ШӘКЕРІМ АТАМНЫҢ «СЫРЛЫ ҚОБДИШАСЫ» ҚАЙДА ЕКЕН?
08.07.2016
2771
0

Шакарим+1Шәкерімдей ұлы тұлғадан туған Ахат атамның өмірі тұнып тұрған тарих. Ол кісі «Байдың тұқымы», «Халық жауы»,  «Бандиттің баласы» деген жалған жаламен қамауға алынып, айдалып, адам айтқысыз азапты күндерді басынан өткізді. 1931-32 жылдары «бидай салығын төлей алмағаны үшін» деген жаламен сотталды. Түрме қабырғасында отырғанда бірге туған бауырлары мен ардақты әкенің жантүршігерлік аянышты қазасын естіді.

Ахат атам басынан қаншама азапты өмір өткізсе де, бойынан тектілігі кетпеген, болмысы мықты кісі болған екен. Сақалы мен шашын ақ қырау шалса да, кәрілікке бой бермейтін, сөзі айқын, сыпайы, қимыл-әрекеті ширақ Ахат Шәкерімұлы жазушы Сәбит Мұқановпен түйдей құрдас, әрі шығармашылық тағылымдарды бір бөлісуші жақын досы да болыпты.

 

1937 жылы Ахат Шәкерімұлы «халық жауы» деген ат­пен тағы ұсталып, айдалды. Әбден қиналып, қалжырап шар­шаған, қорлыққа шыдамай өлгісі келген Ахат 37 жа­сында өзі-өзіне қол жұмсап, жүрегіне ине қадап жібереді. Бі­рақ кейін тексерілген кезде иненің жартысы сын­ған­ды­ғын, зиянсыз жерге қадалғанын айтады. Өйткені, бұл ине талай жылдардан бері беріш болып қалған екен. Сол ине жарты ғасыр бойы, өле-өлгенше өзімен бірге өмір сүр­ді. Атам 1939 жылдың 13 қазанында НКВД-нің Ре­сей­дің Қиыр Шы­ғысында орналасқан Бурейнск (Бурлаг) те­міржол құрылыс лагерінен босап шықты.

Ахат атам 40 жыл ұстаздық қызмет атқарып, 1968 жы­лы құрметті демалысқа шықты. Сол жылы Алматыдан ту­ған еліне оралып, 1976 жылға дейін Семейдегі Абай му­зейінің қорын толықтырып, реттестіруге барлық күш-жі­герін жұмсады. 1976 жылдан 1978 жылға дейін ғылыми қыз­меткері болды. Жасының ұлғаюына байланысты 1978 жы­лы облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде де­малысқа шығып, ақындықпен және ой-ілімдік ең­бек­пе­нен шұғылданған. Ахат Шәкерімұлы талайлы тағдыр жо­лымен жер ауып жүрсе де, әкесінің асыл мұрасын кө­зінің қара­шығындай сақтауды перзенттік алғашқы па­рызы санаған. Сол мақсатпен қолында қалған мол әдеби мұраны – асыл қазынаны (183 беттік 2 том қолжазба мен көшірме) Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасының сирек қорына түп­кілікті пайдалануға тапсырды. Әкесінің адал атын хал­­қына қайтаруды, әдеби мұрасын жарыққа шы­ғартуды ал­дына үлкен мақсат етіп қойды. Бұған Ахат Шә­керімұлы­ның 1957 жылы сол кездегі үкімет басшылары Н.С.Хрущев­тің, К.Е.Ворошиловтың атына жазған өті­ніш­тері айғақ. Сөйтіп, 1958 жылы 29 қазанда КСРО Мемлекеттік Қауіп­сіздікті бақылау органының прокуро­ры қол қойған «Шә­керім Құдайбердиев ақталды» деген қуа­нышты хабар алды. Ахат Шәкерімұлы ендігі жерде әке­сінің асыл мұрасын қай­тадан жинақтауға кірісті. Жа­рыққа шығарудың жолда­рын іздестіріп, баспа орындары­мен келісім-шарт жаса­ған.

Тірі қалған тұяғы ретінде енді келесі парызы – әкесі Шәкерімнің денесін тауып, ақ жауып арулап жерлеу болды (Қажының денесі қай жерде жасырылғанының өзін білу қиын еді). Тек 1961 жылы, алпыстан асқан шағында, Ахат Шәкерімұлы құдықта жатып қалған әке сүйегін оңаша барып, түгендеп, абайлап қазып алған.

Абай атамның інісі Ысқақтың немересі Әрхамның қызы Мінәш апамның естелігінде былай делінген: «1961 жылдың 6 тамызы күні кешке көрші тұратын әкемнің үйіндегі Шағатай ағамның әйелі Сарқыт жеңгем асыға кіріп келді де: «Мінәш, Әбәт ата (балалар Ахат ағаны осылай атайтын) қасында Қабыш бар қажы атамыздың сүйегін қазып әкеліпті», – деді. Сүйектің Бақанаста екенін білсем де, мен де сасқалақтап қайдан, қалай дей салып, Сарқыт жеңгемнің соңынан ердім.

Ахат аға өте берік адам еді ғой, менен сүйінші сұра­ған­дай: «Қалқам, атаңды алып келдік», деп мені құшақтағаннан басқа ешнәрсе айтуға шамасы келмеді. Кейін тездеп бұрылып үйден шықтым да, Ораз нағашымның үйіне кел­дім де асығыс болған жайтты айтып, сол үйден туыстарға, сыйлас адамдарға телефон шалып, жүрегім орнығып үйге келдім. Үйде Ахат аға кеудесін кере, нығыздала шәй ішуге кірісіпті. Ахат ағаның осы отырысын өзіме үлгі, өнеге тұтып, мен де нығыздала, бәрі де ойдағыдай болады деп, Ахат аға қасына отыра бере: «Қажы ата қайда жатыр?», – дедім. Сонда Ахат аға: «Арыстай атақ алақандай шамаданға сыйып жатыр», – деп, камот үстінде тұрған шамаданды нұсқады. Бұл көрініс мені орнымнан тез көтерді. Сарқыт екеуміз төрдегі кіші бөлмені жуып-шайып, тазартып, ша­маданды сол бөлмедегі стол үстіне қойғыздық. Сол ара­лықта қасында оншақты ақсақалы бар Ораз нағашым кел­ді. Ғажабы, ақсақалдар Ахат ағаға көңіл айтып емес, қайы­рлы болсын, ұл туғанға күн туар деген үмітіміз ақтал­ды деп, күлімдей сәлемдессе де, кейбірі көздеріне жас алып, кейбірі дауысын шығара жылап, арманын айтып сә­лемдесті.

«Ел іші – алтын бесік» деп тегін айтпаған ғой, сана-салт­тары, береке-бірліктері ерекше еді-ау, асыл ағайын-туыс, көрші-қолаңдардың. Күн бата әкемнің 80-90 кісі еркін сыятын кең бөлмесі келушілерге лық толды. Келушілер тарқаған соң, Ораз нағашым, Қабыш, Ахат аға кіші бөлмеге кіріп ақылдаса бастады. Ораз нағашым жұқа тақтайдың ортасын ойыстыра үстіріктеп, жалтыратып әкелді де, сыртын ақ бұлмен қаптады. Шешем Рәбиға абдырасын ашып, сарғайған қалампырдың исі аңқыған ораулы затты Ахат ағаның қолына ұстатып: «Мынау Меккеден әкелген ахрет еді, қолымнан шәй құйып берген қажы орансын», – деді. Ахат аға өте ризалықпен қабылдап, рахмет айтты. Қажы сүйегін көрсек деген ой Сарқытта да, менде де бар еді. Бірақ шешеміз кірмеңдер деп тыйым салған. Сүйек құрастырар кезде Ахат аға: «Мінәш қағаз, қарындаш алып мұнда кел», – деді. Мен қолыма түскен қағазды, қалтамнан тастамайтын қара қарындашымды алып кіргенде, бас сүйек стол үстінде тұр екен. Енді өлшейтін өлшеуіш керек. Сарқыттың іс тікенде пайдаланатын жұмсақ өлшеуіші бар еді, сылтау табылып, өлшеуіш метрді әкел деп шақырған соң Сарқыт та кіріп, қасиетті баба­мыз­дың бас сүйегін екеуміз де көріп, өзіміз білген дұғамызды айтып, бет сипасып қалдық. Қолына өлшеуіш тиген Ахат аға:

  1. Бас шеңбері – 53 см.
  2. Маңдайдан қарақұсқа дейін – 31 см.
  3. Құлақ шеке аралығы – 30 см.
  4. Ортан жілік ұзындығы – 48 см.
  5. Жіліншік сүйегі – 46 см.
  6. Жамбас сүйек ұзындығы – 26 см.
  7. Бас сүйек ұзындығы (биіктігі) – 19 см.

деп айтып тұрды, мен терезе алдында жазып тұрдым. Дайын­далған тақтай үстіне кәдуілгідей өлік киім пішіліп, астына белден, үш жерден жалпақ орамал төселіп, әр мүше өз орнына тізіліп жатқанда, Ахат аға қос алақандай мүк басқан көкшіл затты маған көрсетіп: «Мінәш, бері қара, мынау төс шеміршек, екінші атылған оқ дәл төстен тиіп, омыртқаның қанатын сындырып, үгіп жіберіпті, мынау оқтың орны, – деп түсіндіріп еді. Құдықты асықпай жалғыз барып қаздым. Қасымда кісі тұрса, көмектессе сүйекті бүлдірер және қандай жағдайда жатыр деген күдік те болды. Бас көрінгеннен аялап, топырақты шашпай алғанда қисық жаға көйлектің екі тана түймесі мөлдіреп, киім де сүйекке жабысып тұр екен. Бірақ қол тиген соң киім үгіліп кетті.

Қабыш аға мен Ахат аға сонау 90-100 шақырым Ба­қанастан сүйек салынған шамаданды алақандарына салғандай аялап, салт атпен келді. Ахат аға үстіндегі көй­легін шешіп, шамадан астына төсеп, сүйектер қажалмасын деп топырақтарын қоса салып отырыпты…».

Осылай Ахат ата әке сүйегін Қарауылға (Абай ауылына) әкеліп, Ысқақтың немересі Әрхамұлы Шағатай атам­ның үйінде жаназасын шығарған. Құран қатым түсіріп, Жидебайға Абай атаның жанына жас өліктей арулап жер қойнауына тапсырады. Шағатай атамның ұл-қыздары әлі осы күнге дейін сол қасиетті қарашаңырақта тұрады. Ол кісі­л­ердің айтуы бойынша Шәкерім атаны жерлеуге кел­гендердің санында есеп болмаған. Жиналған халық таза, сәнді киініп, апаларымыз жоқтау айтқанда қанша берік болса да, Ахат ата дауысы шығып, көз жасын төккенде жиналған барша адамның жыламағаны қалмаған.

Бұл құтты шаңырақты Әрхам атам 1959 жылы өзі сал­ған. Оған дейін Әрхам атам балаларымен Жидебайдағы Абай атаның үйінде тұрған. Қазіргі таңда ол Абай атаның мұражайы. Осы киелі шаңырақта Құнанбайдың Ысқақ баласынан тараған ұрпақтары өсіп-өндік.

Шәкерімнің өз кіндігінен тараған ер балалар арасында әкесін отыз жасына дейін әбден танып-біліп, үнемі дер­лік оның қасында болып отызыншы жылдардың «тазар­туы­нан» жалғыз өзі ғана дін аман шыққан Ахат атам, 1967 жылы қажының өмірі туралы естелік-эссе жазуды бастаған. Сол еңбегін 1977 жылы сын көзбен қарап, жаңар­тып, қайта жаза бастады. Оны 1982 жылы 82 жасында то­лық аяқтап шығады. Ахат ата қажы әкесі тұлғасын хал­қы­на қайта оралтуда қолдан келгеннің, тіпті қолдан келместің де бәрін істеп баққан деп батыл айтуға болады.

Әке мұраларын, қолжазбаларын көзінің қарашығындай сақтап, жинақтап жүрген Ахат ата төмендегі айрықша тосын тағдырлы жайды жиі еске алатын болған… Сол бір темірдей тәртіп орнатқан қатал заманда, 12-13 жас шамасы кезінде, әкесі Шәкерім бірде оны Шыңғыстаудың құзына апарған. Сол жерде бір темір қобдишаның ішіне жазған қолжазбаларын салып, жасырып «Кейін заман тынышталар, сол кезде осы қобдишаны тауып ал», – деп аманат етеді. Бұны менің әкем Әлішердің жазып қалдырған мына қолжазбасынан оқуға болады: «Сырлы қобдиша» – бұл 1979 жылдың жаз айлары болатын. Шәкерім бабамның ұлы Ахат ата бір күні маған телефон шалды. Ол кезде Семей облысы Абай атындағы ауданының Абай совхозында орналасқан «Шыңғыстау» орта мектебінде мұғаліммін. Ахат ата менің аудан орталығында тұратын Шағатай әкем­нің үйіне жылдам келуімді талап етті. Мектеп директоры­нан сұранып келсем, Ахат атамның жанында аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Акишев Әлібек ағай шопырымен, менің немере інім Серікжан бар екен. Үйден қос арқан алып Шыңғыстауды бөктерлеп жүріп кеттік. Бағытымыз – Шәкерім қыстағы. Жолға шығысымен Ахат ата бізді қыстақ төріндегі құздардың біріндегі құс ұясына Шәкерім бабамыздың өзі жасырып кеткен темір қобди­шасын табу керек екенін түсіндірді. Қыстақ төңірегіндегі бірнеше құзды қыраттарды аралап келіп Ахат ата көрсет­кеніне тоқталдық. Тау етегінде тұрып құздың бір­неше тұсын мөлшерлеп белгілеп алдық. Құз шыңына Серік­жан, шопыр ағай үшеуміз шықтық. Серікжанды белінен, кеуде тұсынан қос арқанмен байлап төмен түсірдік. Ол болса, темір таяғымен түртіп, мөлшерленген жерлерді қарап шықты. 4-5 сағатқа созылған әрекетіміз нәтижесіз болды. Келесі айда келеміз деген едік, Ахат ата ауырып қалды да бұл ісіміз жүзеге аспады. Содан бері 30 жылдай уақыт өткен екен. Тек Серікжан ғана тыным таппай өткен жылы жазда өзі барып тағы да іздеген екен. «Шәкерім бабамның қобди­шасында қандай сыр жатыр? Сол сырды ашсам екен» деп армандайды. Енді келесі барғанда жарылғыш заттарды (мина) іздейтін құрал болса тезірек табылар еді, өйткені, қобдиша темірден жасалғанын Ахат ата айтқан» дейді. Бүкіл өмірі, шығармалары толық зерттелмеген сырға толы Шә­керім бабамның қобдишасы табылар күн туар ма екен?!

Алишер Азат ұлы Ысқақ ұрпағы. 11 қаңтар, 2010 жыл. Алматы қаласы».

Бұл қолжазба ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің қорында сақтаулы (КП 27357/2).

Ахат ата 1984 жылға қараған қыста Ресейде тұрып қал­ған баласы Фзулиді мезгілсіз қара жер қойнына беріп келе жатқан кезде Қостанай аэропортында тайып құлап жы­ғы­лып, жамбас сүйегін сындырып алған. Алты жарым айдай үйде төсек тартып, құса-қайғылы күй кешіп жатып қалған. Ақырында қан құсып, бұ дүниеден мәңгілікке көшерінде: «Өз қажы әкемнің қасына қойындар!», – деп соңғы тілек аманатын айтады.

Әкем Ысқақов Әлішер Азатұлы 2010 жылы мамыр айын­да сырқаттанып дүниеден өтті. Барлық саналы өмірін жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға арнап, тарих пәні­нің ұстазы болған. 2 жасынан Жидебай қорығында орна­лас­қан музейде тұратын атасы Әрхамның қолында тәрбиеленген. Дана Құнанбай атамыздың үйінде, жерінде тұрып Ұлы Абай, Кәкітай аталарымыздан нәр алған Әрхам атамыз әкем Әлішерді де ата-бабасының тарихын жақсы білетін зерделі етіп тәрбиелеген. Өмір бойы текті ұрпақтан тарағанымызды мақтан етіп айтып, бойымызға сіңіріп, аталарымыздың мұраларын жинаудан жалықпайтын. Әкем осы Шәкерім атамыздың сырлы қобдишасын таба алмағанын көп айтатын. Ендігі сол жерге барғандардың ішінде Семей қаласында тұратын 70-тен асқан Акишев Әлібек ата мен Серікжан ағамыз қазір арамызда бар.

Алаш арысы Шәкерім Құдайбердіұлының ұлы Ахат атам  ұрпақтарына аманаттап кеткен Шыңғыстау құзындағы сырға толы темір қобдишасын арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, табуға күш салсақ, ұрпақ алдындағы бір биік парыз орындалар еді деген ойдамын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір