Серік СЕЙІТМАН. САҒЫНЫШТЫҢ САРЫ САУМАЛЫН ІШКЕНДЕ
05.11.2026
35
0

1982 жылғы 6 қаңтарда Түркістан облысы, Отырар ауданында туған. 1999 жылы Отырар ауданы, Шыт­ты ауылындағы А.Дәрібаев атындағы орта мектепті, 2003 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент бөлімінің филология факультетін, 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің магистратурасын, 2021 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің докторантурасын бітірген.
2006-2018 жылдар аралығында Қазақ радиосында редактор-жүргізуші, шолушы, «Руханият» бас редакциясы Бас редакторының орынбасары, Шалқар ұлт­тық радиосының Бас редакторы, Қазақ радиосының директоры, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директорының орынбасары қызмет­терін атқарды. Басшылық қызмет­те жүріп, өзі де хабарлар дайындап жүргізді. Олар бүгінде «Алтын қордың» қазынасына айналды.
2024 жылдан Астана қаласы әкімдігінің жанынандағы «ALQA» радиосының негізін қалаушы – Бас редакторы. «Қырсық қызға қолтаңба», «Қазақтың қаны», «Қара шаңырақ», «Домбыра», «Қамшының сабы» ат­ты жыр жинақтары жарық көрген.

 

АДАМ МЕН АҚБӨКЕН
Қойдың құны төмен екен өгізден,
Ойдың түбі терең екен теңізден.
Қиялымда ақбөкендер жөңкиді,
Бір-бірінің төлін теліп емізген.

Мүйізі алтын, өз бағасы тиын-ды,
Талай тағдыр жебе ұшында қиылды.
Жануар-ай, жаны сұлу жезкиік
Балажан ғой, бөкен қандай мейірлі!

Төбесінен төнсе-дағы зеңбірек,
Төлдеріне тұратұғын елжіреп.
Ақбөкенде неткен адамгершілік!
Жезкиікте, о не деген, кең жүрек!

Адамдардай олар бала сатпайды,
Ешбір лақты өгейсітіп жатпайды.
Құралайдың қай-қайсы да сондықтан
Жетімдіктің кермек дәмін татпайды.

Шарасызды шарпытатын жалынға,
Пенделігім сорым ба, әлде бағым ба?
Қаладағы адам қандай қатыгез
Даладағы ақбөкеннің жанында.

АНАМНЫҢ ТІЛЕГІ
Менің Анам сабырлы еді қайда да,
Ажарлы еді қарамай-ақ айнаға.
Басымыздан сөз асырмас біздерге,
Басу айтып отыратын жай ғана.

Аузымызға салып қойып құртынан,
Бұралқы сөз шығармайтын ұртынан.
«Тыныш, тыныш!» дейтін ылғи
Адамды,
Айыптауға кіріссек-ақ сыртынан.

Ұлы Өзеннің ұлағатын ұғыстық,
Тұнып ағып, тереңдеуге тырыстық.
Түбімізге не жетерін білгендей,
Тілің тісте, керек дейтін тыныштық.

Ағайынға тілегені – тыныштық,
Айтатұғын бір өлеңі – тыныштық.
Жат жүректі жанның өзін дос көрген,
Ақ тілекті анам елге тым ыстық.

Дәуірінде туғандықтан дүлейдің,
Сезген болар ұшқындарын үрейдің.
Діліменен дұға ететін
Күллі әлем,
Күн кешсін деп баласындай бір үйдің.

Біраз болды, жайсаң жүрек тоқтаған,
Қара басып, күйгелектеу боп барам.
Төңіректе соғыс өрті лап ет­ті,
Соның өзі анам жоқтан деп бағам…

ЕСЕКТЕН ҚҰЛАУ
Ес білгендер өмір сүрер есеппен,
Ессіз дәурен еркетайдан кеш өткен.
Құлдыраңдап құлын мінер кезімде
Қолым сынды құладым да есектен.

Балғын жастың жолы осылай кесілді,
Тұяқтыдан таба алмады еш үлгі.
Көзге момын көрінетін хайуанның,
Мал екенін қайдан білсін кесірлі?!

Қара жерде қанға бөкті ақ шекем,
Қателестің мұндай күйді бақ десең.
Тұяғының тепкісі ауыр тайқардан,
Жалын төсер төл жабағым жақсы екен.

Дүбірлетіп қосылам деп дүрмекке,
Алған сыйым ұятым боп тұр бет­те.
Кесапатын біле тұра,
Қай қазақ
Бұралқы есек жақсы депті мінбекке?

Әрбір істің болады екен қыр-сыры,
Ақырғыштың азаптады қырсығы,
Әудем жерге жетіп қалған әкемнің
Жанарынан бір тамшы жас ыршыды.

Көрдім сонда көп шындықты қапелім,
Кімдердің кім, ал нелердің не екенін:
Момын деген машақатын әңгінің,
Қатал деген мейірімін әкенің.

Сағыныштың сары саумалын ішкенде,
Күйім келмей, көзім алды іскенде.
Жанарыма жас келеді менің де
Жанашырым – әкем еске түскенде.

КІТАП ЖАЙЛЫ ХИКАЯ
Асыл әкем мәңгілікке тынықты,
Кімде қандай ойдың барын кім ұқты?
Жан бергенде жастығының астынан,
Баласының жыр кітабы шығыпты.

Жалған емес, солай болған расында,
Тағзым ет­тік төсек тартқан асылға.
Астанада арман қуып жүрген ұл,
Қарт әкенің бола алмады қасында.

Қойған кез­де тағдыр қилы сұрағын,
Қамқоршымның ақылы еді шырағым.
Естігенде кітап жайын ел-жұрт­тан,
Естен танып, егіл-тегіл жыладым.

Сезім кешпей өткен адам адам ба?
Пәк сезіммен арта түсер бағаң да.
Маған деген махаббатын әкемнің,
Көзін бұлап мойындады анам да.

Оянғанда әр таңымда қас қағып,
Ойлай берем жанарымнан жас тамып.
Қанша ақынның жыр кітабын қанша әке
Жұрт­тан тығып жатыр екен жастанып?..

КІТАПХАНА
Кітапхана!
Оқу залы!
Тыныштық!
Тыныштықтың өзі-дағы тым ыстық.
Тұлғалар тұр бір-бір томға айналып,
Ұлылармен үнсіз ғана ұғыстық.

Кітапхана!
Күбірі жоқ – үнсіздік,
Үнсіздіктің теңізінен сыр сүздік.
Ойынхана, сырахана – ханалар,
Ер қадірін ішіп-жеді құнсыз ғып.

Кітапхана!
Жан дүниемді жұтатпа,
Атам айтқан: «Артық білім – кітапта».
Адамзатқа алтын тұғыр – білім бұл,
Бұлбұлдар да бақыт­тырақ бұтақта.

Кітапхана!
Табанымда кілем көк,
Көк кілемді даққа басып жүрем тек.
Ұлылық-ай!
Ұлылығың сол болар:
Біле тұра мақтанбайсың «Білем!» деп.

Кітапхана!
Ұлылықтың аралы,
Жырақтаған кісі жаны жаралы.
Көз суарған көзәйнекті бір жігіт
Көз ұшында тұлғаланып барады.

МӘҺР
Адам болып туғандағы хақым не?
Абайламай, айналмайын кәпірге.
Келіншегім,
Қиылғанда некеміз,
Қиын нәрсе талап ет­ті мәһрге…

Туған жерге келін түссе ибалы,
Тақуаның аппақ неке қиғаны.
Салт бойынша сұрау салды бізге де,
Арыстан баб мешітінің имамы:

«Жойылмасын көне дәстүр құрметі,
Ол да, сен де – пайғамбардың үмбеті.
Ал келінжан, қалауыңды айт, қанеки,
Қар жандыру ер жігіт­тің міндеті»…

Несібеммен несиемді төлеймін,
Ауылы да алыс еді кең үйдің.
Рухани қысым болды
Молданың,
Мына сөзі баласына кедейдің.

Парасатсыз сезім оты алаулап,
Парықсызға қалмады ма арандап?
Жаяу Мұса секілденген жігіт­тің,
Жағдай-халі «жип» сұраса не болмақ?!.

Асыл жарым адам екен байсалды,
Өтініші өмір бақи ой салды:
Өзгелердей дүниеге құнықпай,
«Сезім менен сенім керек!» дей салды…

Содан бері өт­ті жылдар сабылып,
Ақталғандай асыл арман, ақ үміт.
Жұбайымның жанарында шат күлкі,
Жүрмесе де інжу-маржан тағынып.

Жанды уайымға салмайтұғын серіңнің
Тал бойында болады екен төзім мың.
Ұл-қызымыз гүл-қызғалдақ секілді,
Жайнап өскен бақшасында сезімнің.

Шын шат­тықтың табылғандай дерегі,
Егіз жүрек ертеңіне сенеді.
Болашаққа біздің үйдің бақытын,
Сезім менен Сенім бастап келеді.

ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ҰЯСЫ
Сүйіншілеп оралғандай даладан,
Таңдайынан бір тамаша тамады ән.
Біздің үйдің биігіне ұшып кеп,
Қос қарлығаш ұя салды жаңадан.

Саудыраған сабан қосып лайға,
Үй тұрғызды жеткізбей-ақ бір айға.
Байыз таппай бұлай бейнет кешуге,
Айтыңдаршы, кім көрінген шыдай ма?!

Аталығы – аналықтың ғашығы,
Аналығы – талықтың асылы.
Аз күннен соң құрылысшы қос тұмсық,
Шөжелерге шыбын-шіркей тасыды.

Азық іздеп кезіп жүрген Аспанды,
Құсқа қарап жанарымнан жас тамды.
Әрбіріміз осылардан үлгі алсақ,
Ешбір сәби болмас еді-ау тастанды.

Емінгенде балапандар сарыауыз,
Еске түсті балапандай баламыз.
Біздер-дағы жем тасыған әкеміз,
Біздер-дағы ұя басқан анамыз.

Көзге әкелген көңілімнің дүрбісін,
Әр жыл сайын оралса екен жыл құсым.
Адамзатқа алып-ұшқан кейпімен
Адамдықтың көрсеткендей үлгісін.

ҚУБАС АТ­тЫҢ ӨЛІМІ
Көз салып шартарапқа, шолсам қырды,
Қиялым қияларға жол салдырды.
Тағдырын Тарбағатай таңбалаған,
Тағылымы Қубас ат­тың тамсандырды.

Қубас ат жан серігі Қабанбайдың,
Тарихтан мұндай тұлпар таба алмаймын.
Жігіт­ті қырық жылдай жауға салған,
Түлікті хас батыр деп бағамдаймын.

Тау сынды тірек болған шалқайғанда,
Қабанбай Қубас атсыз марқайған ба?
Жануар жер бауырлап жатып қапты,
Қалжырап қартайғанда, әл тайғанда.

Сертіне сәйгүліктің сый болардай,
Ерлерге кеңес берді би Боранбай:
«Айдаңдар «Қабанбайлап» үйір жылқы,
Болмаңдар қылқұйрықты қинағандай!»

Үйренген аламаннан жеке келіп,
Текті екен тәні-рухы өте берік.
Жарықтық Жаратқанға жан тапсырды,
Шатқалды шың басына жете беріп.

Қайратсыз айғыр көрсем үйірінде,
Келмейді көңілімнің күйі мүлде.
Өңірде шыққандар көп шың басына,
Өмірде қалғандар аз биігінде.

Асудан қамшы салмай асқан дара,
Қубас ат арқау болар дастанға да.
Тасынан асқар таудың жастық тапқан,
Басынан биік оның Аспан ғана.

Тұлпарлар тұла бойын терге малсын,
Сұңқарлар самғап ұшып, өрге барсын.
Жалғанда қай биікке кім шықпайды?
Жігіт­тер, әз басыңыз төрде қалсын.

ОТАРБАДАҒЫ ОЙ
Терезеге телміртіп қайран уақыт,
Тағы бір таң маңайға қойған атып.
Қиылады көрші қыз – көркем ару,
Отарбада мен келем ойға батып.

Үш күнменен ілесіп үш түн өт­ті,
Бұрымдыдан басқасы түсті, кет­ті.
Бір купеде қамалып біз келеміз,
Аядай қыз аязды ыстық ет­ті.

Өзен ат­тап, көл кешіп, таудан астық,
Арт­та қалып вокзалдар, алға бастық.
Жүрісіміз өнсін деп, уақыт созып,
Сағыз сатқан апаймен саудаластық.

Рельске жабысып дөңгелегі,
Пойыз-дағы ерініп ол келеді.
Жылжымалы түрмедей отарбада,
Төзім, сабыр адамға ең керегі.

Көрген жанның жібіген тоң жүрегі,
Төнген жаудың шіріген көн білегі,
Таңдандырған керімнің келбеті емес,
Таң қалдырған жерімнің кеңдігі еді.

Көсілесің керіліп, Далам, қалай?
Адам қалай өзгерген, заман қалай?
Жол бастауға қаймығам кеңдігіңнен,
Қол бастаған деймін-ау бабам қалай?!

ДОМБЫРА
Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра.
Қадыр ақын
Нағыз қазақ арғы атамның баяғы,
Арғы өмірге ат­тап кет­ті аяғы.
Арғы атамның көзін көрген қауымнан,
Көзі тірі домбыра ғой аялы.

Тақымыңа тайғақ-кешу жолда сын,
Мықты болсаң, сонда рухың солмасын.
Қоңыр даусын жоғалтқан жоқ домбыра,
Қақ төбесін ойғанда да қорғасын.

Сол домбыра – қасиет­тім, киелім,
Одан артық кімді қалай сүйемін?
Төрімдегі бас қонақ қып сүйегін,
Мойнымдағы тұмар ет­тім тиегін.

Домбыраның пернесінде ән ғажап,
Домбыраның шанағында зарлы азап.
Қазақ болып қалды мәңгі домбыра,
Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір