Сары қыз (Әңгіме)
Майра бұларды анадайдан көзі шалып қалып, қолын бұлғады. Үстінде – сәнді қоңыр кеудеше, бұтында – шетелдік джинси. Бір шеті темір жол вокзалына келіп тірелетін шағын бақтың ішінде күзгі сары ала жапырақтарын әлі тегіс төгіп үлгермеген жас қайыңға сүйеніп үнсіз тұр. Жанында жол шабаданы мен бір бүйірі бұлтиған бір-екі қол дорбасы қараяды. Теміржолдың үстіне салынған биік аспалы көпірдің шекесіне шығып алған ертеңгі күннің сәулесі шабаданның күміс баулығына шағылысып, жылт-жылт ойнайды. Қысқасы, осы бір суреттердің өзі-ақ қыздың жолға қапысыз дайындалғанын дәлелдеп-ақ тұр еді.
– Вот, дура!.. – Оны әлдебір алыс сапарға шығарып салуға келе жатқан екі жігіттің бірі – Тоқшылық Қожаниязов өзінің жасына лайық өзімшіл, дөрекілеу даусымен гүр ете қалды. Тоқшылықтың жанындағы жігіт – бұл да Тоқшылық секілді Майраның курстасы болатын, үндеген жоқ. Оның сәл-пәл дымқылданып тұратын жуастау көздеріне, сезімтал адамдарға тән етжеңділеу ерніне, еңкіштеу тұлғасына қарап, бұнысын кешіруге де болатын, шынында, адамзат қоғамы тек лидерлерден тұрса, тіршілік осыншалықты күрделі, қарама-қайшылықты, сондықтан да қызықты, мағыналы болмас еді ғой.
Ат шаптырым перрон басы да ұмыт қалған күзгі бақ секілді жетімсірей қалыпты. Тротуарларды жағалай тізілген ағаш сәкілер қаңырап бос қалған. Тек көшенің келесі бетінде алты-жеті жастар шамасындағы, борсаңдаған бір ер бала асыранды кептерлерді кесектеп қуып жүр. Ол осы маңда жақын тұра ма, тұрмаса, әке-шешесі қайда, олар бұған кептерлерді кесектеп қууға болмайтынын неге түсіндірмеген. Майраның жұрттың бәрін таңғалдырып, не үшін аяқ астынан кеткелі тұрғаны қандай түсініксіз болса, мына кішкентай сотқардың қылығы да сондай жұмбақ еді.
Майра жалғыз болатын, сондықтан да ма екен, көңілінің онша хошы жоқ сияқты, жігіттерді көргенде жайраңдап, кәдімгідей қуанып қалды.
– Әй, балапандар! Кәне-кәне, кішкене ширағырақ… – деді ол анадайдан дауыстап. – Ну, прямо, как беременные бабы с коромыслом.
– Вот, дура!.. – деді Тоқшылық тағы да басын шайқап. – Ал сәлем саған, қалыңдық!.. Қалың қалай?
Майра мұндай орынды қалжыңды неге түсінбесін. Оқтаудай жұп-жұмыр, сұлу аяқтарымен реверанс жасап, жігіттерге отты қой көздерімен өп-өтірік тесірейген күйі олардың қарсы алдында қаздиып тұра қалды:
– Немене, ұқсамаймын ба қараңдаршы, жо-жоқ, Қожаниязов мырза, сен дұрыстап қара!
– Жарайды-жарайды, ұқсайсың, – деді амалы құрыған Тоқшылық мұрнының астынан міңгірлеп.
– Хал – осы, тарихи жағдай мені ойламаған жерден жаңа өмірге аттанып кетуге мәжбүр етіп тұр, – деді қыз амалсыз кісінің қалпымен алақанын жайып. – Ал өздерің амансыңдар ма, әйтеуір? Екінші пардан зытқансыңдар-ау, жүгірмектер, ә?
– Сіздің алғыр ақыл-ойыңыз дәл осы сәтте қалыптасқан әлеуметтік ахуалды көрегенділікпен дөп басып тұр, – деді Тоқшылық.
Майра енді әдемі қоп-қоңыр жанарларын төңкеріп, – Иә, жомарт табиғат оны алғыр ақыл-ой, өткір тіл, жұп-жұмыр оқтаудай, сұлу балтырлармен қоса әйел баласына тән нәзіктіктен де мақұрым қалдырмаған болатын, әлгі жуастау көздері дымқылданып тұратын сүйкімді жас жігітке бұрылды:
– Нұрлан, сен неге үндемей қалғансың?
Нұрлан Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп келген, қазір политехникалық институттың үшінші курсында сондайлық абыроймен оқып жүрген дыңдай азамат болатын. Алайда өзінен екі-үш жас кіші осы бір ерке қыздың алдында ол әрдайым жас баладай қорғансыз. Жан сезімінің түкпіріндегі жанартауларының қызуы соншалықты мол бола тұра, амал не, ол жалғыз Майра емес, бүкіл әйел баласының алдында дәрменсіз еді, сол үшін де Нұрланның Жаратқанға деген өкпесі аз болмайтын. Ол табиғат анадан елден асқан ақылдылықты да, сұлулықты да, күштілікті де дәметпейді. Тек адамзаттың нәзік жынысына сүйкімсіз болмаса екен – жер бетіндегі осы бір арманшыл, ұялшақ студент тілейтін жалғыз бақыт осы ғана. Міне, ол тағы да осымен нешінші рет десеңізші Майраның алдында үнсіз қызарып, көзімен жер шұқып тұр.
– Сен оны мазалай берме, – деді Тоқшылық жолдасына ара түсіп. – Менің байқауымша, сен секілді кешеден бері оның да бақытсыз организмінде махаббат деп аталатын жұқпалы дерттің симптомдары байқала бастаған сияқты.
– Ну и трепач! – Майра өп-өтірік қабағын тыржитып, аяқ астынан ренжи қалды. – Мына дүниеде тілі мен жағына сүйенгендер қандай көбейіп кеткен. Айтпақшы, Нәмилә неменеге келмей жатыр?
Нәмилә – бұлардың группаласы, Майраның ең жақын жолдас қызы болатын. Шашын бір шекесіне үйіп алып, жақтырмаған кісісіне назға толы тұнжыраған қара көздерін төңкере қарайтын, қағылез, кішкентай қыз бала.
– Ол кісі, сірә, келе алмас. Жаңа біз кеткенде орнында міз бақпай аман-есен қалған, – деді Тоқшылық. Майра дос қызының келмегеніне кәдімгідей мұңайып қалды.
– Түу, оның келуі керек еді ғой, – деді ол әлденеге абыржып. – Тоқа, бұл біздің әдеттегі жеңіл-желпі ойынымыз емес. Егер сенсеңдер, әсірелемей-ақ айтайын, менің өміріме ұлы өзгеріс енгелі тұр. Онсыз тұра алатын емеспін. Түсінесіңдер ме, мен оны әлі сүйеді екем!..
Жігіттер аң-таң қалған пішінмен бір-біріне қарады. Таңғалатын несі бар: адам өмірге келеді, сүйеді, күйеді, отбасын құрады, ақырында, осылардың бәрімен мәңгіге қоштасады. Тіршілік заңы – осы. Бірақ барлық қазіргі замандық жастар секілді біздің сүйікті кейіпкерлеріміз де кеше ғана бөтен көздің алдында бұлайша шын жүректен ақтарылуды ерсі санайтын еді ғой, олар бір-бірлерін әлі де баяғы ата-бабаларының, әже-апаларының жүрегіндей жүрекпен сүйе тұра өздерін тек жиырмасыншы ғасырлық санайтын, сондықтан да осы бір парақтары тарихи даңқты оқиғаларға толы жаңа дәуірдің барша еркін ұрпағы секілді олар да сентиментализмге адамзат шежіресінің балаң, аңқау кезеңі ретінде шекелерінен күле қарайтын. Күнделікті үйреншікті тіршілікке астамси көз тастап, астанаға елінен сымпитып шалбар киіп, аузына шылым тістеп келген сондай сабаздардың бірі – осы Майра болатын. Қазір ол мүлде басқа адам.
Жігіттер бір-біріне шарасыз қалыппен қарасты. Мәселеге әр уақытта сыншыл көзбен баға беруге дағдыланған Тоқшылықтың реалист жүзінде кекесін табы да жоқ емес еді.
– Ал онда ішке кірейік те, – деді Тоқшылық арадағы азғантай үнсіздіктен соң анадай жердегі вокзал үйін көзімен нұсқап. – Қарын да ашты, буфетке кіріп, кішкене жүрек жалғап алайық дегендей…
– Үлгереміз бе? – деді Майра білегіндегі қолсағатына көз тастап.
– Сары қыз, саспасаңшы, мына екі бірдей көкең тұрғанда, бәріне үлгереміз, – деді Тоқшылық сенімді үнмен.
– Жарайды, онда, көке, – деді қыз кісінің еріксіз қытығын келтіретін қылықты үнімен сыңқ етіп күлімсіреп. – Онда баста!..
Үшеуі де енді осы мәмілеге тоқтасып, аздан соң зәңкиген теміржол вокзалына келіп енді. Сонан соң атшаптырым күтушілер залының оң қапталындағы буфетке қарай бет алды да, буфетшінің прилавкасынан шеткеріректегі төрт кісілік үстелдердің бірінің жанына келіп аялдады.
– Сары қыз, сен осында отыра тұр, біз Нұрлан екеуміз тіске басар алып келейік, – деді Тоқшылық Майраның рюкзактарының бірін бос орындықтың үстіне қойып жатып.
Арада бар-жоғы үш-төрт минут өткенде үш курстас енді алдарындағы бес-алты ып-ыстық бәліш пен үш
түйір пирожныйды сүт қатқан көфемен жәукемдеуге кірісті.
– Ым-м-м. Бәліштерің дәмді екен, өздері пештен жаңа ғана шыққан тәрізді, – деді аздан соң асқазанына нәр барған Майра көңілденіп. – Жігіттер, рахмет!..
– Ал енді манағы әңгімеңді жалғастырсаңшы, – деді Тоқшылық Майраға сынай көз салып. – Шамасы, сенің осыншама ынтық болуыңа қарағанда ол өзі бір елде жоқ жігіт болды ғой!..
– Өкінішке қарай, солай деуге де болады, – деді Майра күрсініп. – Кеше өздеріңе шет-жағасын айттым ғой. Жасынан тентектігімен ауылға аты шықты. Кісіге титтей де есесін жібергісі келмейтін. Сонысы үшін өзінен ересек балалардан талай таяқ та жеді. Сегізіншіні бітіріп, тоғызыншыға өткен кезде-ақ кәдімгідей сымбаттанып, көркі көз тойдырған әп-әдемі жігіт болып шыға келді. Оны өзі де жақсы білетін, бөтен жұрттың, әсіресе мектептегі бой жетіп қалған қыздардың алдында өзгеше мардымсып, жан баласын көзіне ілмей жүретін. Бірақ қас қылғандай біздер соған ғана ынтықтық: бір сыныптан үш қыз бірдей ғашық болдық та қалдық. Басқаларын қайдам, әйтеуір менің көз алдымнан жатсам-тұрсам, соның бейнесі көлбеңдеп, шықпайтын болды…
Тоқшылық мырс ете қалды.
– Қыздардың бәрі сол емес пе? Кімнің беті жылтырақтау, кімнің шашы бұйралау, кім басқалардан бұзықтау болса… Сендерге одан артық кім керек?
– Кім білсін… – деді Майра есіне әлдене түсіп кеткендей сәл-пәл ойланыңқырап. – Мүмкін сенікі дұрыс та шығар. Әйтеуір соның бір қарағанына зар болдық қой. Ал оның көзі басқаға түсті. Бізден бір сынып жоғары оқитын Алмаш деген қызбен жүреді екен дегенді есіттік. Әдемі басын кекжитіңкіреп жүретін тәкаппар қыз еді. Менің ішім тұз тигеннен бетер удай ашиды. Сабақ қалды жайына. Бұрын тәп-тәуір оқитынмын. (Қазір де институтта көштен қалып жүргенім жоқ, оны өздерің білесіңдер ғой). Қияли болып кете жаздадым. Сынып жетекшіміз әйел адам еді, ол менің бойымдағы өзгерісті аңғарыпты. Содан бастап апамды мектепке жиі шақыратын болды. Апам жекебасты еді, сүйеніш болар інім әлі кішкентай. Менің түрім болса – анау. Бір күні ол мені айт жоқ, той жоқ, себепсізден себепсіз көкала торғайдай қылып сойды да салды. Сосын өзінен-өзі ал кеп жыласын. Мен бұрын шешемнің жалғыздығына, жесірлігіне онша мән бермейтінмін. Осы жолы тұңғыш рет ішімнен «жігіті де, бүйткен махаббаты да құрысын» деп, жаным шыға ышқынып, байғұс анамды қатты аяп кеттім. Манадан бері таяқ қанша батса да көгереңдеп, міз бақпай қалғанымды ұмытып, дереу: «Апа, апажан!..» – деп өкіріп қоя бердім. Өкіріп жүріп «Енді өйтпеймін» деп ант-су іштім. Екеуміз де жылап-жылап, ақыры бір мезгілде басылдық. Мен шешеме берген уәдемді орындадым: барлық ынта-шынтымды тек сабаққа салдым. Балалығым, еркелігім сап тыйылды. Бір күнде есейіп шыға келдім. Тіпті уһілейтінді шығардым. Шешем мен інімнен жасырып, шылым тартатын болдым…
Иә, бұл – тұрған әшейінде дүниеден еш кендесі жоқ кісіше ұшып-қонып жүретін Сары қыз, курстастарының бәрі оны еркелетіп, осылай атайтын, ақжарқын Майра емес еді. Осы бір жанда да кісінің сезімін селт еткізерлік мұң бар-ау деген ой күні кешеге дейін бұлардың ешқайсысының үш ұйықтаса түсіне кірмеген нәрсе ғой. Және тағдырдың пешенесіне жазылған ауыртпалығын жас басынан қайыспай қарсы алуды оған кім үйретіп үлгерген?
– Әрине, әлгі сылқым саған пысқырмаған да болар, – деді Тоқшылық арадағы аздаған үнсіздіктен кейін тілге келіп.
– Ол рас. Бірақ сыртынан өліп-өшіп жүретінімді біледі-ау деймін, басқа қыздарға қарағанда менімен жылырақ амандасатын.
– Түсінікті! Сен оған мәз болып жүре бердің.
– Мәз болғам жоқ. Бірақ амал қайсы… – Майра иығын немқұрайдау қиқаң еткізді.
Мәселе былай еді: әлгі жоғарыда айтылған сылқым жігіт біраздан бері үстінен іс қозғалып, тергеуде жатады. Сот оны жуырда үш жылға бас еркіндігінен айырып, «химияға» шығарады.
Қазақстанның ашық көмір өндіретін кендерінің бірінде мерзімін өтеп жатқан ол Майраға бұрынғы мұның алдындағы «күнәларын» (қыздың сүйетіндігін біле тұра оның шынайы махаббатын бағалай білмегендігін өтініп) кешіруін сұрап хат жазады, қаласа, өзіне мәңгілікке жар етуге дайын екендігін айтады.
– Сары қыз, әрине, сен ақылсыз емессің, – деді Тоқшылық енді байсалды қалыпқа көшіп. – Қайта сол ақыл бізге қарағанда сенде көбірек болуы керек. Бірақ қарашы, қайдағы бір түрмеде қаңғып жүрген қылмыскердің ізінен қыз басыңмен іздеп бара жатырсың. Соған бола астананы, оны былай қойғанда, қалап түскен оқуыңды тастап жүре беруің… Білмеймін, өз басым мұндай «геройканы» түсіне алмаймын, онда да осы қылығың сол «геройкаға» жататын болса.
– Жоқ, ол қылмыскер емес.
– Ал мейлі, қылмыскер болмаса, айталық… бұзақы. Жазықсыз кісі түрмеге түспейді.
– Ол жағын мен білмеймін… – Майра мұнан әрі таласқысы келмеген түр көрсетті: меңіреу кісіше табан астынан біртүрлі сұлқ түсті де қалды.
Осы кезде вокзал диспетчері Майра мінетін жолаушылар пойызына отырғызу басталғанын хабарлады. Үшеуі енді ауыздарын салфеткамен сүртіп, үн-түнсіз орындарынан тұрды да, тізілісіп, жұртпен бірге перронға шықты. Манағы жетімсіреп тұрған перрон басы қазір кісі танығысыз: әрі-бері сапырылысқан жолаушылар, шығарып салушылар, күтіп алушылар дегеніңіз құмырсқаның илеуінше қайнап жатыр. Жолаушы деген де қызық халық қой, әне, ол қалайда осы арадан тезірек кетіп қалуға асыққандай қашан өз вагонына отырғанша жанығып, жанталасып бағуда. Ал шындығында қаладан тезірек кетіп қалуға осыншалықты асығу қажет пе, мүмкін ол өзі де байқамай алдан күткен қызығы мен бақытын осында қалдырып бара жатқан шығар, бәлкім, оның бүгін емес ертең, не бүрсігүні аттанғаны дұрыс болар, тіпті соның – алдағы сапардың Жаратқанның сүйікті құлына өкініштен өзге сыйлары болмас, жо-жоқ, қазір ол бұл турасында бас қатырып жатпайды. Кету керек, тезірек кету керек! Бүгін, бүгін кетуі керек! Әркімнің өз пойызы бар, ол сені бақытыңа жолықтыра ма, сорыңа ұшырата ма, мәселе онда емес, сен қалайда өз пойызыңа мінуге тиістісің. Ертеңгі пойыз басқалардыкі…
Майра да өз пойызына мінуге тиісті еді. Мұны оның өзі де, жігіттер де енді айқын түсінді. Үшеуі тізіліп, Сары қыз отыратын вагонның жанына келді.
– Осы вагон… – деді Майра жәймен ғана серіктерінің оны айтпай-ақ түсініп тұрғанын білсе де.
Осы арада манадан бері үн-түнсіз, томсырайғаннан басқа түк бітірмеген Нұрлан жалма-жан құнжыңдап, үнемі емізулі баласындай жанынан тастамайтын, кең құрсақ, дәу сары портфелінің тартпасын ағыта бастады. Бұл портфель неге пана болмады дейсіз, оған «Сопроматтың» оқулығы мен жиырма төрт тиындық бөлке нан да, логорифмдік сызғыштар мен электрондық есептегіш машиналар да сыйып кете беретін, ал бұл жолы жұрттың бәрін таңғалдырып, курстастарының арасында Нұрланның кәрі мәстегі атанып кеткен сол бір мүліктен иесінің мыж-мыжы шыққан соңғы үш сомдығына Тоқшылық секілді бөлмелестерінің мазағынан қорыққандықтан жұрттан жасырынып барып, базардан таңертең ертемен сатып алған… үш тал раушан гүлі шықты.
Нұрлан оны еппен алып, тағы да сол үн-түнсіз күйі Майраға ұсынды.
– Әй, сен мынаған қашан үлгеріп жүрсің? – деді мұндайда сөйлемесе тұра алмайтын Тоқшылық Қожаниязов.
– Таңертең… Сен ұйықтап жатқансың, – деді жолдасының мылжыңдығына әбден тойып болған Нұрлан қабағын түйе міңгірлеп. Майра гүлді алып жатып, сәл-пәл қызарып кетті. Ол Нұрланның кәрі шешесінен басқа ешкімі жоқ екендігін, сондықтан оның стипендиядан стипендияға сіңірі созылып әзер жететінін білетін, қазір, неге екенін кім білсін, сол есіне түсті. Және бұлармен бірге оқыған үш жылдың ішінде өзінің осы бір ұялшақ, ебедейсіздеу жігітпен өмірі сәлемдесуден әріге бармағанын, сондықтан мұны шығарып салуға Тоқшылықпен бірге басқа емес, ол келгенде алғаш ішінен аздап таңырқап қалғанын да ойлап үлгерді.
– Рақмет, Нұрлан!.. – деді Сары қыз даусы сәл-пәл діріл қағып. – Несіне әуре болдың?
– Ештеңе етпейді!.. – деді Нұрлан әлденеге тістеніп.
– Балалар, мені кешіріңдер… – деді Майра қайтадан мұңая қалып. – Сендерді, оқуды да қимаймын. Рас, тіпті қалып-ақ қояр едім. Тым болмаса сендер түсініңдерші… Әне, Нәмилә да өкпелеп, келмей қалып отыр. Ал байғұс анамның не ойлайтынын Құдай білсін…
Дәл осы сәтте вокзал диспетчері жолаушылар пойызының жүргелі тұрғанын хабарлап, самбырлап қоя берді. Жұрт аяқ астынан тағы да абыр-сабыр болды да қалды. Сәлден соң вагон доңғалақтары сықырлап, пойыз ақырын жылжып жүре берді.
Майра жалма-жан жігіттерді құшақтай алды.
– Ал балапандар, хош-хош!.. – деді ол үнсіз аңырайысып қалған соқталдай екі жігіттің бетіне ып-ыстық еріндерін тигізіп. – Нәмиләға… қыздарға сәлем айтыңдар.
– Келесі көріскенше, Сары қыз! – деді Тоқшылық қысқа ғана.
Майра қозғалып кеткен вагонның тепкішіне болат серіппедей ширатылған тіп-тік денесін еркін көтеріп, жеңіл ырғып шықты.
Үндемес Нұрланның жүрегі шым ете қалды. Қазір оның жан дүниесі дауылды теңіздің толқындарындай алай-түлей болып жатқанын, осы қызды ойлап, оның талай таңды көзімен атырғанын, ал тап осы сәтте ынжықтығы, әйел баласына деген қырсыздығы үшін өзін-өзі дүниедегі ең бір ауыр, назаға толы сөздермен іштей аяусыз қарғап тұрғанын ешкім білген жоқ. Иә, ол әлі де осы қызды сағына ойлаумен талай таңды көзімен атырады, кейін балалы-шағалы болған кездің өзінде де осы бір жан жарасы ауық-ауық қайта сыздап, оның махаббатқа толы сорлы жүрегін ауыртады, Сары қыздың ып-ыстық еріндерінің балдай тәтті дәмі оны түн ұйқысынан әлі талай оятады…
Жігіттер баяу сырғыған жолаушылар пойызымен біраз жерге дейін қатар жүріп отырды. Қыздың аты – қыз емес пе, қанша мықты болғанымен, соңғы сәтте Сары қыз сыр берейін деді. Туған ауылындай бауыр басып қалған әсем астана мен сүйікті институтына, ондағы азды-көпті достарына табан астынан қош айтып, алдынан не күтіп тұрғаны беймәлім бір қиырға, жаңа өмірге аттанып жүре беру жұрт ойлағандай Майраға да оңай соқпағаны көрінді. Ол терезеге сүйеніп, бос қалған тамбурда үнсіз ғана жылап тұрды.
Серік Асылбекұлы