Әкем Нәсен жазықсыз «халық жауы» атанды
Осы сөз өміріме көп бөгеттер жасады. Әу баста далаға шыққанда менен қашып ойнағылары келмеген балаларды түсінбей жүрдім. 6-7 жасқа келгенде көрші баласының «Сен контрдің баласысың, мен сенімен ойнамаймын» дегені есімнен кетпейді. Сол кезде бұл сөздің мағынасын түсінбей әжемнен «Апа (әжемді апа дейтінбіз), контр деген не?» – деп сұрағаным есімде. Әжем: «Балам, мен де ол сөздің не екенін білмеймін. Бірақ «Отанның жауы» деген болуы керек. Сенің әкең Абыралы, Қарқаралы елінде қадірлі азамат болды. Оны қызғанғандар солай деп соттатып жіберді. Әлі-ақ келеді. Оған мән берме. Ойнамаса басқа балалар бар ғой», – деп ақылын айтып шығарып салды.

Мектепте мұғалімдер маған аса жылы ықлас көрсететін. Бір күні мектеп директоры Омархан Жартыбаев шақырып алып маған: «Болатбек, сені «халық жауының баласы» деп қорлайтындар болса маған айт. Әкеңді көрген жоқпын. Бірақ халық өте жақсы көреді. Халыққа көп жақсылық жасаған екен. Сен ол сөзге мән берме. Әкеңдей бол. Сабақты жақсы оқы», – деді. Сол сөз маған қанат бітіргендей болды. Алдыма мақсат қойдым. «Қалайда оқу озаты атанамын, жақсы адам боламын» деп өзіме серт бердім. 10-сыныпты Алтын медальға бітіруім керек еді. Олай болмады. Неге екенін 50 жыл бойына түсінбей жүрдім. Алғашқы кітаптарым Новосібірдің баспаханасынан шыққан соң үйге 10-сыныптағы жетекшімді және орыс тілі мұғалімін (екеуі де ірі ғалымдар, партия қызметкерлері болды) Алматыда үйге қонаққа шақырдым. Олар маған: «Бөкіжан, сенің10-сыныпты бітіргеніңе бүгін 50 жыл толды. Біз екеуміз саған айта алмай жүрген бір сыр бар еді, соны айтайық», – деді. «1954 жылы сенің және тағы 3 баланың істерін Семейге облыстық оқу бөліміне жібереміз деп дайындаған кезде аудандық ҰҚК-інің төрағасы мектепке келіп, «Бұл 4 баланың ісін облысқа жіберуге болмайды. Олардың әкелері 1931 жылғы көтеріліске қатысқан, «халық жауы» болып сотталғандар» деп жібертпеді. Бізден «50 жылға дейін айтуға болмайды» деген қолхат алды. Сен, кешір, саған бүгін айтып отырмыз», – деді. Міне, неге «Алтын медаль» ала алмағанымды мен сол күні ғана түсіндім. Соған қарамай Ташкенттің финанс-экономика институтына аса үлкен конкурстен өтіп түстім (5 сабақтан 24 балл алу міндетті болды). Сонда өзіме-өзім: «Институт бітірген соң әкемді не үшін соттағанын білу үшін қалайда оны қараған сот ісін тауып танысуым керек» деген міндет арттым. Талай жерге жаздым. «Әкемнің ісімен танысуым керек, қайда?» деп 20 жыл бойына заң орындарына, ҰҚК (Семей қалалық, облыстық, республикалық) тыныштық бермедім. Еш жерден хабар ала алмадым. Барлығы «Бізде ол кісі туралы іс жоқ» деп жауап берді. Ал институттың 3-курсында мені әскери кафедраның меңгерушісі, полковник Кошель шақырып, кіріп келгенімде маған ақырып «ты такой-сякой» деп боқтай бастады. Не екенін түсінбей мелшиіп тұрып қалдым. Сонда ойыма түсті. Мен өмірбаянымда «әкем 1940 жылы өлген» деп жаза салған едім. Сөйтсем, институтқа бір белгісіз абыралылық арызқой «Нәсенов Болатбектің әкесі «халық жауы» болып сотталған» деп хат жазыпты. Полковник Кошельдің сөздері жаныма қатты батты. Есімнен айырылған адамдай болдым. Үстелде тұрған су құйылған графинді жұлып алып, полковникке лақтырып жібердім. Оның бойы аласа еді, еңкейіп қалды. Екінші бірдеңеге ұмтыла бергенімде, біреу келіп мені артымнан құшақтай алды. Ол тактикадан беретін Попов деген подполковник екен. Ол «Саша, ты не прав. Причем он», – деген кезде полковник те ақылды екен, маған келіп құшақтап: «Прости, ты должен был писать правду», – деді. Жазаламады, ақылын айтты. «Скоро едешь на практику в Алматы. Добивайся справку о том, что отец реабилитирован. Иначе мы тебя отправим в Армию. Через 2 года вернешся, продолжишь учебу», – деді. Алматыға келген соң барлық заң орындарында болдым. Олар Семейден сұратты. Түрмеден «Отправлен по неизвестному направлению. При отправке изъято портянка» деген жауап алдым. Ақыры Бас прокуратура институт ректорының атына «Просим вас, в виде исключения дать разрешения к сдаче госэкзамена по военной дисциплине. Нами направлен запрос в Верховный суд СССР» деген хат берді. Институт ректоры мен кафедра меңгерушісінің рақымшылығының арқасында мені экзаменге жіберді. Сол кезде СССР Жоғарғы сотынан да әкемнің ақталғаны туралы анықтама келді. Институтты бітіріп, Семейге қызметке келгенде ҰҚК-ге арыз жазып, «Әкем қай жерде жазасын өтеді, қайда, неден өлді, қай жерге жерленді?» деген сұрақтар қойдым. Шамасы 5-6 ай өткеннен кейін менің қызмет істеп жүрген жеріме ҰҚК-нің Семейдегі басқармасынан бір адам қоңырау соқты. Дауысынан бірден білініп тұр, өте дөрекі, орысша айтқанда «самодур» деуге болатын бір қазақ қоңырау соқты. Амандық-саулық жоқ, бірден: «Әй, тез жаз, менің сенімен сөйлесетін уақытым аз. Әкең Сахалинде жазасын өтеуді бастаған. Ақталған соң Федоровка деген селода өлген. Ол жер бүгінде теңіздің астында қалған», – деп трубканы тастай салды. Мен қайта қоңырау соғып едім, трубканы көтермеді. Семей қалалық ҰҚК-не бардым. Кіргізбеді, ешкім қабылдамады. Әрең дегенде кімнің қоңырау соққанын білдім. «Капитан, дөрекі, адамгершілігі жоқ, 1937 жылғы жауыз чекистердің қалдығы, онымен тіл табысу мүмкін емес, босқа әуре болма», – деп бір майор ақыл берді. Міне, сонымен, қолымда жазасын өтеген, қайтыс болған жері туралы құжат жоқ. 2004–2007 жылдар аралығында бірнеше рет ҰҚК архивіне 10 шақты рет хат жазып «әкемнің ісімен» танысуға рұқсат сұрадым. Көбіне жауап келмеді. Екеуіне «Архивте сіздің әкеңіз туралы ешқандай іс жоқ» деген жауап алдым. Ақыры Семейдің ҰҚК-нің архивіне үлкен күшпен кіріп қарадым. Онда Абыралы көтерілісіне қатынасқандардың қысқаша деректеріне кездестім. Сонда «Абыралы көтерілісі» туралы іс Алматының архивіне 1947 жылы жіберілді» деген хатты көрдім. Алматының архивіне де жол жабық болды. 4 жыл бойы қайта-қайта жазып, рұқсат алдым. 4 ай отырып, Абыралы көтерілісіне байланысты құжаттарды қолмен көшіріп алдым. Сонда 1937 жылы «халық жауы» болып сотталған біраз таныс адамдардың істерін кездестірдім. Оларда 1937–1941 жылдарда «халық жауы» аталып сотталғандардың ісі Семей қалалық ҰҚК-нің архивінде деген жазу болды. Енді қайтадан сол архивке жол іздедім. Генерал Рүстем Қайдаровтың көмегімен (ұшақ апатынан 2020 жылы қаза тапты, иманды болсын) ҰҚК-нің архивіне кірдім. Сонда Абыралының 92 адамы «халық жауы» аталып сотталыпты. Солардың 10-ы Сахалинде, Магаданда, Камчаткада, Амурда, тағы басқа да Ресей өңірлерінде қайтыс болыпты. Архивтегі істерде олардың қай жерде жазаларын өтегені, қайтыс болған жерлері туралы деректер жоқ. Жоғарыда аталған шала сауатты, дөрекі жандар жойып жіберіпті. Ақталғаны туралы менің қолымдағы СССР Жоғарғы сотының анықтамасы ол істерде жоқ. Неге олай деген сұрағыма «халық жаулары» атты істер ол жылдары НКВД-да болды. Одан Юстиция министрлігіне берді. Кейіннен ҰҚК-ге тапсырды. Сол кезде көптеген құжаттарды өртеп жіберіпті» деген жауап алдым. Бүгінде ол жерлердің архивтеріне жол жабық. Мен қажет құжаттарды алып үлгердім. Кітаптарымның 7-томына толық кіргіздім.
Енді сол Семейдің ҰҚК архивіндегі құжаттар бойынша әкемді не үшін жазалағанына кірісейін. Нәсен Жарылғасынов 1904 жылы Дегелең болысына қараған Ақшоқы деген қыстауда туған. Ол Жалғызтаудың қарсы жағында, Қайнардан 70 шақырым жерде. Бір сайда 12 отбасы тұрған.1931 жылғы көтерілістен кейін қыстаудағылардың көбі жан-жаққа кетуге мәжбүр болған. Әкем Қарқаралының 2 жылдық мұғалімдік курсын бітіріп, кезінде күйші Тәттімбет атамыз салған Майлықарадағы мектепте 16 жасында мұғалім болыпты. Негізінде тарих пен қазақ тілінен сабақ берген. Абыралы ауданы құрылған соң 1931 жылы Қайнарда, атақты ғалым, әл-Фарабидің қазақ екенін дәлелдеген Ақжан Машановпен бірге жұмыс істеген. 1931–1933 жылдары Қайнардың басында мектептің негізін қалаған.
Жалпы, Абыралы ауданы тұңғыш мектебінің негізін қалаған атақты Сақаев Қожаның ағасы Рахметолла мен Қанқожа қажы сол өңірдегі халықтан қаржы жинап, 1907–1908 жылдары Тоқа тұмсығы мен Жаман абыралы тауының арасына (Қайнардан 2-3 шақырым) 11 бөлмелі мектеп салған. Ол 1919 жылы мемлекеттік бюджетке қабылданған. Осы мектепте 1931 жылға дейін шамасы 120-дай бала оқып шыққан. Олардың қатарында кейіннен 4 жоғары дәрежелі оқу орнын бітірген Төлеужан Мусин, Төлеутаев аға, тағы басқа да ірі қызметтер атқарған азаматтар бар. Ол туралы Төлеужан Мусин аға кітап жазған, сондай-ақ 1991 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтып өткен екен. Ол мектеп туралы біз білген жоқпыз. Оны маған алғашқы 4 томдығым жарық көрген соң, ұстазым Роллан Мусин айтты. Мен сол Төлеужан ағаның кітабымен танысқан соң бірнеше бетін көшіріп, тағы да баспаға берген 4 томдығыма кіргіздім. Абыралы ауданы мектебінің іргетасы 1907–1908 жылы қаланғанын есептеп, 100 жылдығын 2008 жылы тойлауды ұсындым. Ол кездегі мектеп директоры менің ұсынысыммен санаспады. Олар мектепті белгісіз біреулер өртеп жібергеннен кейін өзінің 2 бөлмесін берген Тұрсынбай Дайырбеков атамыздың үйінде оқуды әрі қарай жалғаған күннен бастап есептеді. Ол Қайнардан 15-20 шақырым жерде болатын. Әрине, оны тойлауды ұсынған сол кездегі ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев болатын. Ол кісі өзі де, Ахмади аға да Қанқожа салғызған мектептің 6-8 сыныптарын бітірген болатын. Сол мектептің бюджетін Дайырбеков мектебіне аударғанын біледі. Ол ағалар неге өздері бастап оқыған мектепті Қайнар мектебінің іргетасы осыдан деп есептемеген деген сұраққа атамыздың ұлы Айтқазы аға былай деді: «Ол мектептен бастасақ, кеңес заманында үлкен пәле жабысатын болды. Сол себепті 1922 жылдан бастадық», – деді. Сонымен, 2022 жылы мектептің жаңадан бекітілген директоры Маржан Жақып өте қабілетті, ақылды азамат, бизнесмен Марат Құрманбаевпен бірлесіп батыл іске кірісті. Әр жылдары мектепті бітірген түлектер бас қосып, тозып кеткен білім ошағын жөндеуден өткізді. Осылайша, 100 жылдықтың аясында үлкен істер атқарып, елдің жақсы атын шығарды. Бұған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен келешек ұрпақ Қайнар орта мектебінің іргетасы қаланған кезеңді Төлеужан Мусин атамыз жазып кеткен тарихтың – кітаптың негізінде атап өткені дұрыс болмақ деген ойдамыз.
Мектептің тарихын айтып отырған себебім, әкем сол 1908 жылғы түлектерімен бірге Қайнардың басында салынған мектепте қызмет атқарыпты. Ақжан Машанов әкемді Майлықарадан Қайнарға алғызып, өзінің орнына оқу бөлімінің инспекторы ретінде қызметке қалдырыпты. Әкем Қайнардың басында салынған мектептің жобасының авторы болған. Мөр басылған сол мектептің жобасы біздің үйде 2010 жылға дейін сақталды. Мен Мәскеуде, 1,5 жылдай архивте болған кезде біреулер алып кеткенге ұқсайды. Мүмкін, мектептегі музейде болар. 1937 жылы бір орыс болмаған ауданның өсіп келе жатқан тамаша білімді, талантты жастарын құртуды шовинистік көзқарастағылар мақсат етсе керек. Бір орыс жоқ ауданға Қарқаралыдан нағыз садист, фашист сержант Кайгородцев дегенді НКВД-нің бастығы етіп жіберіпті. Шала сауатты, мәдениетсіз, тоңмойын, ақылсыз ол, өзіне сәл қарсы келген жігіттердің үстінен жергілікті арам пиғылды сұмырайларға арыз жазғызып, қолма-қол қылмыстық іс ашып, түрмеге жауып, нағыз фашистердің әдістерін қолданып жауап алған. Тергеу протоколдары да болмаған. Артынан сәл сауаты бар адамдарға протоколдарды толтыртқан. Бір адамның басына 7-8 түрлі жала жапқан.
Семейдің ҰҚК архивінде №047 333 іс Нәсен Жарылғасынов деген жатыр. Алғашқыда мен көрген істерде мынадай 2 статья бар еді:
1. Нәсен 1919 жылы елде бір адамды өлтірген.
2. Қайнар орта мектебін 1932–1934 жылдары қастандықпен күн түспейтін етіп көлденең салдырған.
Осы архивке екінші рет барғанымда ол протокол жоқ. «Неге алып тастағансыздар» деген сұрағыма «білмейміз» деп жауап берді. Әрине, ол тергеудің заңсыз, мазаққа қалатын пункттерін 60 жылдан кейін алып тастаған. Бұл сол кездегі заңсыздықтарын ақтауға тырысқандықтың көрінісі болар.
Істе мынадай жазу бар: «№810 а (басталғаны 1938 жылы 8 шілде, аяқталғаны 1938 ж., 7 қазан.
Бекітемін ШҚО ІБ бастығы ҰҚК аға лейтенанты.
ЦСО: 25.01.41 ж. №1-96. 11.41 ж. №1-12 Нәсен Жарылғасыновты тұтқындау туралы анықтама.
Нәсен Жарылғасынов, 1904 жылы туған, сауатты, партияда жоқ. Абыралы аудандық оқу бөлімінің инспекторы. НКВД-ға келген хабарларға қарағанда, Нәсен Жарылғсынов кеңес өкіметіне қарсы ұйымдасқан ұлтшылдардың, террор-диверсия, тыңшылық жұмыстарымен шұғылданатын ұйымның белсенді мүшесі болған. Осы ұйымның тапсырмасымен халықтың арасында кеңес өкіметіне, партияға қарсы астыртын бүлік жұмыстарымен шұғылданған. Партия мен үкіметтің барлық шараларына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Жоғарыдағы фактілердің негізінде Нәсен Жарылғасынов қамауға алынып, РСФСР-дың 58 ст. 2,7,8, және 11 тармақтары бойынша қылмыстық жауапқа тартылуы керек. НКВД-ның Абыралы аудандық бөлімшесінің бастығы, аға сержант Кайгородцев. Келісемін: ШҚО УНКВД-сының 4-бөлімшесінің уақытша бастығы, МҚК-нің кіші лейтенанты Гончаров. Тұтқынға 1938 жылы, 8 маусымда алынды (қаулыға қол қойған НКВД-ның Абыралы аудандық бөлімшесінің оперөкілі Бакыбаев). Отбасы мүшелері: Нәсен Жарылғасынов, 1904 ж.т., Қоныстанауыл кеңес бастауыш мектебін бітірген, Қарқаралыдан 2 жылдық мұғалімдік курсты бітірген. Дүние-мүлкі: 4 жылқы, 3 сиыр, 20 қой. Жары – 32 жас, қызы Мапиза – 11 жас, ұлы Болатбек – 1 жас, шешесі Әлиман – 61 жаста.
Әкеме жоғарыда айтылған 2 айыптан басқа (кісі өлтірді, мектепті қастандықпен күн түспейтіндей етіп көлденең салғызды), Абыралы аудандық партия комитеті комиссия құрып, төмендегідей адамдар мүше болып бірнеше айыптарды жеке жасалған актіге, жоғарыдағы екеуін қосқанда 8 түрлі қылмыс жасады деп тізіпті. Осы актіні жасаушылардың екеуі жақын туыстар. Әкемнің оларға жасаған жақсылығы ұшан-теңіз екен. Ал олар әкемнің білімділігін, аудан көлемінде абыройының өте жоғары болғанын қызғанып, өздеріне жасаған жақсылықтарын еске де алмай, қастандықтарын ашық көрсеткен. Солардың ұрпақтары бақа-шаян болып кетті. Кейбіреуіне мен жақсылық та жасадым. Енді сол актімен танысайық (қазақшаға аударып беріп отырмын).
Акт
1938 жылы, 13 қыркүйекте біз, аудандық партия комитеті құрған комиссия мүшелері (Бтыбаев, Спанов, Бектұрғанов): Мектептердегі саяси-тәрбие жұмыстарына іріткі салып, орта мектепте коммунистік тәрбиені болдырмау мақсатымен зиянкес элементтерді мұғалімдік жұмыстарға орналастырды.
…Олар: Нұрпейісов, Досжанов, Кәкішев, Расулов сияқтылар. Коммунистік тәрбиеге қарсы үгіттер жүргізді. Мұғалім Нұрпейісов ереженің статьясын теріс түсіндіріп: «Сайлау комиссиясы сайлау тізімін алғанда, оның жанында милиция жүреді деп түсіндірген. Кәкішев оқу сапасын төмендетті. Оқушыларды екінші жылға қалдыруға тырысты. Соның салдарынан 6–7-сыныптың оқушыларынан 22 оқушыны екінші жылға қалдырған…
6. Жарылғасынов оқудың сапасын төмендету ниетімен Бексұлтанов екеуі бірігіп мектепте қастандық жұмыстарын жүргізді. Олардың тапсырмасымен «Еңбектес», «Ұзынбұлақ» бастауыш мектептерінде 1937–1938 жылдары физиканың конспектілерін өртеп жіберген. Әсіресе Нұркиннің үйінде. Жарылғасыновтың қастандықпен жасаған басшылығының кесірінен 1937–1938 жылдары мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілмеді… 10. Аудандық оқу бөлімінің жақсы сиырын өзінің арық сиырына айырбастап, оның етін мұғалімдерге таратып берген. Жоғарыдағы жағдайлардың негізінде комитет Нәсен Жарылғасыновты ұлтшыл-фашистік ұйымның мүшесі деп есептейді. Ол Отанын сатқан. 1. Тыңдалды: Нәсен Жарылғасыновтың үстінен ВКП(Б)-ның кандидаттығына өтуді сұрап берген материалын қарау (Уалитов). Қаулы: Нәсен Жарылғасыновтың үстінен шағымдар болса да, оқу бөлімінің жанындағы партия ұйымы партияның кандидаттығына өткізіп жіберген. Сондықтан Жарылғасынов партияның қатарына алатын адам емес, партияға жағымсыз деп тауып, оқу бөлімінің жанындағы партия ұйымының 19.05.38 ж. №9 санды Жарылғасынов туралы алған қаулысы бұзылсын. Жарылғасыновтың анкетасы қабылданбасын.
ҚК(б)П Абыралы аудандық комитетінің секретары Сәрсембаев.
Жоғарыдағы 10 жаланың үстіне тергеу кезінде мынадай кінәлар тағылған:
11. Нәсен Жарылғасынов 1931 жылғы көтеріліске тілектес болған. Олардың қашып кетулеріне көмек жасаған.
12. Қазақстанның Жапонияның протектораты болуын қалаған.
Осы 12 түрлі жаланы мойындату үшін НКВД-ның бастығы айуандық жолмен жауап алған. Қол-аяғына ине сұққан, 1,5-2 сағат суық бөлмеде жалаңаяқ түрегеп тұрғызып қойған. Халықтың көзінше Қайнардың бұлақтарына апарып, төбесінен мұздай суық су құйып қинаған. Сол бұлақтардың басында қайыс белбеумен ұрып-соғып естен тандырып, тағы да суық сумен есін жиғызып жауап алған. Протоколдарға қол қойғызған. Тұтқындар не үшін қол қойғандарын білмейді. Сондай жауап алған протоколдың бірі мынадай:
Айыпталушы Нәсен Жарылғасыновтың 1938 жылы, 12 шілдеде берген жауабының протоколы.
Сұрақ: Сіз кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі болған деп жауапқа тартылып отырсыз. Осыған кінәлі екендігіңізді мойындайсыз ба?
Жауап: Иә, мен, Нәсен Жарылғасынов, маған тағылып отырған айыптауды, кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымның мүшесі болғанымды мойындаймын. Түрмеге жабылғанға дейін ұлтшыл ұйымның мүшесі болдым.
Сұрақ: Толық айтыңызшы: ұлтшыл ұйымға сізді кімдер, қашан мүше болуға үгіттеді?
Жауап: Мені бұл кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымға мүше болуға үгіттеген бұрынғы аудандық партия комитетінің 2-хатшысы Қамза Тілеулесов, шамамен 1937 жылы, ақпан айының ішінде… Ол менің өткендегі әлеуметтік жағдайымнан хабары барын пайдаланып әрі менің сенімсіздік білдіріп жұмыстан шығарылғанымды біліп, өзіне, аудандық партия комитетінің хатшысы ретінде кабинетіне шақырды. Екеуміз жеке отырғанда ол маған: «егер менің айтқалы отырған ұсынысымды қабылдамасаң, онда екінші рет сені жұмыстан шығарамыз. Саған қылмыстық іс қозғап, қазір тұтқындаймыз», – деді. …Содан кейін Тілеулесов маған: «Қазақстанда кең тараған қауымдық жасырын ұйым бар. Ол таза ұлттық ұйым. Мақсаты – кеңес өкіметін құлату. Әсіресе Қазақстандағы кеңес өкіметін құлатуды көздейді. Кеңестер Одағынан қарулы күш көрсетіп бөлініп шығуды көздейді. Шетел мемлекеттерінің көмегімен жеке мемлекет болуды, орыстарсыз, буржуазиялық түрді таңдауды мақсат етеді.
Бұл ұйымды ірі мемлекет қайраткерлері басқаруда… Абыралы ауданында бұл ұйымды Сиқымбаевтың өзі Әлиевтің қолдауымен басқарып отыр…
Сұрақ: Айтыңызшы, Абыралы ауданында бұл ұйымға кімдер кіретінін Тілеулесов айтты ма? Сізді қашан осы ұйымға үгіттеп кіргізді?
Жауап: Тілеулесов маған бұл ұйымның белсенді мүшесі ретінде Сиқымбаевты атады, ол осы ұйымды басқарушы деді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлиевті, аудандық газеттің редакторы Алдоңғаровты, партиялық кабинет меңгерушісі Садық Рсымбетовті, Еңбектегі мектептің мұғалімі Қалиакпар Жұдырықовты, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Қияқбай Қожабековті атады.
…Жарылғасынов мұғалім Жұдырықов арқылы оқытуға тыйым салынған оқулықтарды оқытуды талап еткен. Соның салдарынан Ұзынбұлақтағы мектептің бағдарламасын орындатпаған. Ол Зиновьевті мадақтаған, Сталинге риза еместігін білдірген. Географиядан Ивановтың оқулығын оқытуға тыйым салған (6-сынып), физикадан Першкиннің, Фадеевтің, Бегалиевтің орыс тілі кітабын оқу бағдарламасынан шығарып тастаған.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы: «Нәсен Жарылғасынов ауданда көп істі алға бастырмады. Оны партияға алмасақ та, ауданда абырой-беделі өте жоғары болды. Ол ең алдыңғы қатардағы атқамінер болды», – деп жауап беріпті.
Осы 12 жаланың ішінде біреуі шындық деп ойлаймын (ол туралы 2016 жылы «Жас Алаш» газетіне бір бет мақала берген едім. Оны режиссер Еркін Рақышов қолдады, басқа пікірлер болмады). Оған менің Мәскеудің, Алматының Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінен тапқан Жандосов пен Рысқұловтың істеріндегі жауаптар мен әкемнің жауаптары дәлел болады. Олар жасырғаннан еш пайда жоқтығын білді. Қайраткерлердің көпшілігі атылғанын, өздерінің де ауыр жазаланатынын білді. Сондықтан олар кімдермен жұмыс істегендерін жасырған жоқ. Өйткені келешек ұрпақ олардың сол ерліктерін білсін деген ұғымда болды деп есептеймін .Олар ешкімді сатқан жоқ. Ал болған жағдайларды айтпаса, тарихта біздерге белгісіз болып қалар еді. Бүгінгі ұрпақтар ол аталарына қарыз. Қаржыны аямай оларға ескерткіш орнату тарихи сананы оятуға керек.
Жоғарыдағы тергеу қорытындысынан кейін әкемді 10 жылға соттаған 1939 жылы, 4 қаңтардағы 89-85-соттың үкімін СССР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясы мынадай құрамда: төраға П.А.Камерон, мүшелері: Панкратов,Абдрахманов, 1941 жылы, 19 маусымда қарап, мынадай қорытындыға келген: Нәсен Жарылғасынов кінәлі деп есептелген. Оны аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып істегенде Абыралы ауданындағы жасырын ұлтшыл кеңес өкіметіне қарсы ұйымның белсенді мүшесі болып халық арасында оқу ісіне қастандық жасағаны, халық жаулары Алдоңғаров, Жөкембаев, Бексұлтановтардың тапсырмаларын орындағаны және Тілеулесовтің ұйымға тартқанына келіскені үшін соттаған. Сотта ол айыптарды мойындаудан бас тартқан. Жоғарыда аталғандарды істері дәлелденген жоқ деп сот жазаламаған. Сот істерін қысқартқан. Басқадай Жарылғасыновқа байланысты қылмыстар істе көрсетілмеген. Сондықтан Нәсен Жарылғасыновқа тағылған айыптардың дәлелдері жоқ болғандықтан, оны кінәлі деп есептеуге ешбір негіз жоқ.
Осыған байланысты СССР Жоғарғы сотының коллегиясы прокурордың қарсылығымен келісіп былай шешті: Шығыс Қазақстан облыстық сотының 1939 жылғы 9 ақпандағы үкімінің күші жойылсын. Қылмыстық іс дәлелденбегендіктен істі қарау қысқартылсын.
Әкемнің ісі туралы айта беруге болады. Ақыры өзі ауырып жүрген адамды ұрып-соғу да денсаулығын әлсіретеді ғой. Оның үстіне Сахалин деген бір кезде «Барса келмес» болып есептелді емес пе? Ол жерде шахтада ауыр жұмысқа жегілген болар. Ақталған соң елге оралу да қиын болған екен. Ол кезде құрлықпен қатынас жылына екі-ақ рет, пароход арқылы жүреді екен. Алғашқысына іліне алмапты. Оны жанында болған бір азамат үйге келіп айтып кетіпті. Ол соғыс басталып кеткен кез. СССР Жоғарғы кеңесінің «мерзімдерін өтеген адамдарды елге қайтармай, соғыс біткенше сол жерде жұмыс беріп бостандыққа шығарсын» деген жарлығы шығыпты. Мүмкін, соған байланысты алып қалған да болар. Жалпы, мұндай хабар ҰҚК арқылы келеді. Онда өте қатыгез, обал-сауап дегенді білмейтін сұрқай адамдар істеген болар. Сондықтан бізге әкем туралы жауап жібермеген немесе жетпеген, яғни жолда Семейде, әлде Қайнардың поштасында ма хабарды ұстап қалып, бізді еңіретіп қойған жауыздардың да ісі болуы мүмкін. Әйтеуір, жоғарыда айтылғандай, аса ауыр жолдардан өтіп, әкемнің ақталғаны туралы хабарды 1959 жылы институтта жүріп алдым.
Міне, осылайша, менің әкем Абыралы ауданының мектептері, оның ішінде, Қайнар орта мектебі үшін жазықсыз құрбан болды. Оны еске алмау, аруақты сыйламау дегенмен бірдей. Мұны келешек ұрпақ білуі қажет.
Болатбек НӘСЕНОВ,
ҰҒА академигі,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор