«МЕН – АЛТАЙДА туған АЛБӨРІ…»
17.10.2022
3444
0

Кешелі-бүгін фейсбук бетінде бір шәйірді біреулер «Міне, екінші Қадыр Мырза Әлі туды!» деп мақтап, мадақтап жатыр. Анау да бір саппаз екен, жоқ, мен Қадыр емеспін деп айтпайды… Қазақта Қадыр – біреу.
Біреу ғана! Оның екеу болуы мүмкін емес! Екеу болса, біреуі – халтуршик, не графоман болғаны!
«Екі Пушкин, Екі Абай…» дегендер жоқ қой?! Дәлдүріштер ғана бірінен бірі аумайды! Оларға салсаң, бәрі – бірдей! Талант – ешкімге ұқсамайтын, қайталан­бай­тын құбылыс! Бұл сонау Го­мерден бері келе жатқан, атам заманғы аксиома! Оны қайта қарауға болмайды енді!

Жұмекенде бір ғажайып өлең бар: «Саған ұксас қыздардың сүйем бәрін, Маған ұқсас жігіт­тер болмасын тек», – деген. Бүгінде бір-біріне егіз қозыдай ұқсас, өзіндік қолтаңбасы жоқ жазармандар қаптап кет­ті. Сонау 90-жылдардан бері қыдыра шолғанда, көзге өз дауысы, өзінің ерек болмысымен ерекше түсіп тұрғандардан Маралтай, Ерлан Жүніс, Дәурен Берікқажы, Танагөз Толқынқызы, Ақберен Елгезек, Бақыт Беделхан, Бағдат Мүбәрактарды бөліп атауға болады. Солардың ішінен бүгінде Дәулеткерей Кәпұлы суырылып шығып, қазақтың қара өлеңіне тыңнан сүрен сала бастады: «Мен – Алтайда туған албөрі, Қасат қар асап, шөл басқан. Аласарғанда ала таң белі, Табанымнан тарам-тарам жол қашқан. Қанша жортсам да табанқанымды, Көбік қар жуған көпіртіп. Тәңір сездіріп алаңдауымды, Қанды қақпаннан секіртіп. Жапалақ қарда жамылып түнді, Несібемді түзден айырдым. Тау бөктерледім, тағылық қылдым, Бабалық жолым – байырғым. Сіңіріп бойға бұла түнімді, Сүрлеуімді ескі айқындар. Ақ боран ап қашып сұрапыл үнімді, Аспан қожасы – Ай тыңдар. Тағы қып жаратқан Тағдыр–анамды, Сыйлармын бойда жан барда. Аласапыран қарлы боранды, Бөлтіріктерім, арманда! Бөрі болмайсың, армандамасаң, Бұйрығы солай Тәңірдің. Қасқыр боп туып, қарға аунамасам Суып кеткені қанымның!».
Міне, қазақтың қара өлеңінің жаңа заманда жасарып, жаңарып, жасанып түрленген түрі! Екі аяғын тең басып, туған топырағында алшаң да алшаң басып, асқақтап сөйлеп тұр! Әрбір жас ақынның жазу үстелінде халық эпосы, жыраулар поэзиясы мен Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Өтежан, Сағи, Фаризалардың томдарымен қатар, Тыныштықбектің «Ақшам хат­тары» да жатуы керек; көзі қарақты Алаштың адастырмас алтын қазығындай! Басқасына назар аудармасаң да болады…
Осындағы кейбір ақынсымақтардың «ақ өлеңі» Құрманғазы мен Тәт­тім­бет­тің күйлерін балалайкамен тартып жатқандай бірдеңе: «Сенің өміріңдегі, Сенің осы түкке тұрмайтын өміріңдегі, ең шынайы Адам. Құдай оған сені берді. Алыстан жүрегіңе үнсіз қарап отыр. Сез­бейсің. Сезбегенсің. Кейін өзгересің. Оның қадірі жоқ. Қадірін кеш білесің, сезінемін. Өйткені Ол – өзің едің. Әлі дүниеге келмеген Сөз. Жаралмаған Ой. Шөлдеген сағыныштың тілі.» (Әке»).
Мынасы – «Ана» деген өлеңі(?): «Үні махаббат­тың. Өлімнің гүлі. Менің жүрегіме сот­талған қарыз. Мәңгілікке сот­талған. Сенің, де… Омырауыңнан тараған нұр – ақиқатқа айналған аңыз, шексіз ақпарат керуенінде билейді. Мейірім – шексіз қатал. Қаталдық – шексіз жылауық. Қып-қызыл тамұққа күймейді. Лайықсыз аппақ Ұшпақ. Біздің арамыз сондай жақын болса да алыс, алыс болса да сондай жақын. Сүт­тің дәмі жұлынымда шексіз ұшады, Иісі шексіз құшады өмірімді. Мен де – шексіз!»
Мынасы не шатпақ? Әлде, біз біліңкіремейтін «ақ өлең» деген осы ма?! Бұлар өздерін «постмодернистік» ағымның өкілдеріміз деп ойлайды! Кеу­делері аяқ қаптай! Аты-жөндерін атап та керегі жоқ, қара өлеңнің есігінен кіре алмай, тесігінен сығалап жүрген біреулер, сөйтіп жүріп өздерін «өте-мөте талант­ты буын…» сезінеді! Көздері тұманданып кеткен, екі көзінің алдындағысын ғана көреді. Тәңірі бұларға үшінші көз бермеген, ең аяныштысы – осы! Санасының саңылауынан құдайдың нұры түспегендердің қолына қалам алуға моральдық қақысы жоғын сезбейді бұлар! Сөйтіп жүріп, бұ шіркіндерің маңайына адырая, одырая қарайтынын қайтерсің?!
Бұлар модернистердің басында Достоевский (1821—81) («Преступление и наказание» (1866), «Братья Карамазовы»(1880); Уитмен (1819—92) («Листья травы») (1855—91); Бодлер (1821—67) («Цветы зла»), А. Рембо (1854—91) («Озарения», 1874); Стриндберг (1849—1912) ғана емес, қазақтағы ең бірінші модерн-ақын Абай тұрғанын білмейді ғой. Білсе, бұлайша былшылдап кетпес еді! Абайдың «Сегіз аяғына» бір сәт ой жүгіртіп қараңыз: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын. Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың»… Төлеген Айбергеновтің өткен ғасырдың 70 -жылдары ел аузынан түспей, қазақ жырына қазақ поэзиясына олжа салған атақты «Сағыныш» жыры Абайдың «Сегіз аяғынан» бастау алады: «Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар да, бәлкім, қолайсыз.
Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбағансын арайсыз.
Өмірде мынау сағынбағандар – бақытсыз, бақсыз, талайсыз,
Қазақтың жыры – Абайсыз! Өткелі қыруар жолдарда
жанға батқан да шығар сан ызғар,
Бір қасық суды аңсатқан шығар
сан тарам – сарша тамыздар,
Бірақ та, жаным, өледі қыран
қияға самғап баратып,
Болғасын бейбақ өз жүрегінің
сағынышына қарыздар.
О, шіркін, менің сағынышымдай
көлемі шексіз болса аудан,
Ондағы жандар көз ашпас еді-ау,
қуану менен шаршаудан.
Сүйем мен сені, сүйем мен сені
көкірегі ыстық дүние,
Тұратын түгел сағыну менен аңсаудан!
Сағыныш деген – молшылық қазына,
бола да берер артық-кем,
Ал нағыз асқақ сағыныштарда
араның балы бар, тіптен.
Мен мынау ыстық жүрегіммен
қара тасты да сағынам,
Қаланып қалса тәртіппен!
Сағыныш деген алдыңда тұрған ақ
ала басты көк заңғар,
Бақытың сенің – бағытын солай
бара жатса алып пәк жандар.
Заманым менің жанарымда
алып сағыныш болып жарқылдап,
Ағады тынбай күңіреніп-сыңсып
аэропорт­тар мен вокзалдар.
Сағыныш шалғай сапарларыма
жасаған шақта иелік,
Кеудеме менің сан рет кеткен
табан астынан күй еніп.
Қойнымда менің қалғиды бүгін
ақ жұпар әлем қыз-өмір,
Сол сағыныштың кірпіктеріне сүйеніп…
Мен бүгін сонау көгілдір көлге
сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай,
сағынып көрген, қарағым,
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің,
жабылып кетсем егер мен,
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.
Қараңғы түнде қамығып жүрсең,
қанатына алып қаусырар,
Бұл өзі, жаным, әйбат-ақ дүние,
күні жоқ тіпті таусылар.
Сағыныштар да төбеңнен өтер
түйдек те түйдек көш болып,
Көктемдегі барлық тырнаның
онда даусы бар!
Зулайды ол бүгін – тұсымда
менің жаңғырып барлық ендікпен,
Сұрша құмдарға, құм шағылдарға
таңдайы кеуіп, сел күткен,
Егер сен жарық жанарыңды алсаң
қайғы мен мұңға қаптатып,
Сағынып жүрмегендіктен!
Сағыныш деп ұқ, жүйткісе пойыз
босағасына әнді іліп,
Сағыныш деп ұқ, далалар жатса,
қалалар жатса жаңғырып.
О, сәлем саған, шартарап қырға
жұлдыз боп ағып баратқан,
Өз жүрегімнің түкпіріндегі тұңғиық,
түпсіз мәңгілік!».
Модернизм деген – біреудің қаңсығын көшіріп алып, көйіте беру емес, өз топырағыңдағы таңсықты түрлендіріп, ұлт­тық айналымға түсіру, пісіру деген сөз! Біздің Дәулеткерей өлеңге дәстүрлі ұлт­тық жырымыздың тіл үйірер дәмін терең сезініп келген екен, сонысымен қатарлас-қапталдастарынан елден ерекше тұр ол! Енді оның Есенғалиға арнаған өлеңіне қараңыз:
«Есен аға, есенсіз бе, әуелі?
Бұтақ жайған тораңғылдай мәуелі.
Тауда туып тарпаң өскен тарғылдай,
Ақындықтан мен де өзіңше дәмелі.
Дүрбелеңге ілестіріп дүрмек күн,
Барлығынан кеш қалыпсыз құрмет­тің.
«Ат тағалап, атан қомдап ер жеткен,
ең соңғы ақын…» сіз екенін білмеппін.
Ал мен болсам, теріскейінде Алтайдың,
Марқа қозы даусыменен марқайдым.
Таң күзет­те шұрқыратып жылқы айдап,
Жалқы мұңын тыңдап
өстім жарты айдың.
Ал бүгін ше, қаладамыз сіз де, мен,
Жанымызды жұбатар ма, ізгі өлең?
Қосақта қой, ал желіде құлынсыз,
Тек жапырақ, мұң шеккізер күзбенен.
Жайлау да жоқ, бұтартарсыз
жортар жоқ,
Үлкен даңғыл, еркіндеуге жол тар боп.
Зоопарктен түйе көрген құрбыма,
Мен таңғалдым, одан бетер ол таң боп.
Жүрегіңді жүргеніңмен жүз құрап,
Сүреңсіздік танытады күзгі бақ…
бұрқыратып отырасың балконда,
Темекі де тартпайсыз ғой, сіз, бірақ!».

Ақын – кіндік қаны тамған туған топырағының перзенті, оған одан етене жақын ештеңе жоқ мынау жарық жалғанда; ақынға адамзат­та ұлтынан артық ұлыс жоқ; ол көресінін содан ғана көріп, содан ғана жырына рух алады! Маяковскийден Мағжанға қайта оралып, енді ғана мәре-сәре болып жатқан елде бүйректен сирақ шығарып, Батыстың «ақ өлеңімен» ауырып жатқандарға, «келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда!» демегенде не дейміз енді?! Дәулеткерей де екі аяғы салбырап, көктен түскен жоқ, оның арғы жағында қазақтың халық эпосы мен Алтайдағы Ахат­тар (Үлімжіұлы, Шыңжаң өлкесі, 1940, Үрімжі)) тұр; туғаннан анасының емшегі мен Алашының емшегін тел еміп, уызына жарып келген ұл бұл: « Ұлым, саған не дейін, дерт­ті уақыт, Уақыт өзі тұрғызар көп құлатып; Атын қойдым атаңның Алтайдағы, Алаш жұрты ардақтар тектім – Ахыт!» («Маралтамыр», «Фолиант» баспасы, 2021 ж.).
Жас ақын, тізгіннің дегеніне көне қоймайтын арынды асау ақын жас шағында екі өкпесі еліріп, ессіздеу, максималистеу болады. Жасымда Велимир Хлебников, Андрей Вознесенский, Төлеужан Ысмайы­лов, Жұмекен Нәжімеденовке ессіз еліктеп, мен де небір эксперимент­т ерге барып едім:
«Чили жатыр қамалып
түрмелерге аңырап…
Күл боп жанған гүл-бақтар
гүлденер ме тағы да?!
Оянар ма Неруда – Ақын Чили –
бағынан?!
Түрмелерге қамалып жатыр
Чили тағы да!
Бөлшек-бөлшек жүрегі
ананың да, баланың.
Ызалы жас тұнып жанарында налалы.
Дарынсыз сұм пенденің табанында,
Жаралы –Соғып жатыр жүрегі
Неруданың –Дананың!
Мен ғана ма пір тұтқан
Ақындарды – Гүлдерді?
Менсіз де оның тарихта аты қалды!
Күнкөрді…
Германия Гейнесіз қалған кезде, о,
тоба-ай, Гитлерлер оп-оңай
сатып алды тұл жерді!!!
Штык өлім өртіне өріс берді,
жалаңдап:
Қызыл жалын жалмады егістерді
тағы арбап.
Нерудасыз Чилиді көрдің, міне,
о, көзім,
– Көрдің тағы Гетесіз немістерді,
адамзат!
Ақынсыз Чили – Аждаһа бейнесінде –

Күллі адамның осы сөз кеудесінде.
Сырласуға болмайды, сөйлесуге…
Өмір менен өлімтік белдесуде қан ағып.
Бір сауал тұр әркімнің кеудесінде
қамалып: «Гитлерсің бе?!
Жоқ, әлде… Гейнесің бе, адамым («Чили.
Пабло Неруда. Реквием», 1975 ж.).
Бұл, ұмытпасам, 1974 жылы, Чилиде атышулы генерал Пиночет­тің мемлекет­тік төңкеріс жасаған тұсы, адамзат­тың аузында жүрген ұлы ақын Пабло Неруданың мерт болған кезі. Павлодарда өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінде Қуандық Шаңғытбай осы өлеңімді ести салып, «мен өз ақынымды таптым» деп мені қолтықтап ұстап алып, Олжас Сүлейменов, Қалижан Бекқожиндерге сүйіншілеп қосып жіберген!
«Өлеңің силлаботоникалық өлең екен! – деді сонда қазақ жырының мэтрі Қуан ағам, – бірақ дүниеде қазақтың он бір буынды қара өлеңіне түк те жетпейді! Дүниежүзінде өлеңнің ең жетілген түрі—осы!»
Бұл сөзді кейіндеу қазақтың қара өлеңін екі көзінің майын сарқып зерт­теген Ахаң да (Сейдімбек) айт­қан. Содан кейін мен де айылымды жинап алып, кіндік кескен ата- жұртыма қайтып келіп едім… Дәулеткерей оны Қуан ағадан, Ақселеуден де естімей-ақ, сонау Тұран жұртынан келе жатқан мидағы кодымен-ақ аңғарып алған екен. Қалай тәнті болмайсың мұндай ұлға! Қазақтың қара өлеңінің потенциа­лын Абай мен Мағжан, Қасым мен Мұқағали да тауыса алмай кеткен. Ол енді осы Дәулеткерейлермен ғасырдан-ғасырларды көктей өтіп, атой салып, жөней береді!
… Енді он жылдан кейін ол бұдан да бөлек қиян, қияда атасы Доспанбетше саңқылдайтын болады әлі, Алла жазса…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір