Әкбар МӘЖИТ: ӨЗ КӨЗІҢМЕН КӨРГЕН ӨМІРДІ ЖАЗУДАН АРТЫҚ МЕКТЕП ЖОҚ
30.06.2026
59
0

– Қытайдағы қазақ әдебиетінің қазіргі даму деңгейін қалай бағалайсыз? Оның басты ерекшеліктері қандай?
– 1982 жылдың қаңтар айында Бейжіңге Құрманәлі Оспан, Омарғазы Айтан, Күнгей Мұқажан, Оразхан Ахмет және мен – бесеуіміз тұңғыш рет Мемлекет­тік «Аз санды ұлт­тар әдебиеті» сыйлығын алуға барғанбыз. Сонда Тяньаньмэнь алаңында бірге суретке түскен едік. Сол сурет әлі күнге дейін сақтаулы. Ол азамат­тар сол кездегі Қытайдағы қазақ әдебиетінің беткеұстар қаламгерлері болатын.
Содан бері талай жыл өт­ті. Құрманәлі Оспан, Омарғазы Айтан, Күнгей Мұқажан өмірден озды. Бүгінде Оразхан Ахмет екеуміз шығармашылық жолымызды жалғастырып келеміз. Оразхан Ахмет­тің жаңа туындылары оқырман қауыммен қауышып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, ол қазақ тілінде жазады, ал мен қытай тілінде қалам тербеймін.
Қазір де әдебиет­те белсенді еңбек етіп жүрген қаламгерлер аз емес. Мысалы, Жұмабай Біләл секілді аға буын жазушылар қазақ тілінде жазып келеді. Сонымен бірге жас ақындар мен жас жазушылардың жаңа толқыны қалыптасып жатыр. Олардың бір бөлігі қазақ тілінде жазса, енді бір бөлігі қытай тілінде шығармашылықпен айналысады. Жас қаламгерлердің еңбектері оқырманға тұрақты түрде жол тартып келеді.
Қытайда қазақ әдебиетіне арналған «Шұғыла» секілді әдеби журналдар үздіксіз шығып тұрады. Бұл басылымдар оқырман тарапынан жылы қабылданып, үлкен қызығушылыққа ие болып отыр.
Қытайдағы қазақ әдебиетінің негізгі бағыты – өмір шындығын бейнелеу. Сонымен қатар тарихи тақырыптар да жазылып келеді. Бұл әдебиет­тің жаңа бір өрісі деп айтуға болады.
Жалпы, мұндағы қазақ әдебиеті – Қытай әдебиетінің құрамдас бір бөлігі. Қытайдағы қазақ жазушыларының шығармалары түрлі ұлт өкілдерінен құралған оқырман қауымға кеңінен таныстырылып келеді. Қазақ әдебие­ті бүгінде өзіндік орны бар, ықпалды әдеби кеңістік ретінде қалыптасты деп ойлаймын.
– Сіздің шығармашылығыңызға Қытайдағы мәдени орта мен әдеби үрдістер қаншалықты әсер ет­ті?
– Мен жеті жасымнан бастап қытай тілін­де білім алдым. Сондықтан шығармаларымды да осы тілде жазып келемін. 1979 жылы Қытайдың мемлекет­тік «Үздік әңгіме» сыйлығын иелендім. Бұл марапат Мәдениет төңкерісінен кейінгі Қытайдағы жаңа дәуір әдебиетінің маңызды белгілерінің бірі саналады. Кейін бұл сыйлық «Лу Шүн сыйлығы» деп аталды.
Сол кезеңде мен Мәдениет төңкерісінен кейін алғаш танылған жазушылардың қатарында болдым. Әрине, менің шығармашылығыма қытай әдебиетінің дәстүрі үлкен ықпал ет­ті. Оның ішінде классикалық әдебиет те, қазіргі заман әдебиеті де бар.
Сонымен бірге қытай тіліне аударылған әлем әдебиетінің де әсері айрықша болды. Еуропа, Америка, Ресей, араб әлемі, Латын Америкасы, Жапония секілді көптеген елдің әдебиеті қытай тіліне аударылып отырды. Біз сол шығармаларды дер кезінде оқып, рухани нәр алып өстік.
Әрине, қазақ әдебиетінің де ықпалы ерекше. Мен Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін қытай тіліне аудардым. Сондай-ақ Құрманәлі Оспан секілді қаламгерлердің шығармаларын тәржімаладым. Бұл жұмыстардың өзі менің шығармашылық дүниетанымымды байыта түсті.
Сондықтан менің қалыптасуымда әрі қазақ әдебиетінің, әрі қытай әдебиетінің, әрі әлем әдебиетінің ортақ әсері бар деп есептеймін.
– Қазақ пен қытай әдебиеті арасындағы байланыс бүгінгі күні қай деңгейде деп ойлайсыз? Қандай бағыт­тарда дамуы қажет?
– Қазақ пен қытай әдебиетінің байланысы терең тарихтан бастау алады. Бүгінде Қытайдың классикалық және қазіргі әдебиеті қазақ тіліне кеңінен аударылып жатыр. Менің білуімше, Қазақстанда сексеннен астам роман қазақ тілінде жарық көрген.
Конфуцийден, Ли Бай, Ду Фу секілді классиктерден бастап, бүгінгі Ван Мың мен Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янға дейінгі көптеген қаламгердің шығармалары қазақ оқырмандарына жол тарт­ты. Бұл еңбектер оқырман тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда.
Қазақстан әдебиеті де қытай тілі арқылы қытай оқырмандарына таныстырылып келеді. Мысалы, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін мен аудардым. Олар Қытайда жақсы бағаланып, кеңінен оқылып жатыр. Мұхтар Әуезовтің романдары, Мұхтар Шахановтың шығармалары және басқа да көптеген авторлардың еңбектері қытай тіліне аударылды.
Меніңше, әдеби және мәдени алмасу – екі халық арасындағы достықты нығайтудың ең маңызды жолдарының бірі. Әдебиет адам жүрегіне әсер етеді, халықтардың бір-бірін түсінуіне жол ашады. Сондықтан бұл байланыс алдағы уақыт­та да жалғаса береді деп сенемін.
– Аудармашы ретінде екі тіл мен екі мәдениет­ті тоғыстыру барысында қандай қиындықтарға жиі кезігесіз?
– Аудармашы ретіндегі ең үлкен қиындық – уақыт­тың жетіспеуі. Уақыт молырақ болса, аударылуға тиіс көптеген шығарманы оқырманға жеткізуге болар еді.
Қазір қытай тілін жақсы меңгерген жас аудармашылар көбейіп келеді. Олар Қытай әдебиетіндегі жаңа әрі құнды туындыларды қазақ тіліне көбірек аударса екен деген тілегім бар.
Жақында Қазақстан Жазушылар одағының арнайы делегациясы Бейжіңге келіп кет­ті. Делегацияны Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов бастап келді. Сонда олар да қазіргі Қытай әдебиетін қазақ тіліне аударып, Қазақстан оқырмандарына таныстыру қажет­тігін айт­ты. Мен бұл бағыт­ты өте дұрыс деп есептеймін.
Бүгінде Қытай әлемдегі дамыған елдердің қатарында. Оның әдебиеті де халықаралық деңгейде ықпалды. Сондықтан қытай әдебие­тін қазақ оқырмандарына, ал қазақ әдебиетін қытай оқырмандарына кеңінен таныстыру – маңызды міндет­тердің бірі.
Бұл екі халықтың өзара түсіністігін арт­тырып, мәдени байланысын тереңдете түседі.
– Қазақ әдебиетін қытай тіліне аудару кезінде ұлт­тық болмысты сақтап қалудың қандай тәсілдерін қолданасыз?
– Қазақ әдебиетін аударғанда ұлт­тық болмысты сақтау – ең басты қағидалардың бірі. Бұл – әдеби аударманың табиғатынан туындайтын талап.
Егер шығармада ұлт­тық бояу бар болса, аудармашы оған қиянат жасай алмайды. Мұнда аудармашының шығарманы терең түсінуі, дұрыс талдай білуі ерекше маңызды.
Мысалы, Абайды қытай тіліне аударған кезде қытай оқырмандары оның қара сөздері мен өлеңдері арқылы қазақ руханиятымен танысады. Абайдың өзі ұлт­тық болмысты бойы­на сіңірген тұлға. Сондықтан оны аударғанда сол ерекшелікті жоғалтуға болмайды.
Аудармашының төл туындыға адал болуы – аударманың басты заңы. Түпнұсқа шығарма мәңгі жасайды, ал аудармалар уақыт өткен сайын жаңарып отырады. Бұл – әлем әдебие­тінде де қалыпты құбылыс.
Мәселен, көптеген классикалық шығармалардың бірнеше түрлі аудармасы бар. Абай шығармаларының да қытай тіліндегі бірнеше нұсқасы кездеседі. Болашақта тағы да жаңа аудармалар жасалуы мүмкін.
Меніңше, аудармашы, ең алдымен, түпнұсқаға адал болуы керек. Ұлт­тық бояуды, шығарманың өзегіндегі рухани нәрді сол қалпында жеткізе білуі қажет.
– Жуырда халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иелендіңіз. Құт­ты болсын! Келесі сұрағым осы төңіректе. «Алаш» сыйлығын алу сіз үшін нені білдіреді? Ол сіздің шығармашылық жолыңызға қандай серпін береді деп санайсыз?
– Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанғаныма ерекше қуа­ныштымын. Бұл сыйлық маған «қазақ-қытай әдеби байланысын дамытуға қосқан үлес үшін» берілген үлкен мәртебе деп қабылдаймын.
Мен үшін бұл – жай ғана марапат емес, ұзақ жылдар бойы атқарылған еңбектің бағалануы. Бүгінде Қазақстанның халық­аралық әдеби-мәдени беделі артып келеді. Ел экономикасы да, қоғамы да, мәдени өмірі де қарқынды дамып жатыр. Осындай кезеңде «Алаш» сыйлығын алу мен үшін маңызды белес болды.
Мен кезінде «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы қызметін атқардым. Сол кезде жыл сайын сегіз түрлі әдеби сыйлық табыстайтынбыз. Кейін сол марапат­тарды иеленген көптеген қаламгер шығармашылық жағынан өсіп-жетіліп, Мао Дун, Лу Шүн секілді беделді әдеби сыйлықтардың лауреат­тарына айналды. Олардың шығармалары Қытай қоғамының рухани дамуына елеулі үлес қосты.
Сол сияқты «Алаш» сыйлығын алған қаламгерлер де қазақ әдебиетінің дамуына өз үлестерін қосып келеді деп сенемін. Ал өз басыма келсек, бұдан былай да қазақ-қытай әдеби байланысын нығайту жолында қолдан келген еңбегімді аямаймын.
Осы марапат­ты табыстаған Қазақстан Жазушылар одағына және оны ұйымдастыруға атсалысқан азамат­тарға шынайы алғысымды білдіремін.
– Сіздің «Ақсақ құлан», «Көгалда» шығармаларыңыз Қытайдағы әдебиет оқулығына кіргенінен хабардармыз. Осы екі шығарманы оқып өскен, осы арқылы сізді таныған жастар мен әдебиетшілердің қазіргі буыннан эстетикалық талғамынан айырмашылығы мен өзгешелігі қандай?
– Менің ертеректе жазған «Ақсақ құлан» мен «Көгалда» ат­ты әңгімелерім қазақ тіліне аударылып, сол кезеңдегі оқулықтарға енген болатын. Сондықтан қазір ауыл-аймақтарға барғанымда түрлі буын өкілдері кездесіп, сол шығармаларды мектепте оқығандарын айтып жатады. Бүгінде TikTok пен WeChat секілді әлеумет­тік желілерде де оқырмандар пікір қалдырып, өз әсерлерімен бөліседі. Мұның бәрі мені ерекше қуантады.
«Ақсақ құлан» – орта ғасырлардағы тарихи оқиғаларға негізделген шығарма. Онда Шыңғыс хан дәуірі, оның үлкен ұлы Жошы хан және Ұлы дала тарихының бір кезеңі сурет­теледі. Бұл туынды арқылы сол заманның тарихи шындығын көркем түрде көрсетуге тырыстым.
Ал «Көгалда» әңгімесінде Бейжіңге келген қазақ жастарының өмірінен алынған әсерлі сәт­тер бейнеленеді, яғни бір шығарма тарихи тақырыпқа арналса, екіншісі замандас өмірді сурет­тейді.
Осы екі шығарманың да қазақ оқырмандарына әсер етуінің себебі осында болса керек. Ал қытай тілінде жазылған төл шығармаларым бірнеше буын қытай оқырмандарына жол тауып келеді.
Бұл – әдебиет пен тілдің құдіреті. Әдебиет образ арқылы тарихты сөйлетеді, адам жанына әсер етеді. Оның тарихтан айырмашылығы да осында. Көркем образдар уақыт өте келе халықтың рухани жадында сақталып қалады.
Бір кезде менің шығармаларымды оқып өскен жастар бүгінде ел ісіне араласқан азамат­тарға айналыпты. Олармен кездескен сайын шығармаларымның жүректен орын алғанын сеземін. Бұл – мен үшін үлкен бақыт әрі ерекше қуаныш.

– Қазіргі жас қаламгерлерге, әсіресе шет­ел­дегі қазақ жастарына қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазіргі жастарға айтарым, қай жерде жүрсеңіздер де жүрегіңізді толқытқан образды таба біліңіздер. Өздеріңіз көрген өмірді, өздеріңіз куә болған шындықты жазыңыздар. Оның ішінде тарих та бар, бүгінгі күннің тынысы да бар.
Әдебиет­тің басты құнары – өмір шындығы. Ал сол шындық көркем образ арқылы берілгенде ғана оқырманның жүрегіне жол табады. Егер шығармаларыңыз арқылы адам жанын тебіренте алсаңыздар, бұл әдебиетке қосқан үлкен үлес болады.
Қай жерде өмір сүрсеңіздер де, сол ортадан алған әсерлеріңізді көркем шығармаға айналдырыңыздар. Өз көзіңізбен көрген өмірді жазудан артық мектеп жоқ.
Әсіресе шетелде жүрген жас қаламгерлерге айтарым, қай тілде жазсаңыздар да, сол тілге адал болыңыздар. Өмірдің ақиқатын, адам тағдырын, шынайы болмысты жазыңыздар. Сонда сіздердің еңбектеріңіз ұлан-ғайыр қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған үлес болады.
Әрине, қазақ тілінде жазғанның орны бөлек. Бірақ өмір жолыңыз бен тағдырыңыз сізді басқа тілде жазуға жетелесе, ол тілде де шынайы әдебиет жасауға болады. Қазақ халқы – кең пейілді халық. Біз қай жерде жазылса да, қазақ рухының иісін сезе аламыз.
Сондықтан өмірдің шындығын жазыңыздар, сұлулықты жазыңыздар, адам жанын байытатын көркем образдар жасаңыздар. Бұл – жазушының өз дәуіріне, өз халқына қалдыратын ең үлкен мұрасы.
– Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз бен аударма саласындағы жаңа жобаларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Мен күн сайын жазамын. Қаламды қолымнан тастаған емеспін. Қазір заманға сай компьютер арқылы жұмыс істейміз, бірақ жазуға деген құлшыныс өзгерген жоқ.
Алда жазатын дүниелерім әлі де көп. Қазір романдар мен естеліктер жазып жүрмін. Аударма саласында да жаңа шығармаларды іріктеп, тәржімалау жұмыстарын жалғастырып келемін.
Болашақта жаңа романдарым мен шығармаларым әртүрлі ұлт оқырмандарына жол тартады деп сенемін. Олар көптен күткен оқырмандарымның рухани сұранысын өтейтін дүниелер болады деп ойлаймын.
Аударма саласында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Мысалы, Абай шығармаларынан бөлек, Қазақстанның таңдаулы отыз әнін қытай тіліне аударып, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай Қытайдың Халық музыкасы баспасынан кітап етіп шығардық.
Бұл еңбек қазір музыкасүйер қауымның қолына тиіп жатыр. Қытайлық оқырмандар мен өнерсүйер қауым қазақ әндерінің мәтіндерін өз тілінде оқып, айтып жүр. Мұның өзі мәдени алмасудың жарқын көрінісі.
Бүгінде Бейжіңдегі қытай балалары қазақтың домбырасын шертіп, сахнаға алып шығып жүргенін көреміз. Мұның бәрінде аударманың да, мәдени ықпалдастықтың да өзіндік үлесі бар деп есептеймін. Менің бергенімнен берерім әлі де көп деп ойлаймын. Алдағы уақыт­та да жаңа шығармаларыммен, жаңа аудармаларыммен оқырмандармен қауыша беремін.

Сұхбат­тасқан Еділбек ДҮЙСЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір