КЕМЕҢГЕРЛІК ҚҰПИЯСЫ
(ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ЖАЙЛЫ ХИКАЯ)
Никогда не бывает больших дел без больших трудности.
Для спасение государства достаточно одного
Великого человека.
Мари Франсуа Вольтер.
I
Кедей кезінде тату-тәтті тұрған, арманы көп, жанжалы жоқ, бақытты отбасы байыған шақта шатағы көп шаңыраққа айналып шыға келіпті. Не болғанын ұға алмаған отағасы ақылы асқан абызға келіп, мұңын шағыпты. Сонда сол ақылман әлгі отағасымен бірге терезе алдына келіп:
– Қарашы, не көріп тұрсың? – депті.
– Бұлтсыз ашық аспанды, айналаға үнсіз сәуле шашқан күнді, ақалабас шыңдарын күн сүйген тауды көрдім.
– Тағы не ілікті жанарыңа? Жіпке тізген жүзіктей көз алдыма келтірші.
– Тау баурайындағы айдын көлді, көлде жүзген екі аққуды, одан беріректегі түтіні тік ұшқан ауылды, сол ауылдағы ақ жаулықты аналар, кербез арулар мен кермиық жігіттерді, ойынның қызығына түсіп, құлыншақтай құлдыраған балаларды… көріп тұрмын.
– Жә, енді мұнда қара да, не көріп тұрғаныңды айтшы, – деп дәліздегі дәу айнаның алдына алып келді абыз отағасыны.
– Өзімді көріп тұрмын.
– Тағы бірдеңе ілікті ме, жанарыңа?
– Жоқ.
– Анықтап қара. Мүмкін тағы бірдеңелер көріп қаларсың.
– Анықтап қарадым. Өзімді көріп тұрмын. Өзге ештеңе көрінбейді.
– Терезеге қарағанда өмірді, айнаға қарағанда өзіңді ғана көрдің, – депті абыз. – Терезенің де, айнаның да тегі шыны. Айнаның сырты сырланып, күміспен күптелген. Содан да адам оған қанша қараса да өзінен бөтен ештеңе көре алмайды. Ал терезе боялмаған. Сол себепті де ол өмірдің өзін боямасыз, қаз-қалпында ап-анық көрсетіп тұр, – депті абыз.
– Мен мұны неге айтып отырмын. Білесің бе, Нұрсұлтан?
– Неге екенін ішім сезеді. Тегін емес, әрине. Соның терең сырын өзіңіз шертуіңізді қалап отырмын.
– Өзің де білесің, мына нарық заманы басталып, ел өліара дейтін өтпелі кезеңге тап болғалы халық бай, кедей болып бөліне бастады. Ауылдағы кедейлер мен жаңа қазақтар делініп жүрген байлардың айырмашылығы осындай. Күміспен күптеліп, алтынмен апталған олигархтар өз тұрмысын ғана емес, айналасындағы өмірді де көрсе, қазақтың ала қап арқалаған әйелдері мен тиын санаған зиялыларын көрсе, алтын бесік ауылға қолұшын созып қарасса, өзге ғана емес, өзіне де пайдалы, сауапты іс емес пе? Қайырымы қайтпас іс бар ма? Қайырымдылықтан асқан қасиет бар ма? Айналайын Нұрсұлтан! Мен мұны ақылым тасығандықтан емес, халыққа жаным ашығандықтан айтып отырмын. Ауыл-аймақ, өңір мен өлкені ғана емес, бүкіл Қазақстанды басқарып отырған, жай басқарып қана қоймай, елдің ең ауыр жүгін арқалап, қат-қабат келген сан қиындықтарды еңсеріп, «мен жетелеп өлемін, өрге қарай қазақты» деп Шәкәрім қажы айтқандай, қиын кезеңде қиялап жол тауып, Қазақстанды айдай әлемге танытып жүрген сенен ақыл артылған ба?! Біздікі ескіден жеткен ескі тәмсіл есіңде жүрсін, сөзіміздің керегі болса алар, керегі болмаса қалар деген тілектестік қана.
– Сейтхан аға, – деді Нұрсұлтан ойлана сөйлеп – сізбен кездескен сайын осындай жандүниемді байытар жақсы сөздер естимін. Бұл да бір әркез есте жүрер есті тәмсіл екен.
– Бір жылын ойлаған дән егеді, он жылын ойлаған тал егеді, мың жылын ойлаған ұрпағына нәр егеді, – деп жалғады сөзін Сейтхан. – Нұрсұлтан қалқам, сен еліңді еңбекке жұмылдырып, дән егіп, бүкіл Кеңес Одағы ұрандатып жүріп әзер өндіретін миллиард пұт астықты жалаулатпай-ақ құйғыздың қамбаға. Халқыңмен бірге тал егіп, Астана төңірегін ну орманға бөлеген үлгіңді дүйім ел қолдап, жастар жасыл ел жорығында жүр. Ана бір қиын жылдардың өзінде «Болашақ» бағдарламасын қолға алғаның, енді «Назарбаев университетін» ашып, әлемдік биікке ұмтылғаның ұрпағымызға нәр беріп жатқаның мың жылдан да әріні ойлаған көрегендігің деп білемін.
– Бүгінді ғана емес, ел болашағын ойлауға міндеттімін.
– Ал енді бар ғой, ауыл тыныс-тіршілігі осы ұлы істердің көлеңкесінде қалып қоймау жағын ана жергілікті жердегі басшы, қосшы азаматтарға қатаң тапсырғайсың.
– Ауыл мәселесі күн тәртібінен түскен емес, түспейді, – деп қадап айтты Нұрсұлтан. – «Таза су» мен «Нұрлы көш» бағдарламаларына салмақ сала береміз алда да.
– Қазір не көп, газет көп. Солардың бірінен ауыл жайлы бір өлең оқып ем. Көзіңе түсе қоймаған шығар, соны оқып берсем бола ма?
– Оқыңыз.
Сейтхан жазу столының бір бұрышында жатқан бір бума қағаз арасынан әлдебір газетті тауып алды да, оқи бастады:
Алтын ауыл, кім бар сені сүймеген,
Сен едің ғой өмірді өрге сүйреген.
Басшы мен байдың құны көк тиын,
Ел мен Жерге шапағаты тимеген.
Аяулы ауыл жүреміз біз сағынып,
Киең менен қасиетіңе табынып.
Ауыл – біздің анамызсың аяулы,
Жаным анам, жалау болған жанымды ұқ!
Жазушымын сөзін айтқан халықтың,
Шежіресін жазып келем тарихтың.
Гүлденсе ауыл гүлденетін бәріміз,
Ауылымызға туар еді жарық күн!
Ауылдағы асылдармен бірге менің жүрегім,
Мен жүдесем ауылды ойлап жүдедім.
Аспандағы Ай мен Күндей асылдар,
Мен Сендерге саулық, бақыт тіледім.
Жер-Анамен бірге алған тынысың,
Аяулы ауыл киелісің, ұлысың!
Өз ауылын – өз анасын ұмытқан
Мәңгүрттерді киең ұрсын, құрысын!
– Елім деп соққан жүрегі, ауылға деген айнымас ақ тілегі бар әр азаматтың әр түрлі пікірлерін тыңдап жүрмін. Орайымен айтылған орынды сөз жерде қалмайды.
– Тағы бір тілегім – қаладағы қалталылар ауылға көмек қолын созса екен.
– Мемлекет осы уақытқа дейін оларға жәрдем жасап келді. Енді олар мемлекетке көмектесетін болады.
Ұстазы Сейітхан Исаев айтқан сәулелі сөздерімен қанаттанып сыртқа шыққан Нұрсұлтан көк жүзіне көз жіберді. Аспан ашық екен. Нұрсұлтанның ойына Фрэнсис Бэконың: «Богатство очень хорошо, когда оно служит нам, и очень плохо, когда оно нами повелевает» деген сөзі оралды.
Күн ертеңге ауып бара жатты…
II
Қос құлағын қайшылап, алдыңғы аяғымен жер тарпып тұрған ақ тұлпар басын жоғары көтеріп қатты кісінеді. Күміс ердің үстінде қаққан қазықтай боп тік-тік отырған оның жанары қарсы алдында құйғыта шапқан салт аттыларды көріп қалды. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, жаңағы салт аттылар көкжиекке сіңіп кетті. Енді оның орнын басқа бір көрініс алмастырды. Қарсы алдындағы теңіз толқынындай бүктетілген қыраттардың ар жағынан әлдебір биік тау көрінді. Тау бауырында баяғы Абылай заманынан жеткен ақ шағаладай аппақ киіз үйлер. Сол үйлерден шыққан қарақұрым халық тау баурайындағы биік шоқыға қарай беттеп барады. Тау басындағы биік шыңға қадалған аспан түстес көгілдір ту жел екпінімен керіле желбірейді. Тауға беттеген қарақұрым халықтан оқ бойы алда бір жігіт кетіп барады. Сол жігіт сонау шырқау биікке елден бұрын жетті де, көгілдір тудың жанына келіп тоқтады. Сосын биікте тұрып айналаға асықпай көз тастады. Кенет желмен желбіреп тұрған көгілдір ту құлап бара жатты. Сол сәт жаңағы жігіт көз ілеспес шапшаңдықпен шалт қимылдап, туды құлатпай ұстап қалды. Сосын тудың дәл іргесінде тұрған мінбедегі құранға қолын қойып, тау қыранындай саңқылдап сөйлеп кетті. Тау баурайына жиналған сан мыңдаған халық оны ықыластана тыңдап тұр.
Ол ақ арғымақтың үстінде тұрып, дүрбі салып қарап еді, тани кетті – ұшы-қиырына көз жетпейтін алып дала мен асқар тауды жаңғыртып сөйлеп тұрған Нұрсұлтан Назарбаев екен. Ол енді:
«Керек емес қызықтарың бір кештік,
Ес білгелі еңбекпенен бірге өстік», – деді де, оңға да, солға да алаңдамай ат тізгінін босатып, алға қарай шаба жөнелді. Жұлдыздай аққан ақ арғымақтың жалына жармаса еңкейе шапқан оның көкірегін жыр кернеп келеді.
Серігі болған азап, мұң,
Езгіні көрген қазақпын.
Қайғыдан туған үміт ем,
Енді бүгін азатпын.
Ғасырлар бойы аңсаған,
Тәуелсіздікке жеттім, ән салам.
Ата-бабамның арманы еді,
Садақа болсын жан саған, – деп жыр маржанын төге берген оны қайта-қайта шырылдаған телефон дауысы оятты. Жаңағы тәтті түстен ажырағысы келмеген ол көзін жұмып, аз-кем жатты. «Сені төсектен тұрғызбай қоймаймын» дегендей бебеулеген дауысы безектеп қоймағасын, еріксіз еріне тұрып трубканы көтерді.
– Бұл Жақсыбековтердің пәтері ме? –деді сымның арғы жағынан естілген дауыс.
– Иә. Жақсыбековтердің пәтері.
– Ерасыл Ғалымбекұлы үйде ме?
– Үйде.
– Телефонға шақырып жіберіңізші.
– Мен тыңдап тұрмын.
– Кешіріңіз. Бұл президент әкімшілігінен еді. Елбасы алыс шетелге ресми сапармен бармақшы. Үлкен кісімен сапарлас болатын сол топқа сізді қостық.
– Кім мені ол топқа қосқан?
– Нұрекең, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі.
– Қай елге барамыз?
– Оны кейін хабарлаймыз.
– Қашан?
– Оны да кейін айтамыз.
– Әу, ең болмаса қай айда екенін айтсаңызшы.
– Осы айдың аяқ кезінде. Дәл уақытын жігіттер хабарлайды.
– Жақсы.
Ерасыл қабырғадағы сағатқа қарады. «Әу, сағат оннан асып барады екен ғой. Осыншама ұйықтағаныма жол болсын! Е, ұйықтамай не көрініпті. Түнгі төртте жатқан адамға сағат онға дейін ұйықтауға болатын шығар? Әу, бұл не тұрыс? Әлі бітпеген миллион жұмыс бар. Қой, уақыт оздырмай душ қабылдайын. Сосын қою шайға қанып алып, жазуымды қайта жалғастырайын». Осы оймен орнынан қозғала бергенде телефон тағы да шырылдап қоя берді.
– Кешіріңіз, – деді ар жақтан естілген ер адамның құлаққа жағымды қоңыр дауысы – бұл Сыртқы істер министрлігінен еді. Ерасыл ағаны телефонға шақырып жібересіз бе?
– Мен – Ерасылмын.
– Ассаламағалейкум, аға.
– Уағалейкумассалам.
– Мен Кәрім деген ініңізбін.
– Сен Сыртқы істер министрі Жомарт Айжарықовтың көмекшісі емессің бе?
– Иә.
– Мен сені білемін ғой. Халың қалай, айналайын? Келін, бала-шаға аман ба?
– Аман, рахмет аға!
– Жоғары жақтан Сізді Президентпен бірге баратын шетел сапарына дайында деген тапсырма алдық. Сол жайында ақылдасайын деп мазалап тұрғаным ғой.
– Не дайындық керек?
– Ең бастысы – бір жаққа жол жүріп кетпеңіз. Сосын сізде қызмет паспорты бар ма?
– Ол жоқ.
– Онда сондай паспорт жасап береді сізге.
– Кім береді ол паспортты? Ішкі істер министрлігі ме?
– Жоқ, Сыртық істер министрлігі береді ондай паспортты. Бұл дипломаттар паспортымен теңестірілетін құжат. Біздің жігіттер сізбен байланысқа шығып тұрады. Ал жақсы. Әзірше сау болыңыз, аға!
– Сау бол, қалқам!
Ерасыл бұл хабарға кәдімгідей қуанып қалды. Жиі жол жүріп үйренген жазушыға ұзақ уақыт үйде отырып қалу да қиын еді. Сосын талай шетелде болса да Америкаға жолы түспей қойған. Осы алып елді көру де бір арман еді.
Бүгінгі күннің жаңалықтарын жан жарына жеткізуге асыққан Ерасылдың шыдамы душ қабылдап, шай ішуге ғана жетті. Айгүлге хабарласпақ болып жинала бергенде, телефон тағы да шыр ете қалды. Бұл Президенттің баспасөз қызметінің басшысы екен. Одан соң тағы ды Сыртқы істер министрлігінен хабарласты. Сосын Президенттің хаттама бөлімінің меңгерушісі телефон шалды. Бәрі де сол алда болатын шетел сапары жайлы хабарлап, мұның алысқа ұзап кетпеуін сұрап жатты.
Арада он күн өткенде Ерасыл Президентпен бірге шетелге аттанып кетті.
«Тіпті жауың болса да жақсы жағына елікте, тіпті әке-шешең болса да жаман жағына еліктеме».
Президент ұшағы «Боинг-757» аспанға көтеріліп, Атлант мұхитының ар жағындағы алып мемлекет АҚШ-қа бет алғанда Ерасылдың есіне осы нақылы оралып еді.
Ұшақ ішіндегі арнайы жабдықталған жұмыс бөлмесінде отырып алда қол қойылар құжаттар мен іс-қағаздарын қарап, әдеттегісіндей аспанда да ынта-шынтасымен жұмыс істеген Нұрсұлтан уақыттың қалай тез өткенін байқамай да қалды. Жазу столындағы қағаздан көзін тайдырып, қарсы алдында отты жазулар жанып тұрған картаға қарағанда Альпі мен Балқан тауларын көктей өтіп, Атлант мұхитының үстімен ұшып келе жатқанын аңғарды. Иллюминатордан сыртқа көз тастады. Үсте көк аспан, аста алып мұхит. «Жер бетіндегі екі алып мемлекеттің бірі – АҚШ болғанда, екіншісі – күні кешегі КСРО еді, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Сол КСРО халықтың аузынан жырып алған қыруар қаржыны военно-промышленный комплекске, қазақша айтқанда, әскери өнеркәсіп кешеніне жұмсады. Әскери күшпен әлемге үстемдік жүргізбек болды. Әлімжеттік жасап Венгрияға, Чехословакияға, Польшаға, Ауғанстанға әскер кіргізді. КСРО-ның күш көрсету саясаты сексенінші жылдардың аяғында болған Әзірбайжандағы Сунгайт, Балтық бойындағы Рига, Кавказдағы Грузия, Қазақстандағы Алматы трагедияларына апарып соқты. Тіршіліктің тірегі – табиғи бірлік. Өмір заңы – тепе-теңдік. Табиғат заңына қайшы келген, күшпен таңылған бірліктің өмірі қысқа. Бұған күш қолдану саясатына арқа сүйеген КСРО-ның күйреуі дәлел. Хрущев дәуіріндегі Кариб кризисі кезінде үшінші дүниежүзілік соғыс бола жаздады. Бұл іске әлемнің дана саясаткерлері араласпағанда, оның соңы неге апарып соғарын бір құдайдың өзі білсін… Тағы бір ядролық соғыс қатерінің алдын алған әлемдік деңгейдегі аса ірі саясаткерлердің бірі – Маргарет Тэтчер емес пе еді. Сол жайлы сол жылдары орталық газеттердің бірінде бір қызық хабар жарияланып еді ау…».
Тарихтың тағы бір тағылымын еске түсіргісі келген Нұрсұлтан жазу столының жақтауына орнатылған кнопканы басты. Сол-ақ екен, Президентке ғана қызмет көрсететін аға стюардесса – сұлулығы әлем мисстерімен таласқан сұңғақ бойлы, ашаң денелі, жиырма жастар шамасындағы ұзын бойлы, аққұба қыз кіріп келді.
– Ақбөпе, Әбіқаевты шақыр,– деді Нұрсұлтан. Сәлден соң Президенттің жұмыс бөлмесіне орта бойлы, бидай өңді, елуді еркін еңсерген ер кісі кіріп келді.
– Нұртай, газет қиындылары салынған папка осында ма?
– Ол менде.
– Соны алып келші.
Арада бірер минут өткенде Нұрсұлтан Нұртай әкелген папкіден табылған газет қиындысына көз жүгіртті. Кеңес өкіметі кезінде шетелдерге де кеңінен тараған одақтық «Известия» газетінің 1997 жылғы желтоқсан айының 3-ші жұлдызында «Андропова с Рейганом помирила женщина» деген тақырыппен жарияланған ИТАР-ТАСС материалында былай деп жазылыпты:
«В ноябре 1983 года СССР стоял на пороге ядерной войны с НАТО. Об этом стало известно в результате анализа британскими экспертами секретных документов из архива бывшей разведки ГДР. Руководство КГБ пришло к выводу, что начинавшиеся тогда учения НАТО «Эйбл Ачер-83» являются подготовкой к ядерному удару по СССР. Были срочно приняты ответные меры: приведены в полную боевую готовность советские стратегические бомбардировщики. Британские эксперты утверждают, что ключевую роль в разрешении кризиса сыграла Маргарет Тэтчер, которая убедила Президента США Рональда Рейгана начать с руководством СССР переговоры о сокращении вооружения».
«Иә, қандай қиын түйіндерді де келіссөз столында отырып сабырмен, салмақты оймен шешкенге не жетсін, – деп ойлады Нұрсұлтан. Саясат – ақыл мен айла айқасқан сахна. Сол саясат сахнасында АҚШ күш көрсетуге бейім. Күш-қуаты жағынан онымен тең тұрған ұлы держава КСРО еді. Мына жарық дүниедегі жалғыз бәсекелесі – КСРО-ның омыртқасы опырылып, ол о дүниелік болғалы АҚШ онан әрі еркінсіп кетті. Мұндай алып елмен арпалысып ұшпаққа шыға алмасымыз анық. Ақыл, айла қазақ секілді аз халыққа, әсіресе керек. Біз қарудың күшіне емес, сөздің күшіне, ақыл-ойдың қуатына арқа сүйеуіміз керек. Інжілде де «Ең алдымен сөз жаратылған» дейді. Сөздің күші – құдайдың күшіндей. Сосын Қазақстан күні кеше ғана тәуелсіздік алғанмен біздің мемлекетіміздің тарих қойнауында жатқан жеті ғасырлық тарихы бар. Есімхан салған ескі жол, Қасымхан салған қасқа жолдар Тәуке хан салған тура жолмен жалғасып, Абылай салған сара да дана жолмен ұласқан жоқ па? Біз жас болғанмен асты кенге, үсті егінге толы қуатты мемлекетпіз. Еуропаның бірнеше елі еркін сыйып кететін ұланғайыр Ұлы Даласы, жүздеген қаласы, білімді, талантты, төзімді халқы, ерлік салты бар, аса ірі халықаралық ұйымдарға, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына да мүше Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін қорғауы тиіс сәттерде ешкімнен қаймықпауы керек. Досқа – құшақ, дұшпанға – пышақ. Біздің сыртқы саясатымыз – бейбітшілік сүйгіш саясат. Анатоль Франс айтқандай «Соғыс – күнәһардың ісі». Күнәні ешкім де, ешқашан да жеңіспен жуа алмайды. Ендеше АҚШ-тың ақылман Президенті Джон Кеннедидің: «Не адамзат соғыссыз күнге жетеді, не соғыс адамзаттың түбіне жетеді» деген есті сөзін АҚШ есінен шығармауы керек. Саясат сорпасы қайнайтын келіссөз кезінде мұның бәрін аргументтер мен фактілер арасына сыналап кіргізіп, сыздықтатып, сыпайы жеткізерміз. Алпауыт елге арқа тіреген Клинтон алпыс екі айлалы түлкі болса, мен тазы болып шалармын. Дос пейілін танытып бауырыма тартармын. Бірақ кішірейіп қолтығына кіре алмаспын. Өлсем де елімнің есесін жібермеспін. Иә, аруақ! Иә. Сәт! Азаттықты аңсаған ата-бабамның рухы қолдай гөр! Желбіреп барған туымыз желкілдеп қайтқай!..».
Нұрсұлтан ой желісін үзіп иллюминатордан төменге көз жіберді. Төмендеп ұшқан ұшақ қанатының астында көлеміне дыбыстан да ұшқыр көңіл болмаса көз жетпейтін Атлант мұхиты жатыр. Көкала мұхиттың арыстан жалды ақбурыл толқындары бүктетіле жөңкіліп, бірін-бірі қуалап барады. Олар көкжиекпен астасқан алыс жағалауға жеткенше мың бүктетіліп, миллион мәрте толқыр-ау. Сол толқын сонда да сол бір қайсар мінезінен қайтпақ емес.
Ұшқыр ұшақпен жарысқан Атлант мұхиты Нұрсұлтанның қиялына қанат бітірді. Көзін жұмып, қиялы қанатына мінген Нұрсұлтанның көз алдына мына бір сурет келе қалды. Міне, алып мұхиттың аспанға атылған ашулы, қуатты, ақшулан толқындарын қақ жарып, ұзындығы үлкен қалалардағы автобус аялдамасындай, ені бір кварталға пара-пар дәу кеме жүзіп келеді. Көз ұшында одан да гөрі кішірек сансыз кемелер қараңдайды. Сол кемелер арасынан асау толқын қақпақылша қақса да, көкала суды қақ жарып, сүйір тұмсық кішкене қайықтар да жүзіп барады. Сол сүйір тұмсық кішкене қайықтар қалт-құлт етіп жүзсе де, асау толқындар арасынан қайқаң қағып, сытылып шығып, су бетінде суырыла жүйткиді. Сол кемелер мен қайықтарға сығылыса толған адамдар ақшулан толқынмен алысып, қайда барады, қайда асығады? Тағдыр толқыны оларды қайда апарады? Жарқын жағалау – жемісі мол жұмаққа ма, әлде азап оты жанған тозаққа ма? Жылуы мол жұмыр жерге ме, әлде жұмбағы мол жұтаған аралға ма? Әлде су жұта ма? Әлде ауыр жолды артқа тастап бақытпен жүздесе ме? Соның бәрі мына көкжиекпен астасқан көкала мұхит төсінде жарыса жүзген алып кемелер мен кішкентай қайықтардағы адамдардың өздеріне байланысты. Олардың өз тағдыры өз қолында. Әсіресе, көш бастаған көсемдерінің қолында. Адам да, қоғам да өз бақытын өзі сомдайды. Бақытты болу үшін күрескер болу керек. Оңай бақыт болмайды!..
Нұрсұлтанды ой-қиялдан аспансерік-стюардесса қыздың құлаққа жағымды қоңыр дауысы алып шықты.
– Құрметті Президент мырза! – деді ол аса бай қазақ тілінің бар бояуын аша сөйлеп. – Қадірлі мырзалар мен ханымдар! Біздің ұшағымыз Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон қаласындағы Джон Кеннеди әуежайына келіп қонды. Ауаның температурасы он екі градус жылы, ылғалдылығы қырық процент.
Президент ұшағы әуежайға қонысымен Ерасыл жол дәптеріне алғашқы әсерін жазды: «Бүгін желтоқсан айының он жетінші жұлдызы. 1993 жыл. АҚШ-қа ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұшақ баспалдағы жанында АҚШ-тың вице-президенті Альберт Гор бастаған ресми адамдар қарсы алды. Салтанатты қарсы алу рәсімдері өтті. Аты аңызға айналған алып мемлекеттің астанасында Қазақстанның желмен желбіреген көк байрағын көріп, Қазақстанның мемлекеттік гимні орындалғанда қатты толқығаным сонша, көзімнен ыстық жас ыршып түсті…».
АҚШ-тың ауа-райы Алматыға ұқсайды екен. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан АҚШ астанасына түс ауа келіп еді. Екі елдің арасы бір-бірінен қаншама қашық болса, уақыт айырмасы да соншалық алшақ – он екі сағат. Соған қарамастан Нұрсұлтанның АҚШ-тағы ресми сапары басталып кетті. Сапар барысында АҚШ Президенті Билл Клинтонмен, вице-президент Альберт Гормен, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннанмен кездесіп, көптеген күрмеуі қатты күрделі мәселелерді талқылаған Нұрсұлтанның көңіл-күйі көтеріңкі еді. АҚШ пен Қазақстан Президенттері бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында Ерасыл Нұрсұлтанның ел мерейін асырған кезекті жеңісінен кейін сәуле шашып тұратын жылы жүзінен оның жайма-шуақ жан дүниесін жазбай таныды.
Кеше Ақ Үйдің алдында АҚШ Президенті Билл Клинтон Нұрсұлтанды үлкен құрметпен қарсы алғанда Ерасыл қатты толқыды. «Бұл біздің Нұрсұлтанның АҚШ-та бірінші рет болуы емес, – деп ойлады ол. – Алғашқы ресми сапарының өзінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Бейкерді өз Президенті Бушқа бір тәуліктің ішінде төрт рет баруға мәжбүр етіп, өз сөзін өткізген, талай елдің Корольдерінің, Президенттерінің сарайларының төрінде терезесі тең отырып сөйлескен, Сауд Арабиясына сапары кезінде сол елдің патшасы Фахт Бен Адиль Азизбекке екі сағат бойы бас шұлғытқан, сол сапарында ешбір елдің көсемі көрмеген Мединедегі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың денесі жатқан жерді көрген, сол қасиетті жерден шыққанда алты ай бойы тамшы тамбаған елде нөсер жаңбыр жауғанын көріп, талай халық табынған, Тұрғыт Өзалдың жаназасына барғанда Әзірбайжан Президенті Елшібай мен Армения Президенті Петросянды шақырып алып «халықтың қанын төгуді тоқтатыңдар» деп ағалық ақылын айтқан, өзімен кездесу үшін өзге ел президенттерінің кезекке тұрғанын, тізе берсең ұзай беретін талай кереметтерді көрген Нұрсұлтанға бұл құрметтің бәрі таңсық та, жаңалық та емес шығар. Әйтсе де, асқақтаған АҚШ-тың менмен Президентімен Ақ Үйдің төрінде қатар отырып, сөз жарыстырып, пікір таластырып, үзеңгі қағысып отырғанда төбем көкке екі елі жетпей тұрды. О, тәубе, Құдай тәубе! Ел мерейін асырған ерімді сақтай гөр. Жиырма бірінші ғасыр қазақтың ғасыры болғай. Қазақстанымды бақытты ете гөр, Алла!..».
– Мен Қазақстанды стратегиялық әріптес деп таныған, оның қауіпсіздігіне кепілдік берген АҚШ Президенті Билл Клинтонның келіссөздер жемісті болды деген пікіріне толық қосыламын,– деп бастады Нұрсұлтан баспасөз мәслихатын-дағы сөзін. – Біз Клинтон мырзамен екеуміз саясат пен қауіпсіздік, экономика мен экология, қорғаныс саласы мен конверсия, халықаралық терроризм, нашақорлықпен күрес, мұнай тасымалы мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойдық. Сондай-ақ, Қазақстан-Американ бірлескен комиссиясының жұмысын бұрынғыдан да гөрі ұлғайтуға келістік. Ғасыр келісім аталған Қарашығанақ пен Каспийшельф мұнай көздерін игеру туралы шарттың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Бір ғана Қарашығанақ кенішінің қоры бір бүтін оннан бір миллиард тонна. Одан түсетін тоқсан миллиардтың алпыс екі миллиарды Қазақстан еншісінде…
Ерасыл жол дәптеріне былай деп жазды: «Қазақстан Президенті кіріспе сөзін аяқтасымен шетел жорналшылары сұрақты қарша жаудырды. Олардың ішінде қисық, қыңыр сұрақтар да аз емес еді. Әсіресе, бір-біріне қырғиқабақ болып отырған Ирак пен АҚШ-тың қайсысын жақтайсыз деген сыңайдағы қитұрқы сұрақтарға да Нұрсұлтан тайсалмай, жалтармай жауап берді. АҚШ-қа ресми сапардың соңғы күндерінде Нұрсұлтан Пентагонда болды. Елдің Энергетика министрі Пеньямен, Қорғаныс министрі Коэнмен кездесті. Халықаралық сайлау жүйесі қорының басшысы Судриет Қазақстан Президентіне «Демократияны алға жылжытуға қосқан үлесі үшін» дипломын тапсырды».
Президент ұшағы Джон Кеннеди әуежайынан көтерілгенде Вашингтонның сансыз шамдары бір мезетте қатар жанып, сан миллион тұрғыны бар қаланы самаладай жарқыратып жіберді. Ерасыл төмендегі электр жарығын жер жұлдыздарына теңеді. Ұшақ алып елдің абат астанасын бір айналып, аспан жұлдыздары мен жер жұлдыздарының арасында қаннан да қымбат Қазақстанға бет алғанда аз күндік сапардан ұмытылмас әсерге бөленген Ерасыл қойын дәптерін қолға алды. Ол ойын жинақтап үлгергенше ұшқыр ұшақ он мың метр биіктікке көтеріліп кеткен еді. Аспанда жұлдыздай аққан ұшақ үстінде Ерасыл алдындағы ақ қағазға жүрегінен шыққан жыр жолдарын асығыс жазып жатты:
Қайғырып жүріп ән сап ем,
Қара жердің үстінде.
Азаттық сені аңсап ем,
Бақытым көктен түстің бе?
Еліме Алла жар екен,
Санасар болды күштің де.
Дәл келер кезі бар екен,
Түнде көрген түстің де.
Жорып ең түсті аңқылдап,
Алтыным менің – Айгүлім.
Өз елім менің алтын бақ,
Жарқырай берсін ай, күнің!
Ерасылдың ойын «Аға, кешіріңіз…» деген дауыс бөлді. – АҚШ сапарынан алған әсеріңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз.
– Жерде талай сұхбат берсем де, аспанда сөйлеп көрген жоқ ем.
– Бүгін аспандап сөйлейтін күніңіз, – деп жорналшы Дүйсенбек Сыздықов Ерасылға микрофонды ұсынды. – Өзіңізден көптен бері көз жазып қалған біздің «Хабар» арнасының көрермендерін бір қуантып тастаңызшы, Алла разы болсын.
– Аспанда адам Аллаға бір табан жақын ғой, – деді Ерасыл. – Алла атымен адалын айтайын. Қос микрофонды.
– Міне, Ераға, бастаңыз.
– Нұрсұлтандай Президенті бар ел бақытты. Оған осы сапар барысында тағы да көзім жетті. Бір ғана мысал айтайын. Нұрекең Клинтонмен кездескенде…
Аспанда Алла атымен адалын айтқан ақсақал жазушы тебірене сөйлеп жатты…
Он мың метр биіктікке көтерілген Президент ұшағы қара түнді қақ жарып Атлант мұхитының үстінен ұшып келеді. Иллюминатордан сыртқа көз тастаған жорналшылардың бірі әлемдегі ақпарат құралдары жиі жазып жүрген «Бермуд үшбұрышы» жайлы ойлап, қорқып кетті. «Ғалымдар айтып жүрген «НЛО» – «Белгісіз ұшқыш тарелкалар» ма, әлде табиғаттың адамзат біліп болмаған әлдебір құпия, сиқырлы күші ме, әйтеуір, осы Атлант мұхитының төсінде жүзген алып кемелер мен үстінен ұшқан ұшақтар әлдебір белгісіздікке жұтылып, ізім-қайым жоқ болып кетіп жатқан жоқ па? – деп ойлады жорналшы. – Осы күнге дейін қаншама ұшақ жоғалды. Күні бүгінге дейін содан әлі бір дерек жоқ. Алла өзің жар болып, сондай қауіп-қатерден сақтай гөр»…
Сол сәт Нұрсұлтан ұшақтағы жұмыс бөлмесінде сапар нәтижелері мен алдағы асулар жайлы ойлап отыр еді.
«Ендігі ең басты арман, – деп ойлады ол,–Тәуелсіздікті онан әрі нығайтып, қаннан да, жаннан да қымбат Қазақстанымды өркениетті елдердің қатарына қосу. Бұл «Бермуд үшбұрышының» құпияларын ашудан да қиын міндет. Бірақ қанша қиын болса да ерте ме, кеш пе, бұл арманымызға да жетеміз. Тек қасиетіңнен айналайын халқым аман болсын! Он мың метр биіктікте ұшып келе жатып аспанда айтқан ақ тілегімді қабыл ала гөр, Алла Тағала!».
Нұрсұлтанның ойын кофе алып келген стюардесса-аспансерік қыз бөлді.
Бұл кезде Президент ұшағы Бермуд үшбұрышынан алыстап кеткен еді…
Президент ұшағы түнгі қою-қою қараңғылықты қақ жарып, он мың метрлік биіктікте ұшып келеді…
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
«Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін»
Махмұд Қашқари атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.