Сұлулық пен сағыныштың жыршысы
26.08.2025
257
1

Қазақтың ғажайып ақыны Исраил Сапарбайды еске алған кезде ең бірінші ойға оралатыны – сұлулық. Ол кісінің жырларынан бастап жүріс-тұрысына дейін бір сұлу болмыстың иісін сезетінбіз. Оның поэзиясы – қарапайым қазақтың жан дүниесін, махаббат пен сағынышты, іңкәрлік пен іштей күйзелісті ғажайып нәзіктікпен жеткізген сырлы әлем. Ол кісінің өлеңдерінен табиғатты, адамды, сезімді, уақытты сүйе білудің ғажап үлгісін табасың.

Исраил ақын махаббатты дәріптеуде тек сезімнің емес, ардың ақыны болды. Ол үшін махаббат – пенделік құмарлық емес, жан мен жүректің шын адалдығы, адамның ең асыл болмысы еді.
Әлі есімде… Сонау 1991 жыл еді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген бозбала кезім. Кешкілік үй ішімізбен теледидар алдында отырғанбыз. Экраннан ақын Исраил Сапарбайдың 50 жасына арналған шығармашылық жыр кеші беріліп жатты. Оған дейін ол кісінің аты-жөнімен мүлде таныс емес едім. Бірақ сол кештен бастап менің поэзияға деген көзқарасым мүлде өзгеріп, көңіл төрімде ақын Исраил Сапарбай деген есім мәңгілікке сақталып қалды.
Сахнада ақын өлеңдерін шеберлікпен оқыған театр әртістері мен жүрек тербер әндерді орындаған сол дәуірдің танымал әншілері – бәрі де мені баурап алды. Әсіресе ақынның лирикалық өлеңдеріндегі нәзік сезім мен шынайы сыр, сол сырдың әуезді әнге айналған сәттері менің бала қиялымды тербеп, жүрегімнің бір түкпіріне жұмсақ із қалдырды.
Ертеңіне-ақ асығып-аптығып, мектеп кітапханасына жүгірдім. Қолыма тиген алғашқы жыр жинағы – «Ғашықтың тілі». Қазынаның есігін ашқандай қуан­дым. Кітапты үйге келе жата-жастанып оқуға кірістім. Әр беті тұтас бір әлем, әр өлеңі жүрек тербеген күй. Бұл – жай ғана өлеңдер емес, бұл – мені өзіммен табыстырған, жас көңілімді сергелдеңге салған алғашқы махаббаттың, алғаш рет сезінген толқыныстың көркем айнасы еді.
Өзімізше шаш қайырып, жағамызды түзеп, жігіт болуға талпынған, көңілге алғаш көктем енген бозбалалық шағымыз. Алғашқы шимай-шатпақтарым аудандық газетке жарияланып, аядай ауылға «ақын бала» атанып қалған кезім. Қолға қалам алып, алғашқы ғашығыма деген сезімді өлең етіп жеткізгім келеді. Жүрек айтқысы келеді, бірақ сөз жетпейді. Жазам… Өшіріп тастаймын. Тағы жазам… Тағы да көңілім толмайды.
Содан амалсыз Исраил Сапарбайдың өлеңдеріне жүгінем. Кейде жырларының бір-екі шумағын сол күйінде көшіріп, өзімнің «шығармама» жымын білдірмей енгізіп қоямын. Көшірдім бе, ұрладым ба – ол кезде оның бәрі үлкен ақынға деген шынайы сүйіспеншіліктің, жастық сезім мен шығармашылық балалықтың бір белгісі болатын. Қазір күліп еске алам, бірақ сол сәттер жүрекке тым ыстық.
Исраил Сапарбай тек ақын емес еді. Қалам мен қасиет оның бойындағы қос қанаты еді. Поэзия оның негізгі миссиясы болса да, драматургияда, аудармада, әдеби сында, тіпті сазгерлік өнерде де өзіндік өрнек қалдырды. Оның жазған ән мәтіндерінсіз қазіргі қазақ эстрадасы тұл, көңілсіз, жарым-жарты боп көрінер еді.
«Егіз лебіз», «Махаббат мәңгі ертегі», «Қазақ қызы», «Қоштасудың қиыны-ай» сияқты әндер халықтың өміріне сіңіп кеткен. Бұл әндерді әр қазақ кем дегенде бір рет шырқап, жүрекпен айтқан. Ол – ұлттың рухын, жанының лүпілін сезіне алған сирек талант иесі.
Исраил ақынның қаламы – таза, ниеті – ақ, жүрегі – кең еді. Ол ешқашан біреуге өкпе артып, әдебиет майданында таласқа түсіп, атақ үшін айтысқан жоқ. Ол – шын мәнінде рухани тәкаппар, таза жан еді. Өз соқпағымен, өз тыныштығымен жүріп өтті. Сұлулыққа тұнған сырбаз соқпағы бүкіл әдебиетке жол ашып кетті.
2016 жылы Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы филормонияда «Елге сағыныш» атты шығармашылық жыр кешім өтті. Шашбауымды көтеріп Алматыдан бір топ қаламгер замандастарым мен өнер иелері барды. Сол көшті де осы Исраил көкем бастап барып еді. Кезекті сөз кезегі беріліп сахна төріне шыққанда: «Менің Әлібегім – сіздерге жай келіп тұрған жоқ, осы топырақтан сіңген, өзінің ақындық, азаматтық, перзенттік сағынышын алып келіп тұр. Өз балаңды, өз бауырыңды құшағыңды ашып қарсы ал, айналайын, ағайын!» – деп, ағынан ақтарыла сөйлеп еді.
Біз Исраил Сапарбайды «көке» дейтінбіз. Бұл – жай ғана жасы үлкен адамға деген құрғақ құрмет емес. Бұл сөз – ыстық сөз. Бұл сөз – сағынышпен, құрметпен, сүйіспеншілікпен айтылатын сөз.
Исраил көкем – сондай жан еді. Жаны мейірімге толы, мінезі жұмсақ, ниеті таза адам. Ол өзінің шығармашылығымен қандай нәзік болса, ішкі жан дүниесімен де сондай сезімтал еді. Әсіресе жары – Жұпар апамыз дүниеден озғанда, көкеміздің жанын ауыр қайғы тербеткенін бәріміз сездік.
Қаскелеңдегі үйіне көңіл айтып барғанда, Исраил көкем бізді көріп балаша қуанды. Қаралы үй болған соң көңіл айтып келіп-кетіп жатқан адамдар да көп. Сондай бір сәтте өзінің жүрегін отырған жұрт алдында жайып салып, былай деп еді:
«Қадіріңді білмеген шығармын, қателескен жерім көп шығар. Елдің адамы болып көп жағдайда үйді де ұмытқан кезім болған шығар, сен соның бәріне көне білдің ғой, Жұпар-ау…» деп, жанының шынайы дауысымен ақтарылып еді.
Мұндай сөзді тек шын сезім, шын өкініш, шын махаббат иесі ғана айта алады. Енді, міне, сол жарының соңынан өзі де аттанып кетті…
Ол кісінің тағы бір ерекшелігі: әлдекімдердей ешқашан топтасып, біреуге ықпал етіп, біреуді жолдан тайдырып, әдебиеттегі кейбір болып жататын «ит тірлікке» араласқан емес. Ол тек жүрегінің үнін тыңдады, тек өлеңмен өмір сүрді. Өмірдің мағынасын поэзиядан тапты.
Ол енді тек жеке бір тұлға емес – әдебиетіміздің үлкен кезеңі, сөз өнерінің асқар шыңы, поэзиямыздың көктемі.
Исраил Сапарбай – пенделікпен емес, парасатпен өмір сүрген жан еді. Ол бізге поэзияны сүйе білуді, сұлулықты көре білуді, сағынышқа адал болуды үйретіп кетті. Енді оның жырларын оқыған сайын, жүрегімізге жырдан ескен жұпар иісі келеді. Оның әр өлеңі – көктемнің бір тынысы, махаббаттың бір сәті, сағыныштың бір тамшысы.

Әлібек Шегебай,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

ПІКІРЛЕР1
Аноним 26.08.2025 | 21:22

әліде ширатып әсерлеп терең бойлап жаза түсу керек. бір мақаламен исрайил көкеңді көрсете алмайсың.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір