МҰЗАРТ ШЫҢ ТАСЫНДА ӨСКЕН МҰЗБАЛАҚ-ЖЫР
05.02.2024
66
0

Қайырар қанжар тілмен
айтыс басын,
Мен жазбаған құдай жыр
қай тұстасың?!
Абайдың сөзіндей ғып
ел тыңдаған,
Әруақ сөз қайдасың
мен тумаған?!

Свет ОРАЗАЕВ

1939 жылы 24 желтоқсанда Жетісу облысы, Ақсу ауданына қарасты Ақсу ауылында дүниеге келген Свет Оразаев сол аудандағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің түлегі. Қазақтың мемлекет­тік университетінің журналистика факультетін бітірген айтулы ақын соңына «Дала даусы», «Шырқау биік», «Өлеңім – өзім» деген санаулы жинақ қалдырыпты. Бірқатар ұжымдық жинақтарға өлеңдері еніп, таланты ерте танылған ол қатарластарының, қаламдастарының, әдеби ортаның пікірлерімен қанат­танып, Қазақ­стан Жазушылар одағының көркем әдебиет­ті насихат­тау бюросында қызмет атқарыпты. Өкінішке қарай, тіршілік иірімдері сан соқпаққа бастаған тағдырлы ақын 1999 жылы Жезқазған облысының Ағадыр ауданында өмірінің ақ парағына нүкте қойыпты.
Ақын Свет Оразаевтың алдымен есімін естігенмін. Поэзияға Сәкен Иманасовтар қатарлы келіп, өзіндік үнімен, өз қолтаңбасымен әдеби қауымды елең еткізгенін көзкөргендер жыр қылып айтатын. Ұжымдық жинақтардан бірер өлеңін оқығаным есімде, от­тылығы ұнаған, алған тақырыбын иін қандыра жырлайтын қалам қуатына тәнті болғанмын. Алайда біздің студент­тік кезіміз өткен 80-жылдары Свет деген ақынды Алматыдан, әдеби ортадан жолықтыра қоймағанымыз айналамызға аян. Кейіннен ақын ағаның марқұм Құдаш Мұқашевқа арнаған өлеңінің түйінінен өз тағдырын көргендей болдым:
Тірлігінде қол жетпей көктегіге,
Көп болыпты-ау,
көп бопты кеткеніне,
Содан да содан бері ақын рухы,
Шығар-ау, бәлкім, бізге өкпелі де…
1985 жылдың 9-мамыры. Бөрлітөбе ауданының орталығы Лепсідегі Мәдениет үйінде Жеңістің 40 жылдығы құрметіне өткен жиынға қатысып, түске таман үйге оралғанмын. Зайыбым мені іздеп бір кісінің келгенін айт­ты да қонақ бөлмені нұсқады. Ақшыл костюмін орындықтың арқалығына іліп қойып, диванда ақ шашты бейтаныс адам демалып жатыр екен. Түскі ас демде дайын болды да жасаулы дастарханға шақыру үшін қонақты оят­тым. Орнынан жедел тұрып «Жомарт деген сен екенсің ғой, өзіңді іздеп келдім» деп құшақтады да жөн-жосығын айт­ты. Жастайымнан атын естіген ақынымның біздің құтханамызға арнайы келгеніне сене алмай жік-жапар болып жатырмыз.
Сол күні ағамыз ағынан ақтарылды. Тағдырдан қаншама таяқ жесе де жасымай, шоқ түкіріп, от бүркіп тұратын жан екен. Соншама жылдар бойы әдебиет­тен амалсыз алыстағанын естігенде жаның күйзеледі. Талант­тыға тасада тұрып тас ататындардың қырсығынан Алматыдан, туған жері Жетісудың Ақсуынан орын таппай Орал өңірін қоныс қылыпты. Отбасынан ажырапты. Жазықсыз жалалы болып, түрменің де дәмін татыпты. Осынау азапты да талайсыз тағдырына ешкімді кінәламайды, басты кінә өзінен, кісіге сенгіштігінен…
Сол жылы Свет аға бағамдап қарасам бар болғаны 46-да екен. Шашы тегіс бурылданған, еңсесі түсіңкі, бірақ серіліктің сарқынындай киімі таза, үстіне қонымды. Қалтасында ертеректе шыққан жинағы бар екен. Сырт мұқабасы жыртылған көнетоз кітап, сірә, алғашқы «Дала даусы» болар. Парақтап бірер өлеңін оқыды, менің жазғаныммен танысты, әдебиет төңірегінде әңгіме өріс алып, ағалы-інілі ағайынға айналдық.
– Алматыға барамын, Сәкен, Қастектермен жолығысамын, әдебиетке қайта ораламын, – деп еді ол сөз арасында.
Дәукес неме көбейсе жаман-ау шын,
Даумен шығып тұңғышым –
«Дала даусым».
Табалаушым дал болып, даурығысып,
Жұмған аузын ашпады-ау
бағалаушым.

Мен содан да күйініп, тым өкініп,
Жүргенмін көп, емес-ау бұл өтірік.
Бағалаушым бармады-ау батылдыққа,
Боздақ өлең тынысын біле тұрып.

– Ақын әлі толысып, түлемек, – деп,
Айта салса қайтеді тілек ептеп?
Одан соңғы жинақ та шыққан еді,
Сұғанақ қолдан өтіп, «мүгедек» боп.

Назардан тысқарылау қалып бұл да,
Іштей аса қынжылып, қамықтым да.
Таусылуға шақ қалдым талмаусырап,
Сіңіп жатқан өзендей барып құмға.
Осылайша, «Бақыт­тан, бақтан қағам» дейтін, жамандауға келгенде жұмыла кететін бақталастарының табасына қалған ақын үшін бұдан өткен қайғы болмайды. Тұла бойды құрыстырып, талант­тыларды тобықтан қағуға дайын қызғаныш деген дерт пенде біткенде бар емес пе? Жазғандары газет-журналға да сирек шығып, көңілінің де, тұрмысының да қыры кеткен соң өз жарасын өзі жазу үшін «өлеңсіз де өлмеспін» деп жырдан жырақтағанын араға ондаған жылдар салып қаламымен қайта қауышқанда оқырманға сыр қылып айтады ол.
Жетісу жақтан іңгәлап
шыққан дауысым,
Аман-сау өтіп базарлы шақтан,
тар шақтан.
Жалау ғып ұстап
Жансүгіровтің намысын,
Алай да түлей бұрқасындарға
қарсы аққан.

Сол дауыс бүгін талайдың
жанын жандыртып,
Дүрілдеп өрт­тей,
ықпайды және ешкімнен,
Нулы да сулы жапан
даланы жаңғыртып,
Армандай өзен Ақжайық
жақтан естілген.
Ақжайық жақтан естілген
осы дауысым,
Өлеңнің кейбір өзегін мүлде өрте де.
Аралай өтіп базарлы бақша-бау ішін,
Жете гөр дәйім Жетісу ат­ты өлкеме, – дейді ақын туған жерге деген сағынышын жасыра алмай.
Алғашқы кез­десуден кейін пойызға Алматы бағытына қимастықпен шығарып салған ақын ағаның тұлғасы көкейімнен көпке дейін кетпеді. Қайда екен, қай жерге тұрақтады екен деген ой маза бермеді. Көршілес Ақсу ауданына барғанда өлең-сөздің қадірін білетін адамдар ортасынан да сауалыма жауап іздедім.
1995 жылы мамырдың аяғында Алматыға жолым түсті. Көк базардағы газет редакциясы орналасқан еңселі ғимаратқа еніп, лифтіге бет­тей бергенімде жоғарыдан төмен түскен екі-үш адамның арасынан Свет ағаны жазбай таныдым. Ол кісі де қуанышын жасыра алмай құшақтап, ауыл-аймақ амандығын сұрады да өз жайынан хабардар ет­ті. Жезқазған өңірінен қоныс тауыпты. «Ағадыр таңы» газеті редакциясында қызмет істейді екен. Қоштасарда кейінгі шыққан «Өлеңім – өзім» деген кітабын қолтаңба жазып сыйлады. Өзінде қалған жалғыз данасы болса керек, аппақ қағазбен орап, сыртына «Өзіме» деп жазып қойған екен. Қолтаңбасында «Жомарт інім! Аман-есен болайық!» деген ақ тілегі айшықталған-ды. Алайда содан кейін ағамызды аман көруге тағдыр жазбады.
Тірлігім, әт­теген-ай! – десем де мен,
Жүрермін ұзақ әлі көшеңменен.
Келесі ғасырыма жетем бәлкім,
Еркелеп ел-жұртыма нөсерлі өлең, –
деген ақынға жаңа ғасырдың биігінен сөйлеу бұйырмады. Тіршілікке іңкәр адам келген әрбір жаңа маусымға қуанса, денсаулығы дімкәс ақын «есіл өмір зу етіп өте шыға ма?» деп мұңаяды.
Болған әбден сұсынан құстар ығыр,
Қайтып кет­ті қиырға қыс тағы бір.
Кеміп қалды-ау тағы да әлденеше,
Ай-аптаға онсыз да қысқа ғұмыр.

Кербездене көк-жасыл көрпелі бір,
Көктем келіп, көп сырды шертеді бұл.
Енді тағы кемиді-ау онсыз дағы,
Күрмеуге келмейтұғын келте ғұмыр.

Жаз да келер, жасанып, жайнап өңір,
Жан жайлауын түсіріп жайға небір.
Осылайша тағы да қысқарар-ау,
Онсыз да бір-ақ тұтам қайран өмір.

Күз де келер, көңілі көсіле бір,
Ырыс-құтын алдыңа тосып өңір.
Шолтияр-ау осылай онсыз дағы,
Зу етіп өте шығар есіл өмір.

Опа таппай біреуден бет бояған,
Көп қызық күткен мендей
көп қой адам.
«Қызығым күткен әлгі
шыжық» болмай,
Баянды бақыт болса-ау деп те қоям.

Деп қоям: –
Болып жекжат-жұратым сау,
Кеудемнен сұр жебедей жыр атылса!
Шырылдап жүрген кейде
шыбын жаным,
Шиқ етіп, шықпай әлі тұра тұрса!

Деп қоям:
Алтындай боп хас талантым,
Мен үшін қара тасқа ұқсап алтын.
Тірімде қадірімнің ең болмаса,
Небәрі жүзден бірін ұқса халқым!
Манағы «Өлеңім – өзім» кітабынан жігері жасымаған, өмірге ғашық ақынның екінші тынысы сезіледі. Достыққа адалдығы, достарға деген пейілі әрбір өлеңінен менмұндалап көрініп тұрады екен.
Сен өзімді, өзім сені ес қып шын,
Сияқтандық жазғы нұр.
Куәсіндей болсын осы достықтың,
Бізге біткен аз ғұмыр…

Ойхой өмір! Өмір сүру жақсы-ау, ә,
Аппақ-адал ақынша!
Өмір, бірақ сатылмайды ақшаға,
Қадірсіз ғой сатылса, –
дейді қаламдас досы Қадірбек
Уәлиевке арнаған арнау жырында.
Осы жинақта қаламдасы, талант­ты ақын Есенбай Дүйсенбаевқа екі өлең арнапты. Сірә, елден жырақ жүргенде көпке дейін Ақтөбеден ажырамаған бозторғай үнді ақынның сөз демеуін жиі сезінсе керек.
Біріншісінде:
Дем беріп ақыныңа бойшаңдылау,
Ер көңіл Есенбайым ой салдың-ау.
Сен айт­қандай тірлігім не болмақшы,
Тізгіндеп арынымды қойсам мынау?! –
деп шалқар шабыт сыйлаған дос пейіліне ризашылығын жасырмайды. Келесі өлең-лебізінде:
Елің жаққа барғам талай сені іздеп,
Дей алмаймын баруыма негіз жоқ, –
дейді де шөл боп барып теңіз боп, түн боп барып күн болып, жоқ боп барып бар болып қайт­қанын жүрекжарды үнімен жеткізіп, Ақтөбені Алматыға жалғастырған досына тұлпарға тән қарқын тілейді.
Сонау Ағадырда тірлік сапары шектелген Свет ақынды ол кез­де көзі тірі Есенбай досы езіліп тұрып жоқтаған екен. Осы қимастыққа толы жүрек сөзімен ақын жайындағы айтарымызды қорытындылаған абзал:
Ер демеу сендей ұлды болар айып,
Еркіндік күн туса деп, сор азайып.
Ақиқат алдаспанын сілтеуші едің,
Қайдасың, ақын Свет Оразаев?!

«Шындықтан жүрмесе де
тауып пайда,
Бұл Свет арыстанша шауыпты Айға».
Қарлы қыс Қарауылкелді
қалды-ау алыс,
Қаракөз қарындасың Мауыт қайда?..

Айналып ел аузында ертегіге-ай,
Сапарың сарқылар ма келте бұлай?
Сен едің еркіндікпен егіз сері,
Секілді Сегізсері тентегім-ай!

Асығың түспесе де алшы күліп,
Жырыңды егінші мен малшы біліп.
Алдыңнан қараңғылық үңірейіп,
Артыңда үйір-үйір шаң шұбырып.

Бой бермей асау ырық, арда шабыт,
Жолында жүк қалдырмас
нар да атанып.
Ұлып ап аш қасқырдай айға қарап,
Қан саулап жүрегіңнен қарға тамып.

Жайықтан Жемге тартқан
тарлан едің,
Ажалға амал-айлам бар ма менің.
Бір сәуле Сәкен жақтан іздеп келіп,
Сөніпсің Ағадырда, ардагерім.

Құйып ап көкірегіме құздар әнін,
Қайғыдан ішім күйіп, тұз жаладым.
Алатау, өлімтігін көрсетпепті-ау,
Мұзарт шың тасында өскен
Мұзбалағым!

Жомарт Игіман,
Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір