Ақ Жайық әдебиеті: бүгінгі тыныс, ертеңгі бағдар
02.06.2026
26
0

Таяуда Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасының мәжіліс залында Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының тоқсандық жиналысы ұйымдастырылып, өңір әдебиетінің бүгінгі тынысы мен ертеңгі бағыты кеңінен талқыланды.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Бауыржан Халиолла жүргізіп, басқосуға жиналған қаламгерлер қауымын ортақ ой алаңына тоғыстырды. Кездесу барысында өңірдегі шығармашылық жұмыстардың нәтижесі сараланып, жаңа бастамалар мен жобалардың бағыт-бағдары айқындалды.
Филиал төрайымы, «Парасат» орденінің иегері Дариға Мұштанова сөз алып, қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдістеріне тоқталды. Ол өз баяндамасында қаламгерлердің қоғамдағы рөліне, әдебиеттің тәрбиелік һәм рухани-қоғамдық маңызына ерекше назар аударып, қаламдастарына үздіксіз шығармашылық ізденіс тіледі.
– Алғашқы жиынымыз қуанышты жаңалықтармен басталды. Үш бірдей қаламдасымыз жоғары марапаттарға ие болды. Ғайсағали Сейтақ «Құрмет» орденімен марапатталды. Бауыржан Ғұбайдуллин халықаралық «Ер Төстік» әдеби сыйлығының лауреаты атанса, Бауыржан Халиолла халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Бұл – біздің орта үшін үлкен қуаныш, ортақ жетістік деп білеміз. Жалпы, одақ мүшелерінің басты миссиясы – халыққа сапалы әдеби туындылар ұсыну. Әдеби шығармалардың оқырманмен табысуы, олардың қалалық, ауылдық және мектеп кітапханаларына жетуі бізді ерекше толғандырады. Осы орайда мектеп тарапынан да кітапқа деген сұраныс бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан кітаптардың сапасы мен мазмұнына ерекше мән беру қажеттігін атап өттік. Кітап тек кітапханада тұратын экспонат емес, ол – халықпен бірге жүретін, оқырман қолынан түспейтін рухани дүние болуы керек. Бұл бағытта бірқатар ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ биылғы кезеңде қаламгерлерге деген халықтың ықыласы айқын сезілді. Бізбен байланысқа шығып, пікір алмасуға, ой бөлісуге ниет білдіретін оқырмандар саны артқанын байқадық. Бұл – шығармашылық қауым үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта аудандарда «Әдебиет күнін» ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл тек жазушылар мен оқырмандар ғана емес, әдебиетке ықылас-пейілі бар барлық буынды біріктіретін ортақ алаң болмақ. Сонымен қатар «Қадыр көші» мәдени-танымдық жобасын жалғастыру көзделуде. Казталов ауданының авторлық бағдарламасы «Мен оқыған 30 кітап» сияқты зияткерлік жобалар да өз жалғасын табады. Бұған қоса, өңір қаламгерлерінің мерейтойларын атап өту, республикалық әдеби фестиваль өткізу туралы ұсыныс әзірленді. Бұл бастаманы мәдениет басқармасымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба әкімдік тарапынан қолдау тапты. Жалпы, бүгінгі қоғамда ақын-жазушыларға деген құрмет пен қолдаудың бар екенін сезініп отырмыз. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Жазушылар одағының басты міндеті – халыққа шынайы, сапалы, оқырман сұранысына сай әдеби туындылар ұсыну. Ақ Жайық атырабын мекендеген ұзын-саны 24 ақын-жазушымыз бар. Біздің филиалда әртүрлі бағыттағы қаламгерлер бар: ақындар, прозаиктер, драматургтер, публицистер, сатириктер. Осындай шығармашылық әлеуеттің болуы – үлкен мүмкіндік. Алдағы міндет – осы әлеуетті тиімді пайдаланып, қоғамның бүгінгі бейнесін көркем әдебиетте шынайы көрсету. Осы бағытта қоғамдық даму басқармасы тарапынан да жаңа ұсыныстар айтылды, – деген Дариға Ғазезқызы марапат иелеріне одақ атынан құттықтау хат ұсынды. Сондай-ақ әдеби орта жаңа тұлғамен толықты. Дәулеткерей Құсайынов Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, оған ресми куәлік табыс етілді.
– Бүгін менің өмірімде үлкен өзгеріс. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптардың ізі қалған, кеше ғана арамыздан өткен Қадыр ағаларымыз еңбек еткен қасиетті әдеби ортаға, Қазақстан Жазушылар одағына мүше болу – мен үшін үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік. Мен өмірімде жазушы боламын деп арнайы кітап жазған емеспін. Дегенмен бір өлеңдер жинағым, бір повесім және Қадыр ағамыздың шығармашылығын зерт­теп жазған бір еңбегім бар. Сол азды-көпті ізденістерімнің өзі мені осы ортаға алып келді деген ойдамын, – деді Дәулеткерей Атауұлы.
Жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев өңірдің рухани өміріне белсенді араласып жүргені үшін және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғыс хатын Бауыржан Файзоллаұлы мен Бауыржан Ергенұлына табыстады.
Жиында шығармашылық байланысты нығайту, жас қаламгерлерді қолдау және өңірлік әдеби жобаларды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин облыстық басылымның әдебиетті насихаттаудағы рөліне тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар ол қаламгерлердің бірлесіп, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруы жөнінде ұсыныс білдірді. Ал қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадырәлиев әдеби орта мен мемлекеттік құрылымдардың өзара ықпалдастығының маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар алдағы жұмыстар бойынша өз ұсыныстарын ортаға салып, ортақ жоба-жоспарды бекітті.

Ерке МЕРЕКЕ,
Батыс Қазақстан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір