Жайық жағасындағы жаңа ой
28.08.2026
34
0

Атырау десе, ең алдымен, мұнайлы өлке, Жайықтың жағасындағы көне тарих, Махамбет рухы, күй өнері мен ұлттық мәдениет ойға келеді. Алайда бүгінгі Атыраудың тағы бір қыры қалыптасып келеді. Ол – жаңа идеяға ұмтылған, шығармашылықпен айналысатын, цифрлық технологияны меңгерген, өз кәсібін бастауға талпынған жастардың қаласы. Жақында Атырауда жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған Creative Hub жаңа кеңістігі жұмысын бастады. Бұл – тек жастар бас қосатын немесе түрлі іс-шара өткізетін орын емес, идеяны жобаға, жобаны нақты нәтижеге айналдыруға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды көздейтін алаң. Осы орайда өңірдің жаңа буын көшбасшыларының бірі, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» КҚ-ның Атырау облысы бойынша өңірлік үйлестірушісі, Creative Hub жетекшісі Дәурен СЕЙІТҚАЛИЕВПЕН жастар, заманауи патриотизм, креативті индустрия, жаңа мүмкіндіктер және Атыраудың болашағы туралы әңгімелестік.

– Дәурен Нұхұлы, Атырау көбіне мұнайлы өлке, тарихи-мәдени мұрасы терең өңір ретінде танылады. Ал сіз басқаратын Creative Hub – Атырау­дың заманауи бейнесін көрсететін жаңа кеңістік. Сіздіңше, бүгінгі Атырау жасының портреті қандай? Ол алдыңғы буыннан несімен ерекшеленеді?
– Меніңше, бүгінгі Атырау жасы – дәстүр мен заманауилықтың тоғысқан тұсы. Ол өзінің тамырын, туған жерінің тарихын жоққа шығармайды, сонымен бірге әлемдік мүмкіндіктерге де ашық. Бұл – менің ойымша, қазіргі буынның басты ерекшеліктерінің бірі. Бұрынғы буынның мүмкіндігі мен бүгінгі жастың мүмкіндігін салыстырып қарасақ, ең үлкен айырмашылықтың бірі – ақпаратқа қолжетімділік. Қазір жас адам әлемнің кез келген нүктесіндегі білімге, тәжірибеге, идеяға бірнеше минуттың ішінде қол жеткізе алады. Бұрын бір маманның тәжірибесін білу үшін соған арнайы барып, кітап іздеп, ұзақ уақыт жұмсау қажет болса, бүгін оның дәрісін онлайн тыңдауға, жұмысын бақылау­ға, тәжірибесін зерттеуге болады. Бірақ ақпараттың көп болуының өзі жеткіліксіз. Оның ішінен қажеттісін таңдап, оны іске жарата білу керек. Қазіргі жастардың тағы бір ерекшелігі – өзін бір ғана мамандықпен шектемеу­ге тырысады. Мысалы, дизайнер бір мезетте кәсіпкерлікке қызығуы мүмкін, журналист контент жасаумен қатар жеке жобасын қолға алады, IT маманы әлеуметтік мәселелерге арналған жоба жасайды.
Мен бүгінгі жастардың бойынан «өзімді байқап көрейін» деген ұмтылысты көбірек байқаймын. Бұл – өте жақсы қасиет. Өйткені адамның қабілеті көбіне өзін сынап көрген кезде ашылады.
– Біз қазір патриотизм туралы көп айтамыз. Бірақ бүгінгі жас үшін патрио­тизм тек туған жерді сүю, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу немесе тарихи тұлғаларды білу ғана емес шығар. Сіздің ойыңызша, жас адамның патриотизмі қалай көрінуі керек?
– Меніңше, қазіргі патриотизм туған жерге пайда әкелу арқылы көрінеді. Әрине, туған елді сүю, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, тарихты білу – патриотизмнің негізі. Бірақ оның күнделікті өмірдегі көрінісі де болуы керек. Өз ісіңді адал атқару, кәсібіңді сапалы жүргізу, қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамау, қоршаған ортаға жауап­кершілікпен қарау, біреуге көмектесу – мұның бәрін патриотизмнің заманауи формасы деп қабылдаймын.
Мысалы, жас маман өз саласында жақсы нәтижеге жетсе, сапалы өнім шығарса немесе Атырауда бұрын болмаған жаңа қызмет түрін қалыптастырса, ол да туған жерінің дамуына үлес қосып отыр. Бір жас әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған жоба жасайды, екіншісі мәдени мұраны заманауи форматта танытады, үшіншісі ауылдағы жастарға білім беретін бастама көтереді. Бұлардың бәрі – елге қызмет етудің нақты формалары. Патриотизмді тек сөзбен емес, іспен көрсету маңызды. «Мен Атырауды жақсы көремін» деу бір бөлек, ал «Атырау үшін мына істі жасадым» деу – одан да маңызды.
– Кейде жастарды «бастамашыл емес», «дайын нәрсені күтеді» деп сынап жатамыз. Сіз жастармен тікелей жұмыс істейтін адам ретінде Атырау жастарының бойынан қандай бастамашылдықты байқап жүрсіз? Қандай нақты жобалар сізді таңғалдырды?
– Мен мұндай пікірмен толық келіспеймін. Атырау жастарының арасында бастама көтеретіндер аз емес. Әсіресе соңғы уақытта мәдениет, білім, экология, медиа, кәсіпкерлік бағыттарында өз жобасын өз күшімен бастап жүрген жастарды көріп жүрміз. Маған ұнайтыны – жастардың ресурстың аздығын сылтау етпеуі. Әрине, үлкен жобаны бастау үшін қаржы, команда, тәжірибе керек. Бірақ кейде жастар осының бәрі толық жиналғанша күтеді. Ал қазіргі белсенді жастардың арасында «қолымда бар мүмкіндіктен бастаймын» деген түсінік қалыптасып келеді.
Мысалы, бір жас контент жасауды телефоннан бастайды. Біреу өзінің шағын шығармашылық жобасын әлеу­меттік желі арқылы таныстырады. Тағы біреуі бірнеше адамды жинап, ортақ идеяны іске асырады. Кейін сол шағын бастама үлкен жобаға айналуы мүмкін. Мен үшін ең маңыздысы – жастардың «бастауға болады» деген түсінікке келуі. Себебі кез келген үлкен істің артында бір кезде өте қарапайым болған алғашқы қадам тұрады.
– Creative Hub-тың ерекшелігі неде? Атырауда бұған дейін де жастар орталықтары, мәдени орындар, коворкингтер болды. Бұл хабты солардан ажыратып тұрған басты ерекшелік қандай?
– Creative Hub-тың ерекшелігі – бұл тек іс-шара өтетін орын емес, идеяның дамуына арналған орта. Біздің мақсатымыз – жастарды бір жерге жинап қана қою емес. Ең маңыздысы – олардың бір-бірімен танысуына, тәжірибе алмасуына, бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау. Мысалы, бір адамның жақсы идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыру үшін дизайнер қажет болуы мүмкін. Дизайнердің өзі жақсы жұмыс істегенімен, жобаны нарыққа шығарудың жолын білмеуі мүмкін. Ал кәсіпкерге сапалы контент жасайтын маман қажет болады. Осындай адамдар бір ортада кездескен кезде жаңа мүмкіндік пайда болады. Сондықтан біз үшін хабтың физикалық кеңістігі ғана емес, оның айналасында қалыптасатын қауымдастық маңызды. Біздің ойымызша, адам мұнда келіп, бір іс-шараға қатысып қана кетпеуі керек. Ол жаңа адаммен танысып, жаңа идея алып, өз жобасына бір қадам жақындап шығуы керек.
– Қазақстанның басқа өңірлерінде де креативті хабтар пайда болып жатыр. Atyrau Creative Hub-ты бірегей ететін, «мұны тек Атыраудан көруге болады» деп айта алатын ерекшелік бар ма? Мысалы, Атыраудың тарихы, Махамбет рухы, Жайық мәдениеті, мұнайлы өлкенің өзіндік болмысы креатив жобаларға қаншалықты әсер етеді?
– Атыраудың өзіндік болмысы біздің жобаларымызға міндетті түрде әсер етеді. Біз әлемдік немесе республикалық трендтерді сол күйінде қайталағымыз келмейді. Өйткені әр өңірдің өз тарихы, мәдениеті, мінезі бар.
Атырау – Жайықтың бойында қалыптасқан, тарихы терең өлке. Бұл жерде Махамбеттей тұлғаның рухы бар. Күй өнерінің тамыры терең. Батыс өңіріне тән сөз мәдениеті, өнерге деген көзқарас, еңбек мәдениеті бар. Сонымен қатар мұнайлы өңір ретінде индустриялық мәдениет қалыптасқан. Осының бәрін қазіргі заманғы шығармашылықпен байланыстыруға болады. Мысалы, ұлттық мәдениетті заманауи дизайнмен ұштастыруға, жергілікті тарихты цифрлық контент арқылы жаңа буынға танытуға, Атыраудың ерекшелігін медиа жобалар арқылы көрсетуге болады.
Меніңше, креативтің ең қызықты түрі – сырттан дайын нәрсе әкелу емес, өзің тұрған жердің ерекшелігін жаңа көзқараспен көрсету. Атырау туралы бұрын айтылған дүниелер көп. Бірақ сол Атырауды бүгінгі жастың көзімен қайта көрсетуге әлі де мүмкіндік мол.
– Хабтың ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен алғашқы кезеңнің өзінде белгілі бір нәтиже бар шығар. Осы уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды, қандай жобалар жүзеге асты? Қай бастаманы өзіңіз ерекше нәтиже деп бағалайсыз?
– Хабтың жұмыс істей бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, осы алғашқы кезеңнің өзінде түрлі білім беру бағдарламалары, кездесулер, көрмелер және шығармашылық жобалар өтті. Біз үшін әр іс-шараның саны ғана емес, оның жастарға беретін пайдасы маңызды. Бір кездесуден кейін жас адам жаңа мамандыққа қызығуы мүмкін. Бір шеберлік сағатынан кейін өз жобасын бастау туралы ой келеді. Тағы бір іс-шарада бірнеше жас танысып, кейін бірге жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан алғашқы кезеңнің ең маңызды нәтижесі ретінде хабтың айналасында белсенді жастар қауымдастығы қалыптаса бастағанын айтар едім.
Біз енді ғана жолдың басында тұрмыз. Сондықтан «бәрін жасап қойдық» деп айтуға әлі ерте. Керісінше, осы алғашқы тәжірибені талдап, жастардың сұранысына қарай жұмысымызды жетілдіруіміз керек.
– Мұнда медиа, дизайн, IT, кәсіпкерлік секілді түрлі бағыттардың тоғысуы көзделіп отыр. Сіз үшін «креативті индустрия» деген ұғым нақты нені білдіреді? Жастар осы ортадан шығармашылықпен қатар табыс табудың, кәсіп бастаудың жолын таба ала ма?
– Мен үшін креативті индустрия – идеяның экономикалық құндылыққа айналуы. Бұрын шығармашылық пен кәсіпкерлікті екі бөлек нәрсе ретінде қарастыруымыз мүмкін еді. Қазір олардың арасы бір-біріне жақындады. Дизайн, медиа, IT, контент, қолөнер, музыка, кино, сәулет сияқты салалардың барлығы шығармашылықпен қатар экономикалық мүмкіндік те бере алады. Мысалы, жас дизайнер тек әдемі дүние жасаумен шектелмей, өзінің брендін қалыптастыра алады. Контент жасаушы өзінің кәсіби қызметін ұсына алады. Бағдарламашы шығармашылық индустрияға арналған өнім әзірлей алады.
Сондықтан біз жастарға «креатив – тек хобби» деген түсініктен шығуға көмектесуіміз керек. Егер адам өзінің қабілетін дұрыс ұйымдастырып, оны нарық талабымен ұштастыра алса, шығармашылық та мамандыққа, кәсіпке, табыс көзіне айналады.
– Жастардың жақсы идеясы көп болғанымен, оны нақты жобаға айналдыру қиын. Хаб жас адамның идеясынан бастап дайын жобаға дейінгі жолда қандай қолдау көрсете алады, яғни идеясы бар жас мұнда келсе, ары қарай не болады?
– Идеясы бар жас, ең алдымен, орта табады. Бұл өте маңызды. Кейде адамда жақсы идея болады, бірақ оны кіммен талқыларын, неден бастарын білмейді. Осындай кезде дұрыс орта үлкен рөл атқарады. Біздің міндетіміз – идеясы бар жасты жалғыз қалдырмау. Оған менторлық, сараптамалық кеңес, тәжірибе алмасу, серіктестермен байланыс және өз жобасын көрсету мүмкіндігі қажет.
Әрине, біз барлық жобаны бірден дайын өнімге айналдырып бере алмаймыз. Жобаның авторының өзі де жұмыс істеуі керек. Бірақ біз оған жолдың қай тұсынан бастау керегін түсіндіруге, қажетті адаммен немесе ұйыммен байланыстыруға көмектесе аламыз. Ең бастысы, жас адам мұнда келген кезде «менің идеям ешкімге керек емес» деген оймен кетпеуі керек. Керісінше, «осыны дамытуға болады екен» деген сеніммен шығуы қажет.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде креативті индустрияны дамытуға көңіл бөлініп келеді. Атыраудағы хабтың ашылуына облыс басшылығы да қолдау көрсетті. Жастарға мұндай деңгейдегі мемлекеттік қолдау қаншалықты маңызды? Ал биліктен жастардың шығармашылығына қатысты тағы қандай қолдау күтесіздер?
– Мемлекеттік қолдау – инфрақұрылым мен тұрақтылық үшін өте маңызды. Жастардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау үшін кеңістік, техника, білім беру бағдарламалары, сарапшылар, байланыс қажет. Мұның бәрі белгілі бір деңгейде қолдауды талап етеді. Бірақ меніңше, ең тиімді қолдау – жастарға тәжірибе жасауға, қателесуге және қайта бастауға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.
Жас адам бірінші жобасында қателесуі мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Ең бастысы, сол қателіктен кейін оның жолы жабылып қалмауы керек. Сондықтан жастардың жаңа идеяларына сенім білдіру, олардың жобаларын тыңдау, тәжірибе жасауға мүмкіндік беру өте маңызды. Біз жастардан нәтиже күтсек, оларға сол нәтижеге жететін кеңістікті де беруіміз керек.
– Сіздіңше, қазіргі Атырау жастарына ең жетіспейтіні не: білім бе, мүмкіндік пе, орта ма, әлде өзіне деген сенім бе? Creative Hub осы мәселелердің қайсысын шешуге көбірек ықпал ете алады?
– Меніңше, ең көп жетіспейтіні – орта мен өзіне деген сенімнің үйлесімі. Көп жастардың қабілеті бар. Білім алуға да мүмкіндік іздейді. Бірақ кейде өз мүмкіндігін төмен бағалайды. «Менің қолымнан келе ме?», «Мені кім қолдайды?», «Менің жобам кімге керек?» деген сұрақтар кедергі болады. Ал дұрыс орта адамға үлкен әсер етеді.
Бір жерде өзіңмен қатар жаңа нәрсе жасап жүрген жастарды көрсең, өзің де әрекет етуге талпынасың. Біреудің жобасын көріп, «мен де жасай аламын» деген ой келеді. Creative Hub осындай ортаны қалыптастыруға ықпал ете алады деп ойлаймын. Біз ешкімнің орнына жоба жасап бере алмаймыз. Бірақ адамның бойындағы қабілетті көрсетуге, оны дамытуға жағдай жасай аламыз. Кейде адамға дәл осының өзі жеткілікті.
– Хабтың болашағына көз жүгіртсек, алдағы бір-екі жылда қандай нәтижеге жеткіңіз келеді? Мысалы, Атыраудан республикалық деңгейге шығатын жобалар, жаңа кәсіптер, танымал креаторлар немесе халықаралық деңгейдегі бастамалар пайда болуы мүмкін бе?
– Әрине, біздің негізгі мақсатымыздың бірі – Атыраудан республикалық және халықаралық деңгейге шығатын жобалардың көбеюі. Бірақ нәтиже дегенді тек үлкен сахнаға шыққан жобалармен өлшегім келмейді. Біз үшін осы хабтан шыққан адамның кейін өз кәсібін ашуы, студиясын құруы, шығармашылық бастамасын тұрақты жобаға айналдыруы да үлкен нәтиже.
Бір-екі жылдан кейін «мына жоба Creative Hub-та басталған», «мына маман осы ортада қалыптасты», «мына команда осында танысып, кейін үлкен жоба жасады» деген мысалдардың көбейгенін қалаймын. Атыраудың талантты жастары бар. Біздің міндетіміз – сол таланттың көрінуіне жағдай жасау. Егер бірнеше жылдан кейін Атырау туралы сөз болғанда, тек мұнай өндірісі ғана емес, креативті индустриясы, жас кәсіпкерлері, дизайнерлері, медиамамандары, IT мамандары мен шығармашылық жобалары да қатар аталса, бұл біз үшін үлкен жетістік болар еді.
– Соңғы сұрақты өзіңізге арнайық. Сіз – өңірдегі жаңа буын көшбасшыларының бірісіз. Сізді өзіңіз туған, өскен Атырауға қызмет етуге не шабыттандырады? Ал бүгінгі жасқа «мен де осы өңірге қажет адаммын» деген сенім қалыптастыру үшін не айтуға болар еді?
– Мені шабыттандыратыны – туған қалаңның өзгерісіне өз үлесіңді қоса алу мүмкіндігі. Адам басқа жерде де жұмыс істей алады, басқа жерде де жетістікке жете алады. Бірақ туған жеріңде бір өзгеріске себеп болудың орны бөлек. Атырау – біздің қаламыз. Оның болашағы тек билікке немесе белгілі бір ұйымдарға ғана байланысты емес. Қалада өмір сүріп жатқан әр адамның өз үлесі бар. Сондықтан жастарға айтарым: өзіңізді өңірдің дамуына қажет адаммын деп қабылдаңыздар. Міндетті түрде үлкен қызметте болу немесе үлкен қаржыға ие болу шарт емес.
Үлкен өзгеріс міндетті түрде үлкен ресурстан басталмайды. Кейде бір идеядан, бір қадамнан және дұрыс ортадан басталады. Бір адам бір жобаны бастайды. Оған екінші адам қосылады. Кейін команда қалыптасады. Сол команда жаңа мүмкіндік жасайды. Осылайша шағын бастама бірте-бірте үлкен өзгеріске айналуы мүмкін. Меніңше, қазіргі жастарға ең керегі – өзіне сену және әрекет ету. Өзгерісті біреуден күтпей, «мен не істей аламын» деген сұрақтан бастау керек. Егер әр жас осы сұрақты өзіне қоятын болса, Атыраудың болашағы да соғұрлым жарқын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты дайындаған
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір