ТӘРБИЕСІЗ БЕРІЛГЕН БІЛІМ – АДАМЗАТТЫҢ ҚАС ЖАУЫ
27.11.2026
97
1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды» дей келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен оның басшылығының жұмысын ерекше атап өткен еді. Еліміздегі білім ордаларының көшбасшысы болып саналатын ҚазҰУ-дың жетістіктерін осы оқу орнының түлектері болып саналатын қазақ қаламгерлері де әрдайым назарда ұстап келеді.

Біз төменде қасиетті қара шаңырақта білім алған бір топ қаламгердің осы оқу орнына арналған ізгі ниеттері мен ұсыныстарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы

ҚазҰУ – ҰЛТТЫҚ БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фарабиге телінетін тағылымды сөздің бүгінгі қоғам үшін мәні ерекше. Өйткені білімнің шынайы құндылығы адамның қаншалықты көп ақпарат меңгергенімен ғана емес, сол білімді қандай мақсатта пайдаланатынымен, оның бойындағы адамгершілік, жауапкершілік, ар-ұят және азаматтық қасиеттерімен өлшенеді. Білім мен тәрбие – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Білімді адам болу мен тәрбиелі адам болу қатар жүруге тиіс.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің жоғары білім беру жүйесінде айрықша орны бар, көпжылдық тарихы мен қалыптасқан академиялық дәстүрі бар іргелі оқу орны. Университет талай буын ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерін, қоғам көшбасшыларын, қаламгерлер мен мәдениет өкілдерін тәрбиелеп шығарды.

Бүгінде ҚазҰУ халықаралық білім кеңістігінде де өз орнын нығайтып келеді. Университет QS World University Rankings халықаралық рейтингінде 2026 жылы әлемнің үздік университеттері арасында 166-орынға көтерілді. Сонымен қатар 2026 жылғы Қазақстанның ұлттық жоғары оқу орындары рейтингінде бірінші орынға ие болды. Бұл – оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуеті, академиялық беделі мен халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстарының нәтижесі.

Адал қоғам қалыптастыру мәселесін білім беру саласындағы мемлекеттік саясатпен сабақтастықта қарастыруымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде білім мен ғылымды дамытудың ел болашағы үшін стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды.

Президент: «Білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды. Қазіргі және одан кейінгі үкіметтер оны тиісті деңгейде орындауға тиіс», – деп атап өтті. Бұл – білім беру саласының мемлекет дамуының негізгі бағыттарының біріне айналғанын көрсететін маңызды тұжырым.

Мемлекет басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 132 университет жұмыс істеп, онда 800 мыңнан астам студент білім алады. Соңғы жеті жылда білім беру гранттарына бөлінетін қаржы екі есе өсіп, 3,4 миллиард долларға жеткен. Елімізде студенттердің сұранысын қамтамасыз ету мақсатында 281 жатақхана бой көтерген. Ғылымды қаржыландыру көлемінің 590 миллион долларға дейін ұлғаюы да осы бағыттағы жұмыстардың ауқымын аңғартады.

Сонымен қатар халықаралық академиялық ықпалдастықты дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. Қазақстанда 40 халықаралық стратегиялық серіктестік келісімі жүзеге асырылып, 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашқан. Бұл білім беру жүйесінің халықаралық кеңістікке кірігуіне, отандық ғылым мен жоғары білімнің жаңа мүмкіндіктерге ие болуына жол ашады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан университеттерінің дипломдарын халықаралық деңгейде мойындатуға мүмкіндік берген Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылудың маңызын да атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың еңбегіне арнайы тоқталуы да жоғары білім саласындағы институционалдық сабақтастық пен жауапкершіліктің мәнін көрсетеді.

Алайда университеттің шынайы биігін тек халықаралық рейтингтермен немесе материалдық-техникалық жетістіктермен өлшеуге болмайды. Оның басты байлығы – қалыптастырған ғылыми мектебі, ұстаздық дәстүрі және қоғамға қызмет етіп жүрген түлектері.

ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі айрықша. Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Мұхтар Әуезов университет қабырғасында отыз жылға жуық еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, әдебиеттанушы ғалымдар Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали, Зәки Ах ме тов және басқа да көрнекті тұлғалардың есімдері осы оқу орнының ғылыми-шығармашылық тари хымен тығыз байланысты.

Олардың бірқатары университетте ұстаздық қызмет атқарып, қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосты. Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ – қазақ әдебиетінің талай көрнекті өкілдері білім алған, шығармашылық және ғылыми ізденістерін жал ғас тырған, кейінгі ұрпаққа тәлім берген рухани орда.

Бұл дәстүр – университеттің бүгінгі ұрпағына жүктелген үлкен жауапкершілік. Өйткені осындай тұлғалардың дәрісін тыңдаған, олардың ғылыми және адамгершілік мектебінен өткен оқу орнының басты мұраты – кәсіби маманмен қатар, парасатты азамат тәрбиелеу.

Соңғы уақытта университетте орын алған екі қайғылы оқиға қоғамның, әсіресе білім беру саласының өкілдері мен ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды. Қасиетті қара шаңырақтың түлегі ретінде бұл келеңсіз оқиғалар мені де қат ты толғандырады. Әсіресе біраз адамның бұндай қайғылы оқиға тек ҚазҰУ-да ғана болып жатқандай пікір туғызуға тырысулары менің жаным ды ауыртады. Әділін айтсақ, әлемдегі жоғары оқу орындарында жайсыз жағдайлардың неше түрі болып жатады. Меніңше, бұл үлкен білім орталығында қалыптасқан ахуал деп пікір білдірушілер қатты қателеседі. Бұл – жекелеген студенттердің жеке басының тәрбиесіздігінен, қайда оқып жүргенін сезінбейтін парықсыздығынан туындаған келеңсіздік. Сондықтан мен оқуға түсуші талапкерден тек тест алып қана қоймай, оның мектептен, отбасынан алған тәрбиесі жөнінде де сынақ алудың әдістемесін немесе өкілетті органдардың тиісті мінездеме алу үрдісін енгізуіміз керек деп есептеймін. Студенттердің өміріне қатысты қайғылы жағдайлар, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіп мәселелері – бейжай қарауға болмайтын мәселелер. Бұл ретте адам өмірі мен қауіпсіздігі кез келген білім беру мекемесі үшін ең жоғары құндылық болуы керек.

Сонымен бірге жекелеген оқиғаларға байланысты тұтас университеттің көпжылдық қызметіне, ғылыми әлеуетіне және тарихи беделіне біржақты баға беруге болмайды деп есептеймін. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындары да студенттердің әлеуметтік бейімделуі, психологиялық ахуалы, жатақханадағы қауіпсіздік, жастар арасындағы қарым-қатынас пен тәртіп мәселелері секілді күрделі міндеттермен бетпе-бет келеді. Ірі университеттерде әртүрлі әлеуметтік ортадан, түрлі көзқарас пен тәрбие үлгісінен шыққан мыңдаған жас білім алады. Сондықтан мұндай ортада кездесетін мәселелерді жүйелі түрде зерделеп, алдын алу тетіктерін жетілдіру – барлық жоғары оқу орындарына ортақ міндет.

Осы орайда, университет ректорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Омаров пен география факультетінің деканы Әлия Ақтымбаеваның орнынан кетуі де қуанатын жағдай емес. Мен білетін өмірде бұл екі азамат та өз жұмысына мұқият, парасатты адамдар еді. Дегенмен, ҚазҰУ басшылығының соңғы оқиғаларға байланысты жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты шаралар қабылдауы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізуі де осы жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде қарастырылуы керек.

Қазақ әдебиетінің ұлы тұлғалары еңбек еткен ҚазҰУ үшін бұл бағыттың маңызы тіпті жоғары. Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловтың ұстаздық мұрасы, қазақ әдебиеті мен ғылымының қалыптасуына үлес қосқан көрнекті ғалымдардың өнегесі бүгінгі студенттер үшін де рухани бағдар болуы тиіс.

Қорытындылай айтқанда, білімнің биігі – адамдықтың биігімен өлшенеді. Жас ұрпаққа білім беру – оның кәсіби болашағын қалыптастыру болса, тәрбие беру – қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру. Осы екеуі қатар жүргенде ғана университет өз миссиясын толық орындай алады. Әл-Фарабидің тағылымды ойы бізге осыны еске салады. ҚазҰУ өзінің бай тарихы мен қалыптасқан академиялық дәстүріне сүйене отырып, білімді де тәрбиелі, білікті де парасатты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қызметін алдағы уақытта абыроймен жалғастыра береді деп сенемін.

 

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

жазушы, журналист,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

ҚАСИЕТТІ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫМ

Болашағымызға бағыт-бағдар берген оқу орнын бітіргенімізге жарты ғасырдан асса да, ҚазҰУ десе, жүрегіміз жылып сала береді және байланысымыз үзілген емес. Осы қасиетті қара шаңырақтың әлемдік аренадағы орны мен соңғы айдағы келеңсіз жайттар қатар талданып, түрлі пікірлер айтылуда. Университет табалдырығын енді ғана аттаған жас қыздың өлімі, бірді бірнешеуінің қорлап ажал құштырғаны білім ордасын әлсізді әлдіге жығып беретін қатыгез ортадай көрсетіп, жекелеген басшыларына ауыр айыптар тағылуда.

Жағымсыз бұл фактілердің психологиялық нәзік салдарына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Бізге айғай, шу қажет. Сол трагедияны күтіп отырғандай ал кеп қуана-қуана жапа-тармағай шулаймыз, сынаймыз, жазалаймыз. Сөйтіп, өзіміздің де әлгі әлімжеттік жасап, өзгелерді қорқыту, кемсіту, күш көрсету арқылы бедел жинағысы келгендерден еш айырмашылығымыз жоқтығына титтей мән бермейміз.

Университеттегі осы өкінішті де қасіретті оқиғаларға себеп болғандардың кешегі Бір-біріне озбырлық жасауының астарында психологиялық, әлеуметтік, тәрбиелік қандай себептер жатыр екен? Мұншалық қатыгездіктің негізгі себептері өскен ортасында ма екен. Кейде сырт көзге жай ғана әзіл, келемеж көрінетін әрекеттердің түбінде ішкі қорқыныш пен үстемдікке ұмтылыс жатады. Отбасында дөрекілік пен күш көрсету қалыпты құбылыс ретінде қабылданса, бала мұндай мінез-құлықты кейін оқу орнында да қайталайды ғой.

Қатыгездік – күштіліктің емес, өзгені құрметтей алмаудың белгісі. Ең өкініштісі, біреудің көз жасынан ләззат алатын адам кейде өзінің адамдық қасиетін жоғалтып бара жатқанын аңғармайды. Студенттік ортада мейірім мен өзара сыйластық болмаса, білімді ұрпақ тәрбиелеу де қиын. Ал мұның алғы шарт тарын балалық шақтан іздеуіміз қажет…

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Еліміздің бетке ұстар үлкен университетінде соңғы ұнамсыз оқиғалардың орын алуы бұрынғы түлектерін де бей-жай қалдырмағаны анық.

Осы келеңсіз оқиғаны пайдаланып, университеттегі тәрбие жұмысы ақсап жатыр деп сынаушылар да аз емес. Бұл мәселеге қатысты өзімнің жеке пікірім мынандай. Баланы тәрбиелеу балабақшадан басталатыны белгілі. Тіпті жапон ғалымдары оның өзін кеш деп есептейді екен. Олардың кейбірі нәресте ананың ішінде жатқанда бастау керек деген ойға табан тірейді. Қазақ ғалымы, дәрігер-педагог Советхан Ғаббасов осы мәселе төңірегінде «Құрсақ тәрбиесі» деген кітап жазып, сәби өмірге келмей жатып қалай тәрбие жүргізуге болатынын теориялық тұрғыдан дәлелдей отырып, жан-жақты талдап көрсеткен еді. Демек «Құрсақ тәрбиесі» деген ұғым ешқандайда бос сөз емес.

Одан басқа осы кезеңдер ішінде ата-аналар тәрбиесі мен көше ықпалы деген ұғымдар және бар. Олардың тәрбиеге тікелей ықпал жасай алатынына көз жұмып қарауға болмайтыны тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді. Осыдан шығатын қорытынды жоғары оқу орнының табалдырығын он жеті жасында ашқан жас адамның адамгершілік-мораль дық болмысы, психологиялық ахуалы әбден қалыптасып болған, тұрақталған индивид. Ондай тұлғаға жақсы мен жаманның не екенін түсіндіріп, «Жаман болма, жақсы бол» дегендей ақыл айту тым кеш.

«Ал онда жоғары оқу орындарына тәрбие жұмысы не үшін керек?» деген сұрақ туындайды. «Ол сылдыр мен бұл сылдыр тең емес» дегендей ересек адамдар арасында жүргізілетін тәрбие жұмыстарының функциясы басқашалау. Қалыптасқан саналы жандарға арналған бұндай тәрбие адамның одан әрі дами түсуіне бағытталған. Ендеше жеке адам ретінде қалыптасқан адамның бұзақылық әрекеттерін, моральдық түсінігін жоғары оқу орындарының ұстаздарына жаба салуға болмайды. Мысалы, 1-курс студентін қасақана өлтіру фактісі бұзақылардың осыған дейінгі тәрбиесінде ақаулықтар орын алғанын көрсетеді. Осыдан шығатын қорытынды, дереу университет ұстаздарын кінәлап, оларды дереу жазалау қисынға келе қоймайды. Сонымен бірге оқуға түсу үшін құжат тапсырып отырған әрбір үміткерден адамгершілік деңгейінің қандай екенін білдіретін мінездеме талап ету керек. Ол мінездемеге тек мектеп ұжымының жауапты тұлғалары ғана емес, жергілікті әкімдік пен ішкі істер өкілі де қол қойып, растауы керек. Егер сол бала кейін бұзықтық жасайтын болса, сол қол қойған тұлғалар тікелей жауап беруі тиіс.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, орын алған келеңсіз жайлар әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің халықаралық рейтингісіне көлеңке түсірмеуі керек деп санаймын.

Қали СӘРСЕНБАЙ, жазушы-публицист,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

ТЕАТР КЕРЕК

Таяуда ҚазҰУ-де болған екі студенттің өлімі әлеужелінің түндігін желпілдетіп тұр. Ондағы жазбаларда кешегі өзіміз тәлім алған қасиетті оқу ордасы мен оның басшыларын жерден алып, жерге салып жатыр. Тергеу жүріп жатыр, кінәлілер анықталар. Ең бастысы, алдағы уақытта осындай сұмдықтардан сабақ алу, тағылым түюдің әдеттегідей одан әрі талқыланбай, сол сәтте ұмытылатыны да жасырын емес қой. Қазірдің өзінде мәселеге жүйелі түрде үңіліп, оның себеп-салдарын саралаудың орнына қоғамға керек кісінің басын емес, жасын айтып, мәселені кезекті «өш алу» науқанына айналдыру, пендешілік пен популистік деңгей анық байқалады. Мұндай қасірет қазіргі қоғам үшін түк те таңсық емес. Бұл тек ҚазҰУ-де орын алып отырған жағдай ма? Жоқ. Бұл – барлық орта, жоғары оқу орындарында едәуір уақыттан бері тәрбие деген тәңірдің тұралап, бауырлап жатқанының анық көрінісі. Жоғары оқу орындары рухани, мәдени ортадан алыстап кетті. Кезінде ҚазҰУ-ге бір ғана «Жеті музаның» өзі жетіп жатар еді. Жазушылармен, өнер адамдарымен, белгілі тұлғалармен дүркін-дүркін кездесу өтіп жататын. Жан дүниесі осындай тәрбиемен нұрланған студенттен қылмыскер шығушы ма еді?! Ата-аналармен байланыс жасап тұру үрдісі де бар еді. Мұғалім мен студент әкелі-балалы, ағалы-інілі, құдды бір құрдас секілді көрінетін. Бүгінгі адам құлағы естімес есірлік пен кесірліктің бел алуы да осы парасатқа негізделген параллелизмнен, қарапайым адами қасиеттерден алыстап кеткенімізден.

…Қайсыбір жолы бір мақаламда жоғары оқу орындарына театр керек деген ой айтып едім. Театр – тек спектакль қоятын орын емес, ол сол шаңырақтың шабытты ордасы, жүрек, сана соғысы, сұлулық салтанат құратын, бүкіл қоғамдық, адами ой-пікірді таразылайтын, қорытатын құтхана. Театры бар оқу орнында қылмыс болмайды.

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.11.2026 | 11:41

Жансейіт Түймебаев Назарбаевтың арқасында рақатқа белшесінен батты. Президент протоколы қызметінде қызмет атқарды. 2006-2007 жылдары Ресейде елші болды. 2007-2010 жылдары Білім және ғылым министрлігін басқарды. Осы жылдары «100 мектеп, 100 аурухана» салу науқаны жүрді. «100 мектептің» дұрыс салынбауына Жансейіт Түймебаев жауапты болып, министрліктен кетті. Кеткенде сонау Түркиядан бірақ шығып, 6 жылдай елші болды. Елшіліктен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып оралды. Облысты басқарған кезінде жұрт есінде шатқалға өспей қалған орман егіп есте қалды. Содан кейін Қазақстан халықтар ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Президенті әкімшілігінің ҚХА хатшылығының басшысы болып, достық пен татулықты насихаттап біраз жүрді. Назарбаев биліктен кетсе де, Түймебаев далада қалған жоқ. 2021 жылы ол Қазақ Ұлттық университетіне ректор болып тағайындалды. Білім және ғылым министрі ретінде министрлік жұмысын алға жылжыта алмаған Жансейіт Түймебаев ректор ретінде бір университетті өрге сүйрейді дегенге кім сенеді?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір