ҰЛТТЫҚ РУХ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ
12.08.2016
2228
0

babalar-sozi-11Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында мәдени, тарихи және әдеби тұрғыдан көптеген маңызды жаңалықтар ашылып, ұлтымыздың рухани қорына ондаған бағалы еңбектер мен құнды жәдігерлер қосылды. Бұл тарихи жетістіктерімізді халықаралық деңгейдегі (ЮНЕСКО) мәдени орталықтар мен ғылыми мекемелер және жоғары оқу орындарының мамандары мойындап, бір ауыздан теңдессіз құбылыс ретінде бағалады.

Аталған бағдарламаның басты ба­ғыттарының бірінен саналатын «Бабалар сөзі» – қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының жарық көруі осының бір дәлелі. Ерекше назар аударатын жайт, аталған серияға енген фольклорлық шығармалардың басым көпшілігі бұрын-соңды жарық көрмеген. Мысал үшін, діни дастандар бұған дейін тыйым салынған тақырып ретінде мүлде жарияланбаса, кеңестік заманда хикаялық дастандар мен ба­тыр­лық жырлардың санаулы нұсқа­лары бар-жоғы сегіз томға жинақталып жа­рияланғанын білеміз. Ал жария­ланған айтыстардың авторы нақты ақындар болғандықтан бүгінгі ғылым тұр­ғысынан алып қарағанда, фольк­лор­ға жатпасы айдан анық. Халық ауыз әдебиеті бойынша қаһармандық эпостар, мақал-мәтелдер, тарихи жырлар, аңыздар, мифтік әңгімелер, тұр­мыс-салт өлеңдері, ән-өлең, қара өлең, көне эпос, ататек шежірелері, қис­са­лар, ғашықтық жырлар, т.б. фольклор жанрларының бай мұрасы түгел­ден­бей, жинақталып, жарық көрместен елі­міз бен шетелдік мұрағат, кітапхана қорларында шашыраңқы күйде шаң ба­сып жатқан болатын. Міне, «Бабалар сөзі» 100 томдық топтамасының толықтай жарық көруі осы олқы­лық­тың орнын толтырып қана қоймай, ойлы оқырмандарды түрлі жанрдағы туындылардың ондаған халықтық нұсқаларымен таныстырды.

Алаш қаламгері Жүсіпбек Аймауы­тов «Еңбекші қазақ» газетінде 1927 жылғы маусым айында жарияланған «Әдебиет  мұралары» атты мақала­сын­да халық ауыз әдебиетін жинап, бастыру мәселесін көтерген болатын. «Төң­керіс­тен кейін баспа жүзіне шыққан азды-көпті әдебиеттеріміз бар болса да, бірақ ауыз әдебиетінің жүзден бірі баспаға түсірілген жоқ. Ауыз әдебие­тіміз қаймағы туырылған күйінде ел аузында жүр. Бірақ бұл кү­йінде ел аузында ұзақ сақталып, көп жасай ал­майды. Жүнін жұл­ды­ра­ды, қанатын ал­дырады, мертігеді. Мұ­ның түбі ба­ра-бара жоғалу болады.

Олай болса, тозып бара жатқан мә­дениет мұраларымен қатар, тозып бара жатқан әдебиет мұраларымызды да ауызға алатын, ауызға емес-ау, қол­ға алынатын уақыт жетті. Мәдениет мұрасы тарихымызға бір олжа салса, әде­биет мұрасы он олжа салады», – дей­тін қаламгер сөзі қандай көре­ген­дікпен айтылған десеңізші! Сондай-ақ, оның «Бізге қазір «Қаракөз», «Ар­қа­лық батыр», «Еңлік-Кебек», «Батыр Баяндарды» беріп отырған – ел аузындағы ескі әдеби материалдар. Білім ордасы ескі әдебиетті жиғызып ап, қорытып, мәдениет дүниесіне жайса, аты бәйгеден келеді деп сене­міз», – деген ой-пікірлері де бүгінгі күнге арнап айтылғандай. Шынын айтқанда, Кеңес үкіметінің кезіндегі Қазақстан бұдан кейінгі жылдары да халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін сах­на­ға шығарып, жаңадан туа бастаған қа­зақ мәдениетіне ескі заман мұ­ра­ларын қараңғыда шырақ, тар жолда тая­ныш етті. 1926 жылы Қызылордада алғаш құрылған Қазақ драма театры сахнасының шымыл­дығы «Айман-Шолпан» спектаклімен ашылса, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің декадасы «Қыз Жібек» операсымен, «Қобыланды батыр» дра­масы­мен керемет табысқа кенелді. Ра­­сында да, осының бәрі қазақ мәде­ние­тінің жаңа дәуірдегі тарихында халық ауыз әдебиетінің орасан орын алатындығының айқын айғағы.

Ал Алаш қайраткерлерінің орындалмай қалған асыл арманын толықтай жү­зеге асыру тек Қазақстан тәуел­сіз­дік алғаннан кейін ғана мүмкін бол­ғаны баршамызға белгілі.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институты Қолжазба бөлімінің қыз­меткерлері соңғы онжылдықта (2003-2013) Қазақстан Президенті бас­та­масымен жүзеге асырылған «Мә­дени мұра» бағдарламасы аясында 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясының ғы­лыми басылымын дайындаумен ай­налысты.

Бүгіндері аталған фольклор топ­тама­лары Астанадағы «Фолиант» бас­па­сынан жарық көріп, қалың оқыр­ман­ға жол тартты. Қазақ фо­льк­лорының көпшілігі бұрын жарияланбаған, Кеңес кезінде тыйым салынған үздік үлгі­­лері арада ғасыр салып, туған жұр­тымен қайта қауышты. Мәселен, көп­томдықтың алғашқы 22 томына қа­зақ дастандарының көптен жарық көр­меген таңдаулы нұсқалары енген. Бұл дастандардың негізгі сюжеттері Шы­ғысқа кең таралған «Мың бір түн», «Тоты-наме», «Шаһ-наме», «Төрт дәруіш», т.б. ежелгі фольклорлық шы­ғар­малардан алынған көрінеді. Көп­томдықта ғашықтық, хикаялық дас­тандармен қатар, бұрын-соңды жарық көрмеген діни дастандардың 7 томы қазақ оқырманымен алғаш рет жүз­десіп отыр. Бір ғажабы, олардың ел арасына таралу жолдары да сан алуан. Кейбір дастан сюжеттері керуенші – саудагерлердің айтуымен ауызша таралып, ертегі үлгісінде көрінсе, енді біреулері Қазан, Ташкент қалала­рында жарық көрген шағатай, түркі, ескі татар, қазақ тілдеріндегі кітап­тардан тәржімелеу арқылы халыққа таныл­ғанын көреміз. Сондай-ақ, көр­ші тә­жік, түркімен, өзбек, қара­қалпақ ха­лық­тарының бақшы, қошық, дас­­­тан­шылары мен қазақ жыршы-жы­рау­ларының бір-бірімен репертуар ал­масуы нәти­же­сінде пайда болған шы­ғыстық сю­жет­тер де баршылық.

Тағы бір айтарлық нәрсе, араб, пар­сы, үнді сюжеттерінің көпшілігі қа­ра­сөз түрінде болса, қазақ ақындары олар­­ды дастанға айналдырып, ұлты­мыз­дың жүрегіне жақын поэзия ті­лін­де сөйлеткен. Әрине, дастан­дар­дың ара­сында жергілікті сюжеттерге құрыл­ған шығармалар да жетерлік. Бұл қатарда «Мұңлық-Зарлық», «Қы­­рық қыз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Ақбөпе-Сауыт­бек», «Мақпал қыз», т.б. ғашықтық дас­­тандарды атаған жөн.

«Бабалар сөзінің» 23-32 томдар ара­лығындағы 10 том түгелдей Қытайдағы қазақ фольклорына арналған. Әділін айту керек, көршілес елдегі қандас­тарымыздың фольклоры мен ауыз әдебиеті аса бай және біршама ұқыпты жи­нақталған. Қытайдағы қазақ фо­льк­лорының бұл басылымдары ұлт­тық фольклорымыздың эпос, дастан, хикая, шежіре, тарихи жыр сынды бірне­ше көлемді жанрларын қамтуы­мен құнды. Әсіресе, Шығыс Түр­кіс­тан­дағы отаршылдыққа бейім­делген қатыгез Гоминдаң әкімшілігінің зорлығына қарсы көтерілісті бейне­лейтін тарихи жырлардың оқиғалары шымыр да шытырман.

«Бабалар сөзі» сериясының 40 то­мы қазақ эпосына арналған. Бұлардың ара­сында батырлар жыры, қаһарман­дық эпос және тарихи жырлар да ұшы­райды.Мысалы, Кеңес кезеңіндегі ұзақ жылдар ішінде бар-жоғы 16 том ға­на фольклор мұрасы жарық көргенін ес­керсек, «Бабалар сөзі» сериясының 100 томдық межесі – қазақ фольк­лорының үлкен биігі екені даусыз. Көптомдық басылымында «Алпамыс» батыр жырының оннан аса нұсқалары екі томға жинақталып берілген. Мұнда оқырмандар «Алпамыстың» Ә.Диваевтан өзге Әбдірайым, Сүйіншәлі, Нұр­пейіс, Келімбет, Айса, т.б. талантты жыршылар орындауынан жазып алын­ған тың нұсқаларымен танысуға мүм­кіндік алды.

Қазақ батырлар жырының ең көр­нек­тісі – «Қобыланды батыр» эпосы. Міне, осы ғажайып жырдың 4 томға жи­нақталып, баспа бетін көруі де қа­зақ мәдениетінің зор жетістігі. Бұл да қазақ фольклортанушылары мен тарих­шы ғалымдарға да таптырмас мол материал дер едім.

Жүз томдық топтамадан «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ер Сайын», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше мен Ер Қосай», т.б. көптеген батырлар жыры ойып орын алған. Едіге батыр жайындағы эпос жеке том болса, «Қарасай-Қази» жыры төрт том­­ға жүйеленіп басылыпты. Туысқан түр­кімен халқының фольклорынан бастау алатын «Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек», «Көрұғлы батыр» жыр­ларының оқиғалары да ерекше суреттілігімен сүйсіндіреді.

Ежелгі сюжеттерді құрайтын ар­хаи­­калық эпостың («Дотан батыр», «Алаң­қай», «Құламерген, Жоямерген», т.б.) бір томы мен «Қырымның қырық ба­тыры» циклының екі том­дығы да осы серияға кіреді. 100 томдық құра­мында қазақ даласын табындыр­ған «Қыз Жібек» эпосы мен байырғы түркі эпосы саналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының екі томдығы оқырман­мен жүздесті. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ала­сапыран оқиға­ларын қамтитын Абы­лай хан, Бөген­бай, Қабанбай, Жан­тай, Баян, Олжа­бай, Мырқы, Жә­ні­бек, Барақ, Райымбек, Өтеген, Сырым, Жанқожа, Ағыбай, т.б. қазақ ба­­тырлары жайын­дағы тарихи жырлар том-том болып жинақ­талып, баспа бетін көрді.

100 томдық «Бабалар сөзі» Тәуелсіз­дік кезеңінде қол жеткізген ең биік рухани асуымыз десек, қателесе қой­мас­пыз. Бұл мәдениетіміздің ғана емес, барша қазақ жұртының рухын ас­қақтатқан елеулі құбылыс екенін ел мойындады, елдің азаматтары да аң­ғарды. Әлбетте, бұл бағытта Елбасы бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының маңызы аса зор болғандығын да атап өтуге тиіспіз. «Бабалар сөзі» 100 томдық қазақ фо­льк­лорының топтамасы – сол бағдар­ла­маның маңызды бөлігі. Оны Елбасы қолдады және жоба барысында әркез жа­нашырлық танытып отырды. Тәуел­сіздікті жақында ғана алған Қазақ елі­нің экономикалық қуаты әлі де ке­мелдене қоймаған кезде ұлт көсемі осы­лай көрегендікпен тәуекелге бар­ған болатын.

Фольклор – әрбір халықтың ұлт­тық рухының таусылмас қайнары. Оны халық тарихы мен тұрмыс-тір­ші­лі­гінің энциклопедиясы деп атауға да бо­лады. Фольклорсыз халық жоқтың қа­сы десек, ол – әр халықтың өмір сал­ты мен мәдениетінің көрінісі.

Халық мұрасы үздіксіз жиналып, жи­налғандары жүйеленіп, талай та­ма­ша зерттеулер жарық көрді. Осы­лар­дың барлығы бүгінгі жүз томдыққа жа­салған алғышарттар еді. Қоғам ал­ды­на Елбасы жаңа міндеттер қойған кез­­де М.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтының ғалым-ма­ман­дары сол биік талап үдесінен шығу­ға дайын болды.

Институт ғалымдарын 10 жылға со­зылған қыруар зерттеу мен жариялау жұмыстары күтіп тұрды. Бұрынғы академиялық зерттеу институт­та­ры­ның ғылыми әлеуеті әлсіреген, қыз­мет­керлер дағдарыстан енді еңсе тү­зей бастаған өліара мезгіл болатын. «Қа­лай дегенде де, академик Сейіт Қас­қабасов бастаған қазақ фоль-
к­лоршы­лары ел үмітін ақтауға үлкен жауапкершілікпен тәуекел етіп, оны абы­роймен атқарып шықты деуге бо­ла­ды. Шындығында, Елбасы тәуекел еткен үлкен істі атқарудың тауқыметі де аз емес болатын. Ең алдымен, мұн­дай бір халықтың ғана фольклорын 100 том етіп басып шығару әлемдік тә­жі­рибеде әлі жоқ еді. Демек, бұл – бұ­рын шықпаған шыңға қол созу деген сөз. Оның нәтижесіне күмән кел­тіру­шілер де аз болған жоқ. Тіпті, жүз том­ға жүк болатын халық әдебиетінің үл­гілері бар ма деген де дүдәмал сұрақ­тар болды.

Екіншіден, бұл жинақ көпшілікке арналған қатардағы басылым емес еді. Академик С.Қасқабасов шығарушылар алқасының алдына бұл басылымды ака­демиялық пішімдегі ғылыми жи­нақ етіп шығару міндетін қойды. Бұл де­ге­ніңіз, ғалым-мамандардың білім-бі­лігі мен тынымсыз ізденісін, зерттеу жұ­мыстарын қажет ететін аса ауқым­ды шаруа еді.

Үшіншіден, қазақ фольклорының қол­жазба қорымен жұмыс істеудің қо­сымша қиындықтары бар еді. Өйт­кені, біздің халқымыз өткен ғасырда үш рет әліпби өзгерткені белгілі. Сон­дықтан құрастырушылар қолжазба үл­гілерінің араб, латын, кириллица жазуындағы нұсқаларын оқып, са­лыстыруға мәжбүр болатын.

Төртіншіден, қазақ қолжазба­лары­ның көпшілігі Мәскеу, Петербург, Қа­зан, Ташкент сияқты қалаларда ша­шырап жатқан. Сондықтан арагідік экс­педициялық жұмыстарды да қатар жүр­гізу керек болды.

Бесіншіден, көптомдыққа Қытай, Моңғолия қазақтарының фольклорын да қосып шығару міндеті қойылды. Жы­рақта жатқан, көбі араб әліпбиінде жа­рияланған мұраның нұсқаларын са­лыстырып, ғылыми түсініктерін жа­зып, баспаға дайындау қыруар шаруа­ны қажет ететін.

Алтыншыдан, бұл уақытта Ұлттық Ғы­лым академиясының құрылымдық өз­геріске түсуіне байланысты М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының материалдық-техникалық жағ­дайы мен экономикалық ахуалы күрт төмендеп кеткен. Білікті ғалым­дар мен мамандар жоғары оқу орындары мен басқа да табысты салаларға жы­лыстаған. Сондықтан өз ісіне бе­ріл­ген, халық мұрасын қадірлейтін са­нау­лы мамандарға алапат салмақ түс­ті».

Міне, көптомдықтар топтамасын баспаға дайындау жұмыстарын осындай күрделі жағдайда бастаған институт ғалымдары қиындыққа мойымай, ең бастысы Елбасы тапсырмасын үл­кен жауапкершілікпен, аса ұқып­ты­лықпен және ғылыми тұрғыдағы адал­­дықпен орындап шыққанына күл­лі қазақ зиялылары куә. «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясы мерзімінен бір жыл бұрын аяқталып, Астана қа­ласындағы «Фолиант» баспасынан бір­дей қалыппен, көрнекті мұқабамен, бір демде басылып шығуы – соның жарқын дәлелі.

Шынында да, аталған Мемлекеттік бағ­дарлама аясында тындырылған іс же­терлік, табылған көне жәдігер де көп. Қазақстанның ғылым мен білім саласы болса, әлемдік ақыл-ой көшіне іле­сіп, үздіксіз ілгері басып келеді. Соң­ғы онжылдықтың өзінде Отандық білім беруді жетілдіру бағытында бір­қатар ғылыми-әдістемелік өзге­ріс­тер мен жаңа білім стандарттары қа­был­данды. Түрлі деңгейдегі ғылым са­­ла­сындағы қызметкерлер мен із­дену­шілерге, сондай-ақ, ЖОО-дарын бі­тіруші жас мамандарға ғылыми дә­реже беру тәртібі де еуропалық үлгіде қай­та құрылды. Демек, мәдени мұра­ларды меңгеру, игеру, жариялау қан­ша­лықты мәнді шара ретінде танылса, оның жаңалықтары мен нәтижелерін ғы­лыми оралымға, білім бағдар­ла­ма­ларына енгізу, көне мәдениет үлгілері мен қолжазбаларды ғылыми зерттеу жұмыстары да соншалықты маңызды шаруа болып есептеледі. Мәселен, фо­льклор, тіл, топонимика тақы­ры­бын­да «Бабалар сөзі» басылымдарына енген фольклор мәтіндеріне негіз­дел­ген диссертациялар қорғалып, арнайы ғы­лыми жобалар да қорғалып жат­қа­ны­нан хабардармыз. Ендігі жерде фи­ло­софия, тарих, мәдениеттану, этнография, география, лингвистика, т.б. ғылым салалары бойынша да ғылыми жұмыстар жазылып, терең ізденістер, іргелі зерттеулер жазылуы қажеттілігі туып отыр. Ең бастысы, осы айтыл­ған­ның бәрі сан ғасырлық тарих қой­науы­нан жеткен «Бабалар сөзінің» Елба­сы белгілеген ұлттық һәм стра­тегиялық ұстанымдарға – «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» идеяларына маз­мұн мен мағына үстей алатын, осынау кие­лі тақырыпқа үнемі нәр беріп, үздік­сіз қызмет ете беретіндігінің жар­қын белгісі дер едім.

Сондықтан дер кезінде Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асырылған Мем­лекеттік «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасы бойынша жарық көрген «Бабалар сөзі» 100 томдық әдеби-фольк­лор­лық сериясын баспаға әзірлеуге ерек­ше ең­бек сіңірген С.А.Қасқабасов, У.Қ.Қалижанов, Б.У.Әзібаева, Т.К.Әлі­беков, С.Қ.Қосанов сынды бір топ ға­лым­дардың ҚР Мемлекеттік сый­лы­ғына ұсынылуын толық құп­тауға бо­ла­ды деп есептеймін.

«Бабалар сөзі» – ұлттың рухани энциклопедиясы. Сондықтан да бұл хал­қымен мәңгі жасайтын мұра.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір