КЕМЕҢГЕРЛІК КӨКЖИЕГІ
22.04.2025
83
0

«Художественная литература» баспасынан Сауытбек Абдрахманов­тың «Корифей» ат­ты кітабы
(М., 2024, –496 бет, 1000 дана) шықты. Кітап артына ұлан-ғайыр, бірегей мұра қалдырған Қазақ­станның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған.

Ол әдебиет­тің барлық жанрларында классикалық шығармалар тудырып, оқырмандарды кемел көркемдікпен, терең ойшылдық дарынымен сүйіндіре баурап, таңырқат­ты, тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде уақыт талабымен саяси тұғырдан табылып, тәуелсіздікті нығайтуға үлкен үлес қосты, халықтың зор құрметіне бөленді. Бұл кітапта аса көрнекті жазушы, публицистің, өнертанушы, саясат­танушы, тарихшы, әдебиет­танушының бірегей қырлары жан-жақты ашылған. Тамаша азамат­тығы һәм Ресеймен достас Қазақ­станның ірі қоғам қайраткері ретіндегі бейнесі де ілкімді сипат­талған.
Кітаптың алғы сөзін Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.

* * *

«Әйгілі қаламгер, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өткім келеді. Ол – руханият саласында, мемлекет­тік қызмет­те ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы. 
Мен Әбекеңмен қызмет­тес болдым, жақын араластым. Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азамат­тарға есігі қашан да айқара ашық еді.
Онымен тілдескен адамдар рухтанып, қанат­танып шығатын.   Әбекең ұсақ-түйек әңгімеге берілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып, толғанатын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбаев нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды».
Бұл сөздерді мен 2024 жылы өткен Ұлт­тық құрылтайдың үшінші жиынында айтқан едім.
Әбіш Кекілбаев — біздің халқымыздың ұлы перзенті ретінде әлем алдында айқара көрсетуге мүмкіндік беретін тұлғаларымыздың бірі. Қаламгердің сан қырлы шығармашылығы — қазақ рухының асқақ көрінісі.
Жазушының отбасында өскен мен Әбіш Кекілбаевтың есіміне жастай қанық болдым. Шығармаларына да ертерек ден қойдым. Қаламгерлігін ерекше құрмет­тейтін Әбіш ағамен кейіннен талай жыл Сенат­та әріптес болып, етене араластым, ерекше сыйластықта жүрдім. Ол жылдарды осы өмірдегі бір қимас сәт­терім деп білемін.
Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тау тұлғаның есімі, шын мәнінде, қандай құрметке де лайықты. Оның қаламгерлік шеберлігі, қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты зерт­телуге, сарапталуға, насихат­талуға тиіс. Бұл бағыт­та бірқатар жұмыс жасалып та жатыр. 
Ол тұтас «Кекілбаевтану» ғылыми бағытын иеленуге лайықты. Оның мұрасы әркез зерт­теушілер назарын аударып отырды. Әбіш Кекілбаев шығармашылығы бойынша кандидат­тық, докторлық диссертациялар қорғалды, ол жөнінде көптеген мақалалар жарық көрді. Бұл жарияланымдардың әрқайсысы өзіндік міндет атқарады. Олардың көбіне Кекілбаевтың прозасы арқау болды. Зерт­теушілер қаламгерді негізінен жазушы, көркем сөздің зергері ретінде таныт­ты.
Сауытбек Абдрахмановтың кітабы — Әбіш Кекілбаевтың ұлан-ғайыр ойшылдығын кешенді түрде талдаған іргелі еңбек. Бұл кітап кекілбаевтануды жаңа мазмұнмен кеңейтеді, оны шығармашылық рухтың нағыз абызы –корифейі ретінде көрсетеді.  Мұнда аса қомақты фактологиялық материалдың негізінде Әбіш Кекілбаевтың өнертанушылық, әдебиет­танушылық, тарихшылық, саясаткерлік, даналық қырлары, оның нағыз энциклопедиялық білімі және академиялық универсализмі жан-жақты ашылған.
Бұған дейін Қазақ­стан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекет­тік сыйлығымен аталған әрі қазірдің өзінде қазақ тілінде бірнеше рет басылып шыққан осынау кітаптың енді орыстілді оқырманның игі­лігіне айналуы да қуанышты жай.
Еліміздің асыл перзент­терін ардақтау арқылы біздің Отанымыз – Қазақ­стан Республикасының орнықты даму мен шынайы прогресс жолында алға басуын нық қадаммен жалғастыра беретініне кәміл сенімімізді білдіреміз.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақ­стан
Республикасының
Президенті

(«Литературная
газетаның»
26 наурыз — 1 сәуір аралығындағы
№12 санынан
аударылып,
беріліп отыр).

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір