Айман БАЙСАЛОВА: Атамның ақталғанын газеттен оқып білдім
24.12.2022
487
0

Биыл Ұлт ұстазы – Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының
150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Алаш арысының шығармалар жинағының толық нұсқасы жарық көріп, ел көлемінде сан түрлі іс-шаралар өтті.

Жыл аяқталар тұста жағым­ды жаңалық жетті. Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның жиен немересі Айман Байсаловаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен су жаңа пәтер беріліпті. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қуанбаған адам жоқ. Айман Байсалова – Ахмет Байтұрсынұлының жалғыз қызы Шолпан Ахметованың қызы. Балалық шағы қуғын-сүргінмен өткен ұлы тұлғаның тұяғы – Айман апамызға хабарласып, шағын сұхбат алған едік.
Апамыздың зердесі тың. Өте қарапайым сөйлейді. «Ахмет атамның ақталғанын газеттен оқыдым. Анам Шолпан ол кісі жайлы көп айтпайтын. Өте сақ кісі еді», – дейді апамыз.
– Көп рақмет, айналайындар, – дейді кейуана телефон тұтқасын көтеріп, «Үй алғаныңызға қуанып жатырмыз. Құтты болсын!» деген сөзімізге. – Бірнеше күн болды, телефонда тыным жоқ. Қостанайдан, Астанадан, Алматыдан хабарласып жатыр. Бәрі қуаныштарын жасырмайды. Өздері үй алғандай қуанып, құттықтап жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына, осы істің басы-қасында жүрген барша жанашырларға, әсіресе әдебиеттанушы, Алаш әдебиетін зерт­теуші Айгүл Ісімақоваға көп алғыс айтамын. Тұңғыш рет жаңа баспанаға кіріп, марқайып отырмын. Анам Шолпан Ахметованың көрмеген қорлығы жоқ еді. Бала кезімде үйден үйге көшіп жүретінбіз. Тіпті жертөлелерде түнеген кезіміз де болды… «Халық жауының ұрпағы» деген қарғыс таңбасы маңдайымызға басылған біз жұмыс таңдамадық. Жастайымыздан тек өзімізге арқа сүйедік. Енді, міне, атамның аруағы жебеп, үйлі болып отырмыз.
– Әке-шешеңіздің өмірі туралы айта кетсеңіз.
– Мен 1936 жылы Алматыда дүниеге келгенмін. Ахмет атам мені мойнына мінгізіп, еркелетеді екен. Ол кісі ұсталғанда мен бір жарым жаста едім. Әкем мен шешемнің жұмысына байланысты Бақанаста, Шуда, Нарынқолда тұрдық. 12 жасымда әкем мен шешемді ұстап әкетті. Әкемді содан кейін қайтып көрген жоқпын. Ал шешем мен інім Болат Сібірде, Иркутск облысындағы Заярск ауылында тұрды. Жер аударып, қиырға жіберді ғой. Болат 1937 жылы дүниеге келген. Көп қиындық көрді.
– Шешеңіз бен ініңізді көрдіңіз бе?
– 1959 жылы кездестім. Айдаудан оралған соң. Не туралы әңгімелестік – есімде жоқ. Інім Болат 1981 жылы Алматыда қайтыс болды. Кеңсайға жерленді. Ал анам 1994 жылы дүниеден өтті.
– Айдаудан келген соң араласып тұрдыңыздар ма?
– Әрине, араласып тұрдық. Болат­тың екі ұлы бар. Ғабиден Байсалов Украинада тұрады. Қай қалада екенін білмеймін. Рүстем Байсалов Америкаға көшіп кеткен.
– Анаңыз 1994 жылы қайтыс болыпты. Әкесі туралы сізге ештеңе айтпады ма?
– Жоқ, тіс жармайтын. Өмірден сол күйі үнсіз өтті…
– Ата-анаңыз ұсталған соң, сіздің тағдырыңыз қай арнаға бұрылды?
– Әкем мен шешемді ұстап әкеткен соң ағам Самырат Кәкішов мені училищеге оқуға берді. 12 жасымда тігіншіліктің оқуына түстім. 15 жасымда бітіріп, тігін цехына жұмысқа орналастым. Әйгілі әнші Роза Бағланованың пальтосын 17 жасымда мен тіктім. Кейін медицина саласына ауыстым. 1991 жылы зейнетке шыққанша лабораторияда жұмыс істедім.
– Атаңыздың ақталғанын қашан естідіңіз?
– «Ахмет Байтұрсынұлы ақталыпты» деген хабарды газеттен оқыдым. Бірақ шешем бұл турасында маған ештеңе айтпады.
– Анаңыз кімдермен араласушы еді?
– Менің білетінім, Гүлнәр Дулатовамен жақсы араласты. Әпкелі-сіңлілі сияқты еді екеуі. Бірақ маған оның кім екені туралы ештеңе айтпайтын. Өте мықты кісілер еді. Гүлнәр апамның Міржақыптың қызы екенін кейін білдім ғой….

Сұхбаттасқан
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір