Суреткер – ел ырысы
26.02.2025
569
0

Есімі туған халқымен бірге жасай беретін үлкен жазушы Медеу Сәрсеке артына құнары мол мұра қалдырды. Суреткердің тұлғалық биікке жеткен шынайы кейіпкерлері XX ғасырда қазақ халқының басынан өткен барша қиындықтар мен тарихи кезеңдердің тезінен өткен жарқын адамдар болатын. Олар сүрген реалды, күреске толы ерекше сәулелі өмірдің стихиясына енген сайын, зерт­теп білген сайын жазушы өз қаламының қуат-күшімен қоса сүргені айдан анық. Мәскеудің аса беделді «ЖЗЛ» – «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен 3 роман шығарған Медеу аға: «Мен документалистпін ғой», – дегені бар. Ғадет­те «Фактіге қарсы дәлел айту қиын» делінеді, болған іс, ақиқат сөз түбі жеңеді, шын деректер өзгертуге я бұрмалауға көнбейді.
Өткен ғасыр аяқталып, қоғамдық формациялар ауысар өліара шақта әдебиет­те алабөтен құбылыстар пайда болып, ұлғая түскені білінбей қалмады. Кітап нарығын әлемде сондай дилетант, өтірік, детектив, фэнтези романдар жаулап алды. Мұны folk-history деп таңбалайды, дилетант авторлар дүмбілез шала сауат­ты аудиторияға арнап жаза беретін арзан тауар, құнарсыз басылымдар. Жазғыштар инемен құдық қазғандай қыруар тер төгіп, архивтік нақты деректермен жұмыс істеуді керексінбейді. Ғұмырбаяндық жанр жекетұлға мен оның қайраткерлігіне арналып, қоғамын, әлеумет­тік ортасын танытатындықтан жазушыдан айрықша бейнетқорлықты талап етеді. Онсыз іс бітпейді.
Медеу Сәрсеке жарты ғасырдан асқан шығармашылық нәтиже – айдай әлемге миллиондаған данамен тарап кеткен қабағат ой еңбегінен соң, зейнетке шықтым, қартайдым, енді бекер жан қинамай демалайын деп әсте ойлаған жоқ. Тағы қыруар деректер теңізін кешіп, жанды жегідей жейтін ауыр трагедия тұңғиығына түсіп кет­ті. Бұл жолғы ел мен жердің апат­ты дәуірі Медеу Сапаұлының жүрегін қанжылатқан. Жазуды қойдым енді дей тұра, полигон тақырыбына 800 бет­тен асқан «Семей қасіреті» ат­ты деректі кітап жазды. Медеу Сәрсеке аңыздағы тау көтерген Толаға­й тәрізді ауыр дүниелерді арқалауға тұтас саналы өмірін арнағандықтан тосылмаған шығар. Алайда ел мен жер әлемдік үстемдікке таласқан тоталитарлық күштердің құрбаны болып, сұмдық зардап шеккен хронологиялық шындықты қазып жазғанда, жаны күйзеліп, қаусап отырды. Қырық жылғы полигон зардабы Семей облысының Абыралы және Абай ауданын қатар шарпып, тірі табиғат­ты өлтірген жиі-жиі атом сынағынан Дегелең тауы шөгіп кеткен. Сапарғали Бегалин бала кезгі биік тау шөгіп кеткенін көргенде, қалай жылағанын Медеу аға сұхбат­та айт­ты. Ілиястың «Құлагер» поэмасын репрессиядан сақтап қалған жазушы туған жер атом уын жұтып күйікті тау-тасы шағылып, ақ бұлағы тартылғанына күйзелмегенде қайтеді. Арқаның құнарлы, көрікті өлкесі ауа мен топыраққа үздіксіз ажал сепкен радиацияға құрбан болды. Қайнар бұлақ басында туып-өскен жазушы 80-нен асса да, жойқын жарылыстардың эпицентріне айналған туған жерінің қайғы-зарын айналып өткен жоқ. Қақаған қыста суы қатпайтын Қайнар бұлақ сияқты қаламы суыған жоқ. «Семей қасіреті» деректі проза болып жарық көрді, орыс, ағылшын тілдеріне аударылды.
1953–1958 жылдары Алматының Кен-металлургия институтында кілең ірі академик ғалымдардан тиянақты білім алған Медеу Сәрсекенің жазушылық жолға түсуіне ықпал еткен ұстазы Евней Бөкетов және академик Әлкей Марғұлан. Академик Евней Арыстанұлы Бөкетов – Одақ бойынша техникалық ғылымдағы ұстазы Қаныш Сәтбаевтан ке­йінгі екінші тұлға. Бөкетов ғылыми дара мектеп қалыптастырған. Мемлекет­тің байлығы мен берекесі өнер-ғылымда екені әбден белгілі.
Техниканы сол дәуірде қазақ баласы біртіндеп игере бастап, ауылда өскен жастар үшін таңсық мамандық металлургияны таңдаған Медеу Сәрсеке өндірісте инженерлік қызмет атқарып, көзімен көрген шындықты «Жарылыс» ат­ты романда жазды. Техникалық жарылысты астар етіп алып, совет заманында белең алған жалған мәлімет беру, жағымпаздық, рушылдық меңдеп, екіжүзділікке, құлдырауға ұшыраған қоғамның көлеңкелі, кеселді дертін жазды. Жазушы әшкерелеген шындық ауыр болғаны сонша, романның «Жарылыс» атауы өзгеріп, оның цензураға түскен тараулары «Жаңғырық» болып жарияланды. Бұл уақыт­та қазақ жазушыларынан өндіріс тақырыбына қалам тарту өте сирек еді. «Жарылыс» романынан соң «Көмбе» ат­ты роман жарыққа шықты, орыс тіліне аударылып, бұрынғы Одақ көлемінде жоғары бағаланды, ал өткір жазылған осы екі романның қазақша нұсқасы қиылып, толық шықпаған еді. Кәсіби шеберліктен айнымаған принципшіл жазушы өндіріс тақырыбына жазылған «Жарылыс» романына аудармашы етіп, нақ өзі сияқты металлург Николай Иванович Родичевті таңдайды. Әрбір романы Мәскеуде жарық көрген сайын Медеу аға айлап мәскеулік редакторлармен мұқият бірге жұмыс істеуді әбден дағды қылған еді.
«Өмірімді ұзартқан кез­десулер» ат­ты кітап – Медеу ағаның көзі тірісінде қолымен ұстап кеткен соңғы кітабы, 2022 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан. Медеу ағаның алғашқы кейіпкерлерінің көпшілігі кілең еңбек адамдары. Олардың портрет­теріне қарап, нағыз еңбек ерлері десе,артығы жоқ.
«Студент кезімдегі туындылар» деп аталған бөлімнен «Таудағы қойма» ат­ты очерк жазылу шеберлігі жағынан көркем прозаға қойылатын талапқа бек лайық болып шықты. Мұнда туған жер Абыралының топонимдік сурет­тері қанық берілген. Жаңғызтауға аңшылыққа барған екі жігіт таудан қойма тауып, олжалы қайт­ты. Ескі қыстауға барар жолды, дала өсімдіктерін, сырт көрінісінің суретін фотоаппаратқа түсіргендей қылып айқын берген. Кемерғазы деген досы өзін Медеш деп атайтыны назардан тыс қалмайды. Бір сандық ескі кітаптар тығылған уақыт та белгілі болып шығады (сарғайған «Лениншіл жас» газеті. 1930 жыл, 2 қазандағы саны, №36 (218). Бірінші бет латынша, қалғаны араб әрпімен терілген. Ескі кітаптардың иесі – Төлеубек, Садуақас Ахметұлы, Қаракесек ішінде Бошан-Есбалақ руынан екенін артынан анықтайды. Ескі қыстау иесі – зиялы қазақ, бірақ олардың аласапыран жылдарда жазмышы белгісіз. 7. 12. 1956 жылы жас автор қойма иесінің руын көрсетіп, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялағаны оларды білетіндер, туыстары табылып қала ма деген үміті екені анық.
«Марқаю» ат­ты очеркте Ертіс-Қарағанды су арнасы салынбас бұрын іске тартылған инженер-гидрогеологтер өмірінің бір эпизодын, карта түсірушілер тобында тәжірибеден өтіп жүрген жас қазақ жігіті Сәт­ті, оның кітапқұмарлығын, иен далада бір жұтым су қат болып шөліркеп жүрсе де, өз ісіне адалдығын бұлжытпай берген. Мүмкін, ол өзінің автопортреті болар. Сол топтағы төзімді, еңбекқор, адал, қайсар кісілердің жанды портретін дәл берген. Медеу аға мұнда Толаға­й туралы аңызды қосқаны тегін көрінбеді, өзінің болашақ тірлігін танып тұрғандай.
Лениногор қаласында іс-тәжірибеден өткен студент Медеу Сәрсекеевтің очеркі жарияланған (7.08.1997) «Лениншіл жас» газеті дабыл қағып, Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа ол еңбек еткен қорғасын зауытта кеуде мүсінін орнатуға, оқыған мектепке тақтайша ілуге партия ұйымы шешім шығарған.
1980 жылы мамырда СССР Жазушылар одағының кезекті құрылтайына Мәскеуге Қазақ­станнан делегат болып барғанда, Кремльге таяу «Россия» қонақүйінде Медеу ағаның түсіне екі рет соғыстан оралмаған немере ағасы Төлеу Сәрсекеев кіреді. Әкесінің туған інісі, 1943 жылы 12 тамызда оққа ұшқан 32 жасар ет жақын туысының сүйегі 37 жыл бұрын қурап қалған. Аруақ маған өкпелі сияқты деп түсін жорыған жазушы Орлов облысынан әкесі өмір бойы жоқтап өткен Төлеу ағасының қабірін іздеп барып, рухына тағзым еткенін естелікте тебірене жазды. Сол жолы достық қарым-қатынасын үзбей, хат жазысып тұрған жазушы, аудармашы Николай Родичевпен сағынысып кез­дескен.
Медеу Сәрсеке ел мен жер тарихына қатысты деректерді жазып қалдырды. Абыралыда туған әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың әндерін Мәскеуден этнограф ғалым Жарқын Шәкерім тауып әкеліп, «Мелодия» фирмасы шығарған пластинкасын кезінде Ғабит Мүсірепов Медеу Сәрсекеге берген екен. Медеу аға Ғабеңмен рухани тұрғыдан өте жақын болған. Медеу аға бірнеше жыл бұрын Әміре Қашаубаевқа арналған естеліктер кітабын маған беріп, келешекте пьеса жазуды аманат қылғанын ұмытпаймын.
Жазушының адал жары Клара Есенжолова биолог маман, институт­та ұзақ жыл оқытушылық қызмет атқарды. Клара тәте «ЖЗЛ» сериясымен шыққан кітаптарды қызыға оқып, аса дарынды адамдардың оқыс мінездерін әңгімелеп айтып беретін кез­дері есімде сақталып қалды. Жазғырып емес, сүйсініп айтатын, себебі тұлғалық жаратылыс ешкімге ұқсамайды.
Клара тәте орысша оқыған, орыс тіліне өте жетік, өте сауат­ты, зиялы, мейі­рімді, жұмсақ мінезді, өнерге өте жақын, әншілігі керемет еді. Әкесі Дүйсебай
Есенжолов – Семей театрын алғаш ашқан әртістердің бірі, Бейімбет Майлиннің «Шұға» пьесасында Әбдірахман рөлін ойнаған.

Айгүл Кемелбаева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір