СЕРІК ОТЫРҒАН ОРЫНДЫҚ
13.05.2024
100
0

Өткен жылдың тамылжыған мамыр айы. Ортаншы немеремді Өтеген батыр кентіндегі мектебіне апарып, орталық Г.Титов көшесіне түстім. Іргедегі «Қазпошта» бөлімшесіне кіріп, тиесілі газетімді алмақшымын. Мына қызықты қараңыз! Автобус аялдамасы жанындағы ұзына бойғы орындықта Серік інім бір қырын отыр. Алыстан таныдым. Жақындай түстім де, аяғымды ептеп басып, ту сыртынан келдім де екі алақаныммен көзін көлегейледім. Шалт қимылдап, салалы сусағымен қолымды сипалады. «Бұл қайсың-ау?!», – деді қарлығыңқы дауысымен. Әрі қарай қинамайын деп алақанымды жаздым. Аңқылдаған көңілмен: «Оу, Қареке сен қайдан жүрсің?», – деді менің тосын әркетіме таңғалып.

Әңгімені ұзатпай жағдайды баян­дадым. «Жаңа Қуат» ауылының тұрғынына айналғанымды айттым. Ол өзінің Байсеркеде тұратынын жеткізді. Осындағы салық комитетіне тапсыратын, басқадай да жөндейтін қағаздары бар екен. Асығып тұрғаны сезілді. Жолынан қалдырғым келмеді. «Әлі талай жолығармыз. Аман-сау жүр!», – деп ілби жеткен автобусқа отырғыздым. Әдірем қалғыр қу тірлік! Аузын ашса көмейі көрінетін, мағыналы ғұмырында қара қалам қуатымен шырылдап Аралға араша түскен, Сыр-Ана туралы сыр ақтарған, тусыраған Бетпақ даланы тұлдыр шөл емесін, шырайлы Шығыстағы Алтайдың атажұрт екенін тебірене, тамылжыта жеткізген өкше басқан Серік інімді соңғы рет көріп, дидарласқанымды қалайша ұмытайын. Қамшының сабындай қысқа болған, беу дүние-ай!
Мінеки, қазақ публицистикасына, телевидениесіне, әдебиетіне хал-қадірінше мол олжа салған Серік Байхонов інімнің келместің кемесіне мінгеніне де қырық күнге жуықтапты. Жолым түсіп, жоғарыдағы оқиға болған жерге жиі барамын. Отырған орындығы сол қалпында. Алайда Серіктің ізі жатыр да, өзі жоқ! Айтпағым, ілтипатшыл ініміздің міне, жарық дүниедегі екінші өмірі басталған сәтте онымен сыйлас болғандар, құзырлы мекемелер мен қоғамдық ұйымдар: «Серіктің туған ауылы, оқыған мектебі мен университеті, қызмет еткен мекемесі тұрған үйі еді», – деп қозғау салуды, осылайша оның есімін қастерлеу турасындағы мәселені назарында ұстаса екен. Көркем туындысын топтастырып, таңдамалы жинағын шығару жағы да ескерілсе екен дейміз…
Қолымен құрастырып, ағысты Сырдариямен жүзген салын Нұх пайғамбардың кемесіндей сезінген, кейінде осы сапары жайлы «Сал үстіндегі маусым» атты деректі повесі кейіпкері аузына: «Үйде өлме, түзде тынба!», – деген жігерлі сөз салады. Осы айтылғандай Серік те денсаулығы сыр бергенде үйде сал төсек болып жатып қалмады. Өмір үшін күресіп, туысқан Түрік жерінде де, Астанада да емделді… Алланың ұйғарымы мен ісіне шара бар ма?! Жоқ ғой, жоқ! Кеудесінен шыбын жаны: «Хош бол!», – деп ұшып шықты. Жамбасы сонау 1937-1938 жылы қазақтың небір марқасқалары жазықсыз атылып, беті ғана жабылған Жаңалық ауылындағы «Алаш арыстары» мешіті жанындағы зираттың қасиетті топырағына тиді. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, Серік ініміздің екінші рухани өмірі берекелі жалғасын тапса екен дейміз. Иманың жолдас, рухың шат болсын, Серік інім!

Қараша ҚАРАМАН,
журналист,
Алматы облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір