ҚАНАТ­ТЫ КЕРДІҢ ҚҰПИЯСЫ
26.12.2022
3260
0

Аман биыл сегіз жасқа шықты. Әкесінің айтуынша, жайлауға сәби күнінде бірнеше мәрте шыққан екен. Бірақ есінде аса көп нәрсе жоқ. Жайлаудың қандай болатынын тек телевизордан көрген. Өз көзімен көргеніне аса сеніп кетпейді. Дегенмен жайлау туралы қиялы биікке самғаған құстай еркін ұшады. Басын бұлт бүркеп жатқан алып таудың басына көтерілетінін, оның төбесінде бұлтпен көмкеріліп жатқан алқаптар, көлдер, орман-тоғайлар бар екенін іші сезеді. Оны көру бір арман да, оның сиқырына қанығу бір арман. Биылғы каникулды жайлауда өткізетінін естігенде соншалықты қуан­ған себебі де сол. Ал атасын онсыз да сағынып жүрген. Әкесі мен шешесі ертегіні кітаптан оқып берсе, атасы әр жолы келген сайын оны ертегілер әлеміне, қызықты әңгімелер дүниесіне емін-еркін жетектеп кетіп отыратын. Атасының алып қара құсты, сақалы жеті кез, бойы бір қарыс ергежейлілерді, пері қызы Бекторыны көргеніне Аман мүлде шүбә келтірмейді. Жайлауға шықса, өзінің де олармен кездесіп қалуы әбден мүмкін екеніне сенеді.
Әкесі ертең жайлауға баратындарын айтқанда, алдымен жүрегі тулай қуанды. Сосын есіне әлдене оралып, еріксіз алаңдап қалды. Қаладағы достарын сағынады ғой. Жайлауда оның достары жоқ. Кенет көз алдына жайлауда атасы мен кенже әкесі, сол бір үй ғана тұратындай сезініп кет­ті.
– Әке, жайлауда балалар бар ма? – деді сонан соң. Әкесі оның уайымын бірден түсінді.
– Бар болғанда қандай. Жазда жайлауға шығатын жайлаудың балалары көп. Бара сала-ақ достасып кетесің.
– Мақсат пен Әселді ертіп алсақ болмайды, ә? Оларға қымыз әкеліп беремін дедім. Қайтып келген соң ол екеуіне жайлаудың әңгімелерін де айтып беруім керек.
– Иә, оларды әзір ертіп бара алмаймыз. Олар да бұған ренжімейді. Ал кейін оларды өзің бастап шығасың жайлауға. Жайлауға қалай шығу керек екенін, онда қалай ойнайтынын көрсетіп, үйретесің. Асықпаймыз ғой, солай ма? – Аман әкесінен мұндай жауап күтпеген-ді. Өзінің Әсел мен Мақсат­ты жайлауға бастап баратынын көз алдына елестеткенде, көкірегін мақтаныш сезімі кернеп ала жөнелген.
Олар жолға таңғы шайын ішіп бола сала шықты. Машинада екеуі ғана. Аман қаладан шыққанда қайтадан маужырай бастаған. Түнде жайлау туралы қиялдап, ұйқысы қашып жәй ұйықтаған. Таңертең әкесі ертелеу оят­ты. Сақалымен кеудесін қытықтағанда бірден көзін ашып, әкесінің мойнына асыла кеткен. Содан, міне, ұйқысы қайта келе бастады. Бірақ әкесі оны ұйықтатқысы келмеді. Ұлымен әңгімелесіп баруды құп көрді.
– Амантай, жайлауда телевизор жоқ екенін айт­тым ба?
– Айт­тыңыз. Мультиктерімді қайтып келген соң тауып бересіз ғой.
– Есесіне, жайлаудың қызығы көп. Зерікпейсің.
– Атам тай берем деген. Тайға мінемін. Бәйгеге шабам.
– Бәлі, тайың дайын болуы керек. Ал оны өзің жуасытасың ғой? Тай асау. – Әкесі көзінің қиығымен бұған қарап, сынай жымиды.
– Өзім жуасытам. Ол менің тайым ғой. Ол тайға да білгізу керек қой менің кім екенімді. – Ұйқысы шайдай ашылды. Өзіне бек сенімді кейіппен терезеге қарап қомданып қойды. Оның бұл қылығына әкесі елжірей жымиған.
– Назым тәтеңе бие сауысасың. Құлын тарта аласың ба, былай?
– Әке, мен сегізге шықтым ғой. Құлын дегеніңіз жаңадан туған бөпе емес пе. Қалай тарта алмаймын? Тартам. Әт­тең, олар сүйкімді ғой, ә?!
Аманның іштей құлындарға күш көрсеткісі келмейтін риясыз ниетіне сүйінген әкесі алақанымен баласының шашынан сипап қойды. Жол бойы әкесі оған өзінің кішкене күнінде жайлауда не болатынын, немен шұғылданатынын қызықты етіп әңгімелеп отырды. Аман да бір жағынан таңдана, бір жағынан сүйсіне тыңдады. Екеуінің әңгімесі жараса отырып, тау етегіндегі ауылға қалай жеткенін сезбей қалғандай болды. Ауылдың шетіне шыға бере жол бойын­дағы өзеншенің бойына машинаны тоқтатып, қаладан шыққалы бері жел үрлеген жүздерін өзеншеге жуып сергіді. Аманның дымқыл жүзіне өзеншені бойлай ескен қымыз самал тигенде көңілі жадырап, көзі шырадай жанып сала берген. Енді алда тау жолы. Тау жолында Аман жүріп көрмеген. Сайдың іші тоғай, асуға жеткенше осы өзеншені бойлап өрлейді. Жол бойы сөзсіз таңғажайып сұлу болуға тиіс. Енді Аман әкесін өзі асықтырды.
– Тез жетейік, әке. Атам күтіп қалды, – деп көлікке бет­теді. Әкесі де келісе кет­ті. Аманның әкесі – аса мейірбан адам. Жалпы, бұл қасиет атасында бар. Атасы – ішімен де, сыртымен де шуағын төгіп тұратын ғазиз кария. Кенже әкесі үйленгеніне бірнеше жыл болса да әлі бала көрмеген. Аман – бүкіл әулет­тің әлпештеген жалғызы. Әсіресе, жайлау­да күтіп отырған кіші шешесі Назым бұны қат­ты жақсы көреді. Бұл да ешкімді жат көрмейді. Емін-еркін еркелеп, еш шүбәсіз бәріне сенеді. Жол бойы жағалаған қарағайлар мен жартастарды тамашалап отырып Аман балбырап ұйық­тап кеткен еді. Әкесі бұл жолы оны оятпады. Қашан жайлауға, атасының үйінің алдына жеткенін сезбей шырт ұйқыда жатқан Аманды атасы маңдайынан сүйіп оят­ты. Онда да толық оянбаған, атасының жұмсақ ақ сақалын тарамдай сипалады да, атасының құшағында қайта маужырап, ұйықтап кеткен. Жол соғып шаршағаны анық еді. Ол оянғанда үйде тек Назым тәтесі ғана ұсақ-түйек шаруасын қамдап отырған. Ояна сала көзі алдымен шаңыраққа түскен. Мақтадай жеңіл ақша бұлт­тар әлдеқайда еріне қозғалып бара жат­ты. Көзі сосын уықтарға, уықтарды әлеміштене матап, еркін салбыраған бау-шуларға қарай тайғанаған. Сонда барып өзінің киіз үйде, атасының ақ ордасында жатқанын ұққан. Аманның көзін ашып, төңірегіне тамсанып жатқанын көріп Назым тәтесі:
– Біздің Амантай ояныпты. Батырлар құсап ұйықтадың ғой. Азамат болған деген осы. Өзің де үлкейіп кетіпсің ғой, жарығым-ау! – деп емірене келіп, қос бетінен кезек-кезек сүйген. Аман да тәтесіне еркелей созылған.
– Тәт-е-о-о-у, қарным ашты, – деп тәтесінің бетінен бұл да сүйді. Тәтесі әлде бір тәт­ті иіспен көмкеріліп тұр екен. Кейін білді, саумалдың иісі екен. Назым оны қытықтап күлдірді де:
– Ашылды ма ұйқың? Қазір шай құйып берем, өзегіңді жалғай тұрасың. Аздан соң ет те дайын болады, – деп сөйлей жүріп дастарқанын жайып, мәзірін төгіп үлгерді.
– Атам қайда? Әкем де жоқ қой үйде? – деді әбден ұйқысы ашылып, бағана ұйқылы-ояу атасының сүйгенін еске алған Аман.
– Алдымен шай ішіп ал. Олар сырт­та жүр. Қазір екеуміз бие сауамыз. Кенже әкең құлын тартып береді маған. Сол кезде атаң мен әкең де келеді, – деді.
– Құлынды мен де тарта алам, – деді әкесінің жолдағы тапсырмасы есіне түсіп. Күпие сөйледі. Мұны естіп Назым тәтесі сықылықтай жөнелген. Мұның түштиіп намыстана қалғанына қарап, жүрегі еріп кеткендей болды.
– Бүгінше қонақсың сен. Бүгінше ештеңе істетпейміз. Ертең бәрін істейсің. Бола ма, Амантай? – деп жұбатқан болды. Бұған Аман кәдімгідей сенді. Өзінің қонақ екенін сезініп, іштей үлкен кісілердей кісіліктенгісі келді. Бірақ сырт­тан бір биенің кісінеген үні ойын бөліп жіберді. Сонда барып сырт­та құлындардың тұрғанын есіне алған. Шайды асығып ішті.
Киіз үйден сыртқа шыққанда майда самал есіп, айнала жұмақ нұрына бөленіп тұр еді. Айналаға рахат­тана көз жіберіп, сәл аялдады. Үйдің алды еңкейіс екен. Төмен жақта шұрылдап, еркелей аққан бұлақ суы, бұлақ бойында бие желі. Құлындар күн шуақтап ұзын да жіңішке сирақтарын көсіп тастап сұлап жатыр. Арасында біреулері жатқан бойда басын шошаң еткізіп, кекжеңдеп қоя­ды. Аманның артынан іле-шала Назым тәтесі шыққан, білегіне кішкене шелек іліп алыпты. Аманға онысы білегіне кішкентай сумка іліп алатын қала әйелдерін елестет­ті. Шелек те анау жатқан құлындардай сүйкімді екен. Анадайда тайыншадай қара төбет жатыр. Басын көтеріп бұл жаққа қарап қойды да, қайтадан маңқиып жата кет­ті.
– Адам қаппайды. Мал қоритын төбет. Күндіз жатады, түнімен үйдің айналасын айналып күзет қылады. Мүмкін, сені танып та жатқан шығар, – деп тәтесі ит жәйін түсіндірді. – Биелер желіден ұзамапты. Жүре ғой. Анау екі қоңыр биені айдап әкеп берсең болды, оған дейін үлкен кісілер де келіп қалады. Әне, қырқадан төмендеп келеді үшеуі, – деп сөзін жалғай жүріп, Аманды жетектеп төмен қарай аяңдады. Аман тәтесі нұсқаған жаққа қарап еді, шынымен үшеуі жүрістері білінбей төмендеп сырғып келе жатқандай екен. Желінің төмен жағына қарай аздап ауа жайылған екі биеге тәтесі үйреткен ақыл бойынша жөнеп берді. Жақындағанша аса елең қылмаған, жақындап арғы жағына өтіп қайырмаққа оқталғанда іштей бір алаңы оянды. Қарындары жер сызардай семірген екен. Ол екеуінің бұның «Әйт, шүуіне» мойын ұсына қоярына сеніңкіремегендей, тіпті өзіне қандай мәміле жасайтынын да білмей ойланады. Дегенмен өзіне күн салып, тапжылмай қарап тұрған тәтесінің бейнесіне көзі түскенде, бойына бір алаңсыздық, сенім енгендей болды. Бағына қарай екеуі де мама биелер екен. Аманды қомсынған жоқ. Дауысын естіген замат­та бағыт­тарын кері бұрып, құлындарына қарай шоқырақтай берді. Аман бұған кәдімгідей қуанып қалды. Жайлауға келіп тұңғыш істеген шаруасы жап-жақсы нәтиже беріп тұр ғой. Демек, қиын ештеңе жоқ. Тәтесі мұны батырларша ұйықтайды екенсің деген. Батыр болу керек. Масат­танып биелердің соңынан жеткенде екі әкесін екі жағына алып самбырлап әлденелерді айтып келе жатқан атасы да бие желіге жақындап қалған еді. Аман атасына қарай ұшырта жүгірді, атасы да бұны құшағын жая қарсы алып, маңдайынан иіскеп жатыр.
Атасы – қапсағай денелі, қаруы қайта қоймаған сергек қария. Өмір бойы жылқышы болыпты. Аманға оның аппақ сақалынан басқа жері ағаштай қат­ты болып көрінеді. Бірақ дәл Аманды құшағына басқанда ақ мақтадай жұп-жұмсақ бола қалатыны тағы бар.
– Ата-а-у, менің тайым қайда?
– Тайың бар. Ертең ұстап әкеліп береміз. Кенже әкең үйретіп береді. Мінесің де құйындатасың сосын.
– Қазір-ақ мінгім келіп тұр ғой! – Аманның бұртиған жүзіне қарап қария кеңкілдеп күліп алды.
– Айналайын, Құдайдың бере салғаны. Бүгін басқа шаруа да жетеді. Ет жеу керек, қымыз ішу керек, екеуіміз әңгіме айтамыз.
– Сосын ше, ата, тайды өзім жуа­сытам.
– Бәлі, ол үшін тіпті де ет жеп, қымыз ішу керек. Ет жеген соң, қымыз ішкен соң ертең күшті жігіт болып оянасың. Ал тайың сен күшті болмасаң бой бермей қояды.
– Ондай болса ет­ті көп жеймін. Қымызды көп ішемін. – Аманның тай жуасытар сеніміне мәз болған кенже әкесі құлынды ағытып жатып:
– Тай жуасыту үшін, ау, Амантай, бері қара, мына құлындарды тарта алатын болу керек. Әлің жетеме мына құлынға? – деп жымиды. Аман да өзіне аса сенімді еді. Әкесіне айтқан жауабын қайталады.
– Әке, айтыңызшы. Мен сегізге келдім ғой. Құлындар нешеге шықты? Жаңадан туған ғой бұлар. Тартпағанда ше, – деп әкесіне қарады. Кенже әкесі мәз, жирен құлынды желіге қайта байлады да:
– Бәсе, батыр бұл Амантай. Бүгінше мен тартайын. Ертең сен тартасың. Алдымен құлындармен танысу керек.
– Қалай танысам олармен? Сөйлей алмайтын шығар?
– Қазір бие сауылып болған соң, құлындардың басынан, мойнынан бірден сипап шық. Сосын сені танып алады.
– Андағы құлын тоймай қалды ғой. Тағы емгісі келеді.
– Жаңа өзің айт­тың ғой. Бұлар – сенен де кішкентай балалар. Көп тамақ жесе ауырады. Оның үстіне, бұлар бәрін ішіп қойса, қымыз жоқ бізге. Қымыз жоқ болса сен қайтып күшті жігіт боласың, а? – Аманның құлынға жаны ашып, обалсынған кейпіне үлкендер риясыз жымиысқан. Ал Аманның ойы қайтадан күшті болу қамына ауыса қалған еді. Құлындармен танысу рәсімін асыға күтіп, бір жағынан өзін зорлана тежеп тұрды.
Ет желініп болған соң қымыз құйылды. Аман осыған дейін мұндай мол қымызды көрмеген. Атасы қалаға жіберетін қымызды аздан, ұзаққа жеткізіп, үнемдеп ішетін. Аздап ашырқанғанымен, қымыз жанын баурап алды. Неше мәрте қайталап ішкен соң өзін жеп-жеңіл күйде ауада қалқып тұрғандай сезінді. Сосын өзін тежей алмай жымия берді. Мұндай рахат күйді дәл осы арадан тапқанына қуанады. Қымызға қызып, бетінің ұшы бал-бұл жанып балбырай бастаған Аманға қарап үйдегілер мәз. Жаны жаймашуақтанып отырып атасының өзіне ер-тоқым, жүген, ноқтаның бәрін дайындап қойғанын, өзіне берілетін тайдың кері тай екенін де білді. Кері деген түстің қандай болатынын өзі жорамалдады. Күндіз кері бие дегенді көрген. Әдемі рең. Ал тай сөзсіз ең жүйрік тай болуы керек. Атасы бұны жақсы көреді, ең керемет тайды мінгізетініне еш күмәні жоқ. Ертең-ақ аяулы кертайды ерт­теп мінеді де, құйындатады. Иә, оның да басынан, құлағының түбінен, мойнынан сипап танысуы қажет. Құлындар бастапқыда қашқақтағанымен, тез көнді. Тіпті сүйсініп тағы да қаси түсуін тілегендей төселді. Кертай да солай болады. Құлындардың көзі қандай әдемі десейші, құдды бәрін түсініп, бұның достық ниетін аңғарып тұрғандай мөлдірейді. Кертайдың көзі қандай екен, ә? Ол да бұнымен тез танысып, тез достасып кетсе екен.
Аман бүгін ғажайып түс көрді. Өзінің кертайын көрді. Өңіндегідей анық та, сенімді. Ұмытылмастай түс. Бұлақтың бойында жүр екен дейді. Аспаннан бұлдырап бір сағым көрініпті. Сағым жақындап келгенде, өзіне қарай ұшып келе жатқан кертай екенін таныған. Бұл аңтарылып не айтарын білмей тұрғанда, кертай баяу қалқып қарсы алдына қоныпты. Сосын адамша сөйлеген.
– Аман, мен енді сенің сәйгүлігіңмін. Мен саған арнап туғанмын. Екеуіміз енді өмір бақи дос боламыз. Ертең мені өзің мін. Менің арқама сенен басқа ешкім мінбеуге тиіс. Ешқандай күмәнің, қорқынышың болмасын. Сен маған сенсең, мен де саған сенемін. Сосын, бұл кездесуіміз туралы ешкімге тіс жармағайсың. Бұл екеуімізге ортақ достық құпия. Ал онда ертең көріскенше, достым.
Өзінің не көріп, не естігенін жөнді түсінбей таңырқап тұрған Аманның кеудесіне кертай маңдайын тіреп, сәл тұрыпты дейді. Сосын басын шұлғып қоштасып, қайтадан баяу қалықтап әуеге ұшып кетіпті.
Кеше ерте жатқандыкі болар, бүгін Аман ерте оянды. Жайлаудың тұнық ауасы ұйқысынан тез сергіт­ті. Есіне түнде көрген түсі ап-анық болып оралғанда жүрегі лүпілдеп, белгісіз бір тәт­ті күйге бөленді. Кертайдың келбеті көз алдында, ол екеуінің уәдесі назарында сайрады. Ұлының өзінен-өзі жымиып, көңілді күймен шаңыраққа тесіліп жатқанын көріп әкесі оның жақсы түс көргенін ұқты.
– Қандай тәт­ті түс көрдің, ұлым? Мәз болып жатырсың ғой, – деп ұлының маңдайынан иіскеді.
– Иә, түс көрдім. Бірақ айтуға болмайды. Уәде бердім, – деп әкесінің жүзіне үміт­тене қарады Аман. Бір жағы өзіне соншалықты мейіріммен қарап тұрған әкесінен сыр жасырғандай болғанына қымсынғандай. Әкесі мырс етіп күліп жіберді.
– Жарайды, жарайды, онда айтпай-ақ қой. Жігіт адам уәде бермеуі керек, уәде берсе тұруы керек. Мұның өте дұрыс. – Әкесі осы сөздерді айта жүріп киіне бастаған. – Ал сен де тұр енді, жігітім. Атаңа көмектесейік. Кәне, киін.
Таңғы ауа салқын, көрпенің сырты сәл суықтау екен. Дегенмен кертай екеуінің уәдесін әкесінің қолдағанына жүрегі жарыла қуанған Аманның жан дүниесі бұл суықты елейтін түрі жоқ. Назым тәтесі де пешке от жағып қойған екен. Пештен ескен жылу андыздап болса да бұл жақты шарпып тұр. Ол да өзіне шақыратындай, жылуға жылу қосуды тілейтіндей.
Түске дейін кенже әкесі қысырақтың үйірін ауыл маңына айдап әкеліп үлгерді. Анадайдан кертай бірден көзге шалынған. Үйірдің ішінде алтындай құбылып, аяғын көсіп басып еркін жүр. Үйірдің шетіне қарай бір шыққанында кенже әкесінің шалмасы қаз мойнына сарт ете қалды. Ғажабы кертай өзге асаулардай көп қарсыласа қойған жоқ. Арқанға тез көндікті. Өзінің не үшін ұсталып тұрғанын білетін секілденді. Ноқта, жүген салып, ерт­тегенде де шап­шымады. Тек бойы үйренбегендей дір-дір қағып, пысқырына берді. Аманның кертайға бір жағынан жаны ашып, бір жағынан көңілі тасып, тыным таппай жүр. Кертайдың осыншама сәйкесе кеткеніне қарап үлкендер таңданысты. Дегенмен іштей бірден Аманды мінгізіп жіберуге келісіп тұрғаны анық. Бұл ойға бағана Назым ғана шошына қарсы шыққан.
– Құдай-ау, ат жалын ұстап көрмеген балаға асау мінгізген не сұмдық. Лақтыра салады ғой бос тақымды, – деп күйіп піскен.
– Құлын кезінде байланған, бас біледі. Ұстағанда шошаңдаса өзіміз де мінгізбейміз, – десіп әкесі мен кенже әкесі күліскен.
Атасы алаңын ішіне жасырған еді. Үйірді ауылға айдап келмей-ақ, жайы­лып жүрген жерінде кертайдың өзін ұстап, аздап жуасытып ап келуі керек еді деген өкініш мазалай берген. Ал Аман өзі жуасытатынын айтып шыр-пыр. Оған мұндай жігердің қайдан біткенін ешкім түсіне алмады. Тыйып тастауға сәбидің жүрегін аяды. Сосын үйір маңына ертіп келіп, асау тайдың қалай жүгенсіз жабайы екенін көрсетсек, өзі тынышталар деген дәмелері болған. Ал ерегескенде кертайдың қылығы мынау. Мініліп үйренген жылқыдай міз баға қоймайды. Енді қайран жоқ. Ат­тан жығылып өлген қазақ жоқ. Бойында жылқышының қаны ойнап тұрғаны рас болса, Аман аман болады. Дегенмен сақтық қажет. Екі әкесі тайдың екі жағын ала құлақ пен жүгенді қапсырды. Атасы көтеріп, тайдың арқасына қоя салды. Бағанадан бергі ең қызығы да осы кезде болды. Тай тағы да тыныш тұрды. Аңтарылып сәл тұрған үшеуі қарқылдай күлісіп алды да, тайдың шылбырынан басқасын қоя бере салды. Үшеуінің де тайды әлдебіреудің алдын ала жуасытқанын, ұрланып мінгеніне күмәні қалмады. Әрине, бұдан өзге жауаптың бұлар үшін мүмкіндігі жоқ еді. Ал жұмбақтың шын жауабын Аман анық білетін. Тізгінді мықтап ұстады да, созылып барып кертайдың мойнын қасыды. Кертай күткенім осы дегендей оқыранып қойды. Тебініп еді, жеңіл желіспен шылбырды ұстап тұрған кенже әкесін айналды. Үшеуі енді Аманды түсірместен, кертайды жетектеп үйге қарай аяңдаған. Назымға бәрін көрсетіп, алаңын басу қажет қой.
Сүйтіп, кертай Аманның тақымына біткен жылқы болды. Аман да ат мінуді тез меңгерді. Шапқысы келсе шабады, желгісі келсе желеді. Беткейлерден қаймықпайды, жардан алаңдамайды. Кертай шынымен бітімі бөлек, ақылды, алымды тай екен. Үйдегілер де алаңдау­ды азайт­ты. Жайлауға ұлының әбден үйренгеніне көзі жеткен соң, әкесі де қалаға қайт­ты. Бір айдан соң қайтып келіп, алып қайтатын болды. Аман бастапқыда көңілі қоңылтақсыса да, әкесінің көп өтпей келетінін жұбаныш қылды. Бірге кетем деуге кертайды мүлде қимады.
Аман кертаймен бірге көрші үйдің, маңайдағы туысқандардың балаларымен де тез танысып, ағайын-дос болып алды. Балалар бірге жарысады. Бірер шақырым жердегі тоғайға барады. Тоғай ортасындағы мөлдір көлге шомылады. Аман жүзуді де тез үйренді. Бірнеше күнде-ақ құлашын мүмкіндігінше кең жаятын болды. Бірақ жағадан ұзауға болмайтынын біледі. Ең көңілді шаруасының бірі – кертайын жуындыру. Кертай да жақсы малтиды. Көлден шыққанда қат­ты сергіп, қунап қалады. Жатарда жүгенін алып отқа жібереді. Ал ақылды тай үйден көп ұзамайды. Аз от­тап, көп жусайды. Ет алдырмайды. Таңертең кертайды Аман өзі тауып мініп келеді. Үйдегілер екеуінің құп жарасқанына қарап қуанады. Әсіресе, атасы немересімен қоса кертайды да қат­ты жақсы көріп алды.
– Кертай жылқының құты болады, – деп сүйінеді.
Әдет­те, көлге балалармен бірге барса аққулар жағаға жоламай алыс жүзеді. Аман аққуды, оның жүзгенін тамашалау­ды жақсы көретін. Бұрын телевизордан көргені болмаса, өз көзімен аққуды көргені осы жайлауда. Бүгін ол аққуды жақыннан көргісі келді. Сондықтан өзге балаларға қосылмай, кертайын кердең бастырып, көлге жалғыз тартқан. Ойлағанындай болды. Аққулар адамнан емес, у-шудан қашады екен. «Қазақ аққуға қастық қылмайды. Аққу да қазақтан үрікпейді» деп атасы айтқан. Рас екен. Аққулар Аманнан үріккен жоқ. Жағалауға жақын сәндене билеп жүзіп жүрді. Кертай да иесінің ықыласын аңдағандай ақырын ғана оқыранады. Аман көзі тоймай көп қарады. Перінің қыздары аққуға айналып көлде шомылады екен деген ертегіні атасы айтып берген. Аман перінің қыздарын көргісі келеді. Бірақ елестете алмады. Олар, сірә, адамға ұқсай ма? Әлде, аққуға ұқсай ма? Білмейді. Аспанда мекендей ме? Әлде, осындай сұлу көлдерде мекендей ме? Білмейді. Бірақ білгісі келеді. Үйге барған соң атасынан жақсылап сұрамақ болды. Атасы білуге тиіс.
Аман кертайына мінді. Қайтуды ойлаған. Бірақ кертай айналаға үркектеп, пысқырынып қарай берді. Әлден уақыт­та құйын-перен шаба жөнелді. Аман абыржып қалған. Жан-жағына қарап үлгерген жоқ. Енді бір қарағанда, қалықтап, тоғайдың үстінде қалқып бара жатқанын, ағаштардың басын кертайдың тұяғы желпіп ұшып бара жатқанын көрді. Бағыты үй жақ емес. Көлдің қарсы жағындағы биік таулар. Абдырап, тізгінді қанша тартқанымен Кертай бой берер емес. Аман да қолы талып, кертайдың бағдарына бағын­басқа шарасы қалмаған. Әлден уақыт­та тау қойнауына енді, сосын ішкерілеп көтеріле берді. Астына қарап еді, едәуір биіктеп кетіпті, көл көкшіл ноқатқа айналып алыста қалып барады. Аман есін енді жиғандай болды. Кертайдың ұшатыны рас болса, сөйлейтіні де рас болуға тиіс екенін ойлады.
– Кертай, біз қайда барамыз? – деп шошына дауыстады Аман. Кертай жауап бермеді. Сол күйі бір қорым жартастың үстіне барып қонды. Аяғыңды шалыс бассаң болғаны тереңге құлайсың. Аманның басы айналғандай болды. Ол енді анық байқады, кертайда үлкен сары түсті қанат бар екен.
– Аман, мұнда сенің рұқсатыңсыз әкелгеніме ренжи көрме, – деп оған естірте күбірледі Кертай. Осы кезде барып Аман «уһ» дегендей болды. – Ел көрмейтін, оңаша жерлерде ұшып тұруымызға, әңгімелесуімізге болатынын айтуым керек болды. Ал мұны енді айтып отырмын. Бұдан бұрын айтуға мүмкіндік болмады.
– Бұрын неге айтпағансың?
– Әр каникулда келгеніңде бір-ақ рет ұша аламыз, бір рет сөйлесе аламыз. Ал түсіңе кіріп тұруыма болады.
– Онда келесі рет ендігі жылы ұшамыз ғой?
– Иә, Аман. Тек бұл жағдайды құпия ұстағаның жөн. Ешқашан ұмытып қалмауың керек.
– Онда не болады?
– Онда менің күшім жойылып кетеді. Ешқашан ұша алмай қаламыз. Ал сен ұмытсаң, мен де ұмытамын. Құдай әр адамға бір ат­тан қосақтап жаратады. Бірақ табысу қиын. Екеуіміз секілді дәл, оңай кездесетіндер өте аз. Және олардың көбі уәделеріне опасыздық жасап, бір-бірін құртады. Сондықтан бұл шарт­ты орындауың керек.
– Жарайды. Уәде бердім онда. Сен де мені ұмытпа.
– Мен сені жайлауда күтемін. Ұмытпаймын.
Екеуі сол күні шын уәделесті. Сосын Кертай Аманды алып аспанға ұшты. Ақша бұлт­тардың арасында емін-еркін асыр салды. Мұхит­тар мен теңіздердің үстінде жүйткіді. Шөлдердің жонында құмды үйіріп шапқылады. Ең биік таулардың асқарына шығып, қойнауларындағы құпия мекендерді тамашалады. Аман өң мен түстің арасында жүргендей шат­танды. Екеуі көп әңгімелесті. Бірде кертай Аманның атасының ертегілерінің көбі шындық екенін айт­ты.
– Менің де сол ертегілердегі жандарды көргім келеді, – деп тамсанды Аман. – Әсіресе перінің қыздарын.
– Ол күн де алыс емес. Тек екеуіміз тағы біраз есеюіміз керек. Қазір мен таймын, сен баласың. Ешкімге көрінбегеніміз оң.
– Мейлі, осынау сапарымыздың өзі ғажап болды.
– Сосын, мүмкіндігінше жамандық атаулыға жолама. Сен ондай жамандыққа жолаған сайын мен қиналамын. Қанатым да қысқарады.
– Жоламаймын. Маған жамандықтан гөрі сен керексің, кертай досым, сенің қиналуыңа жол бермеймін.
Екеуі көл бойына қайтып оралғанда, күн таудан асып бара жат­ты. Енді кешіксе атасы іздеуі мүмкін еді. Кертай үйге қарай жітірмелете желе жөнелген. Ол да көңілді еді. Оның да ұшқысы, оның да Аманмен әңгімелескісі келетін. Бүгін соны орындады. Сирақтары да жерге шегедей қадалып, шалқақ басылып келеді. Анда-санда күміс қоңыраудай сыңғырлап кісінеп қояды. Бағана бұлт­тардың арасында бір бүркітпен жарысқан сәтін, сондағы Аманның шат­танған күйін есіне алып, басын шайқақтата шұлғып тастайды. Аман болса түс көрген жандай, жаңағы бастан өткерген керемет көріністерге тоймай елегізіп келеді. Әне, үйге де жақындап қалды. Атасы үйдің артындағы төбенің басында бұған көз жіберіп бақылап отыр.
Осылайша, Аманның жазғы каникулының да аяғы көрінген болатын. Енді бірнеше күнде әкесі келеді. Аманды қалаға алып қайтады. Соны ойлағанда, үйдегілер мен кертай Аманды, Аман оларды қимайды. Әт­тең, келесі жаз тез айналып келсе ғой. Уақыт тез өтсе ғой. Жайлаудың қызығына тағы да бір батса, кертай екеуі тағы бір мәрте әлемнің асты-үстін сапырып ұшса ғой. Ал мұны ешкімге айтпау керек. Ешкімге. Мәңгі. Болмаса бәрінен мақұрым қалады. Кертай да, өзі де.
Кетерде, әсіресе кертайдың мойнынан құшақтап қат­ты жылады. Назым тәтесінің жүрегі бұл көрініске ұзақ қарауға шыдаған жоқ. Орамалының ұшымен көз жасын сүртіп, үйге кіріп кет­ті. Ал атасы мен кенже әкесі мұңайғанын сездіргісі келмей зорлана жымиды. Қайтар жолда Аман әкесінен:
– Атам мен кенже әкемнің жылауына болмай ма? – деп сұрады. Әкесі әдетінше жымиып қойды.
– Болмайды. Еркек адам жыламауға тиіс.
– Мен еркек адаммын ғой. Кертайым­ды қазір де сағынып отырмын.
– Ақырын-ақырын жыламайтын боласың. Үйде мамаң күтіп отыр. Ол да сені қат­ты сағынып жылап жүр. Бағана Назым тәтең жылады ғой. Көрдің бе? – Аман да шешесін әбден сағынған. Жайлауға неге ертіп келмегеніне миы жетпей, талай рет дегбірі қашқан. Тек кертайға мініп шауып, атасының алдында отырып ертегі тыңдағанда көңілі сейіліп, аздап назары басқаға бұрылатын. Қат­ты сағынғанда Назым тәтесінің құшағына тығылып, кемсеңдеп алатын. Енді, міне, шешесіне кетіп барады. Машинаға қымыз, май, құрт дегенді толтырып алған. Шешесіне алған сәлемдемесі бұлар ғана емес, Кертайдың жүйріктігі мен құлындардың еркелігі туралы түрлі хикаялар бар.
Қалаға қайтқасын көп өтпей-ақ кертай уәдесін орындай бастады. Қат­ты сағынғанда түсіне кіреді. Түсінде еш шектеу жоқ. Ұшады, сөйлеседі. Таудан тауға секіріп, теңізден теңізге ытқиды. Кертай түсіне кірген соң оянғанда қат­ты көңілді болады. Жымиып жүреді. Бірақ ешкімге айтпайды. Әкесі оның қандай уәде екенін түсінбесе де, шешесіне білгенінше түсіндірген. Олар сұрамайды. Ал Әсел мен Мақсат қазір жайлауға ғашық. Аманның әңгімелері, жайлаудағы қызықты хикаялар ол екеуін әбден баураған. Бұл жайлаудан келе салған күні әке-шешесі көрші-қолаңды қымыз ішуге шақырған. Әрине, Әсел мен Мақсат бірге келіп, қымыз ішкен. Сол күні-ақ Аман оларды келесі жолы жайлауға бастап бара алатынын жеткізіп үлгерген. Ол екеуі де Аманға шүбәсіз сенген. Кертай деген тайының бар екенін, желдей жүйрік, құдды сурет­тегідей сымбат­ты екенін айтқанда өзінің де, олардың да ауыздарының суы құритын. Айтып отырып, екі досының маңдайына қандай тұлпарлар жазылғанын да қиялдап қоятын. Әрине, екі досы өз тұлпарларын тез арада табуы керек. Ал бұл үшін, бастысы үшеуіне де ендігі арман – жайлау еді.
Күндер зулап өтіп жатыр. Аман жуықта тоғызға шығады. Оның кертайын жақсылап отырып және бір рет көргісі келеді. Туған күнінде түсіне кірсе жақсы еді. Бұл жолы одан әкесі мен шешесінің де түсіне кіруін сұрайды. Әсел мен Мақсатқа өзіндей сәйгүліктерін табуға көмектесуін өтінеді. Кертай үшін бұл түк емес екенін біледі. Бұл дүниеде кертайдай мықты, кертайдай серік табу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ал кертай қайтып жүр екен? Әрине, ол да Амандай есіл досын сағынып жүр. Көп өтпей жаз шығады. Иә, жаз…

Арман ӘДІЛБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір