ЖАЙЫҚ ЖҰРТЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?
16.04.2024
54
0

Өткен айдың соңында Ақ Жайық атырабының тұрғындарын әуелі еріген қар суы әбіржітті. Наурыз айының соңғы күндері күн күрт жылынған сыңай танытты да, соңы толассыз жаңбырға ұласты. Өткен күз жауын-шашынға жомарт болып, жерге ылғал мол сіңген. Оның үстіне қыс бойы қар қалың жауып, тіпті қаңтар-ақпан айларында ара-тұра жаңбыр да қылаң берді. Климаты күрт континентальды саналатын, яғни, негізінен жазы аптап ыстық, ал қысы суық болып келетін Орал өңірі үшін қыс айларында жаңбыр жаууы – өте сирек құбылыс.

Әйтеуір, адамдар аман!

Мамандардың мәліметіне қарағанда, биылғы қыста Орал өңірінде жерге бірметр шамасында тоң қатқан көрінеді. Ал енді жер жібімей жатып, қардың еруі қарғын судың жерге сіңбеуіне бірден-бір себеп. Міне, осы жағдайдың кесірінен облыс орталығы Орал қаласына қоса, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарында 600-ге тарта үй, 23 әлеуметтік нысанға су кіріп, 7000-ға жуық адам жылы орнын суытып, қауіпсіз жерге көшірілді. Қызыл судан әсіресе Сырым мен Қаратөбе аудандары қатты зардап шекті. Сырым ауданына қарасты Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты, Қособа елді мекендерінде 236 үй қызыл судың құрсауында қалса, Қаратөбе ауданындағы 119 түтінді, Қоржын ауылында 86 үйді су басты. Ал Теректі ауданының Аңқаты, Переметное ауылдарында 57 үйді су жайлады. Қарғын судың мөлшері орасан көп және ағысының өте қатты болғаны соншалық Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Казталов, Шыңғырлау аудандарының аумағындағы 19 автожолдың 33 учаскесін су басып, екі жерде жолды жырып кетті. Осындай қысылтаяң кез, қауіпті жағдайда жергілікті билік өкілдері мен тиісті құрылымдардың қызметкерлері тізе қосып, жанұшыра тиімді әрекет етулерінің нәтижесінде әйтеуір, адам өліміне жол берілген жоқ. Күн ілгергі мәліметке қарағанда, ірілі-ұсақты мал атаулыдан 2000 бастай шығын бар көрінеді. Бала-шағаның, үлкен-кішінің амандығына шүкіршілік етіп, бұрынғылардай «бар пәле малмен кетсін» десекте, ресми билік ауылдағы ағайынның негізгі күнкөріс көзі мал екенін ескеріп, жағдай түбегейлі тұрақталғаннан кейін материалдық шығынның орнын толтырмақ ниетте. Жақында Қаратөбе ауданына арнайы келіп кеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жұртқа осы бағытта демеу сөзін айтып, әлгіндей ниетін күні кешегі Үндеуінде тағы да тілге тиек етті.

Қауіп әлі сейілген жоқ…

Бүгінде қарғынның беті қайтты. Бірақ тасқын қаупі өршімесе, сейілген жоқ. Соған орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев екінші сәуірден бастап облыс аумағында төтенше жағдай режимін жариялау жөнінде шешім қабылдады. Енді осы мәселенің мән-жайына тоқталайық.
Батыс Қазақстан облысы – өзен-көлмен жомарт торланған өлке. Алайда біздің өңірдің Жайық, Шаған, Деркүл, Қараөзен, Сарыөзен, сықылды күретамыр өзендері бастауын Ресейден алады. Ал ол жақтан аталмыш өзендер арқылы келетін су мөлшері бүгіндері күннен-күнге күрт көбейе түсуде. Оның үстіне өткен сенбіде Ресейдің Орынбор облысына қарасты Ор (Орск) қаласының маңындағы үлкен бөгенді су жырып кетіп, нөпір су Ақ Жайық атырабына қарай ағуда. Бұған қоса Орынбор облысының аумағындағы Ириклин алып су қоймасынан бірер күннен бері секундына 2170 текше метр айлапат су Жайық өзені арқылы бізге қарай жөңкілуде. Жайықтың қалыпты деңгейі 22 метр 46 сантиметр. Мамандардың болжауына қарағанда, үшбу өзеннің суы 15-20 сәуір аралығында қалыпты мөлшерден 10 метрге көтеріліп, 33 метрге жуықтамақ.
– Сол себепті бүгіндері Жайықтың Орал қаласының тұсындағы жағалауының топырағын нығыздап, биіктету жұмыстары қауырт жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға 20-дан астам мекеме-кәсіпорынның 200-ге тарта техникасы арнайы тартылып, жұмысшылар күндіз-түні екі ауысыммен жұмыс істеуде, – дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Қала әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Орал шаһарының айналасындағы 125 бау-бақша серіктестігінде 25 мыңдай халық тұратын көрінеді. Әлгі қарайған бау-бақша серіктестігінің 55-і Жайықтың жайылмаларындағы бағбандар қауымдастығы. Осы алпысқа жуық бағбандар серіктестігінде 10 мыңнан астам адам тұрақты тұрады. Олардың дені – аудан-ауылдардан көшіп келіп қала маңына қоныстанған өзіміздің қаракөздер. Бүгін-ертең Оралдың маңындағы барша бағбандар қауымдастығына электр қуаты мен көгілдір отын беру тоқтатылып, саяжайлардың тұрақты тұрғындары түгелдей қауіпсіз жерге көшірілмек.
Жайық өзені деңгейінің күрт көтеріліп, суының бірнеше есе молаюуы Орал қаласымен қоса, Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі және Шыңғырлау аудандарында тасқын қаупін күшейтіп тұр…

Онлайн оқу

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйеніп сөз саптар болсақ, бүгінде 14 білім ошағының 4812 оқушысы онлайн режим бойынша білім алуда. Мәселен, су тасқынының кесірінен Бөрлі ауданында – 3, Бәйтерек ауданында – 1, Теректі ауданында тіпті 10 мектеп онлайн білім беру жүйесіне көшуге мәжбүр болды. Ал Қаратөбе ауданына қарасты 129 түтінді Қоржын ауылы түгелге жуық су астында қалғандықтан осы елді мекендегі мектептің 104 оқушысы аудан орталығы Қаратөбедегі Қажым Жұмалиев атындағы гимназияда оқуларын жалғастыруда.

Көптеп-көлемдеп көмектесуде

Орал қаласында жеті эвакуациялық қосын жасақталды. Оларды әуелгіде 1186 тұрғын, ал бүгіндері 400-ден астам үлкен-кіші паналауда. Алайда қала маңындағы саяжайлардан алдағы бірер күнде бірнеше мыңдаған адам көшірілетінін ескерсек, эвакқосындардың «тұрғындары» күрт көбейетіні бесенеден белгілі.
Тасқыннан зардап шеккен батыс қазақстандықтарға күні бүгінге дейін 30 миллион теңгенің гуманитарлық көмегі жеткізілді. Мұндай жәрдемге «Аманат» партиясының облыстық филиалы мен Қазақстан халқы ассамблеясының жергілікті мүшелері, кәсіпкерлер мен үкіметтік ұйымдардың жетекшілері, жанашыр тұрғындар мен жастар ұйымдарының өкілдері ұйытқы болуда. Арнайы «Ақжайық» қорына облыс аумағындағы барлық ірілі-ұсақты мекеме-кәсіпорындардың қызметкерлері бір күндік жалақысын аударуда. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Орал өңірінің іскер әйелдер» бірлестігі 3 миллион теңгеден астам ақшалай көмек аударды. Облыстық мәслихаттың депутаты, іскер азамат Тұрарбек Тілемісов Қаратөбе ауданының тұрғындарына 4 млн теңгенің көмегін жөнелтіп, облыс орталығындағы эвакуациялық қосындардың қалыпты тыныс-тіршілігі үшін және 1 миллион теңге аударды. Сондай-ақ ол эвакуациялық жұмыстар үшін өзінің жеке мекемесінен көлік те, арнайы техника да бөлді.
Батыс Қазақстан халық ассамблеясына қарасты «Ағайын» қазақ мәдени-қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Биғалиевтың ұйытқы болуымен «Sky» cұлулық салоны мен «Sky» кафесі 5 миллион теңгенің азық-түлігі мен дәрі-дәрмегін, сондай-ақ көптеген су жаңа киім-кешекті үйсіз-күйсіз және киім-кешексіз қалғандарға тегін таратты. Осы қарайған көмек тек қаланың төңірегінде қалмай, Сырым ауданының алыс ауылдық округтерінің бірі – Бұлдыртыға дейін жеткізілді. Сәуірдің жетісі күні Түркістан облысының жанашыр жастары Қаратөбе ауданына қарасты Аққозы ауылына нағыз жазғытұрым уақытта киетін жылы киім-кешек жеткізіп, оған қоса, екі қазан палау пісіріп, жергілікті жұрттың алғысына бөленіп, ауыл қарттарының батасын алды.
Далада да, қалада да қиын жағдайға душар болған Жайық жұртына жанашырлық таныту, жақсылық жасау жалғасуда.

Бақытжан ҒАБДУЛЛИН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір