«ҚАЙДА ЖҮРСЕҢ, АТАМЕКЕН, КӨКЕЙІҢДЕ ЖАТАДЫ ЕКЕН…»
05.07.2024
59
0

Қайран уақыт өтесің-ау, жылжып аққан жылғадай! Бәрі де күні кешегідей көз алдымда. Мен үшінші сыныпқа көшкен жылы ата-анам қызмет бабына байланысты Есбол ауданы, Зеленый селосынан Жайықтың сол жағындағы «8-ауыл» деген жерге қоныс аударды. Бала көңіліммен жаңа жердің табиғатын, жерін, орман-суын, адамдарын ойша салыстырып, «әттең-ай» деген өкініштерім де болған. 

Біз өскен Зеленый ауылының өзіне тән ерекшеліктері болды. Бұл ауыл – патша заманында казак-орыстардың Жайық жағалауына салған әскери бекеттерінің бірі, жан-жағы суға толы, балыққа бай, тоғайларын қасқыр, қоян, түлкі аңдары жайлаған, егістікке, бау-бақша салуға, мал өсіруге өте ыңғайлы табиғат. Кейіннен Кеңес үкіметі тұсында Нарын құмының жағалауындағы 5 шаруа кооперативтерін қосып, «Красный Октябрь» ірілендірілген колхозы құрылған. Негізгі шаруа­шылығы мал өсіру, төрт түліктің бәрі бар. Малшылар малды жазда Қаңбақты, Байет, Мәмбет құмдарындағы қоңырлық жерлерге жайып, құдықтан суарып, күзге қарай жиектегі Шархат, Қара апан, басқа да қыстақтарына оралады. Колхоздың мал азығының жартысы, осы құм шетіндегі кеңістіктерден, түйе жеккен косилкамен шабылып, атқа тіркелген тырмамен жиналып, кейін колхоздың машиналарымен қыстақ бастарына жеткізілетін. Бұл ауылдың тағы бір ерекшелігі сол, тұрғындарының 70 пайызы орыс ұлтының өкілдері, түгелдей бала-шағасына дейін, қазақшаға судай. Барлығы дерлік қой, сиыр, түйе, жылқы малдарын ұстап, жазда тоғай бойындағы су келген жазық жерлерге бау-бақша егетін.
Зеленый ауылында Ұлы Отан соғысы кезінде, әке-шешелерінен, туған-туысқандарынан айырылған Украина, Белоруссия, Ресей, Солтүстік Кавказ, Қалмақ елдерінің жетім балаларын оқытып, тәрбие беретін, кеңестік тәртіптегі 300 орындық, 3 жастан 18 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер үшін «Балалар үйі» құрылған. «Детдомның» бөлек жатақханалары, наубайханасы, асханасы, медпункті, тәрбиешілері, қосалқы шаруашылығы, моншасы, су қайықтары болды. Оның 50-жылдардағы директоры Қалам Есқалиев деген белгілі ұстаз еді. Ол ағамыз «итжеккенге» жазықсыз айдалып, 10 жылға жуық оның азабын тартып, кейіннен ақталып шығып, көп жылдар Индер ауданының мектептеріне басшылық жасады. Ұлы Ғазиз Қаламұлы – республикаға белгілі дәрігер, ҚР денсаулық ісінің үздігі, қазір Атырау қаласында тұрады.

Бір үзім нанды бөліп жеген…

«Детдом» үйінің тәрбиеленушілері мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етіліп тұрды. Үш пен жеті жас аралығындағы сәбилер, арнайы қазіргі балабақша үлгісіндегі орындарда тәрбие алды. Оқушылары үшін, мектептік үлгідегі жазғы-қысқы киімдер берілді, қолдарында оқу құралдарын салатын былғары ақ сумкалары болса, ауыл балаларының кітап, сия сауыт салатын, әжелері сатин матасынан тігіп берген кішкене қап болатын. Зеленый орта мектебіндегі қазақ-орыс сыныптарында, ауыл мен детдом балалары бірге оқып жақсы араласып, достасып кеткен. Ауыл мектебінде Москва, Ленинград, Киев тағы да басқа қалалардың университеттерін бітіріп жолдамамен келген жас мұғалімдер орыс, ағылшын, француз, неміс тілдерінен дәріс беріп, сыныптарға жетекшілік жасады. Кейіннен сол келген жас қыздардың көпшілігі, ауылдағы ағаларымыздың үйлеріне келін болып қалып қойды.
Жоғарыда ақ портфель туралы жаздым ғой, осыған байланысты бір қызық оқиғаны айтып өтейін. Ауыл балалары мектепке жан-жақтағы қой ауылдарынан, сиыр фермаларынан, егін-жай алқаптарынан арбамен, түйеге мінгесіп, жаяулап сабаққа келіп жатады. Қолдарындағы шүберек сумкаларына таба нанның жартысын сала жүреді. Сабақ кезіндегі үзілістерде нандарын жеп отырып, кластағы детдом балаларына таба наннан үзіп беріп, дәмін татқызады. Ылғи да қалаш нан жеп жүрген балалар үшін, үйдің наны өте жеңсік болып көрінеді. Осыны пайдаланып, ауыл балалары «тапқырлық» жасап, таба нанды, ақ портфельге ауыстырып жүрген. Бірде детдомға инспектор келіп, тәрбиеленуші балалардың қолдарында шүберек, ал ауыл балалары, былғары сумка ұстап жүргенін көріп, мектеп директорына айтып, портфельдерді қайтарып алдырған.
Мен Зеленый орта мектебінің екінші сыныбында оқып жүргенімде, бізді пионер қатарына дайындаған Қартамбай деген 10 сыныптың оқушысы болғаны есімде қалған еді. 90-жылдардың ортасында, Алматыдағы Нағашыбай Шәйкенов басқаратын заң институтында оқитын қызыма барсам,бір кабинеттің есігінде проректор Саудабеков Қартамбай деген жазуға көзім түсті. Осындай есім қазақта жиі кездеспейтінін біліп «осы кісі баяғы біздің ауылдың детдомынан емес пе екен?» деген ой келіп, хатшы қыздан: «Іште кім бар?» – деп сұрасам жалғыз деп жауап берді. Есігін ашып, рұқсатын алып ішке еніп, амандасып болған соң: «Аға, Сіз Зеленыйдан емессіз бе?» – деп сұрадым. Ол кісі тапалтақ бойлы, жас шамасы сол кезде 55-терде болса керек, орнынан тұрып амандасып болғасын: «Иә мен Зеленый детдомында өстім, сол жерде мектеп бітірдім», – деп әңгімесін бастады. Ол менің атамды, әкемді білетін болып шықты. Өзі ұзақ жыл әскери қызметте, Орта Азия әскери округі қолбасшысының санитарлық қызмет жөніндегі орынбасары болып, полковник шенімен отставкаға шыққан соң, осы институт ректорының шақырумен жұмысқа келгенін баяндады. Осылайша мен Қартамбай ағамды тауып, кейіннен ол кісінің Атырауға жұмысқа келуіне себепші болдым.
Енді біздің жаңа мекеніміз «8-ауыл» деп аталатын жерге оралайын. Ол қоныс қазір Махамбет ауданының Ақжайық ауылы деп аталады. Жалпы, ертеден Жайық өзенінің сол жағында түгелей қазақтар тұрған,осы жерде мал өсіріп, ұрпақ тәрбиелеп, өсіп-өніп жатқан. Кеңес үкіметі келген уақытта осы беттің ауылдарының тарихи аттарын жойып, 1-18 ауылдары деген сандық атау берген. Тәуелсіздік жылдары жоғалғанымыз оралып, ауыл аттары өзінің ескі аттарымен Бөдене, Жарсуат, Құрылыс, Есбол, Ортақшыл, Алға, Ақжайық болып атала бастады. Аталған әрбір ауылдық мекеннің айырмашылығы рулық құрылымымен сипатталады. Айтайық, Жарсуат, Ақжайық, Алға ауылдарының негізгі табаны Беріш руының Есен, Себек, Қаратоқай, Құлкеш, Есенғұл бөлімдерінің ұрпақтары, тағы солай кете береді. Осы ауылға көшіп келген 1957 жылы ауылдың маңы топан су. Жайық ернеуінен шығып, жердің бәрін су басқан. Кішкентай ғана ауылды топырақ үйіндімен қоршаған, су ортасындағы аралға ұқсап тұр. Ауылда тек қолына күрек ұстай алатындар. Шал-кемпір, бала-шағаны «Көп мола» деген жердің қырына вертолетпен апарған, малдары да сол қырат басында. Су қайта, ел есін жинап, үйлеріне оралып, шарбақтарынан малдары өріп, ауыл иттері үріп, балалы үйлердің айқай-шуы ауылға сән бере бастады.
Жаңа жерге келіп мен де ауыл балаларымен танысып, бірге ойнап, кейде шекісіп, дос болып кеттім. Ауылдың табиғатымен, үлкен ләззатқа бөленіп жүрдім. Айнала ернеуінен асқан көлдер мен жайқалған тоғайлар, бәрінің халық қойған Ақтөбе, Қарашығанақ, Шүңкілдек, Қарт Жайық,Тайсойған деген аттары бар. Бұл ауыл, сол кездегі көпсалалы шаруашылығы бар, жер аумағы үлкен «Зауральный» деген совхоздың ферма орталығы. Ауылда дүкен, бастауыш мектеп, клуб, медпункт, МТМ бар. Жұмасына бір рет ауылға газет-журнал арнайы «ТРИ» көлігімен келеді, қайтарында ауыл адамдары совхоз орталығына жетіп қалады. Біздің ауылға «Ильич шамының» бағаналары 1958 жылдың жазында орнатылып, мектепке барар кезде жарық қосылып, әрбір үйге, көшеге қалпақ тәріздес радиоқабылдағыш қондырылды. Радио күндізгі хабарларын «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» сөзімен бастап, Жамал Омарованың орындауындағы әндерден концерт береміз деп сампылдап тұратын-ды.
Жазғы каникулда, менің туған ауылым Зеленыйда, нағашыларым тұрған. Жаз бойы нағашы әжемнің маған сақтаған құрт-қаймағын, шұбатын ішіп, шапқан шөптерін үймелеп, шетен тоқып, құбатал шауып, тамыздың ортасында анам келіп алып кететін-ді. Осы жолы кетер мезгілде нағашы атам менің жаз бойы еңбегімді бағалап, маған ақ-қара бас тоқтыны сыйға тартып, анам екеумізді қара жолға дейін арбамен әкеліп, қош­тасып, көзін сүртіп, мені сүйіп, искеп үйіне қайтты. Біз жолшыбай машинамен Карманово деген ауылдан түсіп, Жайықтан орыстардың қайығымен өтіп, қойымызды жетектеп үйімізге келдік. Сонымен, біздің шарбағымыздағы сары қашардың үстіне, ақбас тоқты қосылды. Менің келгенімді естіп, ерсілі-қарсылы тұратын көршілер келіп, анама: «Балаңның бойы өсіп, қоңырайып, жігіт болып келіпті», – деп дабырласып жатты. 1-қыркүйекте мектепке жиналдық. Мен жаз бойы жинаған гербария шөптерін дәптер беттеріне жіңішке жіппен тігіп, Жаманқаладағы КАГИЗ деген дүкенінен алған кітаптарымды шүберек дорбаға салып, 4-сыныпқа бет алдым. Ұстазымыз Ұлдай апай бәрімізді құшақтап, беттерімізден сүйіп, парталарға жайғастырды.

Анамның ақ түбіт орамалы

Күндер зулап өте берді. Ауылымыз күнделікті өмір сарынына еніп, қойын қоралап, малдарын түгендеп, қыс қамына кірісіп жатты. Біз – ауыл балалары, өзімізге бекітілген ауладан қар шығару, мал қорасын тазалап, шөп салу, отын жару, су тасу деген сияқты күнделікті жұмыспен айналысып, кеште сабаққа дайындаламыз. Демалыс күндері мектеп мұғалімі Қазихан ағайымыз бәрімізді шаңғы тебуге үйретіп, тоғайдағы өзі салған шаңғы жолымен қыдыртып, тоғай ішінде шәй ішіп, демалып қайтып жүрдік. Кешкісін ауыл клубына барып, дырылдақ мотор қызса, жұмасына бір рет кино көреміз.
1959 жылдың қысқы каникулының бір күнінде, таңертең шарбаққа шықсам, әкем нағашым берген ақ тоқтыны сойып тастапты. Мен ренжігендей сыңай білдіріп: «Неге менің қойымды сойып тастадыңдар?» – деп сұрау салдым. Сол кезде анам, басымдағы бөркімді түзеп тұрып: «Балам, біз бүгін Есқали ағаның үйіне барамыз, өткен желтоқсан айында Ақсүйрік апам босанғанда, мен қызын жерден көтеріп алып, кішкентайына кіндік шеше болғанмын, бүгін қазақтың ырымы бойынша «қалжа» апаруымыз керек, сен бірге барасың», – деп мені жұбат­ты. Осылайша, өзіме деп берген қорадағы жалғыз қойымыз қалжаға айналып кетті. Түске таман, анам табаққа салынған қойдың еті мен тәттілер салынған тор сетканы ұстап, ауылдың батыс жағында тұратын аласа үйге келдік. Ырымдап алып келген табақтағы етті, дорбаны анам Ақсүйрік апасының қолына ұсынды. Дастарқан жайылып, жанына сары самаурын келіп шәйға отырдық. Бұрыштағы бесіктен әлсін-әлсін жас сәбидің іңгәлаған үні естіліп қояды. Үй иесі Есқали аға мығым денелі, соғыста бір қолынан айырылып келген, бірақ денесі ширақ кісі, бесікке қарап: «Гүлнәрім кіндік мамасының келгенін біліп, сәлем беріп жатыр ғой», – деп, бесікті жалғыз қолымен шайқап қойды. Шәй дастарқаны етке ұласып, рәсімдердің бәрі бітіп, кішкентай Гүлнәрға анам Гурьевтен арнайы алып келген киім-кешектерін шығарып, сәбидің аман-есен өсуіне, анасының қолқанаты болуына тілегін білдірді. Есқали аға анамның алдына қол тігін машинкасын қойып тұрып: «Айналайын Збайда, бұл Ақсүйрік апаңның іс тігетін құралы, соғыстан қайтып келе жатқанда сатып алғанмын, біздің үйдегі ең қымбат дүниеміз сенің алдыңда тұр, ренжімей алып кет, шырағым», – деді.
Менің анам: «Аға-апа, мына кішкентай дүниеге келгенде, маған апайым арнайы келіп, осы балаға кіндік шеше болуды өтінген еді. Енді міне, бәрі сәтті болды, Гүлнәр күн санап өсіп келеді, осы қуаныш бәрімізге ортақ емес пе», – деп алдында тұрған машинканы ысырып қойды. «Есқали аға, мен сіздерден дүние алуға келген жоқпын, салт бойынша міндетімді атқару үшін бас сұғып отырмын, ал мен ауылдың бүкіл бала-шағасының киімін тігіп отырған апамның затын алмаймын, мен оның тілін де білмеймін», – деп бас тартты.
Біз шығуға бет алғанымызда, Ақсүйрік апамыз менің анамның жанына келіп: «Збайда, ең болмаса осы затымнан бас тартпашы», – деп газетке оралған түймені анамның қолына ұстатты. Үйге келген бойда көрпе үстінде жатқан газетті ашып қалсам, ішінен ешкінің жүнінен тоқылған ақ түбіт орамалды анама көрсетсем, ол маған қарап: «Ақсүйрік апамның не істегені-ай, енді өзі мына қыста басына несін тартады», – деп мұңайып қалды. Оқырманға қызық болар, сол Гүлнәрдің алдағы өмірі қандай болғаны…
Осы оқиға туралы біздің ауылда өскен, қазір 78 жасқа қараған Меруертке айтсам, ол Гүлнәрдің барлық өмірін жайып салды. Ол қазір Махамбет селосында тұрады, 6 ұлы бар, бәрі де жоғары оқу орындарын бітірген, әртүрлі салада еңбек етеді. Жолдасы қайтыс болған, өзі зейнеткер, немерелеріне бас-көз болып отыр деді. Жуықта телефонын тауып сөйлескенімде, бірден: «Гүлнәрмысың, сен кіндік шешеңді білесің бе?» – деп сұрағанымда: «Әрине, білем, мен туғанда, біздің ауылда өздері мәдениетті, өнерлі, іскер, ел сыйлайтын, жалғыз баласы бар жас жанұя тұрды. Бірақ 60 жылдардың басында Гурьев қаласына көшіп кетті. Сол үйдегі Збайда деген апаң кіндігіңді кесті» деп анам қайтарының алдында айтып кеткен», – деді. «Гүлнәржан, тыңда, сол сенің кіндігіңді кескен апаңның жалғыз ұлы мен», – деп екеуміз бір сағаттай сөйлесіп, ауылымыздың ақылгөй аталарын, ауыздарынан «айналайындары» түспейтін аймаңдай әжелерін еске түсірдік.

Мейірім мекеніне айналған ауыл

Осы ауылдың адамдарының мейірімділігінің бір мысалына тоқталайын. Кішкентай ғана ауыл, ер адамдардың көпшілігі соғыстан жаралы болып оралып, аяқ-қолдарынан, дене мүшелерінің басқа да бөліктерінен айырылса да, жалғыз қолмен шөп шауып, бір аяқпен ұсталық жасап, елдің тесілген шәйнектері мен сынған шәй құмандарына құрсау салып, арбалары мен шаналарын жөндеп, түйелерінің мұрынын тесіп беретін. 1959 жылдың қысы болса керек, менің әкем сол ауылдың орманшы қызметін атқарды. Жалақысы 27 рубль еді. Сол жылы қар ерте түсіп, қыс қатты болды. Ауылдың қысқа деп жинаған отын ағаштары мен тезектері біткен соң, орман аумағынан қураған ағаштарды шабуға әкем рұқсатын берді. Барлық үйдің мұржаларынан түтін будақтап, халық жылынып, тамақтарын уақытылы пісіріп ішетін болды. Сол жылдың көктем айында аудандық Лесхоз мекемесінен келген инспектор, тоғайдағы ағаштың рұқсат берілмеген учаскеден шабылғанын анықтап, әкеме 270 рубль айыппұл салып, бір жұманың ішінде мекеменің есепшісіне тапсыруға нұсқау берді және осы мерзім ішінде ақша түспесе, істің сотқа жететінін ескертті. Осы жәйсіз хабарды естіген ауыл адамдары жиналып: «Ағайындар, тоғайдың ортасынан бөлінген «делянкадан» тыс жердің ағаштарын кескен, отқа жағып, бала-шағамызды аман алып қалған біздер, енді қол ұшымызды беріп, сол азаматқа көмек қолын созуымыз керек», – деп, Ғаббас, Қабдір, Бөлеген, Мырзаш, Құспанғали деген ел ағалары ақылдасып жатты. Келесі күні біздің шарбаққа 10 шақты қой-ешкі әкелініп, оларды Сәрсен мен Қосаман деген ауыл қарттары Гурьевтің базарына жеткізіп, сатылымға шығарып, түскен ақшаны Лесхоздың кассасына өткізіп, ауылға келді.
Тағы бір оқиғаны оқырмандарға жеткізейін. Ол 1961 жылы Ю.Гагариннің космосқа ұшуына байланысты. Ертемен ауылдағы радиоқабылдағыш «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!» деп ұйқыда жатқан елді шошытқаны бар. Ауыл қарттары ертемен малдарын өргізіп тұрып: «Япырмай, бұл не болды, аспанға адам ұшты деп, мына радио қақсап жатыр ғой. Болар, болар», – деп, Алақайдың Сабыры деген көкеміз көршілеріне «бізге де кезек келетін болар, ол жақта шөп пен су да болар» деп бетін сипап қояды. Қабдол деген ағамыз да әңгімеге қатысып: «Сіріңкенің сыртында 1965 жылы коммунизм болады деп жазылған, енді оны да көре алмаймыз ба», – деп, жиналғандарға қарады. Мектепте алгебра сабағының үстіне директор Жабу Дөкесов келіп, сағат 12-00-де коридорда, жалпы линейка болатынын хабарлап, бәрімізді соған шақырды. Ол өзінің қоңыр даусымен: «Құрметті оқушылар, бүгін әлемде теңдесі жоқ оқиға болды. Совет азаматы Юрий Гагарин космос кеңістігіне бірінші болып шығып, «Восток» кемесімен 1 сағат 48 минутта жерді айналып өтіп, Саратов облысының жеріне қонды», – деп хабарлады. Біз хабарламаны толық ұқпасақ та, бөркімізді аспанға лақтырып, уралап мектеп коридорын аспанға көтердік.
Ақжайық деген алтын-ұя ауылда өсіп, тәлім-тәрбие, білім бастауын алып, ел танып, азамат болғанымды мақтаныш етемін. Мен ауылымның үлкен-кішісіне әрдайым бас иіп, ақыл-кеңесіммен, қуаныш, қиындықтарын бірге бөлісіп жүремін. Ауыл қанатын кеңге жайып, қаладағы сияқты барлық инфрақұрлымның пайдасын көріп отыр, жан-жағы егін. Жанында Атырау-Индер тас жолы, көшелері асфальт, газ бен жарық, жазғы-қысқы су жүйелері тартылған, көз тартатын Мәдениет үйі, заманауи орта мектеп, ФАП, балабақша, спорттық кешен, қоршаған тамаша табиғат ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Осы топырақта ізі мен ісі қалған асыл азаматтың бірі – ел мақтанышы, менің бір сыныпта оқыған айнымас досым, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экс министр, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының бұрынғы әкімі болған Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов. Елге келген әрбір сапарында, ол өскен ауылымызға барып, ел ағаларына сәлем беріп, жағдайларымен танысып, проблемаларына көмектесуді әсте есінен шығарған емес.
Мемлекет басшысының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы өте құптарлық.
Ауыл дамымай, елдің тұрмысы түзелмейтіні анық, себебі тамақтың көзі, өнімі ауылда. Сондықтан ауылды қолдау, бүкіл экономикаға қосқан үлес болып табылады. Туған ауылымызды ешқашан естен шығармай, немере-шөберелеріміздің «бұл менің туған ауылым» деп санасына құйып, сол топыраққа аунатып алса, бойына, қанына жер иісі сіңіп, жас ұрпақ та «бұл менің атамның туған жері, ауылы» деп мақтана айтып жүретін болады.

Мұрат ӨТЕШОВ,
«Атырау облысының
Құрметті азаматы»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір