Аманкелді қажы ЕРЕНҒАЙЫПҰЛЫ: ЖҮЗ РЕТ ЕСТІГЕНШЕ БІР РЕТ КӨРГЕН АРТЫҚ

Қазақстандағы рухани қызметтің көрнекті өкілі, қажылық қызметінің ұйымдастырушысы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент және көптеген ғылыми еңбектердің авторы «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті, халыққа адал қызмет етіп, имандылық пен мәдениет арқылы әлемдік деңгейде Қазақстанның атын шығарып жүрген рухани көшбасшы Аманкелді қажы Еренғайыпұлының «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
– Аманкелді қажы Еренғайыпұлы, ең алдымен, өзіңізді газет оқырмандарына таныстырып өтсеңіз. Дін саласына қалай, қашан келдіңіз? Бұл жолды таңдауыңызға кім себепкер болды?
– Мен – Торғай облысы (қазіргі Қостанай облысы), Аманкелді ауданының тумасымын. «Қазақ әдебиеті» газетінің қара шаңырағын аралап көріп, танысқаннан кейін кезінде отыз бес жыл «Сыр сандық», «Ақжол», «Батпаққара», «Тың шұғыласы» басылымдарын басқарған әкем Еренғайып Әбдіхалықовтың күндіз-түні үйдегі қара машинкасымен көз майын тауысып мақала жазып, редакция мен баспахана арасында жүгіріп жүріп газет шығарғаны көз алдыма келді. Әкем ұлттық руханиятты ұлықтауда үлкен із қалдырды. Менің дін жолына келуіме себепкер болған әкем Еренғайып. Олай дейтінім, марқұм әкем бала кезден «Сендердің замандарың келгенде егеменді ел боламыз» деп айтып отыратын. Ол кезде егеменді деген сөзді түсінбейтін едік қой. «Сол кезде дін де оралады. Біздің негізгі міндетіміз – дінді жеткізу. Сендердің замандарыңда дінді жеткізуге мүмкіншілік болады. Сенің руың қожа, соның ішінде Сейітқожа. Қыпшақтарға пір болып он сегізінші ғасырларда біздің бабамыз Қожан ишанды Шашанбай деген би алдырған екен. Содан бері қыпшақтармен бірігіп кеткенбіз. Сондықтан мен сені діни оқуға беремін. Бұқараға барып оқытамын», – дейтін. Мен 4-5 сыныпта оқып жүрген кезім еді. Сол кезде асығатынмын көке (әкемді көке дейтінбіз) қашан Бұқараға апарады деп. Әкем алпыс бірінші жылдары журналистика факультетінде оқыған. Маған әкем тоғызыншы сынып оқып жүргенде төте жазуды үйретті. Тез-ақ меңгеріп алдым. «Шалқар» деген газетті жаздырып алатын. Сол газетті көкеме дауыстап тұрып оқып беретін жағдайға жеттім. Сөйтіп, оныншы сыныпты бітірген соң әкем КазГУ-дің Шығыстану факультетіне алып келді. Онда жазылған анықтамада «бесінші курсты Араб мемлекетінде оқиды» делінген. Менің де арманым Араб мемлекетінде оқу еді. Бірақ Алланың қалауы басқа екен. Сол жылы оқуға түсе алмадым. Келесі жылы әкемді тыңдамай, азаматтық борышымды өтеу үшін әскерге аттандым. Одесса қаласында Ішкі әскерлер қатарында әскери борышымды өтедім. Әскерде жүргенде түсіндім ғой оқу керек екенін. Әскерден келген соң әкем маған: «Балам, Меркіде медрессе ашылыпты соған барып оқысаң қайтеді?» – деді. Медрессе десе шошитын кезіміз. Ойланатынымды айттым. Бұл 1992 жылдың 22 тамыз айы болатын. Әлі есімнен кетпейді. Таң ата түс көрдім. Түсімде қанат бітіп биік бір мұнараны айнала ұшып жүрмін. Сол мұнараның ортасында бес саусақтың таңбасы тұр. Сол бес саусаққа кім қолын тигізсе, сол қажы болады екен. Сол мұнараны айналып ұшып жүріп жаңағы таңбаға қолымды тигіземін. «Қажы болдым! Қажы болдым!» – деп алақайлап оянып кеттім. Тұрсам, әкем жұмысқа барайын деп галстугін тағып тұр екен.
– Балам, қайдағы қажылықты айтып тұрсың? – деді.
– Көке, түс көрдім түсімде қажылыққа барып, қажы болдым.
– Балам, менің айтқанымды тыңда, медресеге оқуға бар, – деді. Содан сол түстің әсерінен болар баратынымды айтым. Әкем қуанып кетті. Құжаттарымды дайындап, үлкендерден бата алып Меркі медрессесінде оқуды бастап кеттім. Сөйтіп, Меркі қаласындағы медресседе діни сауат ашып, ислам ғылымының қыр-сырын меңгере бастадым.
– Меркідегі медресседен соң оқуыңызды әрі қарай жалғастырдыңыз ба?
– Бұдан кейінгі жылдары Өзбекстанның Андижан қаласында екі жыл арабтың граматикасын санама сіңіріп құран оқып, оның мағынасын түсінуге қол жеткіздім. Сол жылдары әлемдегі ең ірі халықаралық исламдық ғылыми діни мекеме және әлемдегі ең көне, ең атақты Ислам университеті Мысырдың Каир қаласында орналасқан Әл-Азһар университеті болатын. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Египеттегі әл-Уақф министрлігінің 1993 жылғы келісімі бойынша елімізден Әл-Азhар университетіне оқуға талапкерлер жіберілетін болып келісілді. Осы келісім шеңберінде Каир қаласына барып, Әл-Азhар университетіне оқуға қабылдандым. Осында жүріп философия мен теология саласында білім мен біліктілігімді шыңдадым, алғаш рет қажылық сапарға аттандым.
– Әл-Азһарда студент бола жүріп сіздің алғаш рет қажылық сапарға аттануыңыз қызығарлық оқиға екен. Бұл мүмкіндікке қалай қол жеткіздіңіз? Осы жағын тарқатып айтып берсеңіз?
– 1996 жылы студенттердің арасында алғаш рет кемемен қажылыққа аттандым. Ол жақтан қажылыққа бару арзан әрі жеңіл. Кеменің үстінде екі күн, екі түн сақыда жатып барасың. Каютаға қарағанда, әрине арзандау. Кеме капитаны Жида қаласына жақындап қалғанымызды хабарлады. Теңіздің жағасында үлкен бір мұнара тұр екен. «Мен мына жерде болғанмын, болғанмын!» – дедім қуанғаннан дауыстап. Қасымдағылар маған таңдана қарады. Жақындағанда осыдан төрт жыл бұрын түсіме енген мұнара екеніне көзім жетті. Сонымен түсім себеп болып, ақыры 1996 жылы қажылыққа баруды Алла нәсіп етті.
– Сөзіңізге қарағанда, Әл-Азһарда оқуыңыз соншалықты қиындық тудырмаған сияқты. Мұның мәнісіне тоқтала кетсеңіз?
– Бір қызығы біздің Әндижанда екі жыл оқыған бағдарламаны бұлар бес жыл оқытады екен. Менің өзбек ағайындарға таңғалғаным бес жылдық программаны екі жылдыққа сыйғызып қойғаны болды. Сондықтан шығар маған білім алу қиынға соққан жоқ, өзбек елінде алған білімімнің пайдасы тиді. Жаңадан барып оқығандарға әрине, оңай болған жоқ. Әл-Азһар университетін 1998 жылы тамамдаған соң елге келдім. Қазақстан Діни басқармасының бас мүфтиі марқұм Рәтбек қажы ағамыз Ислам институтында сабақ беруіме кеңес берді. Одан кейінгі жылдары Нұр-Мүбәрак университеті ашылып, осы оқу орнында магистратура мен PhD-ді бітірдім. Енді Құдай қаласа, биыл докторлық диссертацияны қорғасам деген ойым бар.
– Діни білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесіңіз жайлы айтсаңыз?
– Әл-Азһардағы оқу жылдары маған тек діни ілімді ғана емес, әлемдік мәдениет пен философияны терең түсінуге мүмкіндік берді. 2002 жылдан бастап «Спутник Қазақстан» туристік компаниясында қажылық бөлімнің меңгерушісі болып қызмет атқарып, қажылық сапарларды ұйымдастыру ісіне үлес қостым. Араб тілін оқыған сайын, үйренген сайын арабтарға жол ашыла береді. Менің жалпы, «Қажылық», «Ислам әлемінің қасиетті орындары» сияқты тақырыптарға жазған біраз еңбектерім бар. Дисертациямның тақырыбы да «Исламдағы қажылық: төрт мәсхаб бойынша салыстырмалы түрде оның орындалу үкімдері». Қажылыққа кірген кезде байқап отырсам, бабаларымыздың жасаған еңбегі өте зор екен. Сонау Меккеге барып, қазақтың қамын ойлап такия (қонақүй) салу деген үлкен еңбек қой. Мысалы, Мәдинеде қазақтың алты такиясы болған. Қазір оның бірде-бірі жоқ. Ал Меккенің өзінде төрт такия болған. Демек, Меккеге қазақтар жай ғана бармаған халықтың ертеңін, қамын ойлап қонақүйлер салдырған ғой. Он тоғызыншы ғасырда Құнанбай қажының, Марқабайдың, қыпшақтардың салған такиясы бар. Оларды білмейміз. Тек Құнанбай салған такияны ғана білеміз. Ал, шын мәнінде, тек Құнанбай ғана емес, сол заманның өзінде қазақтың игі жақсылары такия салдырып кеткен. Бүгінде егеменді ел болғанымызға отыз жыл болды. Бүгінде дәулетті меценаттар өте көп. Солардың бірде-біреуінің такия салуға қаражаты жетпей жатыр ғой. Мекке мен Қазақстанның арасында қажылық қарым-қатынас бұрыннан болған. Тағы бір таңғаларлық нәрсе қағбаға қараймыз. Бүкіл мұсылманның құбыласы ғой. Қағбаға қарасаң, алтынмен жазылған жамылғыны көресің. Сол жамылғының авторы – Абдурахим Адин деген түркі және оның астында су ағар бар, сол су ағардың астында қошқар мүйізді ою бар. Сол оюды жіберген қыпшақ Сұлтан Бейбарыс бабамыз болатын. Он үшінші ғасырда Мекке-Мәдинаға Сұлтан Бейбарыс бабамыз екі рет қажылыққа барған, Пайғамбарымыздың қабірін тұрғызған. Меккеге барған соң Мысырдан қисуа жамылғы дайындатқызып сол кезде қазақтың оюы қалсын деп қошқар мүйіз оюды су ағардың астына қойдырып кеткен. Осыған қарап отырып-ақ бабаларымыздың қалдырған ізін байқауға болады.
– «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясы жөнінде және басқа да шетелдік қажылық компаниялармен арадағы қарым-қатынастарыңыз жайлы айтып берсеңіз?
– 2007 жылдан бастап «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясын аштым. Бүгінге дейін отыз мыңға жуық қажыны қасиетті Меккеге апарып келдік, әлі де апара бермекпіз. Бұрын Сауд Арабиясына бару, виза алу өте қиын болатын. Қазір бес-ақ минутта алуға қол жеткіздік. Сауд Арабиясының арабтары да Қазақстанға виза ала алмай қиналатын. Қазір мұның бәрі шешілді. Арабтар елімізге өте көп келіп жатыр. Олар Қазақстанды ислам дінінің орталығы деп есептейді. Олардың туристік компаниясы бізге қызмет жасайды, біз оларға қызмет көрсетеміз. Демек, екі ел арасында туристік қарым-қатынас жақсы дамып отыр.
– Қажылықтағы ең есте қаларлық сәттеріңізбен бөліссеңіз?
– Ең есте қаларлық сәттерім: 2007 жылы Сауд Арабиясы шейхтарының қолынан Қағбаның алтынмен апталған жазуы бар кисуәсын (жамылғысын) сыйлыққа алуым; 2008 жылы қасиетті Қағба ішіне кіріп, дұға тілеу мәртебесіне ие болуым; 2009 жылы «Әл-Ақса мешітінің тарихы» атты еңбегімнің Палестинада жоғары бағаланып, Әл-Ақса мешітінің бас имамы Шейх Наджихтың қолынан «Қуббатус-Сахра» мешітінің алтын күмбезінің бір бөлігі бейнеленген ескерткіштің сыйға берілуі; 2010 жылы 2 қаңтар күні Сауд Арабиясы патшасының шақыруымен екінші рет Қағба ішіне кіріп, Әл-Харам мешіті шейхтарының қолынан екінші кисуәны алуым.
– Қажылық сапарға барғанда әлемнің түкпір-түкпірінен келген мұсылмандармен пікірлестіңіз бе? Олар Қазақстанды, қазақ елін қаншалықты таниды? Көзқарастары қалай?
– 1996 жылдан қажылыққа бардым ғой. Екі мыңыншы жылға дейін қазақты ешкім танымады. Қазақстан десең Пәкістан, Ауғанстан, т.б. мемлекеттерді айтып, ажырата алмайтын. Қазір басқаша. Қажылыққа баратын адамдарға көк түсті киім тіктірдік. Кеудесі мен арқасына «Қазақстан» деген жазуды латын және араб әріптерімен жаздырдық. Қазір бәрі түсінеді.
– Жалпы, араб пен қазақ арасындағы ұқсастықтар туралы жиі айтылады. Барыс-келіс кезінде нені байқадыңыз?
– Араб пен қазақ өте ұқсас халық деп айта аламын. Бірінші ұқсастығымыз, олар – көшпелі, біз де – көшпеліміз, көшпелі адамдар бір-бірін түсіне алады, екіншіден, олар малдың соңында жүреді, біз де малсыз өмірімізді елестете алмаймыз, үшіншіден біз сияқты олар да руға бөлінеді егер руын білмесе, ол араб емес. Ру деген біздің ұлттық кодымыз сияқты ғой. Біз руымызды жүрекпен білсек, олардың қай рудан екенін төлқұжатынан білуге болады. Тағы бір ұқсастығымыз – қонақжайлылығымыз деп айта аламын. Бұл айтылған қасиеттерді жүз рет естігенше, бір рет көріп қайтқан жөн деп ойлаймын.
– Қазіргі қазақ жастарының асыл дінімізге деген қызығушылығы қандай? Дінді ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеп жүрген жастар бар ма?
– Бүгінде мешітке барсаңыз қарт кісілерді аз көресіз, көбі жастар. Мешітке сыймағандары сыртында намаз оқып жатады. Жастарымыз иманжүзді, дінге деген бетбұрысы өте жақсы. Осыған қарап, салауатты ұрпағымыздың өсіп келе жатқанын байқауға болады. Жастарымыз әлем бойынша қай салада болмасын көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүргені белгілі. Қазақ жастары арасында ислам дінін, оның әлеуметтік, тарихи және мәдени аспектілерін ғылыми тұрғыдан зерттеп жүргендердің қатарында Нұр-Мүбарак университетінің ғалымдары, сондай-ақ дінтанушылар мен әлеуметтанушылар бар. Олар дәстүрлі ислам мен қазіргі жастардың дүниетанымын, құндылықтарын зерттейді.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Жүніс ОМАР