Сегіз қырлы, бір сырлы
Өткен жұмада Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, қоғам қайраткері, сазгер, сатирик, ақын, журналист Әкім Ысқақтың «Адам – өмір дәптері» атты шығармашылық кеші өтті.
Әдеби кешті ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова ашты. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов кеш иесінің шығармашылығына тоқталып, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде халық игілігі үшін жасаған еңбектерін саралап айтты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлының модераторлығымен өткен әдеби-сазды кеште мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, Қазақ авторлар қоғамының төрағасы, танымал актер Байғали Есенәлиев, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бастығының орынбасары, подполковник Медғат Мадрахимов, сондай-ақ Нұрғали Ораз, Баян Бекетова, Сәкен Сыбанбай және т.б. қаламгерлер құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы, жазушы Ермахан Шайхыұлы Әкім Ысқақтың сатиралық туындылары туралы мазмұнды баяндама жасады. «Әкім аға тілеулестері» оқырмандар бірлестігінің атынан техника ғылымдарының докторы, профессор, Инженерлік академия академигі Досмұрат Айтқұлов жүрекжарды лебізін білдірді.
Ә.Ысқақтың «Менің Қосжаным» атты кітабында үш дарынды жас жігіттің керемет достығы баяндалады. Олар – белгілі ақындар Қосжан Мүсірепов, Төлеген Айбергенов және журналист Бердуәлі Тұрмағанбетов. Сол үш достың ұрпақтары – Қанат Мүсірепов, Салтанат Айбергенова және Жанар Тұрмағанбетовалардың мағыналы естеліктері кеш ажарын аша түсті.
Ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысқан рухани кеште сегіз қырлы, бір сырлы дарынды тұлғаның ұлт мүддесі үшін атқарған еңбектері туралы да сөз болды. 1997 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде балама заң жобасын жасаған ерлігі де айтылды. Ол «Халықтың көші-қоны туралы» заң еді.
Артық-кемі жоқ тура үш сағатқа созылған әдеби-сазды кеште Әкім Ысқақ шығарған әсем әндер шырқалып, үш бірдей кітабының тұсауы кесілді. Олар: «Адам – өмір дәптері» («Кәусар» баспасы), «Күн ұлымын» және «Біздің Бапақ» (кейінгі екеуі «Әл-Наир» баспасынан жарық көрген).
Жан-жақты өнер иесіне шығармашылық табыс тілейміз!
Дана БОЛАТҚЫЗЫ