алып келеді. Ешкім ешкімге шығарма жазып бермейді, десек те, көрсетіліп жатқан қолдауды айтпай кетуге болмайды. Аймақта жергілікті билік тарапынан қаламгерлерге демеу, қолдау бар. Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі қызметінде жүргенде, өткен жылы, облыстық әкімдік тарапынан жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруға елу миллион теңге бөлінген еді. Нұржан Молдиярұлы қаламгерлермен дәстүрлі кездесуінде осы ақжолтай жаңалықты жеткізген болатын. Сол игі жоба Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі болып келгенде жалғасын тауып, іске асты. Нәтижесінде Алматы қаласындағы «Абай» баспасынан жергілікті 24 автордың кітаптары жарық көрді. Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан, Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Жеткерген Әбдірейұлы, Жапар Сатылғанов, Баймаханбет Ахмет, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қасқырбай Нарбатыр, Жанатбек Тұрғымбаев, Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Бақытжан Советұлы, Марат Құлибаев, Есет Досалы, Людмила Мельник, Лариса Губашева сияқты аға буынмен қатар, Нұржан Әліш, Қуаныш Ауғанбаев, Жұлдыз Бейсек, Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадірәлі сынды жастардың да түрлі жанрдағы кітаптары әрқайсысы мың данамен жарық көрді.
Облыс әкімдігінің қолдауымен кітабы шыққан әрбір қаламгерге 300 мың теңгеден қаламақы төленді. Мұндай бастама бұрын-соңды Әулиеата өңірінде болмаған еді. Мұның өзі қаламгерлер қауымына үлкен қолдау болды. Айта кететін бір жайт, аталған қаламгерлердің бәрі бірдей Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі емес. Алайда, өңірдегі барлық қаламгерге бірдей мүмкіндік жасалды. Арнайы құрылған комиссия мүшелері облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына түскен шығармаларды талдап-саралап оң қорытынды алғандарды баспаға ұсынды. Ал кітаптарды жарыққа шығару бойынша облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жүйелі жұмыс атқарды. Аталған кітаптардың таныстырылымы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды. Әулиеата өңірінің рухани тарихындағы ең бір есте қаларлық іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы келіп қатысып, жергілікті ақын-жазушыларды әрдайым қолдайтынын айтты.
Қолдау бар жерде ғана әдебиет дамиды. Кездесуде алдағы уақытта «Әулиеата кітапханасы» сериясымен кітаптар шығару мәселесі көтерілді. Сондай-ақ бұл жерде тек қана көзі тірі ақын-жазушылар ғана емес, Жамбыл облысынан шыққан барлық қаламгердің шығармалары қамтылса деген ұсыныс та айтылды. Себебі тасада қалған таланттар да бар. Ескерілмей жүрген есім қаншама. Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Ендігі жерде Жамбыл өңірінде «Әулиеата кітапханасы» сериясымен бірнеше кітап жарық көріп жатса, бұл да қазақ әдебие­тінің бай қорына қосылған дүниелер болмақ. Осы кездесуде Ербол Шырақпайұлының өзі жиналған қаламгерлерге Қарахан мен Айша бибінің тарихы туралы туынды жазылса деген ойын айтты. Бұл – әрине, қуана қабылдайтын ұсыныс. Бәлкім, алдағы уақыттарда мұндай жақсы шығарма жазылып қалуы да мүмкін. Бұл тек қана Қарахан мен Айша бибінің елге белгілі аңызынан бөлек, жалпы, Тараз, Әулиеата аймағының сол кездегі тарихи ахуалын дәл бедерлейтін шығарма болса, тіпті жақсы. Бір сөзбен айтқанда, ақын-жазушылардың шығармашылықпен айналысуына жергілікті билік қолдау көрсетіп отыр.
Осы уақытқа дейін қоғамда Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан Шерхан Мұртаза атындағы бір әдеби сыйлық тағайындалса деген пікірлер мен ұсыныстар айтылып жүрген. Бұл пікірді де облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ескеріп, қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, өңірде жастар шығармашылығын қолдау да жақсы үрдістің бірі ретінде қалыптасып келеді. Жуырда ғана облыс әкімдігінің қолдауымен Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, ақын Хамит Есаманның «Сағыныш» атты жыр кеші өтті. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы бойынша жарық көрген ақынның «Фәни-Құбылыс» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Жыр кешіне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевпен қатар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, ақын Ғалым Жайлыбай, «Отан» орденінің иегері, ақын Светқали
Нұржан, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдегері Мақсат Мәлік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс қатысты.
Бүгінде Әулиеата өңірінен жергілікті қаламгерлерді қолдау, идеология жұмыстарын жандандыру бағытында республикаға ақжолтай хабар жақсы тарап жатыр. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың атын иеленген аймақта әлі де талай рухани іс-шаралардың атқарылатыны анық.

Бауыржанның батасы

Көзі тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы туралы әңгімелер көп. Оның ішінде «Бауыржанның батасы» ел арасында кең тараған. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, «Бауыржанның батасының» бірнеше нұсқасын оқисыз. Тіпті алғысөз ретінде мынандай дерек келтіріледі: «Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Бауыржан Момышұлы Бішкек қаласына әскери қызметке жіберіледі. Ол жолшыбай өзінің туған жері – Жуалы ауданында (Жамбыл облысы) 4-5 күн аялдайды. Батыр ағамыздың жанына облыстың, ауданның біраз басшы қызметкерлері еріп жүреді. Ауыл ақсақалдарымен бірге жақсы сөзге жаны құмар жастар да Баукеңнің әңгімесін тыңдайды.

Сапарының соңғы күні Баукең жалғыз баласы соғыста қаза болған бір қасіретті қарияның үйінен дәм татып шықпақшы болады. Қанша үйдің дәмін татса да, астан кейінгі бата беруді ауыл ағалары атқарады. Енді елден аттанар алдындағы дәм-тұздың батасын беруді жұрт Баукеңнен өтінеді. Баукең сәл ойланады да, тебірене түсіп, былайша термелеп кетеді…».

Бұл «алғы сөз» оқырманды шатастыратыны анық. Бауыржан Момышұлы «Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Бішкек қаласына қызметке жіберіледі» дегенді кім жазса да, жалған жазған. Біріншіден, соғыс аяқталған жылдары Қырғыз елінің астанасы Фрунзе аталған. Екіншіден, бұл – басты дерек, Бауыржан Момышұлы сол қалаға әскери қызметке жіберілмеген.
Осыдан екі-үш жыл бұрын мен Бауыржан атамыздың немересі әрі мұрагері Ержан Момышұлынан Баукеңнің үйде сақталып жатқан мұрасынан біраз құжаттарды алып, зерттедім. Әлгі құжат­тардың арасынан Бауыржан атамыздың өз қолымен жазған батасының нұсқасын таптым. Бата Баукеңнің комментарийлерімен әрленген. Онда былай делінген: «Бір үйде қонақта отырмыз. Түскен үйі­міздің өмірінде қонақ күтіп көрмегендігі, ағайын арасында ынтымақтары аздығы, шал-кемпірлерінің қадірі жоқ екендігі, келін-кепшік, бала-шағалары бейбастау ауыл екен жүріс-тұрыстары мен қарым-қатынастарынан көріне бастады… Шай – алдымызда, қой сойылып, ет асылып жатыр. Әдеп сақтап, зорға шыдап отырмыз…
Тамақ аяғында бір жігіт:
– Ляумин! – деп бата сурады.
Табақтас шал төмен қарап отырып қалды.
– Батаны батыр берсін, – деді ауылдың бір қуы. Шынымды айтсам, мен де не айтарымды білместен біраз сасқалақтадым.
– Ақсақал, жол сіздікі еді ғой, – деппін бата білмес жазған шалға…
– Жоқ! Батаны батыр берсін, – деді тағы да жаңағы қу жігіт.
Абырой болып, Керей сыбан Шардамбайдың батасының негізгі арнасы есіме сап етіп түсе қалғаны бар ма. Қолымды жайып, оны біраз өзгертіп мен батамды бастадым:
– Иляя Құдая! – дедім. Отырғандар да қолдарын жайды.
– Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет.
Дозақтың отынан сақта.
(Кемпір-шалдар мүлгиді – Баукеңнің комментарийі).
Қаңғыған оқтан сақта.
Парақор соттан сақта.
(Қатарымдаға халық сотына қарап, отырғандар ду күлді – Баукеңнің комментарийі).
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта.
Көрінбей жатқан аудан сақта,
Жөнсіз даудан сақта.
Қара жүрек батырдан сақта,
Көк долы қатыннан сақта.
Мезгілсіз келген ажалдан сақта (бұл жол сызылып тасталған – менің комментарийім).
Елімізді (сызылып тасталған – менің комментарийім) колхозды жеген бастықтан сақта!
(Отырғандар ду күлді – Баукеңнің комментарийі).
Есеңгіреген мастықтан сақта
(Отырғандар ду күлді – Баукеңнің комментарийі).
Мылжың келген қарттан сақта.
(Отырғандар ду күлісті – Баукеңнің комментарийі).
Кеудесін керген келіннен сақта,
Мезгілсіз келген өлімнен сақта.
Татымсыз тұзыңнан сақта,
Ұятсыз қызыңнан сақта.
Қайырымсыз жекжаттан сақта.
Жалқау бала, тек жаттан сақта,
Түнере атқан таңнан сақта.
Жаңбырсыз шаңнан сақта.
Жастарында әдеп жоқ,
Өлгенінде бәтуа жоқ
Құры айқай, шат-шалекей
даңыңнан сақта.
Я, Алла Тағалам!
Өмір берсең жайлы ғып бергін.
Дәулет берсең дақты ғып бергін.
Әйел берсең, әдепті, жанға тыныс,–
Төсекке жайлы ғып бергін,
Ұл берсең, ұлықты ғып бергін.
Қыз берсең қылықты ғып бергін.
Келін берсең, келісті ғып бер,
Ағаш берсең, жемісті ғып бер.
Ат берсең, желісті ғып бер,
Тұлпар берсең, шабысты ғып бер.
Өлімізге жұмақ бер.
Тірімізге еңбек бер.
Жомарт болсаң, осы айтқандарым­ның барлығын
Үйіп-төгіп бір-ақ бер!
Аллаһу ақбар! – деп батамды аяқтадым».

12/IX-62 ж.
Б.Момышұлы деп қолы қойылған.

Бекет МОМЫНҚҰЛ,
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу
орталығының штаттан
тыс қызметкері

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір