Сөздің көктейтін жері – парламент
17.03.2023
588
0

Әзиз Несин, түрік жазушысы

Бұл оқиға бірпартиялық билік кезінде болған деседі. Болды ма, болмады ма – білмеймін, әйтеуір, шын сияқты. Біздің ішкі істер министріміз бір күні Н. оязындағы бір азаматты дереу алып келуге әмір етіпті. Біздегі «алып келдің» әліпбиін білесіз. Жоғары жақтың әмірі төмен қарай құдиып, жергілікті жандарм участогіне барып жетті де, ондағылар әлгі азаматты бассалып, байлап-матап, Анкараға ала жөнелді.

Ол азамат кім еді?
Ол игі ой тобындағылардың бірі екен де, астанаға алдырғанда оны депутат етпек екен. Сөйтіп, ол депутат болды. Әлдекімдер одан бірде:
– Сіздің сөз сөйлегеніңізді ешқашан естімеппіз, ол қалай? – деп сұрады.
– Мен беталды сөйлемеймін. Бір рет бір ұсыныс жасап сөйледім, ал жұрт оны бірауыздан мақұлдады, – деді ол.
– Ол нендей ұсыныс еді?
– Зал ысып кеткен соң: «Мырзалар, терезелерді ашыңыздаршы!» дедім.
Оның олай деген-демегені беймәлім, бірақ деуі әбден мүмкін.
Әу баста сөз сөйлеудің қиын тиетіні бар. Ал сөйлеуге төселген соң, сөйлемей шыдау да қиын болады.
Сөздің көктейтін жері – парламент.
Бірде біздің депутат әйелдердің біреуі жоба ұсынуға тиіс болды. Ұсыну үшін жобаны талдап, түсіндіру керектігін білесіздер. Депутат бикешіміз өйте алмады да, ақырында: «Алғаш рет сөйлегенде әрқашан осылай болады», – деп, мінберден түсіп кетті.

Оның  ол тұжырымын түсіндіре отыралық. Құрметті бикешіміз депутат болғалы сегіз жыл еді. Сонда оның сөз сөйлеуге шынымен бірінші рет шыққаны ма? Ал оның сөзуарлығы баршаға баяғыдан мәлім. Демек, ол «әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың» дәл өзі болды.
Шындыққа жүгінсек, жұрт алдында бірінші рет сөз сөйлеу қиын-ақ. Бір мейрамда біздің мектептің директоры сөз сөйлемекке балконға шығып:
– Мырзалар, бүгін мейрам, – деді. Сәл бөгеліп, жөткірініп алып, сөзін жалғастырды: – Бүгін мейрам, мырзалар! (Тағы бөгелді, тағы жөткірінді). Мейрам бүгін, мырзалар! (Тағы біраз бөгелді). Бүгін, мырзалар, мейрам… Мейрам бүгін, мырзалар…
Содан бастап ол Мейрам мырза аталып кетті.
Сол бірпартиялық билік дәуірінде тағы біреу мінберге шығып:
– Отандастарым, бізде алты жебе бар… – деді де, бедірейіп біраз тұрды. Содан соң:–Алты жебе, отандастарым… – деді. Берекесі қашқанын өзі де сез­ді.–Тәңірім бізге жар болса, біз алты жебеден алпыс алты жебе жасаймыз, – деді ол. Сөзін сонымен тәмамдап, мінберден түсті. Жұрт оған алақандары ауырғанша қол шапалақтады.
(Алты жебе — халықтық-республикалық партия бағдарламасының мәнін аңғартатын 1937 жылғы Конституцияның алты тармағы.)
Оған қарағанда, әйел депутатымызға не өкпе бар? Бикештің алпыс алты жебе жасауға уәде берерліктей тым құрыса сыңар жебесі де жоқ болатын.
Жоқты жерден шұқып тапсын ба? Рас, оның «үстеме», «қосымша» деген сияқты сөздерді ойнатып, халқына біраз ой тастауына болатын еді. Мысалы: «Үстемеге үстеме қосып, үстемелеп арттырып, сонсоң ол үстемеге тағы біраз үстеме қосамыз» деуі керек еді де, мінберден маңғаздана түсіп, кер маралдай керіліп кете беруі керек еді. Өйтуге оның ақылы жетпеді: «Алғаш рет сөйлегенде әрқашан осылай болады», – деп, шынын айтып шатасты.
Иә, сөз сөйлеу қиын. Бірінші рет сөйлеу өте қиын, бірақ бір төселіп алған соң өзіңді-өзің тоқтата алмайтын боласың!

Қазақшалаған
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Аудармашыдан бір сөз:

Әзиз Несинмен 1981 жылы Мәскеуде, КСРО жазушыларының кезекті құрылтайында кездестім. Жазушы ағамыз Қалтай Мұхамеджанов екеуінің жақсы таныс екенін, хабарласып тұратынын естігенмін, енді таныстыруын өтіндім. Құрылтайдың бірінші күні кеште: Әзекең, Қалекең, Шерхан Мұртаза, тілмаш Вера Панова бесеуіміз «Россия» мейманханасында бас қостық.
Өмір, Түркия, Қазақстан, әдебиет, аударма дегендей, біраз тақырыпты шолған әңгіме болды. Әзіл-қалжың ағытылды. Екіжаққа ортақ орыс тілінде.
Мен, әрине, тыныш тыңдаушымын. Несин қазақ сатирасына, аудармаға қатысты сауал бергенде ғана «қатарға қосыламын».
– Ғаббас бей, менің әңгімелерімді орыс тіліндегі нұсқасынан аударып жүрсіз бе? – деді бірде.
– Өкінішке қарай, біздің мектептерде түрік тілі оқытылмайды, кітап саудамызда түрік кітаптары болмайды, – дедім де, соған өзім кінәлідей-ақ ыңғайсызданып, үстелдің сирағына сүйеп қойған портфельмді дереу алып, ашып, «Күлеміз бе, қайтеміз…» деген жинағымды Несинге ұсынып: – Құрметті Әзиз бей, бұл әзіл-сықақ әңгімелерімнің шағын жинағы еді, мұнда сіздің шығармашылығыңыз жайында мақалам бар, мақалам «Иә, Әзиз бей, сіз кімсіз?» деп аталады және біздің бүгінгі көшалды әзіл-сықақшымыз Оспанхан Әубәкіров туралы «Әзиз Несиннің Алматыдағы інісі» деген мақалам да бар, – дегенімде, көзі менде, құлағы тілмәшінде болған ол жымия, қолын ұсына түрегеліп:
– Мың да бір рахмат! Иншалла, өзіміздегі қазақ достарымның біріне аудартып оқытып тыңдаймын! Рахмат, Ғаббас бей, жүз жасаңыз, көп жазыңыз! – деді.
– Ғаббас жолдас, мына сиың ғажап болды, – деді Шерағаң.
Кеш соңында Әзиз бей:
– Қалтай бей, келген сайын саған жаңа кітабымды сыйлаушы едім, биыл әлі шыққан жоқ. Сонсоң сен жалғыз емессің, жаныңда Шерхан бей мен Ғаббас бей бар. Сендерге не сыйласам екен? – деп, бізге қуақылана қарап: – Ә, үшеуіңе сурет салып берейін, ескерткіш болсын, – деді де, шолақ жең ақ көйлегінің төс қалтасынан шағын блокнот, қалам алып, үшеумізге үш парақшаға сурет салып ұсынды. Маған: «Бұл – бейбітшілік балығы», – деп берген мына суреті, әрине, мен үшін ерекше қымбат ескерткіш.
Келесі екі күнде кешкісін екі рет: Әзиз бейдің «Люкс нөмірінде», менің бөлмемізде оңаша әңгімелестік. Әрине, тілмаш бар. Оңаша әңгіменің бір тұсында Әзиз бей маған қуланған кейіппен қарай сөйледі. Мінезі салмақты Вера ақырын ғана жеңіл мырс етіп: «Ол сізге қызық сұрақ қойды: «Сіздердің әзіл-сықақшы, фельетоншыларыңыздың бас кейіпкері кәсіподақ басшылары секілді, одан жоғарғыларға көз аларта алмайтын сияқты, рас па?» – деп отыр, – деді. Мен де әдейі қулана сөйлеп: «Анда-санда рас болады. Ал өзі министрлерді, премьер-министрді сынап түрмеге түсе беретініне өкінбей ме?» – дедім. Несин ағам тамаша анекдот естігендей еңкейе-шалқая күліп алып, ойнақылау үнмен сөйлеп кетті. Аудармадан естігенім: «Бұл інім түрменің рахаты барын білмейді екен, білмей-ақ қойсын, ал мен соған бару үшін билікті әдейі қатты келеке етемін. Түрмеде жан қинайтын жұмыс жоқ, бос уақыт көп. Отырып та жазамын, жатып та жазамын, рахат!».
Мен еріксіз бастап, екеуі еркін қостап, уәй, күлдік-ау!..
Әзиз бей әлем әдебиетіне мол үлес қосты. Өлеңдер жинағы, әзіл-сықақ әңгімелері, мақалалары, пьесалары, романдары бар, – жиыны 54. Әзіл-сықақшылардың халықаралық бәйгесінде 4 рет бірінші орын алып, «Алтын пальма бұтағы» медалімен екі рет, «Лотос» журналының медалімен, басқа да медальдармен, грамоталармен, арнайы сыйлықтармен марапатталған. Кітаптары қырықтан астам тілдерге аударылған.
Несин 1915 жылы туып, 1995 жылы көз жұмды. Туғанына 95 жыл толарда, 2010 жылы, әзіл-сықақ әңгімелері жинағының (34) жиырмаға жуығы шет елдерде 20 миллион дана болып басылып шықты.
Мен Әзиз бейдің мәскеулік гәзеттерде, «Крокодил» журналында жарияланған әңгімелерін жинап, өз тілімізге аударып, 1981 жылы «Әзиз Несин. Әңгіме оқи отырыңыз» деген атпен кітап етіп шығардым. Бүгінде аударма екі томдығының қолжазбасы дайын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір