Дауылдарға қарсы өскен қарағай
16.04.2025
137
0

Ке­йінтінде Тазшабала мазамды ала беретін болды. Екі-үш күн бұрын келіп, тағы да иектеді. Иектеді деймін-ау, ер-тоқымдап қойғандай иыққа мініп алатынын қайтерсің!
– Осы сен дауылдарға қасқайып қарсы өскен қарағайдай қақиған ұзынтұра Ғаббас Қабышұлы деген қалам орнына қолына қанжар ұстаған жазушыны білесің бе? – дейді шылтия шікірейіп.
– Сол қанжарлыңмен жанжалға қоса қатысатын ағайындармыз.
– Ендеше, ол туралы ақиқат­ты неге ақтармайсың? Әлде, оның көлеңкесіне найза шанышқысы келіп жүргендерден қорқасың ба?
– Қорықсаң, қора сасытасың. Ал ақиқат қолаңсаңды желпиді. Кезінде айызы қандырылған, енді сен дыбысқағарыңды бері бұр. Қалғанын қағып, сілке­йін.
– Нақтылық керек, ақ сөйле.
– Ғабағаң Кеңестік биліктің қылышынан қан сорғалап тұрған өткен ғасырдың жетпісінші жылдары арқандалған жылқыша маталған қазақ тілінің мүшкіл халі, өзекжарды мәселелері хақында республикалық басылымдарға жиырмадан астам мақала жариялады. Онда тілдің өрісін қайткенде кеңейтуге болатыны туралы айт­қан ұсыныстары үш әріптегілердің көздеріне «от­тай басылып», «сюрприз» ретінде артына шала байлатып алды. Сол «бықсығын» көсете жүріп, Алаш партиясының көсемі Мұстафа Шоқайды «ұлтшылдығынан» тазартуға тікелей себепкер болды.
Алматы қаласында сол жетпісінші жылдардан бергі уақыт­тарда бой көтерген құрылыстарда ұлт­тық нақыш жоғалып бара жатқаны туралы сүйкеген уыт­ты «шұбаржыландары» намысы барларды «шақса» керек, олар басқосу жиындарына шақырып, республикалық Архитектура одағы басқармасының төрағалық тізгінін ұсынды. Қабышұлы ағамыз тебінгіні тесеатар қалам жебесін архитектуралық суретшілікке ауыстыра алмайтынын жария жасады.
1973–1983 жылдары Қазақ­стан Жазушылар одағының әдеби қорын майлы ішекше айналдыра жүріп, талант­ты жас ақын-жазушыларға ақшалай материалдық көмек көрсетіп, таңдайларын жібіткенін «дәмін татқандар» әлі ұмыта қойған жоқ. Тағдырдың тәлкегінен жаны қиналған қаламгерлерге Одақ тарапынан тұрақты айлық ақы төлетіп, көзжастарына ты­йым жасауға да қолұшын берген Ғаббас Қабышұлы.
Қазақ­стандағы әлемді дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы орыс, қазақ тілдерінде жинақталған, Кеңестік қандықол идеология­ның бетін айғыздаған «Алматы. 1986. Желтоқсан» айғақ кітабын шығаруға тартынбай қол қойған да қарағайдай қақшиған Ғабағам. Республикалық «Ара», «Шмель» сатиралық журналдарын басқарған жылдары қазақ қоғамының өркендеуіне қарсы әрекет жасаған облыстық партия комитетінің басшыларын, министрлердің, шетелдерге ұрлап алтын сатқандардың тулағын қағып-сіліккен фельетондарды қаймықпай жариялағаны үшін Орталық Комитет­тің «Ұр, тоқпағым, ұр!»-ының» астында қалған осы сықақшы ағамыз екенін біреулер білсе, біреулердің білгісі келмейді.
– Сонда Ғабекеңнің «сілейтіп салар» шарт­ты, нақтылы, фактілі фельетондардан басқаға қаламы жүрмей ме?
– Жоқ-ей, оның үш жүзге тарта әріптестері, замандастары жайлы жазған прозалық реквием-естеліктерін жұртшылық бірінен-бірі сұрап алып оқып жүр. Өкшелес інілерінің бірі – Сағат Әшімбаев жөніндегі «Күлкіңді жүрмін сағынып» естелігі қоғам өміріндегі көкейтесті жайлардың отын көсей лаулатуымен құнды. Сәбит Мұқанов туралы «Менің Сәбитім», Әди Шәріпов әлемін жария еткен «Көргенім, көңілге түйгенім», атақты жазушы Әнуар Әлімжановтың қаламгерлік, қайраткерлік, адамгершілік жан дүниесін ақтарған оның туғанына 70, 80, 90 жыл толғанына қатысты кітаптарды жинақтап, құрастырып шығарып жүрген басқа емес, сатира сарбазы екені біз секілді ізбасарларына үлгі, өнеге.
Соңғы жылдары зайыбы Нұрсұлудан басқаның іздеуінсіз қалған, іштен шыққандары усойқы Оспанхан Әубәкіровтің шығармаларының 4 томын, жазушы Естай Мырзахметовтің 5 томын, қоғам қайраткері, публицист-саясаткер Михаил Есенәлиевтің 4 томын (Хакім Төлегенұлы) «тірілтіп», оқырмандарына табыстауы да Ғабағамның ар-ұждан биіктігін аңғартады.
– Ұзынтұраңыздың тұла бойы толған асыл мұра десеңізші, – деп құлағымның түбін «тоқылдатады» Тазша.
– 60-қа жуық кітаптың авторы Қабышұлы 1985 жылдан бері төл туындыларын зейнетақысымен, табыла қалса, демеушілерінің қаржысымен шығарып жүр. Соғыс ардагері, Кеңес Одағының батыры Ізғұт­ты Айтықов туралы кітабы әдебиетқұмар Ғани Шарманов, Дулат Әбіш деген азамат­тардың қалталарын қағумен жарық көрді. Енді өзінің «Бір мысқал күлкі» аталатын әзіл-сықақ әңгімелерінің төрт томын, әлемге әйгілі Әзиз Несиннің шығармаларынан тәржімалаған «Әзиз Әлемі» төрттомдық таңдамалысының қолжазбалары ашық қолды ақшалылардың «көзіне түсіп қалғылары келіп», құйысқанын көтеріп тұр.
– Сен де «дей береді.., дей береді…» екенсің, сатира командарымының өз «күлкісімен» аптамайсың ба!
– Құлағыңды түр де, бері бұр:
«…Түнде, ұйқының алдында әйелім бүйіріме түртіп:
– Әй, мен саған бірдеңе айтайын ба? – деді.
– Ертең айтарсың, – дедім. Ұйқы әкетіп бара жатқан.
– Жоқ, қазір айтамын, – деп басын көтерді. Сақыш басын көтерді дегенше, бұйрық жазылып, қол қойылды дей бер.
– Айта ғой…
– Айтсам… Мұсаханның былтырғы романы сыйлыққа ұсынылыпты.
– «Жасыл жайлауы» ма?! Оны кім ай­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­т­ты?
– Қатыны айт­ты.
– Мұсаханның ба?
– Иә… Оқып па едің? Сенің «Ұзақ сонарыңнан» артық па? – Сақыштың даусы құмығып, асқазанының астыңғы жағынан шыққандай болды, – сенің романың неге ұсынылмайды?
– Е-е, мен қайдан біле­йін?..»
– Мынау ақын-жазушылар арасында жылма-жыл жалғаса берер бақталастықтың ішін қанжармен қақырата ақтарған сойқанды қағытпа ғой, – деп Тазша екі санын шапалақтайды.
– Қабышұлында сойқансыз сатира жоқ. 50-60 жыл бұрын жазғандары бүгінгі тіршілікпен шаппа-шап «шайқаста» «туа қалғандай» бет тілгілейді.
– Осы қайың мінезді қақиғаныңыз «қай топырақтан» жаралған, әлде баяғыша айт­қанда, «Мой адрес Советский Союз» ба?
– Оның қашан да «Елім!», «Жұртым!» деп «ұрандап» жүретіні – Шығыс Қазақ­стан облысы, Ұлан ауданының шынарлары мен қарағайлары көкке ұмтылған Ұранхай ауылында кіндік қаны тамғанынан. Батыр Ер Тарғынның қылыш, найзасын бойынан тастамайтыны сондағы «Тарғын» орта мектебінің тағылым дарытқанында жатыр.
– Көктен жазушы қалпында дік ете қалғандай аңыратасың… – Тазша бүйрегіме біз сұққандай болды:
– Ей, Тазша, кезінде Қазақ­стандағы жалғыз университет Алматыдағы Қазақ мемлекет­тік оқу ордасының журналистикасын тамамдаған ол қызмет­ті өзі дүниеге келген облыстың «Алтай большевигі» (қазіргі «Дидар») газетінде бастаған. Жас талант 1966–1973 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде өзі де жетіліп, басылымды көркейтуге де үлес қосқан.
– Түртпектесе, түрткілене береді екенсің. Қалғанын Қабышұлының қорамсасынан іздеймін.
– Екі мықты қосылып мені жауыр қыларсыңдар, ай, Тазша!
– Қаламгерліктің мініс-торысы екеніңді сен де ұмытпа…

СЫҚАҚШЫ МЕРЕЙТОЙЫ БАСТАЛДЫ

8 сәуірде көрнекті сықақшы, аудармашы, көсемсөзші Ғаббас Қабышұлының 90 жасқа толу мерейтой іс-шарасын Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы кітапхана қызметкерлері алғаш бастап берді. Жиынды кітапхана жетекшісі Аян Жолдасов сөз сөйлеп ашып, кітапханашы Айбын Ахмадиев ұйымдастырды. Іс-шараға белгілі ақын-жазушылар Қазыхан Әше, Жұмаш Кенебай, Талғат Айтбайұлы, Еркін Жаппасұлы қатысып, мерейтой иесінің шығармашылығы, қоғамдық қызметі, халықпен қарым-қатынасы барысындағы жетістіктері төңірегіндегі ойларын ортаға салып, оқырмандармен сұрақ-жауап алысты.
Жиынды өткізуге Алматы құрылыс колледжінің және Туризм колледжінің студенттері ат салысып, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының Дәстүрлі музыка кафедрасының 3 курс студенті Нұржан Жанпейісов әнмен көркемдеді.
Е.Жаппасұлы сатира жанрының абыз ақсақалы Ғ.Қабышұлының мерейтойын мерейлендірген кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдірді. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір