Әдебиетті әлсірету – Отанымыздың қорғаныс қабілетін әлсірету
(Қазақстан Республикасы мәдени саясатының
2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасына байланысты ұсыныс)

ҚР Үкіметінің 2029 жылға дейінгі Мәдениет туралы Тұжырымдамасында жалпы ұлттық мәдениеттің атасы да, анасы да болып табылатын ана тіліміз бен әдебиетіміз ұмыт қалыпты. Сондықтан да Үкімет бұл Тұжырымдамаға қайта қарауы керек деп білеміз.
Ұлттық мәдениетіміздің анасы – ана тіліміз болса, ол дамымай мәдениетміздің өзге саласы дамиды деу күпіршлік. Ендеше, алдағы 6 жылға арналған Үкімет Тұжырымдамасы барлық әкімдіктер жанындағы Тіл басқармасы жұмысына ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік мәртебесі бар тіліміздің өмірдің барлық саласына еркін еніп, тамырын терең салуына мүмкіндік жасалуы керек деп білеміз.
1989 жылы қабылданған Тіл заңы бүгінде ескірді. Заман талабына жауап беруден қалды. Ендеше, бұл заңның орнына «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдау ісі қолға алынатын мезгіл жетті. Бұл жаңа Заң бойынша ҚР мемлекеттік қызметкерлеріне мемлекеттік тілді білу міндеттелуі керек.
Ана тіліміздің яғни, қазақ тілінің дамуы қазақ әдебиетінің дамуына тікелей тәуелді. Тіл мен әдебиет – қашаннан медальдың екі жағы. Бірінсіз бірі жоқ. Бірі – мәдениет атасы болса, бірі – мәдениет анасы. Ендеше, ұлттық мәдениеттің ата-анасын дамытпай өзге салаларды дамыта алмаймыз. Сол ата-ананың бірі – әдебиет. Ауыз әдебиетіміз – атамзаманнан ұлттың ұлы құндылығы болды. Ел мен жерді қорғаудың басты тәрбие құралы болды. Ұлттың рухани іргетасы болды. Өнердің қалған саласы сол әдебиет деп аталатын іргетастың үстіне өрілді. Демек, әдебиетті өркендету – ұлтты өркендету. Ал, әдебиетті жасаушылар – жазушылар қауымы екені белгілі. Жазушыларды мемлекеттік қолдаудан тыс қалдыру – әдебиеттің дамуына балта шабу. Бұл саясатты Совет идеологтары жақсы білген. Осы күні жазушылар қауымы қаламақы дегенді ұмытты десе болады. Соның салдарынан, Президент Қ.Ж.Тоқаев айтқандай, кітап дүкендеріндегі қазақ әдебиетінің үлесі 10-20 пайыздық денгейге түсті. Бүгінде қазақстандық оқырманды шетел әдебиеті тәрбиелеп жатыр. Отан қорғайтын патриоттарды тәрбиелейтін ұлттық әдебиет қайда? Әдебиетті әлсірету – Отанымыздың қорғаныс қабілетін әлсірету. Сондықтан біз біріншіден, әдебиет майталмандарын материалдық, рухани қолдауды мемлекеттік денгейге көтеруіміз керек. Біз қарғап жүрген Сталин кезінде Жазушылар одағы мүшесіне үй бергенде жазу кабинеті деп 20 шаршы метрді артық беретін. Халық жазушысының қаламақысы бүгінгімен салыстырғанда жер мен көктей болатын.
Екіншіден, жазушылар жекеменшік баспалардың жемі болмас үшін Қазақстанда мемлекеттік кітап баспасы ашылуы керек. Сонда негізінен мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың қаламақысын мемлекет тікелей бақылауға алуына мүмкіндік туады.
Үшіншіден, біз бүгінде нарық заманында өмір сүріп жатқандықтан капиталистік елдердегідей кітап тарату ісін қолға алатын «әдеби агенттермен» жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін алдымен ағылшын тілді әлемдік кітап нарығын жақсы білетін тәжірибелі шетелдік әдеби агенттерді шақыруымыз керек. Тұрақты түрде қазақ әдебиетінің озық үлгілерін шетелге шығарып, насихаттау ісін қолға алуымыз керек. Бұл шараны Үкімет қолдаса, Қазақстан Жазушылар одағы құлшына қолға алары хақ.
Сонымен қысқа қайырып айтарымыз, кезінде Кеңес Одағында жарты әлемге үні естіліп дүрілдеген қазақ әдебиеті тәуелсіз елінде ұсақталуға, әлсіреуге тиіс емес!
Смағұл ЕЛУБАЙ
ПІКІРЛЕР1