ӨРІСІ КЕҢ ӨСКЕН АҚЫН
«Ордабасы» баспасынан жақында жарық көрген «Көңіл кілті» атты таңдамалысы көз тартарлықтай сәнді де мәнді екен. Сөз ләмін кітаптың полиграфиялық мәдениетінен бастасам оның да өз себебі бар. Кітап редакторы һәм аталмыш баспаның иесі нарзан суындай мәшһүр ақынымыз Нармахан Бегалыұлы нағыз кітаптың мәдениетті үлгісі қандай боларын тағы бір танытыпты. Жасыратыны жоқ, мұндай үлгілі кітапты баяғыда Мәскеу мен Ленинградтан шыққан, онда да Александр Блок пен Анна Ахматова сынды аузымен құс тістеген дүлдүлдің таңдамалысынан көруші ек. «Шүкір» дедік, «бізге де кезек жетіпті-ау» дедік іштей сүйсінгесін. Көк кітаптың мұқабасы алтын қаріппен зерленіпті, сол зермен қазақы ою-өрнекке қос көгершін қоныпты. Бүгінде баспа да, баспахана да жетерлік. Алайда, «Ордабасы» баспасындай сауаттысын, авторына ілтипаттысын кезіктіре бермейміз.
Сәрсен-Бек САХАБАТ,
ақын, түркітанушы
Сыртын, сәнін, сұлулығын сұқтана тамашалап болсақ, ішіне, мән-мазмұнына ойысалық. Ақын қайда тұрмағы ләзім. Ауылда ма, қалада ма? Бұған Мұхтар Әуезовшілеп: «Ақын қайда тұрып жатса, төр де сонда» дей салуға деміміз жетпей даурыға береміз. Ауылсыз күні жоқ елдің баласына не болған. Теріскейдегі көршіміз де тайлы-таяғымен «деревенская проза» деп ат қойып, айдар тағып шуласты, ағым қалыптастырды. Осылайша тым саяси, тым әлеуметшіл соцреализмнің бетін кәдуілгі шындыққа бұрды емес пе. Айтыса-тартыса жүріп. Ақырында, осы күндері, көше әдебиетіне, мифке, Батысқа жем болып кетті бәрі де.
Өскеннің өне бойы Далаға махаббат. Ендеше, осыған ойысалық:
Далаңның шығып алып қақ төсіне,
Арынды арғымақпен шап көсіле.
***
Жаныңды емдеп баба кітабымен,
Тәніңді емдеп дала жұпарымен
Жүрегіңді емдейін еркіндікпен,
Қайыстай үзілетін жұқарып ең.
***
Қымыз исі бұрқырап өн бойыңнан,
Аунап-қунап қайтсаңшы боз далаңда.
(4-6 беттер).
Дала ойлы образ. Мына бір қарапайым шумаққа зер салыңыз:
Будақтап тіп-тік шығады,
Шаруа үйінің түтіні.
Жарқырап жанып шырағы,
Көңірсіп ошақ күтулі.
(9-бет).
Әлбетте, үйреншікті, тіпті таптаурын дерлік. Алайда, ақынжүрек бұлқынысы. Образбен сөйлеу шеберлігі. Өскеннің Далаға далбақтаған «өзімшіл» мінезі. Қарапайым штрихпен, сөзбен салынған сурет. Қарапайым – елге түсінікті болу, етене тілде сөйлесу. Ақындардан талап етілетін шеберліктің басты шарты. Символға жүгінудің зәрулігі жоқ. Даладан шаршап-шалдығып жеткенде сені күткен отбасы, ошақ басынан артық қай жұмақты қалар едіңіз? Адамның жан дүниесіне бойлау дегеніміз осы. Қарапайым пәлсапаңыз да.
Дір етпес менің жүрегім,
Ажалға адам тік қарар.
Ешкімнің жоғын білемін,
Құдайдан басқа құтқарар.
(10-бет).
Азаматтық сарынынан жазбайтын Өскен ақынның ойы қандай. Көз тоқтатарлық «Көкжиек» өлеңіне ықылас қоялық:
Көкжиекте көлбеңдеген көк сағым,
Таусылмайды келе жатқан соқпағым.
Көзім жеткен жермен ғана шектелмей,
Келмес менің аялдағым, тоқтағым.
Өмір танытқыш өлеңнің құдіреті – ортаға салар ойы осындай. Бір ақынның өлеңі тыңдағанға жақсы, екіншісі асықпай көкірек көзімен оқығанға жақсы. Өскен осының соңғысына жатса керек. Өзіме көбірек ұнайтыны да осылар.
Әрілейік:
Осалдыққа ойсырайды от жаным.
Жәй қаріп қуалаған қыздырмаға ұқсамайтын шеберлік. Ойыңды жеткере алмасаң жаның ойсырамағанда, енді қайтпек. Ойланбайтынға мұны айтып, сөз шығындап қайтеміз.
Бірге жүріп ғайып болған достарды,
Алыс жолға сапар шексем жоқтадым.
Көкжиегім қалмаса екен тар болып
Алыста алар асуларым бар болып
Жетейінші желіп қара нар болып.
Өмір сүрмекке құлшыныс, құнт-құштарлық дегеніміз осы. Қарапайым, ет-сүйектен жаралған пенде тілегі. Қарабайырлықтан басы жоғары ақын тілегі. Түйі-ніне тоқтала кетейік:
Іләйім де көкжиегім кең болсын,
Жайлауыма жаныма ерген ел қонсын
Кемсітпесін көкжиегі кең қоңсым,
Дәрежем де, терезем де тең болсын!
Тамаша түйін. Әсері қарапайымдылығында. Өмірдің өзіндей. Талай өткелектен өткен, сүрінбеген, жақсылықтан күдерін үзбеген. Тәуір пенденің айтары. Жайлауға жалғыз қонсам демейді. «Жаныма ерген ел қонсын» дейді.
Өскен ақын «Жүрегім менің жалаңаш» сөз тіркесін ауызға алыпты. Оның авторлық тұғыры Дала мен жалаңаш жүрегі екен. Несі бар, иланымды-ақ! Дәстүрге адал. Айтулы қазақ Шәкен Аймановтың «Актер жаны жалаңаш» деген қанатты сөзін жас кезімде қатты ұнатып, жадыма сақтап қалғам. Соны жиі қайталап келемін.
«Киелі топырақ» екінші бөлімнің нәмі. Өзіне берік Өскен ғадетінше сөзін Далаға арнап бастаған. Таныс суреттер.
Қойшы ыстықтан қорықпай
жүрер сыртта-ақ,
Талтүсте де жүреді қойын құрттап.
Көлеңкеге үйренген бастықсымақ,
Киіз үйден шықпайды… шәйін ұрттап.
(50-бет).
Дала перзентінің көңіл күйі байсын. Мына бір дөп детальға ден қоялық:
Ай шомылар, Күн құлап,
Жүзіне мөлдір құмартып,
Көңілімде көмбе мың бұлақ,
Сауабын алар кім аршып?!
(51-бет).
Өскеннің олжасы – «көңілімде көмбе» сөз тіркесі.
«Өлең жазып қайтесің?» – дегеніңмен,
Ерінбей жыр жазумен келемін мен.
Дарыным бар ма, жоқ па,
Ертелі-кеш,
Ел таныр еншілеген өлеңімнен.
(69-бет).
Өскенді өрге сүйреген Өлең. Оны оқыған сайын азаматтық ажары ашық бір ақынның қолтаң-басына қаныға түсесіз. Осындай сәтті шумағының біріне кезек берелік:
Әр ұрпаққа тарихтан тиесі бар,
Әр биікке лайық ие шығар.
Ақ батасын алайық ақсақалдың,
Бізде өмірде қолдайтын киесі бар!
Ақсақалдың ақ батасы. Қыр баласы қазекемнің ұлттық құжаты.
«Қорқыт баба әруағына» арнаған жүрекжарды жыры:
Қорқыт баба!
Қобызыңды сарнатшы!
Жанымды арбар саздарыңа сал, бақсы.
Бабасы едің бүкіл Түркі, Тұранның
Мың жылдарға төтеп беріп тұра алдың.
Қобыз болып Тәңірің тіл қатпас па…
Қорқыт ұстаған қобызға үйірміз дегенді қазақтан басқа кім айта алады. Қалған түркі тілін жұтып қойғандай жым-жырт.
«Көңіл күйі» таңдамалысының аннотациясында бұл атауға «кісілік мейірім» деген тамаша мінездемелік анықтама беріліпті. «Атына заты сай» деген иек нұсқамасындай. Қалтқысыз сендік. Кісілік мейірімнің кілтін тапқан, өлеңдегі өрісін жазбай таныған ақын Бөрғазының Өскеніне құрметіміз арта түсті.