Әр түстің өз құпиясы бар
04.02.2023
938
0

Нұрлан ӘБІШЕВ, суретші

Бүгінде өзіндік қолтаңбасымен көзге түсіп жүрген суретшілердің бірі – Нұрлан Әбішев. Оның картиналары қанық түсімен, ерекше образдарымен, сонымен қатар ұлттық сипаттағы бейнелерімен ерекше есте қалады. Суретшінің сурет өнері жайлы ой-толғамын назарларыңызға ұсынамыз.

Бейнелеу өнеріне деген қызығу­шы­лы­ғым бала кезден қалыптасты. Төрт-бес жасымда әкем пластилин алып берген. Сол пластилинмен көп ойнайтынмын, тіпті ата-анам түн уақытында ұйқыға жатқыза алмай әлек болатын еді. Бір-біріне қарама-қарсы беттен бес жүз-бес жүзден шабуыл жасап, шайқасып жататын жауынгерлерді көп жасайтынмын. Әрқайсының өзіне тән қалқаны мен найзасын, тұлпарларын қоса құрастыратынмын. Әрбірін тақтайға тізіп қойып, сүйсініп қарап отыратын едім. Бұл пластилиндерді біріктіріп, соғыс туралы кинолардан көргенімдей етіп солдаттардың мылтықпен атысып жатқанын, танкілерді, гранаталардың атылғанын жасап қойып, тағы да сүйсініп қарап отыратынмын. Үйге келген қонақтар, көршілер менің осындай мүсіншелер жасайтынымнан хабардар ғой, анамнан: «Нұрланның жасағандарын көрсетші», – деп сұрап, қызықтайтын еді.
Бертін келе, бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде әкем екеуіміз бірінші мамыр күні парадқа барып, үйге келсек, бір шляпа киген көрші кісі тосып отыр екен. Әкем екеуі шай ішіп, әңгімелесіп отырған кезде, мен сол кісінің суретін салғаным бар. Салып болып, көрсеткенімде көрші өте риза болып, таңғалып, бір сомға сатып алған еді. Міне, сол тұстан бастап іштей суретші болам деп шешім қабылдадым.
Жалпы, суретшілік қасиеті бар адамда дүниеге келген сәтінен бастап үлкен қор болады деп ойлаймын. Оның бойында бір емес, бірнеше қасиет тоғысқанда ғана өнер деген кеңістіктің есігі айқара ашылмақ. Біріншіден, суретпен дендеп айналысам деген жанның сана-сезімі биік болғаны жөн. Ол бейнелеген суретте тазалық, пәктік болғанда ғана өзге бір жанның көңіл көзінен өтеді. Екінші қасиеті, ол – талант. Бойында таланты бар адам ғана шексіз ойларға қанат бітіре алады. Тағы бір болуға тиіс қасиет – еңбек. Яғни, ел аузында айтылатындай, бір пайыз талантты тоқсан тоғыз пайыз еңбекпен ұштастырғанда ғана қай істің де жемісті нәтижесі болады. Нағыз суретші кәсіби суретші болу керек деп есептеймін. Бір-екі жыл сурет салып, жарқ етіп, қайта ұмытылып кету дұрыс емес. Суретші өз машығын үнемі жетілдіріп, елінің ғана емес, әлемнің мықты суретшілерімен бәсекелес бола алғанда көптің көзайы­мына айналады. Келесі бір қажетті қасиет – білім. Жақсы суретші түрлі саладан хабардар болып, көркем фильмдерді көп қарап, театр қойылымдарын жиі тамашалап, ғылым мен әдебиетті жетік білуге талпынып отырса, оның қылқаламы да жүйрік болмақ.
Өзім он сегіз-жиырма бес жасыма дейін графикамен айналыстым. Онда түрлі мифологиялық образдар да болды. Үлкен қызым өмірге келгеннен кейін табиғатты сала бастадым. Неге екенін білмеймін, шабытым тұтастай табиғат кескініне көшіп кетті. Бояуым мен кенебімді алып, қаланың бір бұрышына барам да, теректің түбіне отырып, көзімнің алдындағы көріністі бейнелей жөнелем. Жаңбыр да, жауып тұрған қар да кедергі келтірмейтін. Міне, осы пейзаж жанрымен он бес жылға жуық әуестеніппін. Уақыт өте келе ұлттық сипаттағы суреттерді сала бастадым. Балалардың асық ойнап жатқанын, ләңгі теуіп жүргенін ностальгиялық көңіл күймен кескіндесем, атасының немересін бүркіт баптауға баулып отырғанын, немересінің әжесіне еркелеп текемет басып, көрпе тігуді үйреніп отырғанын тәрбиелік мәнді көздеп бедерлеген едім.
Жер бетінде зерттелген жүз мыңға жуық түс бар екен. Адам баласы, оның ішінде суретшілер осынау алуан түрлі түстердің әрі кетсе жиырма мыңға жуық түрін қолданатын шығар. Әр түстің өз құпиясы бар. Әр бояудың күн­делікті қолданысқа ыңғайланған атауы болғанымен, ол көздің көруі мен мидың қабылдау қызметіне тікелей байланысты өте ауқымды зерттеулерді қажет етеді.
Сурет өнеріне қолданылатын бояулар да әртүрлі. Голландиялық «Леонарда» деген краска бар. Ол, біріншіден, қымбат, екіншіден, өте жарқын түстер болып келеді. Қытайдың майлы бояулары бар, қоспасы көп болғандықтан, суретке жағылған соң, көп ұзамай ағып кетеді. Мен студент кезімнен бастап Ресейдің Подольск қаласынан бұрынғы технологиямен шығарылатын «Мастеркласс» атты бояуды қолданамын.
Тоқырау кезеңі өзге шығармашылық иелері секілді, суретшілерді де айналып өтпейді. Бұл тоқырау қайдан тууы мүмкін десеңіз, суретшілікке өзі серілік алыс емес қой. Оның салған суреттерін халық көру керек, мақтау керек… Шынайы мақтау сөздерден қылқалам иесі қанаттанады. Ал егер туындысы ешкімге ұнамаса, ешкім қызығушылық танытып, тіпті сатып алғысы келмесе, ешқандай тапсырыс түспей, сұраусыз болса, суретші әрине тоқырауға, депрессияға ұшырайды. Әншілер әнімен қалай көпшілікті бау­рап алса, суретші де салған кескінінің көптің көзайымына айналғанын қалайды. Өзі үшін салатын, шеберханасынан шықпайтын суретшілер де бар әлбетте. Тоқыраудан шығу жолы да әр суретшіде әр қилы. Бірі отбасының, жарының, бала-шағасының қолдауымен мұндай күйді еңсерсе, бірі достарынан пана іздейді. Мен ондай сәттерде жақсылап ұйықтап алып, қала ішінде жаяу серуендегенді құп көрем. Адамдарды, арлы-берлі жүйткіген көліктерді көріп, Алматы өзенін жағалап, кәдімгідей серпіліп қалам.
Қазақта кескіндеме өнерінің алтын ғасыры деп алтын адамның киімі қалыптанған сақтар дәуірін, көздің жауын алатын текемет секілді қолөнер бұйымдары жасалып, киіз үйді ойлап тапқан шақтарды айтар едім. Жалпы, қазақ мәдениеті тіршіліктегі, дүниежүзіндегі қай мәдениетті де ығыстыра алатын құдіретке ие. Мықты-мықты суретшілеріміз – өз алдына бір төбе. Алайда осынау өміршең де биік өредегі өнеріміз өз бағасын алмай жатыр деп ойлаймын. Өз қазанымызда қайнап, сыртқа, шетелдерге саф өнерімізді дұрыс паш ете алмай жүрміз. Дүниежүзіндегі танымал орталықтарда қазақ суретшілерінің көрмесін өткізсе, қай елдің өкілі болмасын, таң-тамаша қалар еді. Шетелдің кейбір танымал суретшілері абстракты деп, шимай-шатпақ бірдеңелерді салады, өздері білмейді не салып жатқанын. Ал біздің суретшілердің шығармасында философия, идеология, концепция – бәрі үйлесім табады. Табиғатты салам десе, табиғатты, абстракцияны салам десе абстракцияны өте биік дәрежеде жаза алады.
Қазақстанда маған ұнай­тын үш суретші бар. Жаңатай Шарденовтің пейзаж жанрындағы шығарма­шы­лығы ерекше. Бір тал қылқаламмен жүргізген бояуында (мазогында) мыңдаған түрлі-түсті реңктер сайрап жатады. Оның туындыларының табиғатын сөзбен жеткізу қиын, оны көзбен көріп, сезіну керек. Евгений Сидоркин деген атақты суретшіміздің графикалық туындыларын жақсы көрем. Ол кісінің «Алпамыс» эпосына салған суреттері классикаға жатады. Тағы бір ұнайтын қазақстандық суретші – бүгінде Америкада тұратын Айбек Бегалиннің шығармашылығында «Апакалипсис» деген 7-8 суреттен тұратын сериясына таңғалған едім.
Суретшілер ғалымдар секілді әлемнің дамуын алға жылжытуға айтарлықтай себепкер болды деп бекер айтылмайды. Француздық суретші Сера Жорж пуантилизм бағытының негізін қалап, кез келген нәрсені нүктелермен салуды шығарған. Осы бағыттың пайда болғанына елу-алпыс жыл болғанда Билл Гейтс дәл осы жанрдан шабыт алып компьютердегі windews pixel программасын ойлап тапқан екен. Кубизм бағытын қалыптастырған Пикассоның картиналарында адамның көзі құлақтың орнында, құлағы ауыз жақта, аузы маңдайында орналасып, арты алдына, аяғы иығының орнына ауысып кеткен бейнеде жазылған. Бір қарағанда мұның мәнін ешкім түсінбеуі мүмкін. Ал дәл осындай картиналары арқылы Пикассо уақытты тоқтатқысы келген деседі. Уақыт өте келе бұл жанрдан ой түйген кино түсірушілер кинематографияны дүниеге әкелген көрінеді.
Сондай-ақ сурет өнері экономиканың алға басуына да едәуір ықпал еткен. Кезінде суретшілер суретті үйдің, сарайдың ішіндегі тамға, керегеге салатын. Бояуларды үлкен-үлкен шелектермен тасып жүретін. Ең алғаш рет тіс пастасының сырты секілді ыдыста тұратын бояу – Голландиядан шығады. Сонымен қатар сурет жазылатын мата да осы кезде пайда болған. Керегеге салынған суретке қызыққан адам оны үйімен бірге сатып алатын. Яғни суретті бөлек кесіп алып кете алмайтын. Ал голландиялықтар ыңғайлы бояу мен кенепті ойлап тапқаннан кейін суретшілер далада, табиғат аясында өз машығымен еркін айналысатын мүмкіндікке ие болды. Осылайша, сурет өнері үйден далаға шықты, одан музейлерге жетті, әлемнің түкпір-түкпіріне сатылып, нарықты да дамытты. Сурет өнерінің қай салада да өзіндік орны, тигізген әсері бар екенін ешкім жоққа шығармайтыны анық.

Жазып алған
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір