«ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТӨРІ – ЕЛБАСЫНЫҢ ТУҒАН ЖЕРІ»
«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», – десе хәкім, Ф.Достоевский: «Адам – жұмбақ. Жұмбақты шешу керек. Сол іспен өмірің өтсе, уақытым босқа өтті деме. Мен сол жұмбақтың жауабын іздеп жүрмін, себебі адам болғым келеді», – дейді. Екі данышпан нені меңзеп, кейінгілерге не айтқысы келді деп тағы ойлайсың. Пенде атаулының қойма-көкірегін ақтарғың келгенімен, оған дәрмен қайсы. Әр адамның тағдыры, өмір жолы өзінше жазылған тұтас бір шығармаға ұқсап кетіп жатады. Оны түсініп, өзіңше жауап іздеп жүргеніңмен, қисынын келтіре алмай, қиыннан қиыстыра алмай, дал боласың. Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевпен басқа қызметте жүргенде сұхбаттасқан едік. Енді жаңа қызметке келгенде де дидарласудың сәті түскен. Адам жанына үңіліп, біз де өзімізше жұмбақтың шешуін табуға тырысып көрдік.
Махаббат БИГЕЛДИЕВ,
Қарасай ауданының әкімі
– Елге «әкім» деген сөз мынандай ассоциация береді. Әкім – бастық, оның тұрмысы, жұмысы жақсы. Бірақ әкім жұмысының өте ауыр, жауапкершілікті іс екенін толық түсінбейді. Осыны қалай сездіруге болады?
– Бұрынырақ Қарасай ауданы әкімінің бірінші орынбасары кезімде қырық-елу адамды қабылдайтынмын. Әр адамды жеке-жеке шақырып, хатшыға тіркетіп отырдым. Үш сағат уақытты тек сол жұмысқа арнадым. Тура сол күні әкімді «жер сатушы, шалқайып отырған жан» деп келген әнші Саят Медеуов та іздеп келіпті. Сол қабылдаудан кейін оның да ойы кері өзгергенін ылғи айтады. Демек, адам көзімен көргеніне ғана сенеді. «Көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба?» дегенде: «естігеніңде жолдан қосылған дүниелер болуы мүмкін, көргеніңді айт» деуші еді ғой. Тура сол сияқты адам көргеніне ғана сенеді. Бүгінгі күнгі саяси ахуалға, экономикалық хәлге қарасаңыз да әкімнің атқаратын жұмысы көп. Халыққа жер керек! Кім жауап береді? Әкім! Жоғары органдар тапсырма жібереді, соның орындалуы жергілікті әкімдікке тапсырылады. Бізге соңғы он жылда орталықтың жүз функциясын әкелген шығар… Орталық билік пен халықты байланыстырып отырған – ауыл әкімі мен аудан әкімі. Егер әкімнің жұмысы жеңіл деген адам болса, жаныма бір апта ертіп жүрейін. Көрсін.
Су жоқ. Жарық жоқ. Кім жауап береді? Оған да басқа біреу емес, жарық беруші мекеме мен әкім жауап береді. Жолға да. Аудан әкімі – жергілікті атқарушы билік. Міндетіне көп дүние жүктелген. Ауыл әкімінің беделін көтеру үшін «100 нақты қадам» бойынша көп нәрсе жасалынып жатыр. Әр әкімнің өз есепшоты бар. Салығы өзіне түседі. Бұл да әкімдердің еңбегін бағалау.
– «Семья» деген газет шығады. Соның журналисі Өзбекстанға барған екен. Жолжазбасында: «Ылғи бір назар желкеңнен қадалып тұрған сияқты сезінесің» деп жазған болатын. Тәшкенттен Мәскеуге жеткеннен кейін ғана өзін еркін сезінгенін айтады. Сонда Өзбекстанда өмір сүру қиын дейді. Еркіндік жоқ. Кейде «демократия жоқ» деген сөз де айтылып қалады. Ал бірақ бізде жаңағы журналист айтқандай желкеден қадалып тұрған назар жоқ қой. Соның қадірін шенеунік болсын, қарапайым халық болсын қалай түсініп жатыр. Кейде әкім болсаңыз да, еркін сөйлей аласыз? Рас па?
– Мен азамат ретінде айтайын. Бізде сөз еркіндігі бар. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сен өз ойыңды ашық айта аласың, мен де. Жазуыңа да болады. Мен – мемлекеттік қызметкермін. Осы аудандағы «Нұр Отан» партиясы филиалының төрағасымен. Менің көзқарасым мемлекетпен мүдделес, партиямен бір. Кім кіммен бірге жүрем, қай партияға кірем десе де өз еркі. Ешкімге тосқауыл жоқ. Билікке қарсы сөз айтып, қара күйе жағып, көшеге плакат ұстап шығатындар бар. Олардың солай көшеге шығуларының өзі демократия емес пе?! Кез келген адам өз ойын тура, ашық айта алады. Баяғы қысымды, тоталитарлық жүйені көрмеген адам аузына не келсе, соны сөйлейді деп ойлаймын. Кей жерлерде айтамын. Қатты айтып, мүмкін батырып айтып қоятын шығармын.
Алаңға шығып, билікке қарсы сөйлейтін шерулер болып жатады. Неге деп көп ойланамын. Менің көзқарасым: Әлихан Бәйменов мемлекттік қызметке көп өзгеріс енгізіп, заманға жақындатты. Мемлекеттік қызметкер екіге бөлінеді: саяси және әкімшілік қызметкер деп. Қазір аудан әкімі – әкімшілік қызметкер. Мен аудан әкімі болғаннан кейін «мені саяси қызметкер етсін» деп отырған жоқпын. Мен бе, басқа адам ба, бәрібір. Әйтеуір аудан әкімі саяси қызметкер болуы керек. Сонда жергілікті билік мықты болады. Сонда халық салмақты түсінеді. Журналистің қаламын алып алған сияқты дүние ғой бұл. Әкім беделді болса, халықтың да көңілі тоқ болар еді. Жергілікті атқарушы билік мықты болса деп ойлайсың…
– Елбасы туған жерде Президенттің мысы, салмағы сезіле ме? Осының ерекшелігі қалай?
– Кейде облыстың алқа мәжілісінде Қарасай ауданына сын сөз айтылса, жаным шығып кете жаздайды. Осында Мәдениет үйінде үлкен жиналыс жасап: «Қарасай ауданының жаман болуға хақысы жоқ» дедім. Оның артында қандай салмақ тұрғанын білесің. Кез келген көрсеткіш төмен болмау керек, тыныштық болу керек. Біздің Отанымыздың төрі – Елбасының туған жері. Ал төр қашанда салтанатты, құрметті болуы тиіс.
– Елбасы туған жеріне келгенде ең бірінші қайда ат басын тірейді? Шамалғандағы мешітке Қарасай атаның атын бергенде келген сапарында батырдың суретіне ұзақ қарап тұрыпты. Ол кезде мүфти – Әбсаттар қажы. «Неге суретті төмен саласыңдар?», – депті. Екейбай деген кісі халық жырын айтып, сөзінің нобайын өкпе айтқанға келтіріпті. Елбасы жұлып алғандай, қайтара өлеңмен жауап берген. Сонда қарасаңыз, сол кездің өзінде халықтық тұрғыда жауап тауып кеткені таңғалдырады. Екеуі де ақын емес. Бірақ өлеңмен жауап алысқан…
– Аудан әкімі болғаныма екі ай ғана болды. Елбасы әлі келген жоқ. Бұрын орынбасар, Жамбыл ауданының әкімі болып жүргенімде Елбасының келу үрдісіне көп қатыстым. «Ауылым – алтын бесігім» шарасына келді. Елбасы туған жеріне келгенде ауылдағы музей боп тұрған мектебіне міндетті түрде барады. Сол жерде сыныптастарымен кезігеді. Оның басы-қасында болдым. Шамалғанда қарашаңырағы бар. Сонда барады. Кіндік қаны тамған Үшқоңырға міндетті түрде соғады. Әке-шешесінің басына барып, құран бағыштайды. Елбасының барлық келген сапарына қатыстым деп айта алмаймын, бірақ мен көрген кездің бәрінде зиярат етуден жаңылған емес.
– Сонда өзін қалай ұстайды?
– Өте жылы ұстайды. Әке-шешесінің басында өзін бала сезініп кететін сияқты көрінді. Ол кезде асықпайды, малшымен де, молдамен де, елмен де еркін сөйлеседі. Ертеректе Серік Үмбетовтің басшылығы кезінде зират басында екі рет кездестірдім. Галстуксыз, өте жақын адамың ретінде жақсы сөйлеседі. Ауылды, елді сұрайды. «Сәлем айтыңдар» деп барып машинасына мінеді. Алдыңғы жылы мені қабылдағанда жылылық сездім. Өте тартымды, қызырлы жан, үлкен жүректің иесі екені көрінеді. Өзінің жүрегіне жақын жері – Қаскелең мен Шамалғанның үстінен ұшып бара жатқандағы сезімін кітаптарында жазушы еді ғой. Сол сезімі көкте де, жерде де бір сияқты. Мәңгілік махаббатқа ұласқан – перзенттік сезім.
– Адам баласы көптігін істейді. Кейде кісі қадірін білмей жатамыз. Адам бір терінің ішінде кейде толады, кейде солады ғой. Сол кезде ұстанымдар өзгеру керек пе? Осы біреудің қадірін білмей жатырмыз ба? Өз қадірімізді де сездіре алмай жүрміз бе?
– «Сабыр берсін бір Аллам, бұлтты болсын күн мейлі, Аман болсаң, Отаның әлі талай гүлдейді. Солай екен бұл өмір, қолда барда алтынның қадірін пенде білмейді» деп жазып едім Елбасына арнаған әнімізде. Астана күніне орай «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің тұсауын кестік. Аман Дәуренбаев құрып, Болат Назарбаев қаржылық қолдау көрсетіп, іске асып жатқан дүние. Сонда айтылған әндегідей, күн бірде бұлтты, бірде жайдары. Сол арада кісі қадіріне жету де қиындап кететін шығар. Жаңағы сұрағың ауырлау. Халықтың тағдыры шешілетін кезде Наполеон сияқты бір адам шығады. Наполеон директорияда демократияның түкке тұрмайтынын білді. Бүкіл Франция құрып бара жатты. Өзі шығып, басын қатерге тігіп, император болды. Егер қателессе, басы сол жерде кетер еді. Сондай тәуекелмен билікке барды. Қазір демократияны әркім әр түрлі түсінеді. Біздің қоғамда жаңағы айтқандай, желкеден қадалып тұрған да ештеңе жоқ. Германиядан адамдар кеп, күні бойы қазақ радиосын тыңдапты. Сонда бір радио қызметкері Германиядан келген адамға: «қанша ақша табасың, қанша үйің бар?», – деп сұраған көрінеді. Анау ашуланып: «Бұндай сұрақты ешқашан қойма. Германияда үй деген жоқ. Бәрі арендада тұрады. Бұл Мәскеулік әдет. Мен онда тұрғым келмейді. Өте ауыр қала. Алматы қандай рахат, мен қалай сөйлеймін, кімге сөйлеймін өзім білем», – депті. Сондағы пейілді көрмейсің бе? Кавказдан Сталин уақытында жер аударылып келгендердің үлкендері әлі күнге дейін қазақтан көрген жақсылықтарын айтады. Осының бәрін қазір ойласақ, көзқарас өзгерген. «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқу бітіргендер туралы да әр түрлі көзқарас бар. Ол туралы пікірімді кезінде айтқанмын. Жақсы-жаманы бар. Қайдан оқып келсе де, қазақ тілін білмесе, қазаққа жақсылық жасамайды. Цивилизацияға кеткен сайын, суысып барамыз. Бұрын бір үйге нағашысы кіріп бара жатса, жиені шығып бара жататын. Қазір бір үйдің балалары ғана бір-бірімен араласады. Туған-туыстың балалары бұрынғыдай аралас-құралас жүрмейді. Осының бәрі өркениеттің суық жағы сияқты. Осылай айтсаң: «дүниедегіжақсылықты көрмей тұрсың ба?», – деп сөгетіндер де бар. Қалай дегенмен де, осы жағдай бүгінгі қазақтың басында бары рас.
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» депті ғой баяғыда. Біреуге қадіріңді сездірем деп жүргенде, өзің де біреудің қадіріне жете алмай қаласың. Тынышы, кісі жақсылығын ұмытпау – қадірді білу деген сол. Ал сенің жақсылығыңды біреу ескеріп, біреу ескермей жатса, оған айтар өкпе жоқ.
– Горькийдің «Женщина» деген әңгімесіндегідей біреудің тағдырына алаңдау қазір жоқ. Жаңағы өзіңіз айтқан үлкендеріміз таулық шешендерге жақсылық жасағанда олардың ертеңі не болады деп, болашығына алаңдады. Қазір кім кімнің болашағына алаңдап жатыр? Сұхбатта ақылды болған адам, өзі сол айтқанын орындамайды. Бірақ сөзі ақылды… Шынайылықты іздейсің.
– Адам тағдырына алаңдау – қиын. Ақылды боп көрініп, іс жүзінде жоқ болу – оңай. Шынайы болмау – өз болмысыңнан қашу. Қазір эгоизм асқынып бара жатқан сияқты. Швейцарияда өзің үшін өмір сүру деген бар. Бір-екі баладан артық таппайды. Бір жылдары біліктілікті арттыру үшін барып, оқып қайттық. Сол кезде білген жәйттер. Сондағы өлшеммен зейнетке шыққан мемлекеттік қызметкер айына жеті мың доллар алады екен. Әйелі екеуі болса, он төрт мың доллар алады. Ол кезде еуро деген жоқ. Ол елде ата-ананың міндеті баласын колледже оқытып, кәмелетке толғанда аяқталады. Сосын әуежайға әкеліп: «мынау сенің төлқұжатың, мынау бес мың долларың екі айға жететін. Мына бағыт – Азия, мына бағыт – Еуропа. Қайда барсаң да өзің
біл», – деп, қош айтысады. (Біздікілер баласы өссе, немересін бағады ғой). Содан бала кеткеннен кейін әке-шешесі өздері үшін өмір сүреді. Оған дейін бала бағам деп шетелді араламаған, тауға шықпаған ата-ана қыдырып, елді аралайды. Солай бір жерде өліп, сүйегі айдалада қалады. Баласы әке-шешесінің сүйегін сирек табады екен. Сол бала қайтып кеп, тура солай бала тәрбиелеп, қайта ұшырып жатады. Не деген суықтық. Сондай жат дүниелер келе жатыр ма деп алаңдаймын. Баяғыда біреу әкесін қарттар үйіне өткізіп жіберіп, ауылда гу-гу сөз жүріп, масқара болған. Талдықорғанда жұмыс істегенде Текелідегі қарттар үйіне барсам, толған қазақтар. «Жағдайымыз жақсы. Осы жер рахат», – дейді. Ата-анаға құрмет, бала-шағаға ізет азайып кетті ме деп қорқамын.
– Бізде бір жөнсіздіктерді көрсе, бәрін Елбасына жабады. Сондай бір психология қалыптасқан. Дүниежүзінде бұндай жоқ екен. Бұл Абай айтқан – «тағдырдан келген зұлым». Тағдырыңа ие бола алмай, біреуден көрудің тоқтауы бола ма?
– Ол үшін сана керек шығар. Елбасының қызметі қаншалықты ауыр екенін осындайда аңғарасың. Өмірде жолы болмаса да Елбасы кінәлі ме?! Бірінші президент туралы заң бар. Түбінде әркім өз жүгін өзі көтеруі керек. Англияда екі нәрсеге тіл тигізуге болмайды. Құдайға, сосын патшайымға. Әркімнің сәтсіздігіне Елбасы кінәлі емес қой. Өзінің өміріне өкпелі адамдар, жолы болмаған жандар біреуді кінәлағыш келетіні өмірден белгілі емес пе?! Оларға зор түсінушілікпен қараған дұрыс.
– «Астана қай жерге ауысса, сол жер рухани эпицентр болады» деген сөз айтылатын. Қазір бізде рухани эпицентр жоқ сияқты. Өнердің жауапкершілігін қалай сезінесіз? Әкімдер бірдеңе жазғанды оп-оңай көретін сияқты.
– Әкімдердің жауап беретін міндеті көп. Оның ішінде өнер мен мәдениет саласы бар. Ансамбль құрып жатырмыз дедік. Бұл сөзім өнер саласын басқарып жүрген кісілерге тиіп кетуі мүмкін. Бірақ Қарасай ауданында мықты әнші, домбырашы жоқ екен. Қобызшы, домбырашысы бар, он төрт-он бес адам табайық деп едік, таба алмадық. Осы жерден өнер колледжі болса да, жергілікті тұрғындардың ішінде жоқ екен. Ән өнерінде Жетісу, Сыр, Арқа, Батыс ән мектебі бар. Қазақстанда Арқа мен Батыс ән мектебі дамыған екен. Ансамбльдегі домбырашылар мен қобызшылар – Батыстікі. Әнші, бишілер – Арқанікі. Жетісу мектебінің де әнші, күйшілері осындай көп болса дейсің. Рамазан Стамғазиев, Ләззат Жанаманованың шәкірттері, Дәнеш Рақышев мектебінің түлектері қалада ғана емес, аудан, ауылдарда да өнерін жұртқа шашса деп ойлаймын. Ұлжан Айнақұловадан кейін «Майтөбені» жақсы айтатын әнші болса. Өнер ордасын басқаратын басшы қай жерден болса, сол жақтың шәкірттері көбейіп кетеді. Бұл шындық сөз. Ешқандай айыптау емес. Баяғыда Ақан Әбдуәли, Ержан Қосбармақов, Саят Медеуовтарды көшеден ән айтқызып тауып алмап па еді?! Қазір ондай әнші іздеп жүрген ешкім жоқ.
– Халық: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді. Абай: «Алашқа сырты күліп, іші жау боп» деген сөзді айтады. Кез келген адамда кінә бар. Түбі осылай кете беретін болсақ, қайда барамыз. Ертең қандай жағдай болады? Елдің айрандай ұюына әкімдер гарант болуы керек пе?
– Мемлекеттік қызметкер елге, Елбасына адал қызмет ету керек. Қазір біздің гарантымыз – Елбасы. Болашаққа жасалған нақты қадамдардың бәрі елдің игілігі үшін. Осыған дейін де небір асулардан өтіп келе жатқан Елбасы сол жеңістердің бәріне халықпен бірге жетті. Қазақ елінің қолдауымен қиындықты еңсерді. Алдағы мақсатымыз да ендігі қиындықтарға сабырмен төтеп беріп, жеңімпаз болып шығу. Халық – тура би. Тура би имансыздыққа бармайды. «Сырты күліп, іші жау боп» тұрған жандардың бәріне әділ бағасын беретін – халық. «Тарих түбі ақиқатқа жету үшін жазылады» деген сөзді айтқан мен емес. Кеңес заманында арғы тарихымызды оқымасақ та, бүгін ақиқатқа көзіміз жетті. Өйткені, сондағы әділетсіздіктердің бәрі хат бетіне түскен еді. Сол сияқты тарихтың бұл сабағы ертеңге де ұласады. Елдің тыныштығына Елбасы жолы, сол жолмен жүрген азаматтар гарант болады деп ойлаймын. «Нұрлы жолдың» жемісін, игілігін көретін уақыт алыс емес.
– Қызметтің өрі мен ылдиы болады. Облыс басшысының бірінші орынбасары қызметінен ауданға қайта келуіңіз сізге қаншалықты әсер етті? Бұл төмендеу ме? Мемлекеттік қызметкердің сапалық құрамы жағынан қарағанда жоғарылау емес. Үйренгеніңіз, тапқан олжаңыз бар ма?
– Қарасай ауданына әкім боп тек жоғары жақтың келісімімен келеді. Бұрынғы әкім Аман Дәуренбаевтың басшылығымен аудан бес жылда жақсы жетістікке жетіпті. Салықтың түсімін он миллиардқа өсіріпті. Бұл – үлкен көрсеткіш. Облыста екі аудан датация алмай, өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Ол Қарасай ауданы мен Іле ауданы. Біздің ауданның облыстағы салмағы бөлек.
Облыс басшысы Амандық Баталовтан екі жылда көп нәрсе үйрендім. Қаталдықты да, жұмыс істеуді де, жасаған ісіңді елге көрсете білуді де. Жұмысыңды көрсете білу де – өнер. Ол да Үмбетовтен, Құлмахановтан тәлім алған.
Облыстағы екінші адамнан ауданға түсу, әрине, төмендеу. Бірақ абырой қызметпен бірге жоғарылап, төмендемейді. Абырой сенің өз басыңдағы қасиетіңе байланысты ғана өзгереді. Біз мемлекет үшін жауынгер сияқтымыз. Қолбасшыға бағынамыз. Қайда қызмет етсем де, елге, Елбасына адал қызмет ету – мен үшін бақыт. «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл!» деген Шәкәрім қажының ақ өсиетіндегі адамдық борышымды, азаматтық парызымды ұмытпауға тырысамын.
Президент туған топырақтың тізгінін ұстау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Оны да жақсы сезінемін.
– Астана күнінде Еліңіз бен Елбасына не тілейсіз?
– Алтын бесік – Қазақстанымыз гүлдене берсін. Ел ішінде татулық, береке-ырыс болсын. Құдай мемлекетемізге әр істің қайырын берсін. Асан қайғы жерұйықты іздегенде бүкіл қазақтың даласын кезіп шықпай ма? Жерұйығымыз аман болсын! Елбасының ішкі және сыртқы саясатына жақсылық тілеймін. Баяғыда бір ғұлама: «Құдай алдында қандай дұғаның қабыл болатынын білсем, сол дұғамды мемлекет басшысы үшін жасар едім» деген екен.
Ел тыныштығы, ағайын татулығы бүгінгі күні біз үшін бұрынғы кездерден де маңыздырақ. Жақсылық мол болғай!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.