Сарша тамыз. Сары жел. Сары бала…
04.12.2024
311
0

Қойлыбай Асан

Біздің елде…

Біздің елде үш жүзжылдық еменнен,
Табиғат­тың түрін көрдім көнерген…
Қоңыр қаз да қартайыпты, әнекей,
Әрең ұшып бара жатыр төбемнен.

Дүнияның дидарынан нұр тайып,
Түбі тесік жағалауда тұр қайық…
Адамзат­тың ақыр күнін кім білсін,
Көктен xабар жеткізгенше бір ғайып…

Қобыз кеудем қаңсып, босқа ескірмей,
Адам шіркін, қателігін кеш білмей,
Өтсе өмір арман бар ма, дариға-ай,
Жоқтау жыры беймезгілде естілмей…

Бізді ұмытып, кеткен-ау сол ғайып нұр,
Қыздан қылық, серт­тен жігіт тайып тұр.
Ар абдырап, намыс налып әнекей,
Надандарға төлеп жатыр айыппұл?!

Анасына тіл тигізді жас бала!
Кәрі қарға бет шымшыды, масқара!
Көз алдымда көлбеңдеді үш жүз жыл,
Өзгермеген қырдағы анау тас қана…

Әлі мұның көп екен ғой көрері,
Кәрі еменнің құрт­тары еді қорегі.
Қарға байғұс қалғып кет­ті, о тоба!
Күн батыстан таң рауандап келеді…

* * *
Көкте күнім, ай, жұлдыз куәгерім,
Тіршіліктің аралап нұр әлемін.
Түйсінгенім көгілдір кеңістікке,
Керегім бар сияқты, сірә, менің…

Керегім бар, деп санам сабақтайды,
Қиял байғұс ой құзға қонақтайды.
Керегім бар, әйтпесе мына мені,
Құр бекерге Тәңірім жаратпайды.

Биік қойып тән ләззат, тоқшылығын,
Күншілдікке айырбастап жақсы күнін.
Тазартарын білместен ғұмыр өт­ті-ау,
Мың күнәні тозаңдай жақсылығың…

Тіршіліктің аралап сайран бағын,
Түсіне алмай дал болдым пайдам барын.
Содан ке­йін ақиқат жолын салған,
Еске түсті Мұхаммед пайғамбарым.

Қызылшақа торғайдың балапанын,
Жайлап жерден көтерді алақаным.
Сұр жыланға жем қылмай, ұясына,
Салғанымды сауапқа жаратамын…

Қаншама рет ақталдым ар алдында,
Ойға қалдым сол іске оралдым да…
Жаратушы Алланың құдіретімен,
Тек сол үшін адам боп
жаралдым ба?!

Жай келмейді өмірге адам анық,
Айлар өтіп барады, заман ағып.
Сары баланың жинаған бар сауабы,
Балапанды қалғаны аман алып…

* * *
Қоңырайған ауылдың шетін ала,
Жетім кемпір тұратын, жетім бала.
Жалғыз сиыр, екі-үш қой,
шымнан соққан,
Қорасының қылатын өтін пана.

Көп болса да ананың мұңайуы,
Бала барса, естілер шырай үні…
Қыстық отын, шөп еді қос шөмеле,
Кейуана байғұстың уайымы…

Ісі болмай жел сөзбен,
басқасымен,
Күн ұзаққа алысып бақшасымен.
Шөбін сатып алатын қайран ана,
Азын аулақ үкімет ақшасымен.
Кәріліктің келген соң бекетіне,
Тағдыр шіркін, қалдырды-ау жел өтіне.
Маңдай тердің өтеуі азын-аулақ ,
Зейнетақы жететін зекетіне.

Жүрек налып көршінің өсегінен,
Бойы шөгіп тағдырдың кеселінен.
Құрбан шалып, шалына дұға жасар,
Қой сатып ап, келесі ай есебінен.

Көп еді ғой қызығы көре-тұғын,
Бір Аллаға тек қана сене-тұғын.
Шөп, көмірден артылса тиын-тебен,
Немересін мәз қылып, бере-тұғын.

Адалдықтан жан еді нәсіп терген,
Жоқшылықтың тайғағын кешіп көрген.
Қой соңында өткізген қырық жылға,
Қырық мың теңге үкімет кесіп берген.

Жайнамазын қалдырды аманат қып,
Сөз айтпады ешкімді жаманат қып.
Өт­ті өмірден…Кейуана сауап жиып,
Бәріне де шүкір деп, қанағат қып…

Ауыл барсақ қараша үй қамығады,
Анаң барда бұл ғұмыр мағыналы…
Құрсауланған құманмен шай ішетін,
Қоңыр кешті көңілім сағынады…

Күзгі көңіл

Қара суық, қараша үй, құлан дала,
Көкті жалғыз шолып жүр қыран ғана.
Қалың бейітке сүйенген көк тастардың,
Сұсы қашып барады қуаңдана…

Иесіне үйренген лау болып ,
Кірпігіне күреңнің қырау қонып,
Жал құйрығы ұйысып қара желмен,
Сабалайды саурынын дырау болып.

Көшкен бұлт­тың ұзатып құмай көшін.
«Енді қайтып бермейді шырай бесін» –
деп қарт шопан түсі оңған көнетоздау,
Ат үстінде қымтанды күпәйкесін.

Қаңбақ кет­ті домалап табанынан,
Тозаң ұшты жусанның сабағынан.
Көкжиекке таусылып көп қарады,
Жас аққанша жылусыз жанарынан…

Тастағандай күз көрпе тысын ашып,
Қарабұжыр қой тастың сұсы қашып,
Қой соңында қарт шопан қараяды,
Қара күздің көңілді мысы басып…

Ойы терең мұң басып ұғымының,
Бүлдіргені тозыпты-ау құрығының…
Жетімсіреп көңілі сала берді,
Күзі ғана қалғандай ғұмырының…
Сарша тамыз.

Сары жел. Сары бала…

Бесін еді… дүниені мұнар басып,
Жүрегінде беймаза мұң алмасып.
Әрі-сәрі күй кешіп тұрғанында,
Аққу үні естілді. Сыңар ғашық…

Жалғыз аққу… аспанда айналады,
Жанарына кермек жас байланады.
Сай сүйекті барады сырқыратып,
Мұңлы аққудың сыңсыған сайғақ әні…

Сары желмен қурайдың сарнағаны,
Аққу құстың самарқау самғағаны.
Құлан жортпас құла түз безереді…
Көп болды ғой ақ жауын тамбағалы.

Жалғыз аққу, сары қурай, сары дала,
Су тамбаған қара жер, тәні – жара.
Қой соңында келеді ойға батып,
Күрең атын қамшылап сары бала.

Қойшы бала жас еді, өндір еді,
Табиғатпен үндесіп жан-жүрегі.
Сыңар аққу, сары жел, сары қурай,
Бетпақ дала бейдауа телміреді…

Санада қалған сурет

Ақша бұлт­тар тоғысып бір-бірімен,
Жасырады біздерден күнді, білем.
Жер ошақтың түтінін жел жұтады,
Ақбоз үйдің шыққасын түндігінен.

Сәл сіркіреп тамшылар басылады,
Ақша бұлт­тар алысқа асығады.
Қоздап жанған қи-тезек қызарады,
Күйе шәйнек ән салып мосыдағы.

Кеше ғана жаз еді, күн шырайлы,
Қара суық, өкпек жел. Кім шыдайды.
Желі басы құлазып бос қалыпты,
Құмай тазы құмығып қыңсылайды.

Жаз өтеді. Мезгілге бәрі көнер,
Дей алмассыз ғұмырдың мәні бекер.
Қос құлағын қайшылап, елегзиді,
Тұсамысы үзілген Торы төбел.

Кәрі мысық жаңылып ермегінен,
Көз айырмас сырмақтың өрнегінен.
Қара қазан ошақта бүлкілдейді,
Майлы сорпа тамшылап ернеуінен.

Кепкен талдың қолында жұқанасы,
Шоқ көсейді мейрімді от анасы.
Сары баланың қасында жатыр әне,
Ақжемделген «Қан мен тер» мұқабасы.

Күзгі суық. Түскендей ел еңсесі,
Кернау ойдың сұстанып, керең сесі.
Күн еңкейіп барады күреңітіп,
Киіз үйдің ұзарып көлеңкесі.

Жаңаарқаның қымызы

Мамыр соңы… тобылғы гүлдегенде,
Ғашық қылған кез еді бізді өлеңге…
Тау мұнартып, қырқалар гүл жамылып,
Бір ғажайып сәт туған нұрлы әлемге.

Сары белге сән берген сағым кілем,
Балалықтың бәйкүнә шағын білем.
Қаймақ жағып, қымыздың бабы үшін,
Күбі ыстайтын анамыз тобылғымен.

Ең алғашқы май қымыз ішкен күні,
Адамдардың масайар үштен бірі.
Әр балаға жүз рет санатқанда,
Бал татиды мың рет піскен күбі.

Салып қойып сүр қазы ұрт­тарына,
Сары қымыз малынып мұрт­тарына.
«Биылғы қыс жылқыға жайлы болмақ, –
дейді қарт­тар – иншалла жұрт бағына»

Содан ке­йін әңгіме бағамынан,
Аңдайтыным хан Кене заманынан.
Ұзақ сонар хикая басталатын,
Ағыбайдың ақ жолтай қадамынан…

Бірте-бірте дауыстар саңқылдайды,
Ірге түрік, самалмен салқындайды.
Тауарихтың тартады тұңғиығы,
Шара толы сары қымыз сарқылмайды.

Осы екен ғой қазақтың құмай бағы,
Тобылғыдай қызарып шырайлары.
Енді бір кез өнерге ауысады,
«Тау ішінде» Сәкеннің ұнайды әні.

Қайран қарт­тар осылай ой ақтарып,
Бал қымызға отырар тоятанып.
Хан Кенемен басталған әңгімесі,
Сәкенменен жатушы еді аяқталып.

Сөз жарықтық біте ме бұл ғаламда,
Қымыз күші қаныңда тулағанда.
Сол қарт­тардың еске алам әңгімесін,
Оксфордтың дәрісін тыңдағанда…

Заман басқа. Әр сөзді үнем көрем,
Біздің ұрпақ интернет жүгендеген.
Қазыналы қарт­тарым қайда менің,
Қымыз ішіп, тарихты түгендеген?!

Ошақ

Енді-енді қауыз жарған сайдың гүлі,
Жайлауға ерте көштік қайбір жылы.
Апанда қар жататын ерімеген,
Түн суық, бозымықтау айдың нұры.

Жалғыз үй жапандағы, ой қуалап…
Ойыншығы – балалардың қой құмалақ.
Бауырына тығыламыз анамыздың,
Жабықтан жалғыз көзді Ай сығалап.

Бала едік, көңіліміз тоқ болатын,
Арманның көкке ұшырған ақ қанатын.
Ертемен анам, біздер тоңбасын деп,
Сиырдың жапасымен от жағатын.

Ошақтың оты маздап, қозданатын,
Бой жылып, кез еді ғой мәз болатын.
Қараша үй түңілігін түрген кез­де,
Қағатын көк жүзінде қаз қанатын.

Нәр алған ілкі заман ілімінен,
Ұрпақтың дәстүр жайлы білуі кем.
Жапанда жапа теріп, қиял кезіп,
Ошақтың өсіп едік жылуымен.

Көкте күн, жерде сәби күлімдеген,
Қарлығаш ұя салса, ырым көрем…
Қой баққан, қоңыр белде құлын ғұмыр,
Жалғыздық – ой екен ғой, ілім деген.

Бұл тағдыр кез қылмады қай дауылға?!
Бір соқсам қайта айналып, қойлы ауылға.
Ошақтың қызуынан қуат алып,
Уақыт табар едім ойлануға….

Қайда екен, балалық шақ… баяғы әнім,
Өшірмей үмітімді аяла мұң…
Ошақтың маздап жанған отын аңсап,
Кей күні тәнім мұздап оянамын.

* * *
Жыл алыстап, сағыныш баяулады,
Күн күрсініп, төбеден ай аунады…
Сарша тамыз, сары жел,сары бала….
Жалқы ғұмыр – жүректің қаяу дағы.

Бақ іздеді, тірліктен нәсіп жыйып,
Таңы тозақ ғұмырдан, кеші күйік…
Елу жылғы еменнің түбіне кеп,
Көз жіберді өткенге есін жыйып.

Қатарының бірі – «ойшыл», бірі – «дана»,
«Жыры жақұт» бірінің – «үні дара».
Сары баланың есінде қалған бақыт,
Қоңыр белде қой баққан күні ғана…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір