Онкологиялық қызмет: ерте диагностика – өмір кепілі
21.02.2026
107
0

2025 жылы Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында онкологиялық қызмет айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізді. Мамандардың айтуынша, ерте диагностиканың артуы, өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуі және скринингтік бағдарламалардың тиімді жүргізілуі – жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.

Бүгінде елімізде онкологиялық дертпен диспансерлік есепте тұрған науқастар саны 240 мың адамға жеткен. Тек 2025 жылдың өзінде 41 мыңға жуық азаматқа алғаш рет қатерлі ісік диагнозы қойылды. Дегенмен, атқарылған шаралардың нәтижесінде өлім-жітім деңгейі 14 пайызға төмендегені қуантады.

Алматы аймағында халық саны 1 586 875 адамды құрайды. Аймақтық көпсалалы клиникада онкологиялық есепте 12 285 науқас тіркеуде тұр. Өткен жылы 2 222 жаңа науқас есепке алынса, есепті кезеңде 716 адам өмірден озған.

Дәрігерлер аурудың алдын алуда скринингтік тексерулердің маңызы зор екенін атап өтеді. 2025 жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде 74 мың әйел сүт безі обырына тексеріліп, 160 жағдай анықталған. Жатыр мойны обыры бойынша 62 мың әйел қамтылып, 36 дерек тіркелді. Ал 90 мыңға жуық адам колоректалдық обырға тексеріліп, 34 ісік анықталған. Жалпы алғанда, скрининг барысында 230 қатерлі ісік жағдайы және мыңдаған обыр алды өзгерістер белгілі болды.

Шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын қорғау мақсатында жылжымалы медициналық кешендер де белсенді жұмыс атқаруда. 2025 жылы осындай кешендер арқылы 13 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде 32 адамнан қатерлі ісік анықталса, 290 адамда күдік туындаған, ал 490 науқаста обыр алды аурулары тіркелген.

Ауруды ерте сатысында анықтау көрсеткіштері де жақсарып келеді. Мәселен, колоректалдық қатерлі ісік бойынша тіркелген 172 жағдайдың 111-і алғашқы екі сатысында анықталған. Сүт безі қатерлі ісігінің 319 жаңа жағдайының 294-і ерте кезеңде белгілі болса, жатыр мойны обыры бойынша 119 жағдайдың 112-сі бастапқы сатыларда анықталған.

Мамандар мұндай нәтижелерге қол жеткізуге «жасыл дәліз» жүйесінің де ықпалы зор екенін айтады. Бұл жүйе арқылы науқастар дер кезінде қажетті мамандарға бағытталып, диагноз қою мерзімі қысқарған. Бүгінде аталған жүйеге 112 жалпы практика дәрігері тартылған.

Жалпы, онкологиялық қызметтің тиімді ұйымдастырылуы мен алдын алу шараларының күшеюі – халық денсаулығын сақтаудағы маңызды қадам. Дәрігерлер тұрғындарды уақытылы тексеруден өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Әсем МАНСҰРОВА,

ҚазХҚжӘТУ журналистика факультеті, 1-курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір