ТАБИҒАТ ТАМЫРШЫСЫ (Тұрлыбек Мәмесейіттің туғанына – 75 жыл)
«Түсіме тау кіреді» деген кітапты осыдан 33 жыл бұрын досым Жексеннен алып оқығаным бар. Алғашқы беттерін парақтағаннан бастап, мені тереңіне шым-шымдап тарта бастады. Өйткені мен білетін таныс аймақ, тау табиғаты.
«Мен таулықпын,
таудан мен жаратылғам,
Бұлт бүркеніп жай отын ала туғам».
Шіркін, Мұқағали-ай!.. Осы бір ғажайып өлке, ғаламат көріністерді қалай-қалай толғаған десеңізші!.. Жаңағы жинақты оқып отырып, Мұзбалақ Мұқағали жырлары еріксіз ойыма оралып еді. Сондағы мені толғандырған Тұрлыбек Мәмесейіт туындысы болатын.
Жазушының шығармашылығына көз жүгіртсек, «Беторамалдан» басталатын өзіндік айтары, таңдаған тақырыбы бар Тұрлыбек өзінің талантты жазушы екенін көрсете білген еді. Одан кейін «Түсіме тау кіреді», «Бесік пен Несіп» (Алматы, «Жалын» 1996). «Әулие шоқы» (Алматы, «Өнер» 1999), «Тектінің кегі», «Тау», «Қарқара көтерілісі», «Жасын түскен маусым», «Хантәңірі баурайында жалғыз шырша» деп аталатын әңгіме, хикаяттар жинақтары басылып шықты. Екі кітаптан тұратын «Таңжарық» романы жазушыны тағы бір биікке көтеріп тастаған болатын. Сын жанры бойынша «Тоғысқан толқын», «Зерделілік айнасы», «Дидар», «Таным таразысы» атты кітаптары, зерттеу бағытындағы «Егіз елдің әуені», «Шерхан Мұртаза», «Шер мен Шерхан» атты еңбектердің авторы. Ол ғылымға да түрен салып, ізденумен айналысты. Осылайша, қазақтың қайсар ұлы, қазыналы жазушы Шерхан Мұртазаның шығармашылығын індете зерттеп, филология ғылымдарының кандидаты атанды.
Драматургия бойынша еңбегі өз алдына бір төбе. Тұрлыбек Мәмесейіт 2019 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында: «Соңғы жылдары драматургияға қалам тартып, 4-5 пьеса жаздым. 2-3 шығармам сахналанды. Дайындалып жатқандары да бар. «Таңжарық» атты драмам «Тәуелсіздік толғауы» конкурсында жүлделі орынды иеленді. Сыбайлас жемқорлық тақырыбына жазылған «Құлқынның құлы» атты пьесамды үш театр сұратып алды», – деп атап өтіпті. Ол тағы: «Драматургияда қандай тақырыпты қозғасаң да оңай емес. Жанр талабы өте ауыр», – депті. Әне сол күрделі жанрға тәуекел етіп, «Бәкей қыз», «Тулақ», «Таңжарық», «құлқынның құлы» қатарлы пьесаларды өмірге әкелді. «Бәкей қыз» Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, «Құлқынның құлы» Жетісу облыстық Бикен Римова атындағы театрда қойылды.
Тұрлыбек Мәмесейіт 1949 жылы 17 ақпанда Алматы облысы, Нарынқол өңірі қазіргі Райымбек ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1975 жылы бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ол «Жетісу» газетінде, «Жазушы», «Өнер», «Рауан», «Атамұра», «Елорда» баспаларында редактор, бас редактор болып жауапты қызметтер атқарды. Астана-Полиграфия акционерлік қоғамы баспа басқармасының бас редакторы болды. Қарымды қаламгер, тәжірибелі баспагер, өнегелі ұстаз соңғы жылдарда Еуразия университетінде шәкірт тәрбиелеп, ғылым саласында қызмет етті. Тұрлыбек Мәмесейіт әдебиеттегі проза, сын, драматургия жанрлары бойынша қалам тербеген еңбектерінің арқасында Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты болды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Тұрлыбек Мәмесейітов шығармаларын оқып отырып, айқын сезінгенім, өмірде Тұрлыбектің әрбір басқан қадамы қандай нық болса, көркем жазбаларында да сондай биік. «Мынаны алып тастауға да болар еді, ананы қосса ғой!..» дейтін селкеу таппайсың. Шығарманың басталуы, шарықтауы, ширығуы, шегінісі, қыстырма қисыны, қатарластыра, жарыстыра жазуы, соңғы мәреге жеткізіп шешім таптыруы – Тұрлыбекке тән ерекшелік. Біз айтып жүрген жазушы стилі деген осы шығар.
Сөзім дәлелді болу үшін «Өнер» баспасынан 1999 жылы жарыққа шыққан «Әулиешоқы» кітабындағы «Аңшының соры» хикаятына аз-кем аялдауды жөн санадым. Хикаяттың басты кейіпкері Тілеу – соғыстан жараланып қайтқан солдат. Ауылға аман-есен оралғаны демесең, оның тәні де, жаны да жаралы. Отбасындағы анасы Әлиманға, жас жұбайы Жаңылға, ұлы Даниярға Тілеудің тірі келуі – теңдессіз қуаныш болғаны ақиқат. Алайда ауылды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, өзі қамкөңіл халықты құлша құрықтап жүрген адыраңбай бастық Қырықбайға ұнамайды. Өзінен басқа төре жоқ, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болып жүрген бастық Тілеуге қаһарын төгеді. Ол Тілеуді аңшылыққа «аластап», тау ішіне көшіріп жібереді. Жазушы үш желіні қатар жылжытып отырады. Алдыңғысы – баласы аңға кетіп кешіккен Әлиман ананың алай-дүлей жан әлемі. Қыстаудағы үрпиген үшеудің (Әлиман, Жаңыл, Данияр) қиналысы. Екіншісі – Тау мен Тілеу, оққа байланған аң, қапияда құздан құлаған аңшы, төрт ит. Соңғы үшінші желі – аңшының ойы, ананың ойы, соғыс, тау бөктеріндегі ұсқынсыз аядай ауыл, қытымыр Қырықбай. Осы үш желі алма-кезек ауысып отырады. Бірін-бірі толықтайды, бірін-бірі аша түседі.
Басты нәрсе – дос пен қастың белгісі, айырмасы. «Адам» деп аталатын екі аяқты пендемен «ит» деп аталатын төрт аяқты түкті хайуанның адалдықтары мен арамдықтары жарысқа түсіп сыналады. Біз адам деп жүрген тілі бар мақұлықтың бәрі бірдей адам емес екен де, «Ой, соны қойшы, ит қой!» – деп жүрген иттің бәрі бірдей нақұрыс, дүлей емес екен.
Оны жазушы Тұрлыбек Тілеу аңшының ортасын, өмірін жазу арқылы, Қырықбайдың қылықтары арқылы қылмыс дүниесінің жиіркенішті көлеңкесін көрсетеді. Аңшының Ақтөс, Сырттан, Майлыаяқ, Алыпсоқ секілді төрт итінің иесіне деген қалтқысыз адалдығын өте нанымды дәл жеткізе білген.
Тілеу жартастан құлап, белі мертігіп қалың қарға белуарынан батып, қозғалуға дәрменсіз жатқанда бір күн, бір түн бойы шоқиған төрт ит Тілеуді күзетеді. Анадайда жатқан бас киімін қолына жақындатады. Ондағысы «орнынан тұрар, үйге бірге қайтамыз» дегені еді. Әбден үміті үзіліп Тілеудің тұрмасына көздері жетіп, жүректері сезгеннен кейін Ақтөс пен Сырттан қыстауға ұмтылады да, Майлыаяқ пен Алыпсоқ Тілеуді ит-құстан, қарға-құзғыннан қорып, қасында қалады.
Екі ит қыстауға барып, Әбдірақым бастаған үш кісіні ертіп, Жамансайға қайта тартады. Амал не, аштық, қыстың ақырған аязы, белінен төменгі денесінің жансызданып, үсікке ұрынуы… Бәрі-бәрі қосылып, Тілеуді жан алқымға ала түседі. Екі ит бастаған үш адам төменгі тұмсықтан айналып, атшаптырым аралық қалғанда Тілеу мәңгілік сапарға аттанып, бақи дүниеге жөнеле береді. Өкініштісі, ол өзіне жақын келіп қалған Ақтөс пен Сырттанды және іздеп келе жатқан, әлі де кісілігі бар адамдарды (Әбдірақымдарды) көрмеді.
Ендігі жерде бәрі түсінікті. Әрине, тура келген ажалға ешкім де ара түспек емес. Біреудің ажалы оттан, біреудің ажалы судан дегендей, әңгіме Тілеудің өлімінде де емес, жұмырбасты пендеге әйтеуір бір өлім. Мәселе – Қырықбайдың қара жүрек, бөтен пиғылмен Тілеуді қатері мол қатал жолға қасақана итермелеуі. Жақыным дегеннің пиғылы жаудан да жаман болатыны осындайда көрінеді. Ал анау бейшара төрт иттің Тілеуді өлімге қимай қыңсылауы (жылауы) шығарманың астарын аша түседі.
Тұрлыбек – өмірді өте терең білетін жазушы. Оның қаламынан туындаған әрбір деталь өз орнында тұрады. Иланасың, сенесің, әсерленесің. Жазушылық қарымы күшті, құлашы кең, Шығыстың дәстүрін аңқытып, қара сөздің майын тамызады.
Ендігі бір айтпаса болмайтын шығармасы – «Тектінің кегі». Бұл хикаят «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылдың 12 ақпанындағы 7 санында жарық көрген. Қазірге жинақтарына ене қоймағанымен, ғажап көркем дүние.
Тағы да сол тау. Ақсүңгі найза шыңдары көк тіреген Тәңіртауы. Басына қарасаң, тақияң түсетін Хантәңірі шыңы. Биік таудың тепсеңіндегі жайлау. Жайлаудағы қойшы Өмірәлінің тіршілік баспанасы киіз үй, өрісте баққан малы.
Өмірәлі жалама жартастағы қыран ұясынан темірқанат балапанын алады. Ол – қазақ аңшы-құсбегілерінің заманнан бергі үйреншікті әдеті. Балапанды енді алып шыға бергенде, ұшып жеткен қыран жандалбасамен шабуылға өтеді. Алайда адамдардан айласын асыра алмаған қыран тірнегінен айырылады.
Осыдан бастап Өмірәлі мен қыран арасында айқас басталады. Балапанынан айырылып ашынған алып құс енді тыным беруді қояды. Құтқарып алуды көздеген ол, Тірнек байланған шошаласына ұшып келіп, қанатымен соғады. Әбден мазалары кеткен Өмірәлі мен Күлшара (әйелі) қоныстарын ауыстырып, жұрт жаңалайды. Бірақ бұлардың бұл амалы да ұзаққа бармайды. Олардың бұл «бұғынбағы» қыран көзінен таса бола алмайды. Іздеп келген қыран аспанда қалықтап айналып, ұшады да қояды.
Өмірәлі көшіп келген жаңа қоныстың жанында ақшулан қаншық қасқыр күшіктеп жатқан болатын. Оны сезбеген бұлар, дәл сол апанның алдыңғы жағына қостарын тікпесі бар ма?!. Қасқыр күшіктерін ертіп алып, алысқа кетуге әлі ерте, амалсыз тату көрші болып тұра тұруға тура келеді. Алдындағы даяр ас – қоралы қойдың тоқты-торымын шетінен қағып алып, азық етуге тағы болмайды. Онда бітті дей бер… Өмірәлінің бесатары апандағы бес күшікті жер жастандырады. Не істеу керек? Алыс та болса, өзге өрістен азық тасып, күшіктерін асырауға тура келеді. Мұны, қойшы Өмірәлі де сезеді. Көтеріп келген олжасына қарап, «кімді қан-қақсатып жүр екенсің?!» деп жүргенде бір күні қойын алдырып, қолына мылтығын көтерген қойшы да жетеді. Жанбасын жанай өткен оқтан тасқа тамған қанын көріп, ізге түскен қойшы тұп-тура Өмірәлінің өрісіне кез болады. Айбыны қатты, ашуы жаман, аяйтын түрі жоқ. Не керек, қасқырдың бұғынып жатқан жеріне жуытпай, аңшыдан қасқырды аман алып қалады. Өйткені Өмірәлінің де өз есебі бар. Алыстан айтқызбай, тіл табысқан көршімен тату болмай болмайды. Осыған дейінгі тыныштықты бағалайды.
Күндер ақырын өтіп жатады… Айнала тыныштыққа тұнған түстің әлетінде аспанда қанатын қаққан қыран пайда болады. Алғашында маған төнген қауіп емес пе деп, күдіктенген қасқыр жер бауырлап бұға қалады. Осы кезде киіз үйге сүйкенген бұзауды айдауға шыққан жас бала қолына шыбық алып, қызыл бұзауды үйден алыстата береді.
Қыран қанатын бір-екі рет далп-далп қағып алып, көлбей сырғып төмендей бастады.
«…зулаған бүркіт тура баланы көздеп келе жатқандай. Әнеки, солай сияқты. Ақшулан шыдап тұра алмай атылып кетті. Қыран да шүйіліп келеді. Оқтай атылған қасқыр бүркіттен бұрын жетіп, баланы кеудесімен қаға-маға жол астындағы арша арасына ұмар-жұмар болды».
Бұл – келтірілген үзінді соңғы сәттің көрінісі. Байқасақ, осыған дейін оқып жүрген еңбектердің біріне де ұқсамайды екен. Қойшы Өмірәлі мен Ақшулан қасқыр неге одақтас бола қалды? Өйткені ұрпақ мүддесі тоғыстырып тұр екен. Қыран мен Өмірәлі неге жауласты? Өйткені ұрпақ мүддесі соғыстырып тұр екен.
Бұл еңбек – биік парасат, терең сезіммен жазылған классикалық қуатты дүние.
Тұрлыбек Мәмесейіттің тау табиғатын, ауыл адамдарын, қазақтың жанын жазғанда құлпырып, құлшынып кететіні байқалады, әрі ойға, ірілікке, даналыққа қарай тартатын еңбектері еріксіз басыңды игізеді.
Жазушы осыдан бір жыл бұрын дәм-тұзы таусылып, бақиға аттанды. Тұрлыбек Мәмесейіт – әдебиеттің сын жанрында, көркем прозада, драматургияда өзіндік қолтаңбасымен өндіре жазған, өзгеше өрнегін қалдырған қаламгер. Ол – тау табиғатының тамылжыған суретін салған шебер. Сандаған шәкірттер алдында лекция оқыған ғалым-ұстаз. Оның шығармалары – ұрпаққа қазына, ұлтқа рухани азық болып қала береді. Әсіресе бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарды қайтадан іздей бастаған шақта, тіпті де керек екенін сезіне түсеміз.
Дәулетбек Байтұрсынұлы,
ақын, аудармашы, ҚЖО-ның мүшесі