Толқын АЙкЕНЖИЕВА, Жетісай аудандық Білім бөлімінің басшысы. МҰҒАЛІМГЕ ҚҰРМЕТ – БІЛІМ САПАСЫНЫҢ КЕПІЛІ
28.08.2026
84
0

Білім – елдің ертеңін айқындайтын ең басты құндылық. Ал сол білімнің сапасы, ең алдымен, мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, заманауи білім беру ортасына және оқушының жан-жақты дамуына байланысты. Осы қағиданы басшылыққа алған Түркістан облысы, Жетісай ауданында білім беру саласын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау, педагог мәртебесін арттыруға бағытталған реформалар, жаңа білім беру инфрақұрылымының қалыптасуы мен цифрлық технологиялардың енгізілуі ауданның білім сапасының тұрақты өсуіне мүмкіндік беруде.

Бүгінде ауданда 158 мектепке дейін­гі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 19-ы мемлекеттік, 139-ы жекеменшік балабақша болса, жеке сектордың үлесі 87 пайызды құрайды. Бұл ұйымдарда 15 227 бүлдіршін тәрбиеленіп, оларға 1242 педагог сапалы тәрбие мен білім беруде.
2025 жылдың мамыр айынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Жаңа жүйе мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырып, ата-аналарға балабақшаны еркін таңдауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қаржыландыру тетіктерінің тиімділігі күшейіп, білім беру ұйымдары арасындағы бәсекелестік арта түсті.

«Келешек мектеп» – болашақтың білім ордасы

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы – білім беру саласындағы ең маңызды бастамалардың бірі. Жобаның негізгі мақсаты – балаларға қауіпсіз, заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру. Жетісай қаласында №75, Асық ата кентінде №76, Ынтымақ ауылдық округінде №77 жайлы мектептер қолданысқа беріліп, ел игілігін көруде, замануи жабдықталған оқу ордасындағы балалардың жанарындағы қуаныш ерекше шабыт сыйлайды.
Келешек мектептер тек жаңа ғимараттар ғана емес, олар – оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға, зерттеу жұмыстарымен айналысуына және цифрлық технологияларды еркін меңгеруіне мүмкіндік беретін инновациялық білім кеңістігі. Мұндай мектептер кең әрі жарық сыныптармен, пәндік зертханалармен, STEM және робототехника кабинеттерімен, заманауи кітапханалармен, спорт және шығармашылық алаңдарымен жабдықталады. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қолжетімді орта қалыптастырылып, инклюзивті білім берудің барлық талаптары ескеріледі.
Келешек мектептердің тағы бір ерекшелігі – қауіпсіздік жүйесінің күшейтілуі, цифрлық басқару тетіктерінің енгізілуі және мұғалімдердің тиімді жұмыс жасауына барлық жағдайдың жасалуы. Мұндай білім ордалары оқушының функционалдық сауат­тылығын арттырып қана қоймай, оның жан-жақты тұлға болып қалыптасуына негіз қалайды.

Білім сапасы – басты көрсеткіш

2025–2026 оқу жылында ауданда 77 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектеп жұмыс істеді. Жалпы білім беру ұйымдарында 6616 педагог еңбек етеді. Олардың қатарында педагог-шеберлер, педагог-зерттеушілер, педагог-сарап­шылар мен педагог-модераторлардың үлесі жылдан-жылға артып келеді.
Биыл ауданның білім сапасы 62,69 пайызға жетіп, өткен оқу жылымен салыстырғанда 4,1 пайызға өсті. Бұл – мұғалімдердің жүйелі еңбегі мен білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі.
9-сыныпты 4002, ал 11-сыныпты 3060 оқушы аяқтады. Оның ішінде 228 түлек «Алтын белгі» иегері атанып, 247 оқушы үздік аттестатқа ие болды. Ұлт­тық бірыңғай тестілеуге қатысу деңгейі­нің 86,5 пайызды құрауы да түлектердің жоғары білім алуға деген ынтасының артқанын көрсетеді.

Инклюзивті білім және әлеуметтік қолдау

Аудандағы 63 мектепте ерекше білім беруді қажет ететін 232 оқушы үшін қолайлы жағдай жасалған. №7 «Тұран» мектеп-гимназиясы жанындағы инклюзивті ресурстық орталық ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына қолдау көрсетуде. Қазіргі таңда инклюзивті біліммен қамту деңгейі 85 пайызға жетті.
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы 13 500 оқушыға жалпы көлемі 623,8 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылды.
Қауіпсіз әрі заманауи мектеп
Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Барлық мектептер дабыл батырмаларымен жабдықталып, террористік тұрғыдан осал нысандар Жедел басқару орталығына қосылды. Сонымен қатар жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім сапасының кепілі
Педагогтің кәсіби өсуіне жағдай жасау – ауданның басты басымдықтарының бірі. Биыл 1044 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Аптаның әр сейсенбісі «Әдістемелік күн» ретінде бекітіліп, пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында семинарлар, шеберлік сабақтары, тәжірибе алмасу алаңдары, дөңгелек үстелдер мен конференциялар тұрақты ұйымдастырылуда.
Аудан көлемінде 74 мектептің үздік тәжірибесі таратылып, облыстық деңгейде 39 мектептің инновациялық жұмыстары насихатталды. Бірқатар педагогтер мен мектеп директорларының авторлық еңбектері республикалық деңгейде мақұлданып, оқу үдерісіне енгізілді.
Сонымен қатар №75 жалпы білім беретін мектептің директоры Арман Зияханов Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы педагогикалық университетте жасанды интеллект бағытында білімін жетілдіріп, халықаралық тәжірибе алмасты. Бұл – аудан басшыларының да әлемдік білім беру үрдістеріне бейімделуге ұмтылып отырғанының айқын дәлелі.

Халықаралық зерттеулердегі жоғары нәтиже

PISA халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша аудан мектептерінің орташа көрсеткіші 451,1 балды құрап, облыстық орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары болды. Бұл аудан мектептеріндегі білім сапасының халықаралық талаптарға сәйкес дамып келе жатқанын көрсетеді.
Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері де негізгі орта білім деңгейіндегі дайындықтың жоғары екенін дәлелдеді. Әсіресе 9-сынып оқушылары облыстық және республикалық көрсеткіштерден жоғары нәтиже көрсетті.

Оқушы жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі

Аудан оқушылары халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорт­тық және шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. IQanat олимпиадасында алты оқушы білім грантын жеңіп алса, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауларында ондаған оқушы жүлделі орынға ие болды.
Өнер, спорт және пікірсайыс бағыттарында да аудан жастары республика көлемінде үздіктер қатарынан көрініп, Жетісайдың білімдегі беделін арттыра түсті.
Жетісай ауданының білім беру жүйесі бүгінгі күні жаңашылдыққа негізделген, сапалы әрі қолжетімді білім беру бағытында тұрақты дамып келеді. «Келешек мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы, педагогтердің кәсіби дамуына көрсетіліп жатқан қолдау, мектептердің материалдық-техникалық базасының нығаюы және оқушылардың жоғары жетістіктері – осының айқын дәлелі.

Оқушы жетістігі – білім сапасының кепілі

Қазіргі таңда білім беру жүйесіндегі ең маңызды бағыттардың бірі – оқушыларға кәсіби бағдар беру арқылы олардың болашақ мамандығын саналы таңдауға жағдай жасау. Бұл бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстар жас ұрпақтың еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне, өз қабілеті мен қызығушылығына сай кәсіби жолын анықтауына зор мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Жетісай ауданында кәсіптік бағдар беру жұмыстары кешенді түрде ұйымдастырылып, нәтижелі жүзеге асырылуда.
Бүгінде Жетісай ауданында 80-ге жуық кәсіптік бағдар беру педагогі қызмет атқарады. Олардың қатарында арнайы «Грант аналитик» курстарынан өткен сертификатталған мамандар бар. Бұл педагогтер мектеп бітірушілерге онлайн және офлайн форматтарда кәсіби кеңестер беріп, жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсу жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік және әкімдік гранттарын ұтып алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Аудан көлемінде өз еңбегімен ерекшеленіп жүрген кәсіптік бағдар беру педагогтерінің жетістіктері – атқарылған жұмыстың айқын көрсеткіші. Атап айтқанда:
Гүлнәр Сатыбалдиева Сырдария жалпы білім беретін мектебінен 252 талапкерге кәсіби бағыт-бағдар беріп, олардың болашақ мамандық таңдауына жан-жақты қолдау көрсетті;
Арайлым Шауғабаева Жібек жолы жалпы білім беретін мектебінің 312 талапкерімен нәтижелі жұмыс жүргізді;
Ләззат Алдабергенова Қайнар мектеп-гимназиясында 250 талапкерге кәсіби кеңес беріп, олардың жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуіне бағыт-бағдар көрсетті;
Жанар Жолдас Мақташы жалпы білім беретін мектебінің кәсіптік бағдар беру педагогы, 256 талапкермен жұмыс жүргізіп, Қазақстан бойынша онлайн және офлайн консультациялар ұйымдастырды.
Жүргізілген кәсіби сүйемелдеудің нәтижесінде оқушылардың 98 пайы­зы мемлекеттік және әкімдік білім гранттарының иегері атанып, бұл республика көлеміндегі үздік көрсеткіштердің бірі болды. Бұл жетістіктер кәсіптік бағдар беру жұмыстарының сапасын ғана емес, педагогтердің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігін де айқын көрсетеді.
Аудандағы кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыруда Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің кәсіптік бағдар беру педагогі Фариза Хушкелдиева ерекше белсенділігімен көзге түсуде. Ол мектепте кәсіптік бағдар беру кабинетін заманауи талаптарға сай жабдықтап, оқушылармен жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар Түркістан қаласында өткізілетін түрлі сайыстарға оқушылардың қатысуын ұйымдастырып, аудандық деңгейдегі дөңгелек үстелдер мен кәсіби кездесулердің үйлестіру жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруда. Осы еңбегінің нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша «Үздік кәсіптік бағдар беру педагогі» атанды.
Жетісай ауданында кәсіптік бағдар беру бағытындағы жұмыстар тек мектептермен шектелмейді. Бұл бағытта ауданның кәсіптік және техникалық білім беру ұйым­дарымен тығыз байланыс орнатылған. Атап айтқанда, Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай педагогикалық колледжі, Жетісай медициналық колледжі, Мақтарал колледжі және №15 кәсіптік колледжімен бірлескен іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аталған оқу орындарымен бірлесіп ашық есік күндері ұйымдастырылып, мектеп бітірушілер оқу бағдарламаларымен, материалдық-техникалық базамен және мамандықтардың ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алды.
2026 жылы кәсіптік бағдар беру аясында мемлекеттік қызметтің беделін арттыру және мемлекеттік басқару саласына қызығушылықты қалыптастыру мақсатында бірқатар маңызды кездесулер ұйымдастырылды. Соның бірі – Тұран мектеп-гимназиясында өткен тағылымды кездесу. Кездесуге Жетісай ауданы әкімдігінің персоналды басқару бөлімінің бас маманы Айнұр Менисбаева мен ардагер мемлекеттік қызметші Камира Өмірбай қатысып, оқушыларға мемлекеттік қызметтің маңызы, кәсіби жауапкершілік және өмірлік тәжірибелері жөнінде әсерлі әңгімелер айтты.
Сонымен қатар Жетісай ауданындағы 77 мектеп жоғары және арнаулы орта білім беру ұйымдарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасап, оқушылардың кәсіби бағдарын нақтылауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Осы жұмыстардың аясында мектеп оқушылары Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университеттің филология және журналистика кафедрасының материалдық базасымен танысып, университеттің білім беру мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алды.
2025–2026 оқу жылының қорытындысы кәсіптік бағдар беру жұмыстарының жоғары нәтижесін көрсетті. Аудан бойынша 3978 оқушы 9-сыныпты аяқтады. Оның ішінде 380 түлек кәсіптік-техникалық колледждерге түсіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таңдады. Ал 11-сыныпты 3108 оқушы тәмамдады. Оның ішінде 371 түлек кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсіп, өздерінің кәсіби жолын техникалық және қолданбалы мамандықтармен байланыстырды.
Жоғары білім беру бағытында да аудан мектептері айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. 3108 мектеп бітірушінің 970-і мемлекеттік білім грантының иегері атанып, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл көрсеткіш аудан мектептерінде жүргізіліп отырған кәсіптік бағдар беру жұмыстарының тиімділігін, педагогтердің кәсіби ізденісін және оқушылармен жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесін дәлелдейді.
Жетісай ауданында кәсіптік бағдар беру жұмыстарының сапалы ұйымдастырылуы үшін кәсіптік бағдар беру педагогтерімен тұрақты кездесулер өткізіліп, бітіруші сыныптармен жұмыс жүргізетін мамандарға мотивациялық қолдау көрсетіледі, олардың жетістіктерін бағалап, үздік педагогтер марапатталып отырады. Мұндай қолдау педагогтердің кәсіби жауапкершілігін арттырып, жаңа бастамалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Жетісай ауданында қалыптасқан кәсіптік бағдар беру жүйесі – мектеп, колледж, жоғары оқу орны, мемлекеттік мекемелер мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді серіктестіктің жарқын үлгісі. Бұл жұмыстардың барлығы жастардың болашағына дұрыс бағыт беру, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында жүзеге асырылып келеді.
Жетісай ауданындағы кәсіптік бағдар беру саласының бүгінгі жетістіктері – ұстаздардың қажырлы еңбегінің, білім бөлімінің жүйелі қолдауының және білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысының нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жаңа бастамалармен жалғасып, аудан жастарының сапалы білім алып, өз таңдаған мамандығының білікті иесі атануына берік негіз болары сөзсіз.
Ұстаз – ұлттың рухани тірегі. Мұғалімге көрсетілген құрмет – білім сапасына салынған инвестиция. Сондықтан білімге деген жауапкершілік, мұғалім еңбегіне деген құрмет және заманауи мектептерді дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, елдің жарқын болашағын қалыптастыратын бәсекеге қабілетті, білімді әрі отаншыл ұрпақты тәрбиелеуге қызмет ете береді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір