«АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫ – АБАЙ»

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұлы ойшылдың туғанына 180 жыл толуына арналған «Адамзаттың алыбы – Абай» апталығы аясында «Абай Құнанбайұлы мұрасы және цифрлық өркениет: ғылым, білім, руханият тоғысындағы жалпыадамзаттық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми форум өтті.
Халықаралық форумға Қазақстан мен Нидерланд, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан елдерінің ғалымдары, абайтанушылар, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Форумды ашқан университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп Абай мұрасын жаңа дәуірде қайта пайымдаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ форумның ашылуында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Қансейіт Әбдезұлы, Нидерланд Корольдігі Шығыс әдебиеттану ғылымдарының докторы Зифа-Алуа Әуезова, ҚР Ұлттық орталық музейінің Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі Жасұлан Белтенов, т.б. сөз сөйлеп, Абай мұрасының әлемдік деңгейдегі маңызын түсіндіріп, жасанды интеллект арқылы Абай шығармаларын оқытудың және зерттеудің заманауи мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
Ақмаржан ПАЙЗОЛЛА,
Абылай хан атындағы ҚХҚжӘТУ
журналистика мамандығының 2-курс студенті