ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ
05.09.2022
547
0

Алаш ардақтысы, адал инсан – Ахмет Байтұрсынұлы түркі халықтарының тарихында тұтас бір дәуірдің келбетіне өзгеріс жасаған кемел тұлға еді. Ұлт ұстазының мерейтойы ұлттық және халықаралық деңгейде өтеді деп «ЮНЕСКО» тарапынан жарияланды. Ахаң – қазақ тілі мен әдебиетін зерттеу, жүйелеу, реформалау арқылы бауырлас халықтардың да әдеби жауһарларының зерделенуіне, түркі тілінің жаңа белеске көтерілуіне ықпал еткен ірі қайраткер. Ол – ескі араб жазуынан реформалап, түркі халықтарына ортақ «төте жазуды» дүниеге әкелген ғалым. Оның қолданысқа енгізген әліпбиін қытайдағы қазақ, ұйғыр, қырғыз ұлттары төл жазуы ретінде кең пайдала­нып келеді. Халықтың ұлттық болмысының сақталуының зор тірегі бола білген Ахаң адамдарды ұлт ретінде айқындайтын басты белгісі туған тілі екенін еңбектерімен дәлелдеді.

Қазіргі ұрпаққа жетіспейтін құндылақтардың бірі – ұлтжандылық, ашығы – ұлтшылдық. Өкінішке қарай, бізде ұлт болмысының өзегі әлсіз. Ғасырдан асқан отаршылдықтың саяси қыспағынан ұлттық идеология ауытқып, намыс тозып, жігер жасыды. Ұлт болмысын қалыптастырудың тағылымды бір жолы – Ахмет сынды дарабоздың даналығына, өнегесіне жүгіну дер едім. Ахаң «Қазақ» газетін 1913-1918 жылдары үздіксіз шығарып тұрды. Ахмет Байтұрсынұлы осы бес жыл ішінде ел тілегінің өзекті түйінін, жұрт қамының ең керектісін тауып сөйлеуге тырысқан. Сондықтан ол: «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», – деп зор дауыспен үн қатты. Газет беттерінде «Оқымайтын мұғалім», «Кітап оқуға құштар мектеп» деген жобасын жүргізіп отырды. Ол сондай-ақ әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиет үлгілерін жинап, зерттеуге де қомақты үлес қосты. Көркемдігі айрықша «Ерсайын» жыры (1923 ж.) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жақтау» жинағын (1926 ж.) кітап етіп шығарды.
А.Байтұрсынұлы қазақ тілі білімінің негізін қалап қана қоймай, түркітану саласын зерделеуде де зор еңбек етті. Жаңа жазу, жаңа әліппе құрастырып, тұңғыш рет емле түзіп, фонетика мен грамматиканы, синтаксис пен терминалогияны, әдістемені жүйеледі.
Оның аудармалардан тұратын «Қырық мысал» жинағы Санкт-Петербургте жарық көрген. Төлтуындылары топтастырылған «Маса» кітабы арқылы халық санасын селт еткізген қаламгер «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досы­ма хат», «Жиған-терген», «Тілек-батам», «Жауға түскен жан сөзі» секілді теңдессіз бай мұраны жинап-теріп халықтың ұлттық қорына қосты.
Аударманы да жанына серік еткен ұлт ұстазы И.А.Крыловтың мысалдарын, А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтың ажалы», т.б. еңбектерін ой-құрылымын сақтай отырып, қазақтың танымына келетіндей қалыпқа салған.
Өз ұлтының адал ұлы, ерен тұлғасы – Ахаң ұлт тізгіні ұлттың өзіне тимей тұрып, ұлттық даму жүзеге аспайтынына біржолата көз жеткізіп, елді түзеу, баланы оқыту, ұлт болу – қазақша оқуды жолға қоюдан басталатынына ерекше мән берген тұңғыш қазақ оқытушысына айналды. Ол – Ақтөбе, Қостанай уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы ұстаз, Қарқаралы училищесінде меңгеруші қызметте болған. Мемлекет қайраткері – А.Байтұрсынұлы Алаш орда құрамын бекіткен екінші жалпықазақ съезінде оқу-ағарту комиссиясының тұңғыш Төрағасы болып бекітілген.
А.Байтұрсынұлы – патша заманында да, кейінгі қенестік кезеңде де қандай азап шексе де, қандай қорлық көрсе де, халқына адал қызмет етуден айнымаған жан. Орны бөлек дара тұлға! Адамгершіліктің ақ терін ағызған жапакеш диқаны!
Қазақстан телеарнасынан Ахмет Байтұрсынұлының өмірінен түсірілген «Ұлт ұстазы» телехикаясын көріп, өзге көрермендер қатарында мен де қатты тебірендім. Риясыз риза көңілмен айтамын, фильм режиссеры Мұрат Есжан мен сценарий авторы Ұларбек Нұрғалымұлының еңбегі зор екен. Сценарийде тарихи ақиқат бар. А.Байтұрсынұлы өмір сүрген қоғамды өте терең зерттеген. Архив деректері мен естеліктер көркем дүниеге айналған. Астарлы дүние, ойлы туынды, мінезді, сүйекті шығарма – нағыз өнер дер едім. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қоғам қайраткері, өнер қайраткері Байғали Есенәлі «Ахмет – Ұлт ұстазы» сериялында басты кейіпкерді жоғары деңгейде сомдап, өнер туындысына айналдырып, өнерсүйер қауымның алғысына бөленгені ақиқат! Режиссер Ахаңды ойнайтын актерды дұрыс таңдаған деп есептеймін. Байғали Есенәлі фильмдегі бас кейіпкерді ойнауға әу бастан іштей дайындалған сияқты көрінді. Мен ұлт жазушысы ретінде, көрермен ретінде ұлы тұлғаның бітім-болмысын таныдым. Байғали сериалдағы образ арқылы нағыз Ахметке айналып, кейіпкерімен бірігіп кеткендей әсер берді. Кино – қоғамдағы ең өткір қару, мемлекеттік идеологияны насихаттаудың ұтымды тәсілі. Осы тұрғыдан айтсақ, бұл фильм Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына сүбелі сыйлық болды дер едім.

Ахметжан АШИРИ
жазушы-драматург,

«Құрмет» орденінің иегері. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір