САРЫ ДАЛАМ ТҮСЕДІ ЖИІ ЕСІМЕ…
11.03.2025
117
0

Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ

Алмасы да
албыраған қалада

Жылжып емес, жылдар зулап бара ма?
Өшпейтіндей із қалдырып санаға.
Келдің несін сезіміңді өртке орап,
Алмасы да албыраған қалаға?

Шырақтармен сәлемдесіп жұлдыздар,
Үкіде­йін үлбірейтін гүл-қыздар.
Бізден биік жандар мұнда тұрған деп,
Асқақтығын жасыратын шың құздар.

Есеңгіреп ұзақ жауған жаңбырдан,
Жанды ұмытып көңілімді қалдырған…
Алмасы да албыраған қалада,
Несін ғана шықтым екен алдынан?!

Қызыл көйлек, сақта мені желіктен,
Ессіз желмен бұрын ойнап көріп пе ең?
Арыстанның дәтін сезген алапат,
Тағдырым бір жалбарынған елікпен.

Аяладың, қонған еді солай бақ,
Ат­танғансың, қайта-қайта қарайлап.
Алма пісті, түсті жерге, ал менің
Жүзім әлі албырайды сені ойлап…

Төркін болса

Баратын сағынғанда төркін болса,
Төркінде бауыр дейтін көркің болса,
Есіктен құлдыраңдап ұлың кірсе,
Және ешкім «әй!» демейтін еркін болса.

Ішінде ана дейтін жарық болса,
Тәт­тіге немерелер қарық болса.
Әпкелер құрақ ұшып, барар үйге,
Толықтап сәлемдеме салып болса.

Көңілің Алатаудай аспандаса,
Көргенде қуанбаған дос қалмаса.
Есіктен бірде кіріп, бірде шығып,
Ағаның жанарынан жас парласа.

Шақыратын кезекпенен,
Қарсы алып, құрақ ұшып өбектеген.
Әкеге барып қайтсаң қырда жатқан,
Аруағы қолдап жүрген, жебеп келген.

Ал туыс…
Көбелек қуанғаннан гүлге құлап,
Шапқылап құлын-таймен бірге бұлақ…
Досыңмен ағыл-тегіл сыр айтысып,
Қуанып, бірде күліп, бірде жылап.

Арылып сағыныштан ертіп келген,
Оятсаң балалықты желпіп төрден…
Алаңсыз бір ұйықтасаң шәугімдегі
Қазыдан жеп анашың кертіп берген.

Алтайдың басы сонда мұнар болса,
Жүрегі түкті біреу шығар болса.
Бірге еріп келген ұлың кетеріңде,
Қалам деп, сіңліңде жылар болса…

Отырам қайта орныма, алға ұмсынып,
Кірпікте себезгілер жаңбыр тұнып,
Сондай бір төркін бар еді, амал қанша,
Бөліп тұр арамызды жалғыз сызық!

Айсұңқарға

Аяз қарт­ты ат­тандырып Сібірге,
Тыныш тірлік ауысқанда күбірге,
Іңгәлаған дауысыңнан селт етіп,
Жердің үсті толып кет­ті дүбірге!

Қайта-қайта қарашықта кілкілдеп,
Көздің жасы қуаныштан сүртілмек.
Құралайдың асығындай бір жүрек,
Бауырымда соғып жат­ты бүлкілдеп!

Талықсыған тынысыма дем бердің,
Қалтыраған шырайыма өң бердің.
Он тоғыз жыл қол жайып ем Тәңірге,
Білектерім талған кез­де, сен келдің…

Алатаумен иықтассын арманың,
Дос-жаранға толып жүрсін бар маңың.
Өмір – теңіз, соқса дауыл кемеңді,
Қозғалта алмас болса екен салмағың!

Елің азат, көз алартар саған кім?
Мәпелермін жеткенінше шамамның.
Сен жыласаң, байыз таппай кетемін,
Бұзылғандай тыныштығы ғаламның.

Дүние есігі ашылатын кез ұлы,
Сыналатын аналардың төзімі.
Сен шыр ет­тің, қонақтады маған кеп,
Жеміс берген алма ағаштың сезімі!

Сүт иісіңмен үйге жұмақ келгендей,
Күлкің барша мұңдарымды жеңгендей.
Періштелер қорғап жүреді дейді ғой,
Олар сені күзете ме дәл мендей?!

Сен туған күн тілек жауды қаншама,
(Өзге жұрт­тан бөгде бақыт аңсама).
Елге пайдаң тисе болды, құлыным,
Мен жетпеген арманды іздеп шаршама…

Тым ұзақтау жыр жаздым ба балама,
Бізге емес, халыққа ұл бол, бола ма?!
Аластарсың саңқылдаған үніңмен,
Қарға, құзғын толып кетсе далама.

Баудың жібі

«Қайда қалды», – дейсің бе балғын күнің,
Балғын күнді есіме алдым бүгін.
Сырлы ыдысқа жататын бояп анам,
Қой жүнінен иірген баудың жібін.

Баудан ке­йін тоқылар басқұрыңыз,
Жоғалмасын осы бір дәстүріміз.
Басқұр тоқу келмесе қолыңыздан,
Қолы шебер біреуге тапсырыңыз.

Ғұмыр кешкем жоқ па өзі мен ертеде,
Әлде жылдар бізді тез жөнелте ме?
Шырышталған сырмақтың оюларын,
Тіккен кез­дер есімде көлеңкеде…

Шоқысы мен шоқысы иықтасқан,
Тау сығалар, күн тұрса сүйіп бастан.
Ат суарған баланың, қалжыңы аздай,
Көлеңкесі өренің тиіп-қашқан.
Су алғалы барғанда тас тұмадан,
Шелегіңді ап қашқан жақсы ма адам?
Мен оқуға кеткен күн қылжақбас ұл,
Автобустың соңынан шапқылаған…

Көлік жүйткіп шыққанда бұраң белге,
Қол бұлғайсың, туған жер, мұнар көлге.
Бір ноқат боп ол арт­та қала берген,
Шапқылаумен «жетем» деп біраз жерге.

…Қараша үйге еге боп, бір ермегі,
Маңдайына түсіпті жыл өрнегі.
Қимылымен айтып еді «есейдің» деп,
Тізесінде отырған жүгермегі.

Ке­йін қайтқан бар кімнің бала шағы,
Қуған сайын белдерден әрі асады.
Жер ошақта құрт қайнар кешегідей,
Жүгермектер көбікке таласады.

Санай ма екен енді олар бізді бөтен,
Біз жоқта да күн солай күлді ме екен?
Ақ боз ат мен кеткен күн қамшы жеген,
Неге сонша ұрғанын білді ме екен?!

Жолықтырма, Тәңірім, қайғы еліне,
Тозаң қонғыш көңілдің әйнегіне.
Мүйізіндей сол баудың көлбейді өмір,
Келдім екен, дариға-ай, қай жеріне?!

Қарғалдақ

Аңыз-ғұмыр, ән-ғұмыр, масаң ғұмыр,
Сағыныш қой, қалмайды қашанғы бұл?
Сұлап түсті сәуірде жауған қардан,
Гүлдерге де қиянат жасалды бір.

Күндерінің күлкі емес, көбі майдан,
Алып қалған бір нота «Елім-айдан».
Қар жауған күн Алтайға гүл ашатын
Көктем гүлі, түсінсін сені қайдан?!

Мініп кеткем, келместің кемесіне,
Тағы алдым несіне сені есіме?..
Иілмейтін, сынбайтын бір шоқ гүлін,
Тік көтеріп ұстайтын төбесіне!

Өспей-тұғын ол таудың баурайына,
Басына шық, жолдың түс шалғайына.
Теріп өстім,
О, Алтай, сенде туу,
Жазылмаған әркімнің маңдайына!

Сары қурай

Сары қурай сыбызғы кесіп алма,
Сағынба да, сен мені есіңе алма.
Өкінгенмен не пайда, өтеді өмір,
Іздеп келе алмаса есі барда?

Тас лақтырып қусам ба тазы-мұңға,
Әлде бұл мұң – бітпейтін азығым ба?
Сары қурай сызылып, неге өсті екен,
Біздің ғана ауылдың жазығында?

Тепкіленер бұрқырап буы, бұлақ,
Бек қазушы ек, беткейден, жуынып ап.
Сары қурайға қол созар бейтаныс жан,
Мүйіз сапты пышағын суырып ап.
Сары қурайға неліктен құмар бұлай,
Іздеп кепті алыстан, шыдам қылмай.
Сыңсып қоя беретін соқса самал,
Сағыныштан жаратқан шығар Құдай.

Сары қурайдың кім білсін киесі не?
Сары далам түседі жиі есіме.
«Бұйымтайың осы ма» дегенде­йін,
Ат бас шұлғып, қарайтын иесіне.

Сары тезектің отында шай қайнаған,
Атам шалар сыбызғы, қайғы ойлаған.
…Сағынудың дертінен айыға алмай,
Біреу көрсең, ол – менмін айғайлаған!

Туған жердің моласы

Түн болғанда түстен іздеп, күнде ойлап,
Жазығы жоқ ақ қағазды шимайлап,
Туған жерді, жел мүжіген моланы,
Қимай-қимай кетіп қалдық біз бейбақ.

Сонан болар ашық күнде түнердім,
Сіркіреді тас төбемнен сібер мұң.
Көріп тұрып, көрмей қойған көздер мен
Айтылмаған сөйлемдерден мың өлдім.

Аз жақсыны медет тұт­тық, дос көрдік.
Сағынышым еріп жүрді ес болып…
Қарқарадай көрінетін талайды,
Өзіме аян кеткендігім жек көріп.

Арасында жүрген болам дүрмектің,
Бұл сырқатпен қалай өмір сүрмекпін?
Туған жердің моласы да қалқиған
Айбалтадай айбар екен, білмеппін!

Тіршіліктің айтылмаған бар әні,
(Мен ғана ма жер бетінде жаралы?)
…Біз кетерміз бір күндері, моламыз,
Ұрпақтарға ес боп жүрсе жарады…

Бөтен кісі

Арзандау шат­тықты алымсынбай,
Қымбатқа мұң сатып алған кісі.
Өмірдің керуен базарында,
Оқыстан жолығып қалған кісі.

Жалғыз-ақ ұрт­тап тауысардай,
Көздері өңменнен өткен кісі.
Және де сені ойлап тауыса алмай,
Қиялға ілесіп кеткен кісі.

«Тоқташы, айтатын сөзім бар», – деп,
Назарды өзіне бұрған кісі.
«Мен едім жолықпай жүрген жан», – деп,
Қасқайып алдымда тұрған кісі.

Болғанмен ежелден сөзі таныс,
Бейтаныс боп өзі келген кісі.
Тығылып қалғаннан еш пайда жоқ,
«Көздерін жұмса да көрген кісі».

«Ақыл сөз құлаққа кірмейді», – деп,
Әзілдің шарабын ішкен кісі.
Өзіме қайтарып беріңізші,
Ұйқыма ұрлыққа түскен кісі.

Тезектің шайы

Ұшуға әлім қалмады, қауырсын құлап,
Сағыныш табын көзімнен танырсың бірақ.
Білектей бұрым мойынды талдыратұғын,
Қай заман сенен кеткелі, Самырсын бұлақ!

Жұлдызды төмен таятып тастағанынан,
Айдың да иісі білінер тостағанынан.
Жеңгем қайнатқан сол шайдың
жұмсақтығын-ай,
Білінбей өтіп кететін-ақ тамағыңнан.

Самырсын бұлақ келбетін түн ұрлайтұғын,
Таң ата бере самал жел сыбырлайтұғын.
Тезектің оты лап етпей сипайтын еппен,
Бұлақтың суы шәугімде шымырлайтұғын.

Онда біз жаңа басталған бір өлең едік,
Жете алмай ке­йін сағынып, жүдеген едік.
Арғымақ-арман артына мойын бұрмады,
Сұңғақтау болып бойжет­тік Ілеге келіп.

Қала мен дала көз жетіп айырмасына,
Ұзарды бұрым, салмақ аз мойында, сірә.
Не білдік екен?
Бәріміз қосылушы едік,
Мұңдарға толы бір әннің қайырмасына…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір