ҚУЫРШАҚТАР ӘЛЕМІНЕН КІТАПҚА ДЕЙІН…
12.08.2016
2140
0

unnamedСапарғали Бегалиннің «Бала Шоқанында» сары балшықтан ойыншық жасап отыратын Мысық атты бала көпшіліктің есінде болар. Бейімбеттің «Талақ» әңгімесінде де кішкентай Күләмза қуыршағына жаулық жауып ойнайтын еді ғой. Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының директоры Бақтияр СПАНОВ бүгінгі баланың қуыршақпен ойнап қана қоймай, қуыршақтар әлемі арқылы әдебиет пен мәдениетті, өнерді түсінуге мүмкіндігі мол екенін айтады…

– Әңгімемізді Оңтүстік Қа­зақ­стан облыстық Қуыршақ теат­ры­ның тарихынан бастасақ…

– Театр 1983 жылы қазақтың бір­­туар ұлы, мемлекет және қоғам қай­раткері Асанбай Асқаров­тың ­бас­тамасымен ашылған. «Шым­кент­­те халықтың саны жарты миллионға жуық, алайда, бала­ларға ар­налған Қуыршақ театры әлі жоқ», – деп, сол кездегі Респуб­ли­ка­лық Ми­­нистрлер кеңесіне хат жазып жүріп, осы театрдың ашылуына ық­­пал жасаған екен. Асанбай Ас­қа­ров үлкен мемлекет қай­раткері ға­­на емес, балалар тәр­биесіне көп алаң­даған тұлға ретінде де ел есін­де деп ойлаймын. Асанбай Ас­қа­р­ұлы­­ның бастамасымен сол жыл­дар­дың өзінде Шымкентте Балалар те­міржолы, Дендропарк, Зообақ жә­не біздің Қуыршақ театры ашы­лып­­ты. Баланың балалық ша­ғы жақ­­сы өтсін деген мақсатпен Шым­­­кентте сол кезде жұмысын бас­­­та­ған, балаларға арналған түрлі мә­дени-демалыс орындарында әлі де балалар үзілген емес. Асанбай Ас­қарұлының тағы бір көрегендігі осы Қуыршақ театрын ашқан соң, мін­­детті түрде кішкене неме­ре­ле­рі­­мен театрға келуді дәстүрге ай­нал­­дырыпты. Ол кісі келген соң, күл­­лі бюро мүшелері де өз балаларын ертіп, Қуыршақ театрына жиі ке­леді екен…

– Қуыршақ театры қазіргі күні ба­­­лаларды қандай қойылымдармен қуан­­­тып жүр? Жаңа шығармалар қою­­­да, таңдауда қандай да болсын ке­­дергілер бар ма?

– Қуыршақ театрының негізгі ма­қ­саты – қуыршақтар әлемі ар­­қылы балаларды өнерге, театр­ға, әде­биетке, пара­сат­­ты­лық­­қа баулу. Бү­гінгі ба­­ла­лар теледидар мен ин­тер­­нетке көбірек қызы­ғады. Ал біз балаларды өнер әлеміне, кітап дү­ниесіне жетелеп апар­ғымыз келеді. Өзіңіз де мойындайтын шы­ғар­сыз, кино көрген мен­ кітап оқы­ғанның арасы жер мен көктей. Адам зерек болуы үшін дүниетанымы кең болуы керек. Дү­ниетанымы кең бала ер­­тегі, әңгімені әсерлі ай­­та білуі ке­рек. Ал әң­гімені әсер­леп айта білу үшін кітапты көп оқуың керек. Ба­ланың қолына кітапты ұстата салып, «кітап оқы» дегеннен еш­теңе өн­бейді. Баланы өнер мен әде­биет әле­міне театр арқылы жетелеп әкел­сең, ұтарымыз да көп.

Оңтүстіктің мәдениетке деген көз­қарасы жақсы. Бұл өңір елі­міздегі кәсіби сегіз бір­дей театры жұмыс істейтін бір-ақ облыс. Асқар Мырзах­ме­тов басшылық еткен кезінде бір­не­ше ірі мәдени ғима­раттар са­лын­ды. 1983 жылы Асанбай Асқаров өкі­­метке хат жазып ашып бе­ріп кет­­­­кен ескі ғимаратта отыр­ғаны­мыз­ ғана көңілге қаяу түсіреді. Бұл ғи­марат 1937 жылға дейін шір­кеу бол­­ған. Кейін Шанин атындағы об­лыстық театр, Жастар театрынан бө­лініп шыққан Сатира театры осы ғимаратта өнер көр­сет­кен. Жү­сіп Ақшораевтың: «Біз бә­ріміз шір­­кеуден шыққанбыз» деп, әзіл­деп ай­­татын сөзі бар еді, сол ескі шір­кеу­де әлі отырмыз. Жеке Қуыр­шақ теат­рын салып берсе деген ті­ле­гі­міз бар. Қазір театр 96 орын­дық. Біз­­­ге ары кетсе екі жүз орын­дық театр жетер еді. Сыртынан көз тар­та­тын, балалар елік­тей­тін ертегі кейіпкерлерінің сурет­терін әдемі қылып жарқыратып салып қойған көрікті ғимаратымыз болса дейміз. Қа­зіргі ғимарат мемлекеттің қа­рауындағы жәдігер болғандықтан, мұның сыртын жөндей алмаймыз. Қабырғасы да қайта-қайта жарылып кетеді. Шатырынан су ағады. Кө­ненің көзі болғандықтан, ғи­ма­рат­қа өзіміз күрделі жөндеу жүргізу заңға том­пақ келгендіктен, Төтен­ше жағдай­лар комитетіне де, Қаз­рес­тав­ра­ция­ға да хат жаздық. Жа­қын арада жақсы жаңалық болып қалар деген үмітіміз бар.

Алайда, мемлекет қарауындағы та­рихи жәдiгерге күрделi жөндеу жүргiзгеннен жаңа ғимарат салған ар­­занға түседi дейдi мамандар. Оған қоса, қуыршақтармен безен­дірілген, балалардың күлкісіне тол­ған көркем  ғимарат Шымкент­тің шырайын одан әрі асырар еді ғой дейміз.

Облыстың қазіргі басшысы Бейбiт Атамқұлов та мәдениетіміз­дің жанашыры екенін ісімен дәлел­деп келеді, әкім болып келісімен бірден театрға ат басын бұрып, Ж.Шанин атындағы облыстық ака­демиялық қазақ драма театры­ның қойылымын тамашалады, осы театр ұжымына автобус сыйға берді. Шымкент қаласының әкiмi Ғаби­долла Әбдiрахымов та қаланың 2020 жылғы тұжырымдамасын бе­кiтiп, қаржы бөлдiртiп үлгерді. Ен­­дігі жа­қын болашақта бізді де жаңа ғи­ма­рат­пен сүйіншілесе деп отыр­мыз.

Иә, бұл көне ғимаратта талай қойылымдар қойылды. 1983 жылы ашылған театрдың 1984 жылы репертуарында бір спектакль ғана болса, 1986 жылы 164 қойылымды сах­­налапты. Осы күні маусым сайын  репертуарымызды жаңа шы­ғар­малармен толық­тырып отырамыз.

Осы күні бір жексенбі орысша, келесі жексенбі қазақша қойылым қоя­мыз. Орысша қойылым қояр кез­­де міндетті түрде аншлаг болады. Апалары, аналары, әкелері ба­­ла­ларын жетелеп әкеледі. Қойы­лым барысында балаларына шы­ғар­­маны түсіндіріп отырады. Қо­йы­­­лым  біткен соң,  жанымыз­дағы сая­­баққа апарып, балмұздағын әпе­­ріп, әткеншегіне отырғызып, ба­­лаға демалыс жасап береді. Қа­зақ­тың да балалары театрға бүгін­гіден көбірек кел­се, олар да мәдени-рухани де­ма­лыстан кенде қалмаса деп ар­ман­даймын.

Біздің театрда екі труппа: Қазақ және орыс труппасы. Алайда, штат са­ны өте аз. ҚР Мәдениет ми­нис­тр­лi­гi бекiткен штаттық кес­те бо­йынша әр труппада 20 әртiстен кем бол­­мауы тиiс делiнген. Ал бізде екі труппаны қосқанда бас-аяғы 17-ақ қызметкеріміз бар. Кез келген театр музыка бөлiмiнiң мең­­геру­шi­сi, режиссердiң көмек­шiсi, труппа мең­­герушiсi, гример, техника қауiп­­сiздiгi жөнiндегi инженер, бу­­тафорлар, ағаш ұстасы мен дә­не­кер­леушi секiлдi мамандарсыз жұ­мыс істеуі қиынға соғады. Бізде, әсi­ресе, қуыршақ жүргiзушi әртiс­тер тапшы. Ал бізде ондай қыз­меткерлер жоқ, себебі штат саны аз. Осы мә­се­­лені көтеріп, жоғары жаққа арнайы  хат  та  жаздық. Министр­лік­тен келген жауапта мұны облыстық бюд­жет шешетінін айтыпты. Жа­қын болашақта облыс басшылары мұндай мәселені ше­шіп берер деген үмітіміз басым.

Бауыржан Момышұлы ата­мыз­дың бір сөзі бар: «Дүниеде бала-ша­ғаның у-шуынан асқан әуен жоқ», – дейді. Жексенбі күні біздің театр бала-шағаның у-шуына толады. Мұндай жақсы әуен тұнып тұрған театр жағдайының жақ­саруы үшін әркім қолда бар көмегін аямайды дегенге сенгіміз келеді.

11885212_944615122264744_981315802912353059_n– Қуыршақтарға қайда тапсырыс бересіздер?

– Өзіміздің тігін цехымыз бар. Театр ашылған жылы бас суретші бо­лып Дәуренбаева Майра Асан­қы­зы жұмыс істеген. Ол кісі жаса­ған қуыршақтар шынымен ғажап. Күл­лі Қазақстан осы кісінің қуыр­шақтарына тәнті болады.

– Балаларға арнап шығарма жа­затын драматургтер көп пе?

– Қайдан?! Балалардың тілінде сөй­леп, балалардың ойын дөп басар драматург өте аз. С.Оспанов, Н.Оразалин, Д.Иса­беков, М.Байғұт, т.б. мықты ав­­­торларымыз бар. Осы кісілердің шығармалары көптеген фестивальдерде жүлдемен оралып жүр.

1993 жылы Н.Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз» атты спектаклі Түр­кияда өткен халықаралық фес­тивальде көрерменнің алғысына ие болып, олжамен оралды. 2002 жы­лы Алматы қаласында өткен Қа­зақстанның қуыршақ теат­рының І фестивалінде орыс труппасы Т.Өтебаевтың «Мир Пушкинских сказок» атты қойылымын, ал қа­зақ труппасы А.Қадыровтың «Мал­шылар патшасы» атты қойы­лы­мын көрсетіп, жүлделі орынды ие­ленді. 2004 жылы Ақтөбе қала­сын­да М.Байғұттың «Достық мек­тебі» шығармасымен жүлделі бірін­ші орынды иелендік. 2005 жылы Түр­кияның Измир қаласында С.Ос­пановтың «Мұңлық-Зарлығын» кө­рерменге ұсынып, қаржылай сыйақымен елге мерейіміз өсіп орал­дық. Дулат ағамыздың «Киелі ал­ма» қойылымымен халықаралық фес­тивальдің жүлдегері болдық.

Түркия, Болгария, Ресей, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан елдерiнде гаст­­рольдiк сапармен болдық.

Театрымыз еліміздегі тарихи атау­лы күндерді де балалармен бір­ге атап өтіп келеді. Мәселен, Қа­зақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына орай 25 қайырымдылық  ша­расын өткізуді жоспарға енгіз­дік.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір